Шыңғыс хан қайда жерленген
2020 ж. 28 мамыр
14642
0
Бүгінгі таңда Шыңғыс қағанға байланысты тарихи зерттеулер мақала жазып, кітәп шығарумен шектеліп жатқан жоқ, алып тұлғаның мүрдесі қайда жерленгенін іздеп, археологиялық қазбалар жүргізуге құлшынатындар да жеткілікті. Бүкіл Моңғолия территориясын машинамен шарлап қана қоймай, аспаннан аэротүсірілім жасап, әуреленіп жүргендер де бар көрінеді. Қазір Шыңғыс ханның моласы болу керек дейтін жорамалдардың саны біраз болып қалды. Біздің көзімізге түскендерін ерінбей атап өтсек, олар былай болып келеді: Хэнтий аймағы, Онон өзені маңында; Бурхан Халдунда; Хэнтэй-хананың оң қапталында немесе Йэхе-Утэн деген жерде; Керулен мен Бручи өзендерінің құйылысында; Бурхан Халдуннан 100 км қашықтағы Баян-Бұлақ сумыны(ауылы) маңында; Селенге өзенінің табанында...
Онон өзенінің бойында, Хэнтий аймағында, жол салу кезінде «патша моласы» деп есептелген бір үлкен мола қазылыпты, оның үстіңгі қабатынан 68 адамның мүрдесі, астыңғы қабаттан 1 еркек, 16 әйелдің қаңқасы шыққан көрінеді. Осыны Шыңғыстыкі болу керек деген жорамал тағы бар. Байқал көлі маңынан, Хакасия мен Бурятиядан да бір-бір мола тауып жатқандар да бар. Бұлар тек Ресей ақпарат құралдарында, интернет арналарында жарияланған деректер.
Біздің қазақтар да қарап жатқан жоқ: олардың айтуынша, ұлы қаған Шығыс Қазақстандағы «Қоңыр әулие» үңгіріне жерленген; екінші біреулер Алтайдағы Күңгей тауында дейді. Түсінде «берілген аянмен» орнын жобалай «тауып» жүргендер де бар...
Әрине, бізге керегі көне дерек көздерінде сақталған мәліметтер ғой. Ондай деректер жоқ емес. Тек олар негізінен жалпылай нобайын айтып, қағанның сүйегі өз еліне, туған жеріне қойылды дегеннен аспайды. Бірақ дәл қай жерде екені нақты анықтап айтылмаған.
Шыңғысхан тақырыбы сонау XIII ғ. бері әлем тарихшыларының қаламына ілікпеген кезі жоқ екені мәлім. Олар жазған тарихи еңбектердің маңдай алдында «Тарих-и жаһангушай», «Жәмиғ ат-тарих», «Шыңғыс қағанның қузауыры» («Құпия шежіре»), «Үйән (Юань) тарихы», «Жаңа Үйән (Юань) тарихы», «Ибн-Батутаның сапар естелігі», «Тарих-и рәшиди» (М.Х.Дулати), «Жәмиғ ат-тауарих» (Қ. Жалайыри), «Шежіре-и Түрік» (Абылғазы хан) қатарлы аса зор көлемді жылнамалық құжаттар, сондай-ақ ибн-Баттута, П. Карпини, У. Рубрук, М. Поло, т.б. Шығыс, Батыс авторлары жазған саяхат естеліктері сияқты түпнұсқалық құжаттар бар. Әрине көшіріп жазу, қолдан-қолға тарату барысында жекелеген құжаттарда азды-көпті кемшіліктер кетуі – табиғи жәйт, дегенмен жоғарыда аталған және басқа да түпнұсқа
құжаттарды салыстырмалы талдау арқылы оларды толықтай дерлік бір ізге келтіруге болады. Авторлардың тілі, діні, құндылық туралы көзқарастары шығармаға әсер етпей қалмасы белгілі ғой, бірақ түпнұсқа құжаттардың барлығында тарихи шындық жақсы сақталған. Мысалы, кейбір авторлар Мұхамедтің діні, сайтанның әсуәсі, жат дін, т.б. дегендей ауыр сөздерді қолданғанымен, бәрібір онда Шыңғысхан әулеті және оның титулдық халқы ислам дініне сенетіні анық көрініс тапқан (П. Карпини, У. Рубрук естеліктері).
Ал мұсылман авторларының бұл тұрғыдағы деректері, керісінше, жағымды әрі нақты жазылған. Атамәлік Жөбеней Шыңғыс ханды ислам дүниесіне жіберілген құтқарушы деп атап, ол ойын Пайғамбар с.ғ.с. хадисі арқылы дәлелдейді. Одан да маңыздысы, сол – Шыңғысхан және оның әулеті исламның Қанафи бағытын ұстанғанын анық атап көрсеткен. Сонымен қатар онда Күйік хан, Бату хан, т.б. тұлғалардың «Құран» аяттарын оқи отырып бәтуә (фәтуә) жасағаны туралы нақты деректер бар. Автор осынау құнды жылнамалық еңбегінде: «Маған 650-жылы (1252 – 1253 жж.) тағдырдың жарылқауы мен мейірімі түсіп, аспан астының патшасы, жер үсті мен бұл заманның сардары Мөңке қаған (MNKW, MWNKW, Мөңкө / MWNKKA, Мөңкә /1/) ордасының табалдырығын сүю нәсіп болды. Оған ұлысымыз бен дініміздің жауларының төбесіне жеңіс туын қадауды, оның мүбәрәк тәнінің саясы күллі адам баласына түсуін тілеймін. Мен, сонымен, бір уақытта он сегіз мың ғаламның қайта түрленгенін және хақ дініміздің мерейі өскенін көрдім. Көктем жаңбырымен құлпырған осынау өлкеден мен Алланың рахымын шынайы бастан кештім. Бейне: «Олар Раббысының рахымынан, өлі жерге қайта жан бітіретінінен күдер үзбеді» - деген аяттағыдай («Құран» 30-сүре, 49 (50)-аятқа тәпсіри сілтеме). Ақылдың аясы осынау ақиқат арқылы өскелең дәрежеде кеңейіп...» - деп жазады («Тарих-и жаһангушай» («世界征服者史»), Атамәтік Жөбеней, 1-кітәп, кіріспе тарау). Демек Атамәлік Жөбеней Шыңғысхан әулеті мен Мөңке қаған ордасы ғана емес, тұтас Түркістанды, қазіргі Қазақстан территорисын «хақ дініміздің мерейі өскен» өлке деп көрсетеді. Әрі ислам ғұламаларының дәстүріне сай өз сөзінің шынайылығын «Құран» аяты – Алланың аяны, уахиы арқылы дәлелдеуге тырысқан.
Үшбу тарихи ақиқат XVIII ғ. бастап Ресей отаршылдары жағынан, XX ғ. кейін КСРО мен ҚХР шовинист, коммунист идеологтары мен тарихшылары тарапынан адам нанғысыз жағдайда бұрмаланды, тіпті түпнұсқа құжаттарға фальсификациялық өзгерістер жасалды. КСРО Ғылым академиясының ғалымдары «Жәмиғ ат-тауарихты» аудару барысында жоғарыдағы хан-
сұлтандар оқыған «Құран» аяаттарын тырнақшаға алмай, түпнұсқаның төлсөздік сипатын бұзып көрсетті. Сол себепті Шыңғысхан мен оның мұрагерлері хақ мұсылман болғаны барынша көлегейленді. Дегенмен, шындықтың аты – шындық қой, бәрібір көрініп қаалады: қағандар таққа отыру барысында «Әлһәмдүлиллә!» деп шүкіршілік дұғасын оқитыны, сондай-ақ Үкітәй қаған қырық күн, яғни парызына он күндік нәпіл ораза қосып ұстайтыны туралы түпнұсқалық деректер сақталып қалған («Жәмиғ ат-тауарих» («史集»), Рәшид әд-Дін, 2-дәптер, 3-кітәп, Үкітәй қаған және Мөңке қаған туралы тараулар). Тоталитарлық жүйе қанша қылбұрау салса да, сірә, тарихи құжатты одан ары бұрмалауға ғылымға адал ғалымдардың ары жібермеген болар!? Тіпті қолжазбадағы әріптерді, әсіресе сөздің асты-үстіне қойылатын «таштид» белгілер мен дыбыстарды (а,у,и) дұрыс тануға байланысты көптеген қиындықтар туындағанын да жасырмай айта кетуді, өздеріне парыз санаған («Жәмиғ ат-тауарих», 3-дәптер, 4-кітәп, алғы сөзге қараңыз).
