«ХХІ ғасырдағы АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» жалпыұлттық байқауы өз мәресіне жетті
2021 ж. 09 ақпан
3159
0
«Ақ жол» демократиялық партиясы дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «ХХІ ғасырдағы АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» жалпыұлттық байқауының ақтық кезеңі бүгін өз мәресіне жетті. Алаш идеясы мен мұрасын насихаттауға және қазіргі қоғам контексінде саралауға арналған сайыста 18 бен 35 жас аралығындағы жүзден астам үміткердің ішінен үш номинация бойынша үздік атанған 9 талапкер бақ сынады. Ақтық кезеңге өткен жас зерттеушілердің жұмыстарымен танысуға «Ақ жол» демократиялық партисының төрағасы Азат Перуашев, «Ақ жол» Парламенттік фракциясының Мәжіліс депутаттары Берік Дүйсембинов, Дәния Еспаева, Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов және партияның орталық аппаратының басшылығы қатысты. Жас зерттеушілер ұсынған еңбектерді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлы төрағалық еткен, құрамында “Алаш” мәдени және рухани даму институтының директоры, ф.ғ.к. Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, осы институттың аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Сағымбай Жұмағұл, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Қайырбек Кемеңгер болған қазылар алқасы бағалады. Биылғы байқаудың ерекшелігі – ақтық сынның онлайн форматта, ZOOM платформасында өтуі. Байқау барысында зерттеушілер көтерген тақырыптар бойынша қатысушылар мен қонақтар арасында қызу пікірталас орнады. Әділ-қазылар алқасы жас зерттеушілерге байқаудың салаларына қатысты түрлі сұрақтар қойып, қатысушылардың біліктілігін бағалады.