ҒҰЛАМА ҒҰМЫРНАМАСЫ
2012 ж. 06 желтоқсан
12466
1
Ғұлама ғұмырнамасы немесе Ахаң өмірі туралы айғақты ақиқаттар
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы қыркүйектің 5-і күні Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сарытүбек елдімекенінде дәулетті отбасында дүниеге келген. Тұлғаның туған мерзімін «5-қыркүйек 1872, мешін жылы» деп, нақты айтуымызға негіз болып отырған, ғұламаның 1929 жылы өз қолымен орыс тілінде жазған «Өмірдерегі» (Жизнеописание) және әр жылдары мемлекеттік мекемелердегі ресми сауалнамаларға берген нақты жауаптары. Атап айтсақ, Орынбор Мұғалімдер мектебін бітіргені туралы куәлікте, оның туылған мерзімі «5 қыркүйек 1872» деп көрсетілген, бұл – бірінші дерек. Сондай-ақ,«Анама хат» атты өлеңі де Ахметтің «1872 жылы»дүниеге келгеніне дәлел бола алады. Енді осы айғақтарға тоқталып, талдап таратсақ. Мәселен,Семей түрмесінен анасына жолдағанөлеңіндегі: «...Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам»деген жолдар, әулет басына түскен «1885 жылғы оқиғаны» меңзеп отыр.Мұрағат деректеріне сүйенсек,бұлАхметтің әкесі Байтұрсын, үлкен әкесі Ақтастың бiрнеше ағайын-туғандарымен қоса, «25 жылға итжеккенге жер аударылатын тұсы». Демек, осы «1885-тен» бала Ахметтің «13 жасын» шегерсек, туған жылы – 1872 жыл болып шығады. Бұл – екі.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қоры, 1-тізбесі, 1652-ісі, 6-парағында(бұдан әрі – ҚР ОММ) Ресей коммунистік партиясының«Жауапты қызметкерлерге арналған» 20 сұрақтан тұратын сауалнамасының туған жылы деген тұсына: «1872, 49 жас»деп жазған, құжат 1921 жылы толтырылған. Бұл – үш.ҚР ОММ., 5-қор, 18-тізбе, 158-істің, 1-парағындағы«Сайлауға түсу сауалнамасы» 1921 жылдың 11-қазанында толтырылған. Сауалнама 29 сұрақтан тұрады, осында жасы деген тұсқа – 49 деп көрсетеді. «1921»-ден «49»-ды шегерсек, «1872 жыл» шығады. Бұл – төрт. 81-қордың 11,12-парақтарында«Қызметкерлерге арналған»42 сұрақты сауалнаманың 2-сұрағына:«1872 ж., 5/ІХ., Торғай тумасы»десе, отбасы туралы 9-сұраққа:«Әйелім: Бадрисафа – 46 жаста, Балаларым: Қазихан – 14 жаста, Аумат – 7 жаста, Шолпан – 5 жаста, ағаларым Қали, Кәкіш, інім Мәшен – Торғай уезінен, қарындасым Зиляш – Қостанай уезінде» деген дерек береді.Сауалнаманы 1923 жылы Орынборда Халық ағарту институтында қызмет істеген тұста толтырған. Бұл – бес.
А.Байтұрсынұлының отбасы туралы жазылған мәліметтерге үлкен ден қойғанымыз абзал. Өйткені, жазушы Дүкенбай Досжанов«Абақты» (1992) атты кітабында:«Туған жылы әр түрлі – 1870, 1872, 1873 айтылып жүр, дұрысы: 1873 жылы 28 қаңтардатуған, қалғанын қаперге алмау керек десе, ал Ахметтің заңды мұрагерлері мыналар деп» деп, тағы теріс түйін жасайды. Қазақтың нағашы мен жиен арасындағы туыстықтың ара-жігін ажырата алмайтын «қала меңіреуіне» айналуымыз, әрине үлкен әбестік. Әлбетте, жазушының зерттеуінде қаншама тың деректер болса, теріспікірлер де соншама.Автор өзі адасқанымен қоймай, өзгені де адастырады. Ал түбі ауылдан шыққан адамның кіндігінен ұрпақ көрмеген Ахметке қолдан мұрагер жасаудағы мақсаты өзіне ғана аян, қазақтың «аға өлсе, іні – мұра, іні өлсе, аға –мұра» дейтін аталы сөзін қаперге алмауы түсініксіз... Ахметтің үлкен ағасы Қалидан, інісі Мәшеннен туған ер баладан Алматы, Қостанай қаласында тұратын ұрпақтарыбаршылық, ал ортаншы ағасы Кәкіштің ұлдары: Қазихан мен Ауматты Ахмет 1929 жылы «халық жауы» деп ұсталып, түрмеде отырғанда елдегі «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер өлтірткен.Әулеттің қыз балаларынан туған жиендер де жетерлік. Олардың өзіндік орны бар, бірақ жазушының дерегіне еліккен кейбір жиендері қос текті (фамилия) алып, күлкілі жағдайға ұшыраған жағдайды көрдік...