Шыңғысхан Сартқұл, яғни Батыс жорығын мәресіне жеткізген соң, қазіргі Ауған жеріндегі Паруанқыр (Балуанқыр) деген жерде бір жаз ерулеп, Үнді түбегіне ішкерлеп кеткен жалайыр қолбасы Баланың келуін тосқаны тарихтан белгілі. Ал ол Жәлелдин сұлтанды таба алмаса да, сондағы аймақтарды бағындырып, өлшеусіз көп олжа алып, Шыңғысханның жорық шатырына зор жеңіспен келген-ді. Осыдан соң ұлы қаған атажұртына – Моғолстанға, қазіргі Қазақстан территориясындағы Жетісу өлкесіне қарай көш түзейді. Ол жолшыбай исламның рухани, мәдени астаналарының бірі Бұхара шәріпке аялдап, онда арнайы келген Қағба ғұламаларымен мәслихат құрады. Осы кездесу барысында діни салықтарды, зекетті жергілікті мешіттерге төлеу мәселесін шешеді. Сондай-ақ, діни істерде Қағбамен тікелей байланыста болу туралы пәтуә алады («Тарих-и жаһангушай», 1-кітәп, әуелгі бап, Шыңғысхан туралы тарау). Бұл, шын мәнінде, Бағдат қалифатын мансұқтау, сондай-ақ мемлекетті зайырлы, заңдық нормалар арқылы басқару жүйесіне көшіру жолындағы шариғи және құқықтық негіздеме жасаудың бастамасы болатын. Өйткені Бағдат қалифаты соңғы кездерде шіріктесуге жол беріп, шариғи үкімдерді дұрыс атқара алмай жүрген-ді. Тіпті «исмаилид» сынды азған мазғапқа бүйір тарта бастаған-ды. Сондықтан оларды мансұқтау туралы Бұхара мүфтияты пәтуә шығарғаны – ұлы қағанның ол шариғи үкімді жүзеге асыру жолындағы нақты қадамы болып табылмақ. Ал оны түбегейлі орындау Мөңке қаған мен Әлеке (Хулагу) ханға нәсіп болғаны тарихи деректерден жақсы мәлім. Заңдық нормаға
келсек, ол Алаш ұлысының ата заңы – «Жосық» заңы болатын. Онда құқықтық нормалар сақталумен бірге, шариғи үкімдерге де құрмет етілген. Бейне, түпнұсқа құжаттарда айтылғандай: «Шыңғысхан әулетінің «Жосық» заңы шариғатқа толықтай үйлесетін», нағыз кемелді құқықтық құжат болатын («Тарих-и жаһангушай», Атамәтік Жөбеней, 2-кітәп, 3-бап, Мөңке қаған туралы тарау).
Шыңғыс ханның жеңімпаз қосыны енді шығысқа қарай жол тартып, әуелі Самарқантқа, одан Қоджентке жетеді. Сосын көштің бетін Тәшкент жаққа, Шыршық бойына қарай түзейді. Қаған сол арада ерулеп, бірер күн сейіл құрады, бұл кез – 1224-жылдың көктемі болатын. Аң аулауға шыққан ханның тұлпары әлде қабан, әлде қабыланнан оқыс үркіп, тулап барып омақасқанда, Шыңғысхан да атпен бірге оңбай жығылады. Ат алмастырып мініп, ет қызуымен шатырға өздігінен жетсе де, қатты мертіккен хан екі ай бойы төсек тартып жатып қалады («Үйән (Юань) тарихы» («新元史») «本纪» (өмірбаян) бөлімі, 3-орам). Ұлы әмірші өмірінің соңғы кезеңі туралы қазір айтылып жүрген түсініксіз аңыз-әңгімелер мен шындықтан алыс, жойдасыз пайымдар дәл осы оқиғадан басталады.
Олай дейтініміз, түпнұсқа құжаттарда үшбу оқиғаларға байланысты «Сары өзен» (撒里河, Sa li he / 萨里川, Sa li chuan) дейтін гидроним хатталған (жоғарыдағы құжат, 3-орам, 122 және басқа азатша). Соны осы заманғы зерттеушілер Хуаңхы (Хуанхэ / 黄河) өзені деп есептеп жүр, өйткені бұл гидроним де «Сары өзен» деген мағына береді. Алайда, ханның дәл қай атырапта, қай мезгілде мертіккенін ой таразысына салып, географиялық атауларды байыптап жатқандары шамалы. Егер түпнұсқа құжаттың дерегін шындық деп мойындайтын болсақ, (олай етпеске, әрине, хақымыз жоқ), таяуда ғана қатты мертігіп, ауыр науқасқа шалдыққан, жасы ұлғайған адам қысқа мерзім ішінде соноу қиыр шығыстағы Хуаңхыға, бірнеше мың шақырымдық жерге қалай жете қалмақшы. Демек, түпнұсқа деректердегі өзен – Хуаңхы өзені емес, керісінше, біздің елдегі Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары жерлерін басып өтіп, Сыр бойындағы Телікөлге құятын Сарысу өзені айтылған. Егер Шыршық өзені Сырдың жоғарғы салаларының бірі екенін, әрі солтүстікке қарай қиыс тартқан жорық көшінің беталысын ескерсек, мұнда айтылған өзен біздің Сарысу екеніне көз жеткізу қиынға соқпайды.
Бұл тұжырымды растай түсетін тағы бір тарихи құжаттық дәлел бар. Атап айтқанда, Шыңғысхан бастаған қалың қолдың көші 1224-жылдың
қысында Моғолстанға (蒙兀儿斯单 Meng wu er si dan) келіп жетеді («Үйән (Юань) тарихы» («新元史») «本纪» (өмірбаян) бөлімі, 3-орам, 94 және басқа азатшалар). Ендеше Шыршық бойында аттан жығылып, мертігіп қалған Шыңғысхан қысқа ғана уақыт ішінде, қалай ғана Хуаңхы (黄河) бойына барып, одан қайта айналып Жетісу жеріне келе қалады. Жүз мыңдаған қалың қолды ат-көлік, қару-жарақ, азық-түлігімен осынша қысқа мерзімде, сондай алысқа ерсілі-қарсылы сабылтып, барып-қайту осы заманғы дамыған техника жағдайында да мүмкін болуы екіталай.
Шыңғысхан Моғолстанда, яғни Жетісу жерінде, 1225-жылы көктемде құрылтай ашып Үкітәйді өз орнына қаған сайлатады әрі ең соңғы Таңғыт жорығына нақты дайындық шараларын жасайды. Күзге қарсы Үкітәй, Шағатай және Төле бастаған үш лек қосын Таңғыт жорығына аттанады. Содан бастап түпнұсқа құжаттарда «қаған» (帝, 皇帝) деген титулдың қолданысында жаңсақтық туындай бастайды. Өйткені ол бірде Шыңғысханның өзін, енді бірде құрылтай арқылы тағайындалған заңды тақ мұрагері Үкітәйді меңзейтін. Тарихи құжаттарда сұлтанды да осылай ханмен қатар атау жиі ұшырасады: мәселен, Батыс жорығы қарсаңында Күйік сұлтан да «қаған» деп хатталған (жоғарыдағы құжат, 4-орам). Соған орай оны әкесімен, яғни Үкітәй қағанмен шатыстырмай анықтауда қиындық туындайды. Бірақ майдан даласында, Европа жерінде Үкітәй қаған болмағаны, ордада қалғаны тарихи құжаттардан белгілі. Ол Мөңке бастаған сұлтандардың кеңесіне құлақ асып, ордада қалуды жөн деп шешкен («Тарих-и жаһангушай», «Жәмиғ ат-тауарих»). Дәл сол сияқты, соңғы Таңғыт жорығына Шыңғыс ханның өзі бармаған, сондықтан осы жорыққа байланысты «қаған» деп хатталған тұлға – оның тақ мұрагері Үкітәй болатын.
