Қызылқұмда көптен күткен мешiт ашылды
2012 ж. 18 шілде
2678
0
Өткен жұмада Қызылқұм ауылдық округiнiң орталығында жаңа мешiт ашылды. Қызылқұм кеңшарының iргетасын қалап, мемлекеттiк жоспарды жылда артығымен орындап, халықтың тұрмыстық-әлеуметтiк әлеуетiн көтерген, шаруашылықты ұзақ жыл басқарған Батырбай Сейданұлының аманаты орындалды. Ол қызылқұмдықтарға спорт кешенiн, мешiт пен медресе салып берудi мұрат еткен азамат едi.
Өкiнiштiсi мешiттiң iргетасы құйылып бiткен кезде Батекең өмiрден озды. Басталған мешiт құрылысы аяқталмай қалды. Араға бiрнеше жыл салып оның бауырлары мен перзенттерi құрылысты қолға алып, мешiттi Батекең жобалағандай етiп бiтiрдi. Мешiт Батекеңнiң анасының құрметiне “Дiлдаш ана” мешiтi аталды.
Мешiттiң ашылу салтанатына республиканың әр тарапынан қонақтар келiп қатысты. ОҚО орталық мешiттiң найб-имамы аруақтарға және Б.Сейданұлының рухына бағыштап құран оқыды.
Алланың жердегi имандылық үйi – мешiттiң ашылу құрметiне арналған салтанатты жиынды Болат Ермекбаев ақсақал басқарды. Мешiт құрылысына қаржылай қолдау көрсеткен Марат қажы Сұлеев көпшiлiктi мешiттiң ашылуымен құттықтап, имандылыққа шақырды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Т.Бердiбеков, аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Т.Ағманов құттықтау сөз сөйледi. Алматылық қонақ Қасқабай Асанов ақсақал, Мақтаарал ауданының құрметтi азаматтары Бегiм Серiков, Тойым Жұнiсов қариялар қызылқұмдықтарды имандылық үйiмен құттықтап сөйледi.
Сонымен қатар, қызылқұмдық жерлес ақын, республикалық “Жас қазақ үнi” газетiнiң бас редакторы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаның құттықтау хаты оқылды. ОҚО орталық мешiттiң найб-имамы Б. Қымбатов “Дiлдаш ана” мешiтiнiң имамы молда Битас Орынбаевқа “құран кәрiм” кiтабы мен мешiттiң төлқұжатын тапсырды. Кеңшардың бұрынғы бас агрономы, ардагер Сапарәлi Асанханов, алматылық қонақ Қасқабай Асанов Б.Сейданұлының шаруашылыққа сiңiрген өлшеусiз еңбегi мен адами асыл-қасиеттерi жайында тебiрене әңгiмеледi.
Шардаралық қарт ақын Ш.Бекшораев, Алатау батыр ауылынан Жақсылық Орынбасаров және Құрманбек Шәметовтер мешiт пен Б.Сейданұлына арнаған өлең-жырларын оқыды. Салтанатты жиынның мазмұнды өтуiне ауыл биi Бекайдар Ысмайлов пен ел ағасы Жұмабай Исымовтардың үлесi мол болды. Жаңа мешiттiң ашылу салтанатынан кейiн 300-ден аса адам жұма намазға тұрып, ғибадат еттi. Жаңа мешiт қызылқұмдықтарға имандылық пен қуаныш сыйлады. Аудандық орталық мешiттiң найб-имамы Нұрмұхаммед Нұржанов бастамасымен жұма намазы оқылды.
Б.ЕРУБАЙ
АЛЛА ҮЙІ
Биссимиллаһир рахманир рахим!
Ардақты әлеумет! Қадірлі жамағат!
Ордалы оңтүстікте, шежірелі Шардара өңірі, қызыр қонған Қызылдың құмындағы Қызылқұм ауылында Алла үйі-мешіттің ашылуымен құттықтаймын. Осы ауылды құраған ел ағасы Батырбай Сейданұлының өмірінің соңындағы иманды ісі осы Ділдаш ана мешітін бастап кетуі еді. Алла иманын салауат етіп, жанын жәннатта етіп, пейіште нұрын шалқыта берсін, Батекең мен Ділдаш ананың. «Сен Аллаға қарай бір қадам жүрсең, Алла саған он қадам жүреді» дейді қасиетті хадисте. Осы өсиетте айтылғандай, Батекеңнің игі ісін жалғастырған барлық иманды ағайындарға, Асқан бауырымыз бастаған атпал азаматтарға, қол ұшын созған бар жамағатқа Алланың нұры жаусын деп тілеймін! Мешітте жамағат көбейіп, Алланың нұрынан үміт еткендердің ордасына айнала берсін! Алла үйі Бар адам бару тиіс бір босаға – Алла үйі мешітті нұрға сана. Батырбайдай батырды – жалғыз ұлды Өнегемен өсірген Ділдаш ана. Алла десең, жақсылық несіп болар. Намаз сайын рухың өсіп қалар. Алла нұрын себеді адамзатқа, Қасиетті Мекке мен мешітке бар. Қоңыратта жайылған көп дүбірі, Байлар – Жандар кең қолтық Көктің ұлы. Батырбай бұл бас болған бар еліне, Мешіт салды Алланың текті құлы. Батекең лайық жан дастанға бір, Аманат ағайынға тастан да ауыр. Арқалап алып шықты ауыр жүкті, Азаматтар бастаған Асқан бауыр. Ел әрдайым еңселі ерін іздер. Жақсыны әркез жамағат, көріңіздер. Қызылқұмда ашылды әсем мешіт, Алла үйіне ағайын, келіңіздер!Құрметпен, Қазыбек ИСА,
08 маусым 2012 жыл.