Құжатқа қайта оралсақ,осы қордың 1-парағында «Ағарту ісі жөніндегі халық комиссариатыныңқызметтік тізім» сауалнамасының «қашан, қайда туған» деген сұрағына: «5 қыркүйек, 1872 жылы, Ақтөбе губерниясы, Торғай уезі, Тосын болысы, 5-ауыл» деп көрсеткен. Құжаттың толтырылған уақыты көрсетілмеген, бірақ, «1924 жылдан қазіргі күні – Халық ағарту комитеті ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесімін» деп жазғанын негізге алсақ, құжат – 1925 жылы толтырылған. Бұл – алты.Аталған қордың 52-парағында«Халыққа білім беру институтының оқытушылары мен қызметкерлеріне» арналған сауалнамада да туған мезгілін: «5 қыркүйек, 1872 жылы»дейді, ресми құжат 1925 жылдың 17-қарашасында рәсімделген. Отбасы мүшелеріне: жұбайы Бадрисафа, балалары Аумат, Шолпанды жазған. Бұл – жеті.
1921-1922 ж.ж. Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы болып қызмет істеп кезінде 1-ші Қазақ съезіжұмыскерлері сауалнамасының 9 сұрағының «жасы» деген тұсына – 50 дейді. Бұл – сегіз.Академцентрдіңтұңғыш төрағасы болған Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалаған тұлға төл туған күніне келгенде жаңсақ жазуы мүмкін деу күпіршілік емес пе?!Ғұламаның 1929 жылы 57 жасында саналы түрде өз өмірін хронологиялық жолмен баяндаған «Өмірдерек» атты ресми іс-қағазындағы: «Менің туған жылым «мешін» (1872)»деп басталатын мәліметін ескермеу ахметтануға жасалған көпе-көрнеу қиянат қой.Бұл – тоғызыншы дерек.Осылай тізбелей берсек, қазақ халқының ар-ожданы, ұлттың рухани көсемінің артында қалған осыншама айғақтардыахметтану мәселесінде соны деректер деп тауып, мұны алдағы жазылар жинақтар мен оқулықтарға енгізу – бүгінгі тәуелсіз кезеңдегі ұлттық ғылымныңкезек күттірмейтін міндеті екені сан мәрте айтылып та, жазылып та келеді.