Шыңғыс ханға, әсіресе ұлы қағанның Таңғыт жорығы тұсындағы өмірінің соңына қатысты көп айтылатын топонимнің бірі – Сарықыр (撒阿里客额儿, «秘史») немесе Сарықыр сахарасы (萨里河原野) болып табылады («Жәмиғ ат-тауарих», 1-дәптер, 2-кітәп, 85, 114, 116, 250-беттер). Оны да зерттеушілер Хуаңхы (Хуанхэ) бойындағы белгісіз бір жер болса керек деп топшылайды. Алайда «Жәмиғ ат-тауарихта» оның орны Адыр Алтай (Эдер-Алтай) жерінен батысқа қарай деп сыйпатталған («Жәмиғ ат-тауарих», 1-дәптер, 2-кітәп, 114 және басқа беттер). Ол атау Шыңғысхан, Оңхан және Таянхан арасындағы Теректі (Шығыс Қазақстан облысы) өңірінде болған шайқасқа және тактикалық шегіністерге байланысты айтылады. Егер сонда баяндалған Үліңгір, Сауыр, Қаратал, Тақыр (Тақтақ), Тұқыл, т.б. жер
атауларына назар салсақ, оқиға шығыстан батысқа қарай өрбігеніне көз жеткізу қиын емес (сонда, 135, 150 және басқа беттер). Осы әскери, саяси күрестердің соңы Ырғын (Ырғыз), Ұлытау (Ұлұқтақ) жеріне дейін ұласады (сонда). Ұлытау Таянханның інісі Бұйрық ханға қарасты еді, сондай-ақ онда найман арысының бағаналы, балталы деген тайпалары күні бүгінге дейін мекендеп келеді. Ал Ұлытау Сарыарқа төсіндегі таулы өңірлердің бірі екені әлемге аян. Демек түпнұсқа құжаттарда айтылған Сарықыр – қазіргі Сарыарқа екені даусыз. Сондай-ақ қазақ топонимикасында «қыр» және «арқа» деген лексикондардың мағналары бір екені көпшілікке мәлім. Ал Шыңғысхан аттан жығылып жарақат алған жерге, Шыршық бойына жақын Сарысуға (Сары өзенге) келсек, ол да Сарыарқадан бастау алады әрі Ұлытау аймағын қақ жара ағып өтіп, оңтүстік батыс жақтағы, Сыр бойындағы Телікөлге барып құяды. Бұл тұрғыда да тарихи құжаттардағы Сарықыр мен бүгінгі Сарыарқа біреу екені бұлтарыссыз дәлел таппақ. Демек, Сарысу (Сары өзен), Ұлытау (Ұлұқтақ) және Сарыарқа (Сарықыр), олардың солтүстік шығысында Алтай мен Сауыр, Оңтүстік шығысында Моғолстан (Жетісу), ал оңтүстік батысы Шыршық өзені, барлығының салыстырмалы топографиялық орындары карта арқылы сызып көрсеткендей үйлесім тауып тұр.
Осы заманғы зерттеушілерді жаңылтатын тағы бір дерек – Ұлықпан тау (六盘山, Luk pan san) деген топоним болып табылады (жоғарыдағы «Жаңа Үйән тарихы», 3-орам және «Үйән тарихының» («元史») сәйкесті мазмұндары). Зерттеушілер оны қазіргі ҚХР жеріндегі, Хуаңхы бойындағы盘山 (Liu pan shan) тауы деп қарайды. Алайда оның «Luk pan san» сынды, сол заманға тән оқылуына, жоғарыдағы жер-су аттарына және Жем, Сағыз, Елек деген топонимдерге назар салсақ, оның Ұлытау екенін тұжырымдау қиын емес (жоғарыдағы «Жаңа Үйән тарихы», 3-орам, 120 және басқа азатшалар). Сонымен қабат «ұлұқ», «ұлықпан» деген байырғы түрки лексикондар фонетикалық және мағналық жақтардан ұқсас болып келеді. Тек соңдарындағы «тау» сөзі ғана екібасқа тілде хатталған. Қазіргі ҚХР мен Орта Азия жерлерінде мағналық немесе дыбыстық тұрғыдан аттас болып келетін мұндай жер-су атаулары ұшырасып тұрады. Мысалы, Қармақшы және «钓鱼山» (Diao yu shan / Қармақшы тау), т.б. дегендей.
Ұлытау мен Шыңғысханды байланыстырып тұрған тек жоғарыдағы оқиғалар мен жер-су аттары ғана емес, олардан басқа тағы бір елеулі жәйт – тұлабойы тұңғышы Жошы ханға қатысты. Ол әкесінен бұрын бақилық болғаны және қасиетті тәні Ұлытауға жерленгені, сондай-ақ күмбезі
Ұлытаудың төсінде, Кеңгір өзені алқабында әлі еңсе көтеріп тұрғаны көпшілікке аян. «Жәмиғ ат-тауарих» және «Үйән (Юань) тарихы» бойынша, Жошы хан Үргеніш шайқасынан кейін, 1221 – 1222 жж. шамасында ауыр жарақат алып, 1225 – 1226-жылдардың өларасында бақилық болған («Жаңа Үйән тарихы» 3-орам, «Жәмиғ ат-тауарих», 2-дәптер, 3-кітәп, Жошы хан туралы тарау). Демек оның соңғы сапарға аттандыру шаруаларын Шыңғыс хан өз қолымен атқарып, бас-көз болғаны сөзсіз, өйткені ол 1227-жылы 18-тамызда бақилық болған-ды («Тарих-и жаһангушай», 1-кітәп, 1-бап, Шыңғысхан туралы тарау). Жоғарыда айтылғандай, сондай-ақ тарихи деректер көрсеткендей, соңғы Таңғыт жорығына тек үш ханзада ғана аттанған, Шыңғысхан да, Жошы хан да бармаған. Оған себеп – әкелі-балалы екеуінің де ауыр науқас болулары. Шыңғысханның соңғы Таңғыт жорығына бармағанын, ұлдары, естияр жақындары алыста болғанын тарихи құжаттар растайды. Өмірінің соңғы сәтінде оның қасында, тек Есімке атты немересі және Төлен шерби деген қолбасы ғана болған («Жаңа Үйән тарихы», 3-орам, 105, 119-азатшалар). Өйткені Жошы қайтыс болғанына жылдан аса уақыт болса, Шағатай, Үкітәй, Төле және Көлген қатарлы ұлдары Таңғыт майданында болатын.
«Жәмиғ ат-тауарих» та, басқа тарихи құжаттар да Шыңғысхан жетпіс екіден жетпіс үш мүшелге қараған жасында, доңыз жылы, рамазан айы кезінде Алланың құзырына аттанғанын растайды. Жоғарыда айтылғанындай, бұл – миләди бойынша 1227-жылдың 18-тамызы болатын. Алайда жерленген орны туралы деректер көптеген тарихи құжаттарда анық жазылмаған немесе отарлық кезеңдегі аудармашылар мен зерттеушілер ондай мазмұнды дұрыстап аудармаған. Біз сол шала «деректерді» місе тұтуға мәжбүр болып жүрміз. Өйткені түпнұсқалық қолжазбалар қазақ зерттеушілеріне әлі күнге дейін қолжетімсіз болып келеді. Дегенмен бастаухаттарда Шыңғысхан өз атамекеніне жерленгені, сондай-ақ оның әулет қорымы кемінде екеу болғаны туралы деректер бар. Шыңғыстың тегі моңғол, мекені кәзәргі Моңғолия территориясы деген ұғым санасына сіңіп қалған зерттеуші атаулы дерек көздерінде аталған жер-су аттарын сол өңірден іздей бастайтыны түсінікті. Ал «атамекені» туралы нақты көне дерекке келсек, тарихи, жылнамалық құжаттар бойынша, ондай аймақ үшеу, атап айтқанда: Түркістан (Сайрам, Талас), Моғолстан (Жетісу) және Ұлұқтақ (Ұлытау) қатарлылар. Ал «Үйән тарихы», «Жаңа Үйән тарихы» қатарлы пішік (иероглиф) жазуындағы құжаттарда ғана Шыңғысханның киелі тәні Сарықырда, Ұлықпан тауындағы Кеңгір (起辇毂, Kei nin gu) жерінде екені
анық жазылған («Жаңа Үйән тарихы», 3-орам, 122-азатша). Мұны «Жошы ханның күмбезімен» қатар Құлан қатұн (Шыңғыс ханның ханымы) мен Болған ананың (Шыңғысханның шөбере келіні) мазарлары сонда болуы да нақтылай түседі. Сонымен қатар Ұлытау өңірінде мыңға тарта байырғы қорым болғаны әлем түркологиясына аян тарихи, археологиялық шындық.
Демек Ұлытау төсінде, Кеңгір бойында Шыңғысханнан бұрын да, кейін де ұлы тұлғалардың киелі мазарлары көп болған. Жоғарыдағылардан басқа ол жерде Үкітәй қаған, Күйік хан, Мөңке қаған, сондай-ақ Құбылай қаған мен оның мұрагерлері де жерленген («Жаңа Үйән тарихы», 3, 4, 5, т.б. орамдар). Бұл да тегін емес: әр басқа кезеңде, әр басқа өңірде билік құрып, өмір сүрген Шыңғыс ұрпағының бұл ірі тұлғаларының бәрі де бақилық мекендерінің әруақты ұлы қағанның – біріне әке, біріне ата – Шыңғыс қағанның қасында болуын қалағаны сөзсіз! Бұл қорым Шыңғыстың өз ұрпағының ғана емес, бүкіл қазақ халқының кие тұтқан жері. Кенесарыға дейінгі барша қазақ хандарының осы Ұлытауда – Алаша хан күмбезінің басында хан көтерілетін дәстүрінің осындай қасиетті сыры бар еді!
Енді Шыңғыс ханның күмбезі қайсы деген дерекке келсек: «Дала ұлаяты» гәзетінің 1897-жылғы 13, 14 және 18-сандарында жарияланған «Алаша хан және оның баласы Жошы хан туралы қазақ ортасында ежелден бар аңыз» деген мақалада Алашахан мен Шыңғысхан бір адам деп көрсетілген. Кезіндегі кеңестік тарихтану ғылымы да қазақ арасында Алашахан мен Шыңғысханды бір адам деп көрсететін ұлттық тарихи түсінік бар екенін растайды («ҚСЭ» 1-том, «Алаша хан күмбезі», 4-том, «Жошы хан күмбезі» мақалалары). Мәшһүр Жүсіп Көпеев атамыздың деректерінде де: Алаша хан – Жошы ханның әкесі, яғни Шыңғыс хан, деп көрсетілген. Кезінде Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев қатарлы біртуар ғалымдарымыз да бұл тарихи шындықты өзді-өз тараптарынан растап мақала жазғандары зиялы қауымға мәлім деп ойлаймыз.
Ал Қ.Жалайыри бабамыз Шыңғысхан құрған тоқсан бес мыңдық армияны «Алаш мыңы» деп көрсеткен еді, яғни ол құрған ұлы қағанаттың аты – Алаш болған ғой. Әйтпесе, ұлттық армияның аты Алаш мыңы болмас еді. Дәл сол сияқты, Алаш мемлекетін құрушы тұлға да Алаш ханы яғни Алашахан атанған. «Жаңа Үйән тарихына» жүгінсек, Шыңғыс ханға мұндай дақпырт есім, бақилық титул 1266-жылдың қараша айында, Құбылай қаған жарлығы арқылы берілген («Жаңа Үйән тарихы», 3-орам, 123-азатша).
Қазақ – Алаш баласы күні-бүгін өзінің ұлттық тарихында ең жетіскен заманын: «Алаш – Алаш болғанда, Алаша – хан болғанда, таңбасыз тай,
енсіз қой болғанда» - деп ризашылықпен, ұлттық мақтанышпен еске алады. Осы деректердің барлығынан қорытынды шығарсақ, Ұлытаудағы «Алаша хан күмбезі» – Шыңғысханның мәңгілік мекені болып табылады. Дәл тарихи құжаттарда айтылғандай, ол күмбез Сарыарқаның төсінде, Ұлытаудың етегінде, Кеңгір бойында – Қара Кеңгір өзенінің алқабында тұрғызылған. Әз бабамыздың киелі күмбезі сан ғасыр өткеніне қарамастан әлі еңсе көтеріп тұр. Алашахан мен Жошы хан күмбездерінің сәулеттік стилі, қыбыласының тура Қағбаға бағытталуы, ондағы киелі бабаларымыздың хақ мұсылман екенін күллі тарихқа, тұтас әлемге әйгілеп тұр. Соны біле жүрейік ағайын.
Сөз соңында оқырманның назарына Жошы хан Шыңғыс ханнан бір жарым жылдай бұрын қайтыс болғанын және оның он бірінші ұлының есімі Мұхамет екенін сала кеткіміз келеді («Жәмиғ ат-тауарих», 2-дәптер, 3-кітәп, Жошы хан туралы тарау, 66, 77-беттер). Немересіне Пайғамбардың (с.ғ.с.) аты қойылғанда да, беймезгіл бақилық болған ұлына мұсылманша күмбез тұрғызғанда да Шыңғысханның көзі тірі еді, демек осылардың басы-қасында қағанның өзі болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Егер ұлы қағанның өзі басқа дінде болса, оның ұлына мұсылманша күмбез тұрғызып, немересіне ондай есім қоюға ешкімнің дәті бармақ емес. Міне, бұлар Шыңғыс ханның хақ мұсылман болғанын дәлелдейтін ең сенімді түпнұсқалық дәйектер, фактілер болып табылады. (Бұл туралы мәліметтерді бұрын жазылған мақалаларымызда нақты дәйектер келтіріп, дәлелдеп көрсеткенбіз).
Шынайы тарихымызды өзіміз де танитын, өзгеге де мойындататын уақыт пісіп жетті, ағайын. Егер Ұлытауға әлемдік туризмнің назарын дұрыстап аудара алсақ, «Алаша хан күмбезі» мен Жошы хан күмбезі және басқа да тарихи ескерткіштер біздің мәңгілік рухани және заттық байлығымызға айналмақ. Ол ғана емес, мемлекеттілігіміздің бастауында тұрған осынау ұлы тұлғаларға ескерткіш қою, көшелердің атын беру, әртүрлі мәдени-әлеуметтік шаралар өткізіп тұру сияқты мемлекеттік-қоғамдық істер атқару да – егемен ел атанған шақтағы перзенттік парызымыз бен міндетіміз болуға тиіс деп есептейміз.
Марал Ысқақбай, жазушы, Шыңғысхан танушы.
Тілеуберді Әбенайұлы, тарихшы, Шыңғысхан танушы.