ҰЛТ ҰТАТЫН ҰСЫНЫС

     Ел ағалары салиқалы сертін берген соң, қазақ халқы кезінде Кеден Одағы­на кіруге айтарлықтай қарсылық білдіре қоймады. Әйтсе де, «жұрттың бәрі жапатармағай қолдады» десек, мұнымыз ақиқатқа қиянат болар еді. Саяси еркіндігімізге қауіптілігін көпті көргеннің басымының ескерткені рас. Экономикалық тиімсіздігін Мұқтар Тайжан бауырымыз қолмен қойғандай дәлелдеп те берді... Қазір Кеден Одағына кіруден ба­сы­мызға бақтың орнай қоймағанына көзіміз анық жетті. Күнделікті қант-шайымыз бен құрт-майымызға, эконо­микалық сауда-саттығымызға орасан нұқсан келтіргенін, әсіресе, Ресеймен шекаралас облыстардың іскер адам­дары айтып-шағынғанда, етектері жас­қа толады... Менің ойымша, Елбасынан бастап, елдің ең жасына дейін, ең алдымен, ұлттың тағдыры мен мемлекеттің мүд­десіне қатысты мәселелерді ең маңыз­ды қатарға қоюы керек. Өркениетті ел­дердің өнегесі біздің бәрімізді және әрбірімізді елдің тағдырынан бөлін­беуге үйретеді. Сондықтан, Қазақстан оппози­циясы өкілдерінің жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасы шырт ұйқыдағы жұртты шошытып оят­­қандай болды. Қазақстанның 14 об­­лысынан және Алматы мен Астана қа­­лаларынан 30 делегат жиналып бір мәмілеге келсе, жалпыұлттық референдум өткізуге болады екен. Референдум не үшін керек? БІРІНШІДЕН, референдум мемлекетімізді сыртқы қауіптерден сақтау үшін қажет. Мәселен, кешегі Ке­ңес­тер Одағының бүгінгі көшірмесі бо­луға жанын салып ұмтылған қазіргі Ресей Федерациясы басшылығы Қа­зақстанды Кеден Одағына кіргізуін місе тұтпай, келесі кезекте Еуразия Одағына сүйреп бағуда. Мәскеудің мүйізі қарағайдай ға­лым­дары кезінде тұңғыш рет Қазақ­станның басшысы ұсынған бұл бас­тамаға кекесінмен қарап, қарсы шық­­қан болатын. Өйткені, сол кезеңде Қазақстанның әлеуметтік-экономи­калық қауқары кісі қызығарлықтай емес-тін. Біздің басшымыздың жан дауысына пысқырмаған орыс ғалым­дары кейбір бағыттарда Ресейдің өзін шаң қаптырып кеткен қазақ эконо­ми­касының бүгінгі қарқынына қарап, мәймөңкеге басты. Тіпті, «Еуразия Одағы» туралы тұңғыш бастаманы Н.На­зарбаевтың көтергенін «мақта­ныш­пен» атай бастады... Әгәрдәкім, Жалпыұлттық референдум өте қалған жағдайда, сыртқы саясат тұрғысында мынадай мәселе­лерді күн тәртібіне шығаруы маңызды: 1. Еуразия Одағына үзілді-кесілді қарсылық білдіру керек. Еуразия Ода­ғына кіру деген сөз – Қазақ­станның тәуелсіздігінен айырылуы. 2. Дүниежүзілік Сауда Ұйымына «Ресей кірді екен» деп, ойланып-тол­ғанбай бас ұруға болмайды. 3. Евразиялық Экономикалық Се­ріктестіктің өзінің еліміздің біраз негізгі мүдделерін шектеуі әбден ықти­малдылығын елеп-екшеуіміз лазым. 4. Мемлекеттің мүддесі мен ұлттың тағдырына қатысты шешімдерді ха­лықтың келісімінсіз қабылдаған шенеуніктер қылмыстық жауапқа тартыл­сын. ЕКІНШІДЕН, референдум елдің ішкі тыныштығы мен ынтымағы үшін ауадай қажет. 1. Жаппай жекешелендіру жыл­дарында «ұстағанның қолында, тіс­тегеннің ауызында» жекешеленіп кеткен еліміздегі стратегиялық ірі кә­­- сіпорындарын мемлекеттің меншігіне қайтарып, негізі, жекеменшік мәселе­лерін қайта қарау керек. 2. Жергілікті өзін-өзі басқару тура­лы 20 жылдан бері мылжың сөзден әрі аса алмағандықтан, тез арада барлық деңгейдегі әкімдерді ашық сайлау арқылы ғана лауазымына тағайындау тәжірибесін енгізген жөн. 3. Жерге жекеменшік мәселелерін пысықтау мен реттеу де кезек күттір­мейді. 4. Сөз еркіндігі мен баспасөз бос­тан­дығын нақты орнату – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. 5. Қазақ тілінің мемлекеттілігін іс жүзінде іске асырсақ, алдағы ұлттық һәм ұлтаралық дүмпулердің алдын аламыз. 6. Билік пен қоғамның арақатына­сын жақындатудың төте жолы – күн сайын өсіп, аспандап бара жатқан азық-түлік пен коммуналдық төлем­дерді ауыздықтау... Билік мұндай қабырғалы өзгеріс­терге дайын ба? Егер дайын болмаса, жалпыұлттық референдумды өткізбеу үшін бар күш-жігерін салып, үгіттеп-насихаттау, тү­сіндіріп-ұғындыру, қорқытып-үркіту, қоқан-лоққы жасау, ұрып-соғу сияқты әдістерді қолдануы мүмкін. Дегенмен, мұндай тәсілдер нәтиже бермейді. Қазақ еліне шынайы демократия керек пе? Керек десек – ұлттың ар-ожданы болуға тиіс жазушылар мен журналистер мұқалған рухын оятып, еңсе­лерін көтеруі керек. Референдумдағы дауыстарды санау мейлінше әділ де ашық дәрежеде жүргізілуге тиіс. Мәжіліс пен мәслихаттарда қара­пайым адамдар неге аз? Мәжіліс пен мәслихат депутат­та­рын сайлауға халық тікелей қатысты­рылуы керек. Нағыз сөздің бостандығы, шынайы демократияның орнауы – дәл осын­дай қара­пайым ортадағы қарапайым сұрақтардың шешімін табудан баста­латынын ұмытпа­ға­нымыз дұрыс... Құлтас ДОСТАН