АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ПАССИОНАРЛЫҚ ҚУАТЫ

  Тәуелсіздік алған жиырма жылда Қазақ Елі адамзатқа бейбітшілік, даму тілейтін, әрі сол жолдағы жарысқа адалдықпен, біліммен әділетті түсе алатын мемлекет екенін әлемдік қауымдастыққа дәлелдей алды. Қазақ Елінің осындай қуатқа ие болуы кездейсоқтық емес еді, жас мемлекетке күш беретін қуат көздері көп болатын. Сол қуат көздерінің ішіндегі бірегейі –  Алаш қозғалысы. Қазақ этносы үшін оның статусы – асқақ. Алаш алыптарының барлығы биік мәдениет, терең білім иелері болатын. Бүгінгі Алаштану ғылымына талаптың күшті болатыны сондықтан. Алаш ұғымы – қазақ этносы үшін қасиетті метаұғым. Кезінде ғалым Кеңес Нұрпейіс оған мынадай анықтама берген: «Алаш немесе Алашорда қозғалысы – бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Олардың негізгілері: біріншіден – саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден – мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден – осы автономияны(Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті оның ордасы немесе Алашорда үкіметі. Басқа сөзбен айтқанда, осы нақты үш мәселенің жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды бейнелейді»(Нұрпейіс Кеңес. Қазақ қоғамы және алаш қозғалысы. // Кітапта: «Алаштану мәселелері»: Сериялық ғылыми жинақ. / Құрастырған.: Т.Шаңбай – Семей: Алаш-Таным, 2008. -240 б.).    

  Бүгінгі Алаштану ғылымы – Алаштың тереңіне бойлай алатын байыпты, әлемдік аренада оның мәнін асқақтатып көрсете алатын ғылыми таным мен ғылыми зерттеудің методологиясын іздестіру жолында әрқашанда ізденісте болғаны абзал.Алаш қозғалысы – этносаяси феномен ғана емес, мәдени-философиялық құбылыс болатын. Оны сол кездегі орталық бірден түсінді, халық санасынан тұтас алып тастауға, теріс түсіндіруге ұмтылыстың күшті болуы сондықтан. Қазақтың барлық-болмысы және оның болашағының алдындағы жауапкершілік деген концептуальды мәселе — алаш идеясында көрініс тапты. Сол кездегі орталықтағы большевиктік бағыттағы басшылар төңкерісшіл танымдағы саясаткерлер болса, алаштың алыптары саясатпен қатар, бір-бір ғылымның басында тұрған марқасқалар еді. Мәселен, сол кездегі орталықтың саясаткерлері қоғамдық аренадан кеткенде, бүгінде олардың идеясы өзімен бірге келмеске кетті. Ал, алаш алыптарының танымы қазақ қоғамына қандай саясат келмесін, жаңарып жанданып отырады. Алаш алыптары сыңар езу бір жақты емес, энциклопедиялық масштабтағы философиялық танымдағы тұлғалар еді. Олар ғалым ғана емес, ғылымның басында тұрған даналыққа құштар пассионарлық тұлғалар болғандықтан ой еркіндігімен ерекшеленді. Не ғылымға, не саясатқа қазық қағып соған өзін байлап қоймады, керісінше екеуін де халқына қызмет етудің жолы деп түсінді. Сондықтан да халық алдында алаш алыптарының абыройы асқақ болды. Алаш қозғалысының пассионарлық қуатының мәні осында болатын.

  Алашта бар елдік рухты  байқамау және аттап өту қазақ дүниетанымына қатысты мәселеде ешқашан мүмкін емес. Бұл бүгінгі қазақ мәдени-философиялық ойтанымның негізгі әрі өзекті мәселесі ретінде қалып отыр. Әрине, оның байқалмағанын ауру ақыл қалайды. Ал, сау ақыл оны санаңа үнемі салып отырады. Алаш қозғалысы, ондағы алаш идеясы тұтас мәдени-философиялық құбылыс дейтініміз сондықтан. Ұлттық дүниетаным мәселесінде адасқан сайын алаш танымы алдыңнан шығып отырады. Ол алаш идеясындағы барлықтың(болмыс) қуаты. Алаштық сана алаш алыптары бар кезінде, барлық таласына бел шешіп кіріскен кезінде, патшалық болсын, төңкерісшіл болсын, жалпы империялық санаға үрей әкелсе, бүгінгі жаһандану заманындағы әлемдік жорға санаға да тиімсіз болуы әбден мүмкін. Олай дейтініміз, өнер мен ғылымда нақтылы зерттеле бастағанымен, бүгінгі саяси-қоғамдық өмір процесінде Алаш танымын өткен шақтық мәселе ретінде қарастырудың сызы басым.

  Алаш идеясы болмысынан субстанциялық болатын, сондықтан да мәңгілікке құштар еді. Алаш алыптары айтты,      Жаратушы адамзат баласын тең қылып жаратты, сондықтан да қазақ та теңдігін алсын деді. Қазақ тіліне таршылық болмасын, қазақ атажұртына, оның байлығына өзі ие болсын деді. Қазақ Еліндегі басқа этнос өкілдеріне өз қатарынан орын берді. Ешкімге қаратылған қарсылық жоқ, адал ниеттен туған ойтаным болатын.

  Оған бірінші кедергі «ұйқы» екендігі, оның «өлімге» апаратындығын алаш алыптары тура айтты. «Оян, қазақ!» ұран ғана емес, жан айқайы болатын. Жан айқайы рухқа қауып төнгенде шығады. Осылайша, бірінші сөз, алаштың өз баласына қаратылып айтылды.

  Екінші сөз баршасына, сыртқа қаратылып айтылды. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетін алаш баласының әділетті ойы сол кезде сыртқа ұнамады, ал бүгінде іште оған деген немқұрайдылық пен енжарлық қатар бар. Ұнамау жақсы, өйткені кімге ұнамағанын білесің. Немқұрайдылық пен енжарлық жаман, онда  іш пен сыртты тұтастандырып жіберетін әділетсіздік бар. Ерте тарихтан бері Алаш ұғымы қазақ танымындағы ең қасиетті метаұғым. Ежелгі Ер Түріктен бері бауырластар, қандастар, туыстар деген мағынаны білдіретінін әр қазақ біледі. Алаштың идеясы да сол бауыр болайық, туыс болайық, адамзат баласы тең деген терең танымға өріс ашқан болатын. Қазақ та сол адамзаттың бір баласы бәріңмен барлық мәселеде тең болсын деді. Қазақтың тура мағынасындағы, әділетті мағынасындағы ұлтшылдығы, нағыз демократия салтанат құрсын деген идеясы империялық санаға ұнамады. Ол туралы қазақ философы Ғарифолла Есім: «Сондықтан алаштың Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сынды озық азаматтарының «Оян, қазақ!» деп көтерген ұраны большевизмге қарсы атылған оқ болды», – дейді. (Есім Ғарифолла. Қазақ ұлтшылдығы. -21-34 беттер. // Кітапта: «Қазақ елі – мәңгілік»: Жазушы, академик, профессор Ғарифолла Есімнің 60 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел материалдары. / Құрастырған.: А.Құлсариева. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. -240 б.).

    Алаш алыптары әділетсіздік жолындағыларға ұлттық сананың ұнамайтынын білді, бірақ олар саналы түрде ауыр болса да әділет жолын таңдады. Алаш алыптары сау ақыл мен әділетті ту етіп ұстады, әділетсіздік жайлаған сана оны өзіне атылған оқ ретінде қабылдады. Бұл заңдылық болатын. Әл-Фараби, Абай сынды даналар шыққан ұлы даланың пассионарлық қуатты білімпаз ұлдарынан сескенді.

  Семейдің сол жағалауының 1917-1927 жылдары Алаш қаласы атанғаны тарихтан белгілі. Қаланың солай аталуына қарашекпенділердің тарапынан қаншама қарсылықтар болды. Алаш дүниетанымында тұтастық бар еді. Сол санадағы тұтастыққа қарсылық  бір қарағанда байқалмайтын барлық деңгейде тоқтаусыз жүріп жатты. Соған қатысы бар мың мысалдың бір-екі материалынан үзінді келтірейік. «Воля народа» газетінің 1917 жылы 11 шілдеде жарық көрген №5 нөмірінде осы қала тағдырына қатысы бар мақалада мынадай ой айтылған: «На днях состоится передача общественного имущества и делопроизводства Слободки городскому самоуправлению. Таким образом, обособленному бытию ее наступает конец. Как известно, Киргизский Комитет предполагал превратить ее в самостоятельный город Алаш (в переводе – отечество)» (Город Алаш. Сборник документов. Е.Сыдыков, В.Кашляк.(Составители). – Семей. 2010. – 366 стр.).

     Сондай-ақ, 1919 жылы 9 көкектегі Семейдегі ерекше комиссиясының мәжілісінің хаттамасында мынандай мәлімет бар: «С начала февральской революции население Заречной Слободки вновь стало усиленно добиваться выделение и даже образовало свой Исполнительный Комитет, именовав его Алашским (Алаш по-киргизский означает их род.). В своем докладе областному комиссару Алашский исполнительный комитет от 20 июня 1917 года за №20 пишет, что с провозглашением свободы сердце каждого слобожанина /алашца/ забилось радостью, и стало мучить и давить прежнее недовольство властей, у всякого родилась мысль: «Нельзя ли нам начать жить по-новому, как живут другие! У всех единение, дружба и, как читаешь, они устраивают свои хозяйственные дела!». Но недолго продолжалась эта радость: 6 апреля месяца сего года пришло постановление областного исполнительного комитета о присоединении Слободки /Алаша/ к г(ороду) Семипалатинску...» (Восточное отделение Правительства Алашорды. Сборник документов.// Семей, 2010.-425 бет.).   

     Осыдан байқаңыз, сол кездің өзінде алаш ұғымының мәніне «іштегі» сырттың өзі қаншалықты назар аударғанын. Алаштану ғылыми-зерттеу Орталығы «Күншығыс Алашорда» және «Алаш қаласы» деген құжаттар жинағын шығарды. Онда Алашордаға қатысы бар құнды материалдар жинақталған. Мысалды сол еңбектерден беріп отырмыз.

  Алаш қозғалысының болмысына талдау жасауда отандық тарих ғылымы мен филология саласы қайраткерлік көрсетіп отыр. Дегенмен, империялық таным аясында қалған санада алаш қозғалысын орталық пен аймақтың қарым-қатынасынан пайда болған фактор ретінде түсіндіруге ұмтылыс та жоқ емес, онда ұлттық дүниетанымның бүтіндігі деген танымға деген қимастық бар.

 Барлық салада, барлық тарапта аласапыран кезеңде жеке тұлғаның серке шығуы адамзат тарихында жиі кездескенімен, тұтас тұлғалар тобының біртұтас жоғары сананың бірлігін көрсетуі сирек. Бұл сол этностың ұлттық дүниетанымының биік сапасын көрсетсе керек. Алаш қозғалысының пассионарлық қуаты дегеніміз осы.    

  Сол биік сана бүгінде өзін қалай байқатып отыр. ХХ ғасырдың басында жүзден астам жоғары білімді азаматы бар халық тұтас ұлттық идеяға ұйыды, ал сол халық ХХІ ғасырдың басында миллионнан астам жоғары білімді азаматы бар болса да этностың болмысына қатысты проблематикада неге немқұрайдылық пен енжарлық танытып отыр. Олай болса этностың тағдырына қатысты мәселеде проблема бар. Мәселен, алаштың алыптары газетті турасынан «Қазақ» деп атады. Ахаң, яғни, қазақтың данасы Ахмет Байтұрсынов сол «Қазақ» газетіне қазақтың субстанциялық қазығы не екенін ақиқатпен анық етіп жазды: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл».

Өз тілімен сөйлескен және жазған жұрттың ұлттығы жоғалмайды екен. Орыс ғалымдары отандық ғылымның орыс тілінде дамығанын қалап отыр. Әйтпесе дейді олар, тілдің сол саласы ғылыми ұғымдар жүйесі қалыптаспаған соң, қатып-семіп жойылады деген мәселені көтеріп отыр. Космос, тағы басқа ғылым саласын айтпай-ақ қояйық, күнделікті тіршілік қамына қазақ тілі толық ие болмай отыр. Осындайда, ойыңа хакім Абайдың сөзі түседі: «Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?». Алаштың дүниетанымдық ұстанымы қазақ философиясының темірқазығы ретінде қарастырылуы көп мәселеге сәулесін түсірер деген ойдамыз.

Саны аз болғанымен, сапасы биік, бойында пассионарлық қуаты бар алаштың дана ұлдары тұтас этносты ұйыта білді. Қазақстан Республикасындағы бүгінгі жаңашылдарға алаш алыптарының биік мәдениеті, асқақ идеясы қашанда үлгі болары хақ.

 

 

 Шаңбай Тұрдықұл,

Алаштану ғылыми-зерттеу Орталығының директоры, Семей қаласы.