ҚАЗАҚСТАН – АЛТЫН ОРДА МҰРАГЕРІ!!!
2021 ж. 30 мамыр
10806
0
Қазақ Елі - Алтын Орданың мұрагері екені бұрыннан белгілі бірақ, билік бет бұра қоймай келе жатқан тарихи ақиқат еді. ҚР Президенті Қ.Тоқаев мемлекет тізгінін қолға ала салысымен бірден Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы бастама көтерді.
2019 жылы 6 қыркүйекте Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында белгілі ақын, “Ақ жол” партиясы төрағасы ооынбасары Қазыбек Иса Мемлекетттік тіл туралы заң қабылдау мәселесімен бірге Алтын Орданы ұлықтау, оған жалғастырып, Алтын Орданың атасы Жошы ханның таққа отыруының 800 жылдығын мерекелеу, Жошы ханға, Бөртеге, Шыңғыс хан мен Бату ханға ескерткіш қоюды көтерген еді.
Енді бұл қолдан бұрмаланған тарихи шындық Халықаралық конференцияда мойындалып, билік тарапынан ашық мәлімдеме жасалды.
Бұл туралы белгілі журналист Марат Тоқашбаевтың жазбасын назарға ұсынамыз.
***
28-мамырда елордада «Улуг Улус –Золотая Орда: истоки, исторя и наследие» деген тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Президент Әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев: «Без всякого преувлечения можно утверждать, что Золотая Орда – это колыбель Казахской государственности!» деп салды. Бұл әрине, ақиқатқа негізделген ресми ұстаным, ресми көзқарас. Қ.К.Тоқаевтың президенттік мерзіміндегі тарихқа қатысты ең батыл саяси мәлімдеме!
«Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» деген шолақ тұжырымның қателігін биліктің өзі де мойындай бастапты. Әрине, Дәурен баламыздың «Золотая Орда – это колыбель Казахской государственности!» дегені сірә, ресейлік оқырмандарға, Жирик пен Никоновтарға арналған сауат ашу дәрісі шығар. Ақиқатында қазақ мемлекеттілігінің тарихы сонау Қаңлы мемлекетінен (б.д.д ІҮ-б.д.ІІІ ғғ, немесе одан да бұрынғы Үйсін мемлекетінен б.д.д. ҮІІІ –б.д Ү ғғ) басталуға тиіс. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы кемінде 2500 жыл әріде жатыр.
Бірақ ең бастысы сең қозғалды. Қаншама уақыттан бері «Қазақстан – құқықтық тұрғыдан да, аумақтық тұрғыдан да, этностық тұрғыдан да Алтын Орда мемлекетінің мұрагері» деген тұжырымды жиындарда, әлеуметтік желілерде биліктің құлағына құйып, санасына сіңіріп келеміз. Ақыры осындай дауыстардың жоғары жаққа жеткеніне, ұлт игілігі үшін кәдеге жарағанына қуаныштымыз.
Білім және ғылым министрлігінің жанынан Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылатыны да құптарлық қадам. Алтын Орданың дәуірлеген кезеңінде қазақ халқының этногенездік портреті қалыптасқаны да рас.
Сарайшық қаласы – Жошы ұлысының астанасы, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының рухани орталығы болғанын білеміз. Алтын Орданың Жанкент, Жент, Баршкент, Түркістан өңірінде Сығанақ, Сайрам, Яссы, Созақ сияқты қалалары өмір сүргені бүкіл тарихшыларға мәлім.
Дәуреннің «Алтын Орда – өткен тарихымыз ғана емес. Ол, ең алдымен, бүгініміз бен болашағымыз» дегені ұнады. Алтын Орда бір орталықтан басқарылатын мемлекет болғаны, жәмшіктік қызмет сияқты байланыс жүйесі істегені, қала мәдениеті қалыптаса бастағаны, Ханафи мәзһабы имандылық негізінде рухани тұтқаға айналғаны өте орынды түрде еске алынды. Қазақстан Алтын Орда мемлекетінің мұрагері екендігі жан жақты дәлелденді.
Енді осы бағыт тиянақты түрде насихатталуы, әсіресе орыс тілінде құжаттық және әдеби дүниелердің көптеп шығуына және таратылуына мұрындық болға тиіс.
Марат Тоқашбаев,
Қазақ үні