ОРАЛДАҒЫ ЗАЧАГАНСК КЕНТІ АЛАШ АТАЛУЫ КЕРЕК!
2021 ж. 30 сәуір
12733
0
Орал тұрғындары қала шетіндегі Зачаганск кентінің атауын "Алаш" қылып өзгертуді талап етуде. Бұл осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген мәселе болатын. Бүгінде 500- ден астам қол жинаған қоғам белсенділері, блогерлер мен зиялы қауым өкілдері тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының құрметіне осы атауды беруді сұрап отыр. Алайда, аяқ астынан кейбіреулердің жолдан араласып кетуімен халықтың пікірі екіге бөлініп, бұл кентті Бөкей ханның құрметіне атау керек деген ұсыныстар да түсуде. Бүгін аталған тақырыпқа байланысты қоғамдық тыңдау өтіп, оған "Ақ жол" демократиялық партиясы БҚО филиалы өкілдері қатысып, халықтың басым көпшілігі сұрап отырған "Алаш" атауын құптайтындықтарын жеткізді. Отырыста сөз алған облыстық мәслихат депутаты Бағдат Ізмағанбет дәл бүгінгі күнде Ресейдің 5 облысымен шектесетін Батыс Қазақстан облысында "Алаш" деген атаумен бірде-бір саябақ, аллеяның жоқтығын айтып, ел халқы үшін маңызды мерейтой, тәуелсіздіктің 30 жылдығында кент атауын "Алаш" деп өзгерту қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар "Ақ жол" фракциясы мүшесі, Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның парламентте Үкімет басшысына Алаш атын ұлықтау туралы кейінгі бір жарым айдың ішінде екі рет депутаттық сауал жасағанын еске саламыз.
Оның үстіне Бөкей хан атында облысымызда аудан аты бар.
"Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бұл мәселе бойынша фракция атынан БҚО әкімі Ғ. Есқалиевке арнайы хат та жолдады
Ал, белгілі блогер, қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір бұл үлкен идеологиялық жұмыс екенін атап, Алашордашыларды дәріптеу, ұлықтау бүгінгі ұрпақтың басты міндеті екендігін қадап айтты.
Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғ.Н.Есқалиевке
Қадірлі Ғали Нәжімеденұлы!
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай "Ақ жол" партиясының парламенттегі фракциясы бірнеше рет Мәжілісте көтергендей, Алаш пен оның қайраткерлерінің атын ұлықтау мемлекеттік маңызды идеологиялық іс. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысының Орал қаласындағы Зашаған кентінің атын ауыстырмақшы болып жатқандарын толық қолдаймыз. "Ақ жол" фракциясы депутаттарының атына парламентке ресми келген және республикалық "Қазақ үні" порталына шығып, әлеуметтік желілерде қолдау тауып жатқан оралдықтардың "Зашағанға Алашорданың атын ұсынамыз" деген (500-ге жуық қол жиналыпты) талабы іске асып жатса, бұл қуана құптарлық іс болар еді. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың өзі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне арналған іс-шараларға биылғы 155 жылдығын арнайы атап қосқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан басқарған Алаш атын иеленіп жатуы Мемлекеттік тұрғыда ел тілегінің орындалғаны деп білеміз. Құрметпен, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, "Ақ жол" фракциясы мүшелері: Азат Перуашев, Қазыбек Иса Берік Дүйсембинов, Ерлан Барлыбаев, Дания Еспаева, Азамат Әбілдаев, Айгүл Жұмабаева, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов, Ерлік Өмірғали, Андрей Линник, Азат Сембинов