Ахмет Байтұрсынұлыныңтуған датасынан басқа әулеттік шежіресі де дұрыс таратылмай келеді. Ал жеке отбасын құруға қатысты тіпті, аңызға айналған нұсқалар басым. Заманында прос-Ахаң атанған Ахмет тарихта есімі мәшһүр тұңғыш тархан Жәнібекпен түбі бір, текті атаның балалары. Қошқар ұлы Жәнібектің атасы – Көшей, бабасы – Шақшақ. Жәнібек пен Ахметті таратып алатын түп-тегіміз, осы ұлы баба Шақшақтан бастау алады. Жәнібек батыр Шақшақтың шөбересі болса, Ахмет – Шақшақтың тоғызыншы тармақтағы үрім-бұтағы, яғни жалғасты ұрпағы. Ахметтің әкесі Байтұрсын бес ағайынды. Олар: Ақтас, Байтұрсын, Данияр (кейбір деректе Сабалақ, мұны ғұрып бойынша жеңгелері қойған), Ерғазы, Ермағанбет. Атасы Шошақ он ағайынды болса, бабасы Таңбай жеті ағайынды екен. Таңбайдың әкесі Аралбай бес ағайынды. Үлкен бабасы Аралбай Үмбетейтіңбел баласы. Байсейіттен Үмбетей мен Сейтімбет туған. Байсейіт атадан жалғыз, оның әкесі Қалқаман Көшейұлы(5 ағайынды). Қалқаманның сүйегі – Арғын (6 ағайынды). Үлкен ата, ру атына айналған Арғын тайпасынан бері таратар болсақ: Арғыннан – Тәнбі сопы (5), одан – Елемес (1). Елеместен – Ермен (1), Ерменнен – Шағыр (3), одан – Аманжол (3), Аманжолдан – Шақшақ (3), Шақшақтан – Көшей (6) туған. Енді отбасылық әулет шежіресі бойынша таратсақ, Ахметтің руы – Арғын, оның ішінде Тәмбісопы. Тәмбісопыны Өткірсопы дейтін де деректер кездеседі. Тәмбісопыдан – Елемес, одан – Ермен, Ерменнен – Шағыр, одан – Аманжол, Аманжолдан – Шақшақ, одан – Қалқаман, Қалқаманнан – Байсейіт, Байсейіттен – Үмбетей туған.
Ахметтің ұлы бабасы – Үмбетей батыр ру басына айналған үлкен ата, оның есімі заманында қалмақпен соғысқан ұлы шайқастарда танылған, ел билеген тұлға екені мәлім. Жұрты Қостанайдың Наурызымы мен Торғайдың Ақкөлі аралығын мекендеген. Деректерге сүйенсек, Үмбетей батырдың некелеп алған 7 әйелі болғаны, оның әр әйелінен 5-6 баласы, жиынтығы – 26 ұрпақ сүйгені жөнінде әулет шежіресінде толық қамтылған. Үмбетейден – Аралбай туады, одан – Таңбай, Таңбайдан – Шошақ туған. Шошақтың баласы – Байтұрсын, Байтұрсыннан – Ахмет туған.Ахмет әке-шешеден 4 ағайынды. Үлкен ағалары: Қали (1868-1925), Кәкіш (1869-1924), кіші інісі Мәшен (1873-1930), жалғыз қарындастары Зиляш 1876 жылы дүниеге келген.
Тарих жылнамасына зер салсақ, Ахмет балалықпен қоштасқанда, оның туған өлкесі көне Торғай түгелдей орыс патшалығының өңешіне жұтылған уақытпен тұспа-тұс келеді. Атамекенінде отырып, өз еркіндігін, жерін, елін қорғай алмаған, қорғансыз әулеттің басына түскен қаралы оқиға, күллі қазаққа қасақана жасалған қысастық болса керек. Қысастық бір шаңырақтың ғана емес, Үмбетей руының дәулетті отбастарын түгелдей шарпыған. Орыстың ұзын құрығы Дала заңымен тіршілік еткен Ақтас, Байтұрсын, Даниярларды «түкірігі жерге жетпей, көк мұз болатын» итжеккенге – Сібір аймағына каторгыға айдайды. Жер аударылған бірыңғай ер адамдардың күнкөрісі «отбасы, ошақ-қасылық жағдайлары болмайды-ау» деп, күйзелген Ақтастың бәйбішесі Үбіжан баласы Аспандиярды келіні Күңшіге қалдырып, өзі ер кісілермен бірге бөтен елге, жат жерге ауып кете барады... Бастарына түскен қайғыны іштей ұғып, бір-біріне тілекші болған абысын-ажындардың арасында бала тәрбиесі де ауысып отырған.
«Алып – анадан» демекші, ғасырда бір-ақ рет туатын Ахаңдай хас тұлғаны дүниеге әкелген Күңші анамыз кім, қандай адам болды екен?! Мұның төркініне үңіліп, зерделемесек, Ахметтің толыққанды бейнесін тани алмауымыз, таныта алмауымыз мүмкін. Әрі, қазақта «таяқтың жақсысы – ағашынан, баланың жақсысы – нағашысынан» деген пәлсапалық нақыл бар емес пе... Ендеше, әңгіменің басын Күңші анамызға бұралық. Оның есімі кейбір деректерде «Күңіш, Күнші, Күнгі» деп те кездеседі. Күңші – Қостанайға қарасты Аманқарағай деген жердегі Сүгір руының ауқатты отбасынан шыққан Құлыбек Шеруұлының қызы. Көз көргендердің айтуынша, Күңші өте ақылды, әрі байсалды, кесек мінезді, қолы жомарт жан екен. Күңшінің бойында шеберлігімен қатар, сөзге жүйрік ақындық қасиеті болғандығы, қыстың ұзақ күндерінде әулет балаларына аңыз-ертегілер, қызықты жұмбақтар айтып, кейде ән де салатын, мінезінің ерекше екендігі айтылады. Келін болып түскен Үмбетей жұртындағы ағайын-туғандары, көрші-қолаң ауылдастары оған «сарыүйез» деген ат қойған. Бұл Күңшінің отбасындағы асыраушысы айдалып кеткенде, «төмен етек ұрғашымын» деп боркемікше езілместен, ерлерше атқа қонып, адуынды мінез танытып, қаймықпай қасқайып, өз ұясы – отбасын, бала-шағасын «суыққолдылардан» қызғыш құстай қорғағандығынан қойылған.
Ахметтің жары Бадрисафа хақында кейбір зерттеушілер тарапынан да әр қилы нұсқадағы болжамдар айтылып жүр. Мәселен: «…Осы жерде айта кетелiк, А.Б.-тың жұбайы Александра/ға/ атты орыс әйелi болады. Өзі тұрған пәтер иесінің қолында жүрген жетім қыз (тiптi фамилиясы белгiсiз) А.Байтұрсынов түрмеде жатқанда тамақ тасып, кiр-қоңын жуып, қызмет көрсетедi. Адамгершiлiгi зор азамат мұндай қайырымдылықты, адал көңiлдi аттап кетудi ар санап, түрмеден шыққан соң сол жетiм қызға үйленедi» деген жаңсақ пікір қисынға келмейді. Осыған ұқсас мәлімдемені танымал жазушы да қайталайды. Тіпті, тұлғаны 1907 жылы дәйексіз түрмеге отырғызып қояды да, «34 жасқа келгенде, әрең үйленеді» деген сәуегейлік жасайды. Ақиқатында, Ахмет 1907 жылы емес, 1908 жылы қарашада аз уақыт абақтыда қамалған. Жазушының мәлімдеуінше: «...Болашақ жұбайлар Қарқаралыда танысқан кезде Ахаң 34 жаста, Александра 29 жаста болатын. (...) кейінгі тұрағы Орынборға Ахаң мен Бәдрисафа ерлі-зайыпты болып келеді» дейді. Қос автор датұжырымдарын: «...тағдыр тауқыметiн кешiп жүрген кездерi түрмеде көмекке келген қызға кейiннен аяушылық сезiммен үйленген» деп түйіндейді. Шындығында, мұндайпікірдің негізсіз екеніне, ҚР ОММ-тантабылған құжаттардағы деректер дәлел бола алады. Тарихи құжатСирекқорлартіркеуінеалынып, сондасақталған. ЖеделхатСемейден 641-ретпен нөмірленіп, жазылғансөзініңсаны «133» депесептеліп,тіптіақшасытөленгені де көрсетілген. 1909 жылдың 5-тамызында хат тиістімекенжайғажолданған. Ресмихаттықабылдаған Н.МозердіңтарапынанОмбы дала губернаторыныңкеңселікмөртабанымен «7-тамыз 1909жыл» дептізімделіп, арнайыбелгісоғылған. Телнұсқадан тізбеленген тіркестер– 118 сөз, яғни күрделі алты сөйлем. Жоғарыда көрсетілген «133 сөз», телеграф тасымалдаушылардың «15 сөзді» артығынан жазып, жұбайы үшін жанын аямайтын Бадрисафаның қалтасын қағып қалуды көздеген сұғанақтығынан туған бейшаралықтары болса керек. Осы құжат – Бадрисафаның Ахмет Байтұрсынұлына түрмеге дейiн күйеуге шыққанының бұлтартпас айғағы.ЖеделхаттаБадрисафа«менің күйеуім» деген сөзді бірнеше мәрте қайталайды. Егер Бадрисафа Ахметтің әйелі болмаса, бұлай жазбас еді. Яғни, олардыңшамамен, 1896-1897жылдарынекелескендеріанық. Ерлі-зайыптыларшаңырыққұрғандаАхмет – 25 жаста, алБадрисафа – 19 жастаболған. Енді тарихи маңызы зор құжатты қаз-қалпында береміз. Мақсат –мазмұнын жоғалтпау, әрі мемлекеттік мекеменің сирек қорына кіру мүмкіндігі шектеулі екенін ескеріп, құжатты тұтас ұсынғанды жөн көрдік.
Ресми жеделхаттың оң жақ маңдайшасына: «Господину Степному Генерал[ъ]-губернатору» деп бастайды бағытты сөзін Бадрисафа Иванқызы. Хат мазмұны: «Перв[а]го [і]юля Каркаралах[ъ] арестован[ъ] мой муж[ъ], бывш[і]й зав[ь]дующ[і]й русско-киргизской школой Байтурсынов[ъ], препровожден[ъ] Семипалатинск[ъ], где содержится тюрьм[ъ]; что послужило причиной такого несчастья, нам[ъ] неизв[ъ]стно; произведенный обыск[ъ] ничего не дал[ъ]. Думаем[ъ] на мужа сд[ъ]лан[ъ] ложный донос[ъ] киргизами парт[і]йной почв[ъ]. Теперь мужу, говорят[ъ], предъявляют[ъ] обвинен[і]е возбужден[і]й киргиз[ъ] неповиновен[і]и властям[ъ]. Несмотря такое тяжкое обвинен[і]е, до сих[ъ] пор[ъ] не приступлено производству сл[ъ]дств[і]я.Пребыван[і]е тюрьм[ъ], полная неизв[ъ]стность судьб[ъ] своей в[ъ] конец[ъ] подрывают[ъ] без того слабое здоровье мужа. Ваше Высокопревосходительство, если муж[ъ] мой преступник[ъ] закона, пусть суд[ъ] его покарает[ъ], и я покорн[ъ]йше прошу сд[ъ]лать распоряжен[і]е ускорить производство сл[ъ]дств[і]я; если же тому нет[ъ] основан[і]й, и муж[ъ] мой лишен[ъ] свободы лишь по доносу лиц[ъ], которым[ъ] то выгодно было, не откажите Ваше Высокопревосходительство, приказать освободить мужа моего из[ъ]-под стражи.
Бадрисафа Байтурсынова» .
Қорыта айтқанда, тұлғаның толайым тағдырына қарап, саяси қайраткердің пролетариат көсеміне арнаған мақаласындағы: «...патша заманында жұрт жұмысына бүтіндей кіріскен адамның көретін күні белгілі – абақты мен айдау» деген жолдар өзіне қаратылып айтылғандай көрінеді. Саналы ғұмырын жұрт жұмысына жұмсаған, ұлт мүддесін үшін білімнің шыңына шыққан ақиық Ахмет, пайғамбар жасына қараған шағында тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Күрескер түрмеде отырып та замандастары айтқандай «тізесін үстел ғып», қаламының қарымын тартпай демі үзілгенше елінің қамын жеп, ой толғаған.Ғұламаның:«…қасиеттi тiлдiң түп-төркiнiн ақтарып, ғылым жасадым. Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп… «Әдебиет тарихы» деген еңбек жазып, сол бойынша қазақ оқу-ағарту наркомында, Орынборда, Қызылордада дәрiс оқып, адамзат қауымын iлгерiлетер демеушi күш ғылым мен техникада жатқанын қадап айттым» деп жазған мәлiмдемесi соның айғағы.
Бұл күні мыңдаған мақала мен жүздеген зерттеулердің нысанына айналған Ахмет Байтұрсынұлының аты ғасырдан ғасырға ұрпақ жадында «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» ретінде мәңгілікке жазылды.
Райхан ИМАХАНБЕТ, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры