СЕМЕЙ - АЛАШ!
2012 ж. 20 қараша
8853
1
«Семей» сөзі - көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тайпасының тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдірсе, «Алаш» сөзі - түркі тілінде бауырлас, қандас, туыс деген мағынаны береді. Яғни, Семей, Алаш атауы – тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан ең ежелгі атаулардың бірі. Сонымен қатар, Алаш - қазақ тайпаларының алғаш қауым болып біріккен одағы «қазақ» атауының көне баламасы және бүкіл қазақ халқының ортақ ұраны. «Алаш», «Алаш азаматы», «Алаш қозғалысы», «Алаш партиясы», «Алаш Орда» деген ұғымдар қазақ елін, қазақ мемлекеттілігін білдіру үшін де қолданылады. 1905 жылы пайда болған - «Алаш қозғалысы» қазақ халқын отарлық езгіден азат етуге, эволюциялық- конституциялық жолмен автономиялық ұлттық мемлекет құруға, капиталистік дамуға бағытталған, прогреске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалысқа айналды. XX ғ. басында халқымыздың азаматтық тарихындағы ең ұлы ұлттық идея (ұлттық идея дегеніміз - мемлекеттік, елдік мүдде ) - Алаш идеясы болса, оның алғашқы ірге тасы – қазақ идеологиясының темірқазығы болып, Алаш қайраткерлерінің қолымен Семейде қағылды, бостандық пен тәуелсіздіктің туы Семейде тігілді. Алаш ұлт- азаттық қозғалысының бастаухаты- «Алаш ұраны» осы қаладан қазақ даласына тікелей тарады. Алаш Орда үкіметін Орта Азия аймағындағы ең ықпалды, басты саяси күшке айналдырған қазақ халқының «Ұлттық саяси элитасы» Семейде шоғырланды. Сондықтан да,Семей дегенде, Алаш арыстары бірден ойға оралады. Себебі, Алаш идеясының алтын бесігі, асыл өзегі болған Семей қаласының XX ғ. басындағы саяси ықпалы, экономикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы өте жоғары еді. Семейде ұлттық интеллигенцияның қалыптасып, мүлде жаңа саяси-әлеуметтік күштің пайда болуы ұлттық сананы өсіріп, қазақтың беделін көтерді. Алаш ұғымындағы рухтық, асқақтық, өрлік халық бұқарасын дүр сілкіндіріп, тарихи үрдістің жаңғыруы мен дамуын жеделдете түсті, рухани аштыққа жол берілмей, қала тіршілігіне қан жүгіріп, еңсесін тіктеді. М.Дулатов: «Семей-бір губерния елдің миы, ақыл-ойының табысы »деп әділ баға берген. Содан бері Семей – ұлт саясатының кіндігін кескен бірегей қала болып саналады. Кейіннен, Алаш партиясын құрып, Алаш Орда үкіметін орнатып, жаңа мемлекет құрылысына білек сыбана кіріскен Алаш арыстарының алдыңғы толқыны: Ә.Бөкейханұлы, М.Шоқай, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы,Ж.Аймауытұлы, Х.Ғаббасұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы және т.б. ұлт лидерлері шықты. Өз халқының күйінішті тағдырына дерттеніп терең тебіренген, мақтан тұтар ұлттық рухтың айрықша құбылысын әкелген осынау дара тұлғалардың көшбасында Ә.