АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ
2012 ж. 19 қараша
39860
10
Алаш қозғалысы – 20 ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күшке сұраныс үлкен еді. Ал ондай саяси күштің қалыптасып келе жатқанын 1905 – 07 жылдардағы оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш – сан жағынан аз болғанымен, бірақ саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция болатын.
Осы бірінші орыс революциясы жылдары ұлттық зиялылар кейін Алаш қозғалысы атанған қоғамдық қозғалыстың негізін қалады. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарақаралы құзырхаты (петициясы) оның бағдарламалық құжаты болатын. Осы мезгілден бастап Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов жетекшілік еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшін газет шығару, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып тарату, Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына, жалпыресейлік мұсылман, түркішілдік қозғалыстарға атсалысу сияқты қазақ қоғамына бейтаныс күрес әдістерін игере бастады. Ал 1911 жылдан шыға бастаған «Айқап» журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыхалықтық басылымға айналған “Қазақ”, оның артын ала өмірге келген “Бірлік туы”, “Сарыарқа”, “Ақжол” газеттері ұлт-азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. Алаш қозғалысының басты мақсаты — қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Бірінші орыс революциясы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылы ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде Қазақ мемлекетінің пайда болуы, күзіне қарай Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан автономиясы (Қоқан автономиясы) және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. 1917 жылы пайда болған бұл саяси құрылымдар большевиктер тарапынан күшпен таратылғанымен, ұлт-азаттық қозғалыс күштері саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Мемлекеттік тәуелсіздік, жер және кезінде алаш зиялылары күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси басқа да мәселелерді басты талабы етіп, ұлт-азаттық қозғалыс жаңа сипатта Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, С.Қожанов, С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев қызметінде одан әрі өрши түсті.
Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайұлының қызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған “Яш Түркістан” журналындағы материалдар соның айғағы еді. Негізгі мақсаты — ұлттық бостандық болған Алаш қозғалысы көрші түркі, мұсылман халықтарымен күш біріктіруге тырысты. Сөйтіп, 20 ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30 жылдарға дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады.
Сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпықазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игерілмейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың қаны мен тері төгілген деген тұжырымға саяды.
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуы бойынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Яғни, бұл «өз жерінің игілігін әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат» деген емеурінді танытады.
Абай данышпанның:
«Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» дегеніндегі «ырық» – осы ырық. Өз жеріңнің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң, ырықтың кеткені сол емес пе?!.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс».
Тағы да сол Абайдың: Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек» дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік. Ал біздегі сатылмайтын құндылық – тек жалданып тірлік құру» ғана болып қалды.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдануына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы тиіс» болатын. Қазір Елбасымыздың ұстанып отырған ұлтжанды саясаты да осы Алаш тарландарының идеясына үндес келіп отыр.
Бесінші, түпкі мақсат, тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдануына жүгінсек, «тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң) жасалады.
«Ақ жол» ҚДП-ның басты ұстанымы біртұтас Алаш идеясы екені жұмысымызды, алдағы жоспарларымызды айқындай түседі. Дәл қазір «Ақ жол» партиясы кешегі Алаш қозғалысы жетекшілерінің көтерген мәселелерін одан әрі жалғастыруы керек. Осы ретте партиямыздың қазақтың аса көрнекті қайраткерлерімен көзқарасы үндесіп жатқаны бізге қуаныш сыйлап қана қоймай, күш-қуат береді. Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов бұл ретте біздің рухани көсеміміз болып қала береді. Бөкейханов ұйғарымы бойынша біз де Жер-Ана үшін күресуіміз керек. Жердің бетіндегі және астындағы барлық байлық қазақ мемлекетіне қызмет етуі тиіс. Әлихан «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» деді. Осы ретте бізде тоқыма кластерін дамытуда көптеген істер күтіп тұр.
Ұлттық тіл, дін, діл үстемдігі – бұл мемлекет құрушы ұлттың басты қағидасы. «Ақ жол» ҚДП мемлекеттік тіл жөнінде де білек сыбана күресіп келеді. Біздің облыста тікелей партия күшімен 10 адам мемлекеттік тіл үйрену курсында оқып шықты.
Ұлттық салт-дәстүр – қазақ тұтастығының ұстыны, тірегі. Бұл бағытта бабалар аманатына қашан да адал болуымыз керек. Ұлттық намыс, ұлттық рух, ұлттық сана ғана бізді сақтап қала алады. Ұлттық рух өлсе – мемлекет қуатты бола алмайды. Намысымызды қолдан бермейік.
Рыноктық қатынастарға жол ашу, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету – бұл сайып келгенде кәсіпкерлікті қолдау арқылы жүзеге асады. Ақжолдықтардың ақжолтай міндеттерінің бірі – кәсіпкерлікті, кәсіпкерлерді қолдау. Бұл ретте біз кәсіпкерлер партиясы деген ұғымнан алшақ тұрмауымыз керек. Елбасымыздың өзі шағын және орта бизнес – мемлекет дамуының негізі деп санайды. Ендеше, Елбасы саясатын қолдау да біздің де негізгі парызымыздың бірі. Кейбіреулер байбалам салып жүргендей «Ақ жол» тек кәсіпкерлердің партиясы болып қалмайды, біздің айқын жолымыз бар. Ол – біртұтас Алаш идеясы. Алаш идеясы – қазақ мемлекетінің қуаттылығын қолдайды. Ендеше, түкке түсінбей бізге тас лақтырушыларға осы мәселені талдап түсіндірер кез жетті. Сонау 1917 жылы алғашқы құрылтайын шақырып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шығып, қазақ үшін қажет түйінді мәселелерді қозғап жатса, сол айтылғандар күні бүгін де маңызын жоғалтпаса, ендеше біз Алаш жолынан ауытқымауымыз керек. Өзімізді «Алаш» партиясының ізбасары деп танитын бізге солардың идеяларын жаңғыртудан артық міндет жоқ.
Биыл «Алаш» қозғалысының 95 жылдығы. «Алаш» көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың да 140 жылдығы. Алда – «Алаш» қозғалысының 100 жылдығы қатар келмек. Сондықтан да мен мына мәселелерді ұсынамын:
Біріншіден, Алаш арыстарының рухын жас ұрпақ бойына сіңіру үшін Алаштың ілімін қолға алуымыз керек.
Екіншіден, «Алаш» партиясы мен Алаш қозғалысы көтерген мәселелерді жілікше шағып, жан-жақты үйренгеніміз жөн. Осы орайда, партия мемлекеттік тілде оқулар ұйымдастыруына болар еді.
Үшіншіден, бес жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Жүз жылдыққа дайындықты дәл қазір бастауымыз керек. Қадау-қадау мәселелерді іріктеп, негізгі идеяларымыздың тұтқасы ретінде көтергеніміз дұрыс.
Төртіншіден, жүз жылдықтар тағысындағы торқалы тойды ең бірінші ақжолдықтар бастауы керек деп санаймын.
Бесіншіден, әрбір облыстағы филиалдарға Алаштану бұрыштарын ұйымдастырғанымыз жөн.
Алтыншыдан, партия өмірінен жазылған мақала, очерктерге бәйге жарияласақ, артық болмайды. Осы еңбектерді топтастырып кітап етіп бастыру – партия беделін арттыра түсер еді.
Жетіншіден, жалпы түрікшілдік идеясы дәл қазір ең өткір мәселе ғой деп ойлаймын. «Түркі тілдес түгел бол!» деп алаштықтар босқа айтқан жоқ. Президентіміз де бүгінде түркі тілдестердің достық одаққа бірігуін көтеріп жүргені тегін емес. Жаһандану жұмырына жұтылып кетпеу үшін бізге тастүйін бірлік қажет. Біз сыртқы жаулардан сақтанғанда ғана саяси мүдделерімізге жетеміз. Ұлт мүддесі сақталады. Ал, алаштықтар осы ұлт мүддесі деп жандарын пида еткенін сіздер жақсы білесіздер.
Сегізіншіден, патшалық Ресей өкіметін басқарған Петр Столыпиннің биылғы 150 жылдық тойына орай оның ескерткішін орнату үшін мерейтой ұйымдастырушылары «кемінде бір айлық жалақы аударуымыз керек» деп шешті. П.Столыпин мұраларын зерттеу қорының президенті Павел Пожигайл аз уақытта 6 миллион рубль жинады деп алғашқы күндері-ақ жар салды. Дәл осы П.Столыпиннің жер туралы саясатына Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қарсы шығып, қазақ жерін жанын салып қорғады. Елді патша өкіметінің арбауына түсіп қалмауға шақырып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жұмыс жасады. Міне, осындай абзал азаматтарға арнап ескерткіш салуға ұлтарақтай жер неге табылмайды? Ахаңа құрмет көрсету, Астанадан үлкен ескерткіш тұрғызу ісіне қазірден кірісуіміз керек. Әрбір облыстан Алаш ардақтыларына арнап ескерткіштер, мұражайлар салу бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеті.
Тоғызыншыдан, «Қазақстан тарихы» оқулығында Алаш қозғалысы жөнінде тым жұтаң жазылған. Сондықтан, мектеп оқушылары Алаш ардақтылары хақында тым аз біледі. Осы орайда, оқулықтардағы олқылықтың орынын толтыруымыз керек. Кітаптар, оқулықтар, зерттеулер жазылып, қысқаметражды фильмдер түсіріліп, жоғары оқу орындары мен мектептерге таратылса құба-құп болар еді. Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай басқа да облыс орталықтары мен қалаларынан, аудан орталықтарынан салынса артық болмас дейміз.
Анарбек ОРМАН,
«Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары, партияның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы.