"Дала даналары" - Әйтеке би мен дана бабалар кесенелерінің салыну тарихын баяндайтын кітап
2012 ж. 01 тамыз
12465
5
Бұл дара да дана тұлғалар хақында сыр шертетін тәрбиелік әсері мол елеулі еңбек
Таяуда «Дәуір» баспасынан белгілі журналист Қаражан Сердалиев құрастырған «Дала даналары» деген жаңа жинақ жарық көрді. Аты айтып тұрғандай, бұл ежелгі қазақ даласы тудырған дара да дана тұлғалар хақында сыр шертетін, тарихи деректері мол, кейінгі ұрпақ үшін тәрбиелік әсері мол елеулі еңбек. Белгілі ақын Қазыбек Исаның басылым беташарындағы аңдатпасынан аңғарылғандай, кітап мақсаты – өткеннің өнегесін бүгінгі биіктен саралау. Тарихтан тағылым алып, қазіргі өлшеммен таразылау». Жаңа жинақ белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбековтің «Ұлы істер үндемей тындырылады» деген көлемді мақаласымен ашылған. Еліміздің Өзбекстандағы, Ресейдегі елшісі болып істеген белгілі дипломат халық тарихымен қатысты игілікті істер жайын сөз етеді. Атап айтқанда, өзі басы-қасында жүріп, ұлтжанды азаматтарды топтастырып, 2009 жылы Өзбекстанның Нұрата жерінде салтанатты жағдайда ашқан Әйтеке би кесенесінің салыну тарихын байсалды баяндайды. Мақала мазмұны автордың: «Мен де қазақтың бір баласы ретінде өзімнің өмір жолымда ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімін қайта жаңғыртып, басын көтеріп, тарихи мұрасының сақталуына, сондай-ақ маңызды мәдени ескерткіштеріміздің қорғалуына әрдайым назар аударып, жете көңіл бөліп, бұл іске бар пәрменіммен перзенттік парызымды қосып келе жатырмын», деген сөздерінің шындығына көз жеткізеді. Бұдан бұрын Бәйдібек баба, Домалақ ана, Бес ана кесенелерін қалпына келтіріп, жаңғырту жұмыстарымен айналысқан Зауытбек Қауысбекұлының көрші республикаға елші болып келген кезінде Елбасымыздың мақұлдауымен Әйтеке биге кесене тұрғызу сынды «барша қазақтың соңғы 20 жыл бойы жүзеге аспай келе жатқан асыл арманын» елжанды азаматтармен бірлесіп ойдағыдай орындағаны қай жағынан да ілтипатқа лайық болса керек. Үш биіміздің екеуінің асыл сүйегі қазіргі өзбек топырағында дамылдап жатқаны мәлім. Нұрата жерінде еліміздің еңсесін биіктеткен Әйтеке би кесенесі пайда болуының қыр-сыры егжей-тегжейлі баяндалған «Ұлы істер үндемей тындырылады» атты мақала Ташкент шаһарындағы Төле би кесенесінің жаңартылуымен жалғасып, соған қатысты қызықты жайларды ұсынуымен де маңызды. Зауытбек Тұрысбековтің кейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған кезінде Ішкі қазақ ордасының негізін салушы Бөкей хан Нұралыұлына Астрахань өңірінде күмбезді кесене орнатудың саяси және ұйымдастырушылық жұмыстарын оңтайлы шешкенін, соның нәтижесінде екі елдің шекарасында көршілік хақының куәсіндей болып бағалы ескерткіш бой көтергенін де аталмыш кітаптан ықыласпен оқуға болады. Белгілі қаламгер Әмірхан Меңдекенің «Сердалы Бекшорин» аталған көлемді еңбегінің осы жинаққа енгізілуінің өз заңдылығы бар. Сердалы – Шоқан Уәлихановтың замандасы, Шоқанмен дос, сырлас болған, оның қолынан естелікке сағат алған азамат. 1892 жылы Бұхара әмірімен кездескен қайраткер. Мақалада Сердалы Бекшорин сынды қазақ даласының талантты ұлының заман таныған суретшілік өнері мен ел билеген қайраткерлігі қатар суреттеледі. Сердалы Бекшорин 1892 жылы Нұратадағы Сейітқұл бабасының басына алғаш рет төрт құлақты сағана салса, арада 116 жыл өткенде Сейітқұл әулие мен Әйтеке би бабаларының кесенесін заманға сай жаңарту сол Сердалының шөберелері Қаражан мен Бернардқа және Зауытбек Тұрысбеков, Рахат Байзақов, Шаһарбек Усманов, Есенғали Байменов, Ибадулла Қалыбеков, Алтынсары Үмбетәлиев сияқты атпал азаматтарға бұйырды. Бұл жалпы аталмыш жинақтағы мақалаларға тән тақырыптық және идеялық тұтастықты білдіреді әрі оны дала даналарының (Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр, Салқам Жәңгір, Сейіт баба, Бөкей хан, Ораз қажы, Сердалы Бекшорин, т.б.) дүние дидарындағы өлмес те өшпес тұлғасын ұрпақтар зердесіне жеткізу мақсатын көздеген шығармашылық ізденіспен байланыстыруға болады. Ыдырыс Орынбасардың «Зиярат ету – зиялылықтың белгісі», Доқтырхан Тұрлыбектің «Тұлпардың тұяғы» мақалаларының өзекті желісі де жоғарыда айтылған ізгі ниетті ой аясында жалғасқан. Жинақ материалдарына түрлі-түсті жаңа фотошежіренің қоса берілуі ортаға түскен өнегелі әңгімелер мен ой-толғаулардың мазмұнын көрнекілеп, мағыналық әсерін күшейте түскен. Қорыта айтсақ, «Дала даналары» атты мән-мәністі кітап перзенттік парыздан туған. Жинақ ұлы тұлғаларды ұлықтау мен ардақтау жолында отаншыл, ұлтжанды азаматқа лайық мәрт-мінез көрсеткен отандастарымыздың өнегелі, парасатты ісін жұртшылық жүрегіне жеткізе отырып, елдік бірлігіміз бен ұлттық тұтастығымызды насихаттайтын ең басты ерекшелік-қасиетімен құнды.Серікқали БАЙМЕНШЕ.
"Егемен Қазақстан" 31 шілде, 2012 жыл
***Тақырыбы өзгертілді
www.qazaquni.kz