Бөкейханұлы тұрды. Өзге жұрттың отарында ұзақ отырып, ұлт мәдениетінің уызына өлердей шөлдеген қазақтың қара шаңырағын қайта көтеруді көздеген кезең- еліміздің тарихындағы ең бір алмағайып зұлматты кезең – XX ғасырдың 20-30-шы жылдарына тұспа-тұс келді. Осы сын сағатта, батыл ойға тұсау, еркін көңілге кісен салған, қиын- қыстау, қат- қарбалас қатыгез заманның зарын шертпеуге дәттері шыдамады. Бойларындағы кісілік қасиеті мен рухани кейпін әйгілеген ұлттық сезімнің орасан күшті екпінімен ұлты туралы айтқанда алпыс екі тамыры иіп тұратын қазақы болмыс, қазақы намыс, қазақы тіл, әдет- ғұрыпты адал сақтады. Әлиханнан қалған мынадай тағылымды сөз бар: «Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі». Ал, Қ.Кемеңгерұлы Әлиханға бір ғана мін тағады: «Ол қазақты қалай дамытуға болады деген теориялық еңбек жазбады...». 20-жылдардың соңынан бастап, ызғары қазаққа сұсты көлеңкесін түсіріп кеткен большевиктердің интернационализм (ұлтсыздандыру) саясатын жалаулатқан жеңістері Алаш зиялыларының «Елді оятамыз» деген әз идеяларының күлталқанын шығарды. Енді олар, күрес тактикасы мен стратегиясын оқу ағарту, баспасөз саласына топтастырып, ұлттық идеяны халыққа жаңаша формада ұғындыра бастады, оның өз кезеңінде елді тәрбиелеуге көп көмегі де тиді. 1920 жылдан мемлекеттік баспа құрылып, А.Байтұрсынұлының ұйтқы болуымен жаңа оқулықтар жазыла бастады. 1922 жылы Москвада ашылған «Күншығыс»баспасының жұмысын да Ә.Бөкейханұлы мен Н.Төреқұлұлы ел игілігіне айналдырды. 1923 жылы Ә.Бөкейханұлының Д.Әділұлына жазған хатында: « Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі», дейді. Яғни, Алаш арыстарын Совет билігі билегенімен, олардың ойлары, рухтары тәуелсіз еді, газет-журналдардың аты Советтік болғанымен, заты Алаштыкі еді. Сондықтан отаршыл ел, қазақтың ұлттық интеллигенциясын жоймайынша, оны бағындыру қиынға соғатынын білді және ұлттық сананы өшіру үшін интеллигенцияны құрту керек деген мәселені ашық қойды. Өйткені, бізде бостандық сүйгіш ұлттық идея өлмеді. Совет өкіметін құрған кезде Ленин, Сталинмен жағаласып, біздің ағаларымыз – Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов және т.б. ел ішінен жұлынып адамдар шыға берді. Оның үстіне Совет өкіметі Алаш автономиясының қазақ ұлттық мемлекетін құру және саяси жағынан өзін-өзі билеп, жеке басқаруы идеясын қолдамады. 1928 жылдан бастап Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметіне мүше болған және оларды жақтаған зиялыларды жаппай тұтқынға ала бастады. Оларға Совет өкіметіне қарсы күрес жүргізді, шетелдіктермен байланыста болды, және т.б. көптеген жалған айыптар тағылып, Алаш қозғалысына қатысушыларды жазалауға бағытталған тергеу ісі - «Алаш ісі» жүргізілді. Алаш идеясын ұстанған әрбір азаматтың тағдыры мен тарихы 1905-1937 жылдар аралығындағы қысқа ғана мерзімді қамтыды. Нағыз дер шақтарында оларды әрқилы жаламен тұтқындау процесі жүріп, Сталиндік саяси құғын-сүргінге ұшырап, 99% айдалды, атылды, өмірлері қайғылы аяқталды, ресми тарихтан, ел жадынан аттары өшірілді. Ал зиялылардың қалған 1%-мен (Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов) халықтың жүрегінде өлмей қалған ұлттық идеяны құру оңайға түскен жоқ. Осы арқылы қызыл империя ұлттық идеяны жойғысы келді, адамдар санасына жаңа Советтік идея сіңірілді. Ол – идеология таптық бөліністі, коммунистік сенімді басты нысана етіп, барлығын бір тарының ұлы орыстық шовинизмнің қауызына сыйғызу үшін күресті. Құр қағазда, үгіт-насихатта теңдік ұраны айтылғанымен, негізінен, бір ғана ұлттың шоқпары соғылды. Алаш арыстары большевиктер партиясы ұсынған пролетариат диктатурасы туралы осы бағдарламаның кеселінен, қазақ қоғамы үлкен апатқа ұрынып, көп нәрседен айырылатынын, ең бастысы геноцидке, қасақана жасалатын қырғынға ұшырайтынын терең түсінді. Зиялылардың табанды күресі де дәл осы шақтан басталды. Семейде 1917 жылы 7 наурызда Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков және т.б. ұйымдастыруымен облыстық қазақ комитетін құруға қатысты өткен алғашқы жиында-ақ, Семейдің «Заречная Слабодка» (қалашық) деп аталатын сол жағалауын Алаш қаласы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Осы орайда 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен I Жалпықазақ съезінде тұңғыш саяси ұйым – ұлттық-демократиялық Алаш партиясы құрылды. 21 қарашада Алаш партиясы бағдарламасының 10 бөлімдік жобасы «Қазақ газетінде» жарияланды. Алаш Орда үкіметі және оның құрамы (15 қазақ, қалған 10 мүшесі басқа халық өкілдерінен, жалпы жиыны 25 адам)- Алаш автономиялы республикасының үкіметі болып, осы жылдың желтоқсан айының 5-13 күндері Орынборда өткен II Жалпықазақ съезінде сайланды, және Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің (әрі Шығыс бөлімі) уақытша орталығы бүгінгі Семейдің сол жағалауындағы Алаш қаласы (қазіргі Жаңа Семей) деп ресми аталды. (Үкімет мүшелерінің екінші бөлігін Орал облысының Жымпиты қаласында орналасқан «Алаш Орда үкіметінің Батыс бөлімі» немесе «Ойыл уәлаяты» деп атады. Оның төрағалығына Ж.Досмұхамедұлы сайланды.) Бұл Слабодкалардың (қалашық) яғни, Алаш қаласының негізін салушылар: «Уақ руының биі, әрі старшинасы Тінібай Кәукенұлы пен Терістаңбалы руының биі, әрі старшинасы Жоламан Жандарбекұлы тәрізді қазақтың игі жақсылары» еді. Алаш қаласы Алаш Орда үкіметінің ең ірі саяси және әкімшілік басқару орталығы болды. Мұнда Семей уездік Земствосы (төрағасы А. Қозыбағарұлы ), Алаш қалалық думасы (төрағасы Б.Сәрсенов) мен Алаш қоғамдық басқармасының(төрағасы А.Ерыкалов) кеңселері, Алаш Орданың Ұлт Кеңесінің мүшелері (Ә.Бөкейханұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Шоқай, Ә.Ермеков, Ғ.Қарашев, Ж.Ақбаев, О.Әлжанов, Х.Ғаббасов, Х.Досмұхамедұлы, У.Танашев, С.Аманжолов, Б.Құлманов, М.Тынышбаев, Б.Мамытов, А.Тұрлыбаев ), Алаш соты (төрағасы М.Боштаев), Алаш милициясы ( бастығы О.Әлжанов) және Алаш әскери жасақтары (басшысы Х.Тоқтамышев) орналасты. 1917 - 1919 жылдары Алаш қаласында Ә. Бөкейханұлының басшылығымен, әуелгіде Алаш партиясының Семей облыстық комитеті (төрағасы Х. Ғаббасұлы),одан кейін Алаш Орда үкіметінің Семей облыстық кеңесі құрылып, ақыр соңында Алаш Орда үкіметі келіп орнады. Алаш Орда билік құрған 1918 жылдың маусымынан 1919 жылдың желтоқсан айының ортасына дейінгі уақыт аралығындағы Алаш қаласы бас- жатақ Жоламан, орта жатақ - Тінібай, төменгі жатақ- Қайықаузы деп аталған ауылдардың аумағын қамтыған. 1917 жылдың 7 наурызынан бастап өмір сүрген Алаш Орда үкіметінің астанасы Алаш қаласы - 1927 жылдың 15 қыркүйегінде Семей қалалық Советінің қаулысымен- Жаңасемей қаласы, ал Алаш Орда көшесі- Жаңасемей көшесі болып өзгертіліп, әлі күнге дейін осы атаумен аталып келеді. Бұл, Совет өкіметінен қалған естелік-белгілерді өзгертетін уақыт әлдеқашан келіп жеткендіктен оның орнын алмастыруға, Алаш қозғалысына қатысты Семейдегі тарихи орындардың төмендегідей қысқаша тізбегін ұсынамын:
1.Бұрынғы облыс губернаторы, қазіргі тарихи өлкетану мұражай үйінің ғимараты,сол замандағы төңкерістер уақытында бұл ғимарат «Бостандық үйі» болып аталған. Ә.Бөкейханұлын Семей жұртшылығы алдымен осы ғимаратта құшақ жая қарсы алған. Әлиханның Семейге келуі үлкен мереке болған. Шәкәрәм қажы сөз сөйлеп, С.Торыайғыров өлең оқып,Ә.Тәңірбергенов домбырамен толғау айтқан. 2.Келесі бір тарихи орын Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхаметұлының құрбан болған жері, бүгінде бұл арада «Жеңіс саябағы» тұр.
3.Қайғылы оқиғалардың ежелден куәсі болған орын -«Семей түрмелері». 1870 жылы салынған ескі түрмеде Алаш арыстары қамалып,азап шеккен.
4.Алаш қайраткерлерінің тұрған мекенжайлары: «Совет көшесі, 60» «Ғабдолла «Тоқай көшесі ,92».
5.Алаш арыстарының баспаналары туралы айтар болсақ,1921-22 жылдар Ә.Бөкейханұлы мен М.Дулатовтың Семейдегі қазақ зиялысы Әнияр Молдабаевтың Комиссарская (қазіргі Бөгенбай батыр) көшесіндегі,17 екі қабатты жекеменшік үйінде тұрған.Мұнда жас кезінде М.Әуезов те тұрыпты. Қазір М.Әуезов атындағы мұражайы. Бірақ, оған жапсарластырып әйтеуір атауы болсын дегендей көңіл жықпастықпен М.Әуезов және Алаш арыстары деп жаза салған. Ол жердегі негізгі құжаттар Әуезовке байланысты. Ал Алашқа байланысты тарихи құжаттар осы күнде елдің бәріне мәлім ақпараттар ғана. Өкінішке орай, жоғарыда аты аталған ғимараттардың бірде- бірінде не белгі,не арнайы тақтайша да жоқ, Осы мәселеге қатысты Алаш атауы да жоқ.
6. Алаш арыстарына арналған жалғыз ескерткіш Ә.Бөкейханұлының басы мен кеудесі ғана орнатылған мүсінсымағы .Жанға бататыны, әлі күнге дейін Семей қаласында Алаш қайраткерлеріне толыққанды ескерткіш орнатылмай келеді. Оған не кедергі екендігі түсініксіз? Ал,Алаш мектептері атымен жоқ. Алаш арыстарына және Алаш мүддесіне қалтқысыз қызмет жасаған Қ.Үкібайұлы, И.Әділұлы, А.Жүсіпұлы, Ж.Бейсекеұлы, А.Аңдамасұлы, М.Сейітқұлұлы және т.б. сынды абзал азаматтарға бір кездері өздері өмір сүрген, тер төгіп, еңбек еткен жері – Алаш қаласынан, яғни қазіргі сол жағалаудан арнайы көше аттарын беруді және орта мектептер мен колледждерді, институттарды, халқымыздың осы бір адал перзенттерінің есімімен ресми түрде атауды жаппай жүзеге асыру керек.1918 жылдың 28 қарашасында бекітілген Алаш қаласының бас жоспарында жалпы саны 38 көшенің атаулары көрсетілген. (Кенесары, Арғын, Уақ, Тобықты, Абай, Тінібай, Жоламан, Қарқаралы және т.б.) Көшелер Ертіс өзенінің жағалауларынан басталып отырған. Қазіргі «Холодный ключ» -«Биғұлы ауылы», «Комсомол»- «Шағыл», «Нахаловка» - «Қайықаузы» деп аталған бұрынғы елдімекендердің орнынан бой көтерген. Бүгінде, Семей қаласында 887 көше бар, оның тек 76-сы ғана заман талабына сай жаңартылған. Бұл, тәуелсіз ел атанғандағы 20 жылда жеткен жетістігіміздің сиқы. Семей қаласына қатысы жоқ, оның дамуына үлес те қоспаған (мүмкін, олар тірі кездерінде Семей деген қала барын білмегенде болар) адамдардың есімдері самсап тұр. Ал, Алаш арыстарының кейбіреуіне ғана әрең берілген көшелердің бірен-сараны ғана болмаса, көбі тасада, қаланың шеткі жақтарында, сырт көз түгілі, жергілікті тұрғындардың өздері де байқамайды немесе білмейді.( осылай істетуге қасақана пәрмен берген қандай данышпан екен). Кеудесіне тәуекел мен тәубәсін сыйғызып, ел бостандығы жолында бас бостандығын қиған, содан айырылған, азаттықты аңсап арманда өткен аталарымыз бұл ағаттықты кешіре ме. Әйтпесе, «ойналмалы өмірдің мазақ кейіпкеріне айналған бейшара ұрпағым-ай, 300 жыл қалғыған намысың әлі оянбадыма» деп, дертене ме. Шыңға да шырқап шыққан, шыңырауға да құлдилаған қазақтың үзілмеген үмітін, сөнбеген сенімін, айтылмаған ойын жинақтаған XX ғ. басындағы Ә. Бөкейханұлы бастаған Алаш идеясын, XX ғ. соңында тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұңғыш Президенті Н. Назарбаев түпкілікті түрде тұтастай іске асырды. Яғни, 90-жылдары бұйырған тәуелсіздік тынысымызды біраз кеңейтті. Содан бері қазақты Алаш идеясы толғандырып келеді. Ең бастысы – Әлихан айтқандай «өз жүгімізді белгілі орынға апара алсақ болғаны». Бірақ әлі де, бұрынғы әдет, ескі сарынмен Алаш атын ұмытып, оның ұлылығын паш ететін Семей қаласын көзге ілмеуге тырысатын құлдық саналы идеологиядан арыла алмай келеміз, өкініштісі де сол.
Айдын Рысбекұлы
"Туған - қалам Семейім" қоғамдық қорының төрағасы
Семей –Алаш!
Азапты, жөңкіп өткен зар замандар,
Қазақты тентіреткен тар замандар.
Ел жұртын жерұйыққа жеткізем деп,
Арманды болашаққа жалғағандар.
Қазақтың бақытына туған ерлер,
Күңіретіп ту түбінде тұрған ерлер.
Арайлы азаттықтың ақ таңында,
Алаштың Ақ Ордасын құрған ерлер.
Халқының тағдырындай тарлан қала,
Қазақтың зар-мұңындай арман қала.
Аңсаған азаттықтың белгісіндей,
Алаштың астанасы болған қала.
Қазақтың бақытына туған ерлер,
Күңіретіп ту түбінде тұрған ерлер.
Арайлы азаттықтың ақ таңында,
Алаштың Ақ Ордасын құрған ерлер.
Сол күнге куә болған Дала жатыр,
Ертістің жағасында Қала жатыр.
Семейге шеру тартқан сол ерлердің,
Арманы болашаққа бара жатыр.
Қазақтың бақытына туған ерлер,
Күңіретіп ту түбінде тұрған ерлер.
Арайлы азаттықтың ақ таңында,
Алаштың Ақ Ордасын құрған ерлер.
Құсмілия Нұрқасым