Шахан МУСИН:“Ұлық болу келмесе де қолымнан, Ұлың бола білу еді арманым”
Ұлтына берген серті мен адалдығынан айнымай ажал құшқан азаматтардың ерлігін ұмытпай, үнемі еске алып отыру – ұрпақ парызы. Биыл Сталиндік зұлматтың, Кеңес билігі «халық жауларын» көзді жұмып тұрып ату жазасына кескен сұрапыл, қанды кезеңнің басталып ел ішіне лаң салғанына 75 жыл.
Қазақ арасындағы ел қамын ойлаған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды аяусыз қуғындаған, жазықсыз түрмеге қамап, жер айдаған жылдар жұрт жадынан өшпек емес.
Сондай-ақ, биыл қазақ жерінде жасанды ашаршылық басталғалы да 80 жыл толды. Аштық оған дейін де болып, миллионнан астам адамның өмірін жалмағанына тарих куә. Бұл екі тарихи оқиғаға қатысы бар тұлға Шахан Мусин жайлы айтпай кету мүмкін емес.
Ш.Мусин 1913 жылы желтоқсан айында қазіргі Павлодар облысы Май ауданының Ақжар ауылында өмірге келген. Қазақстанның халық әртісі, актер, ақын.
Өз ұлтының жанашыры, адал перзенті Шахан Мусин әлі толық зерттелген жоқ, оны деректердің аздығынан-ақ аңғаруға болады, оның үстіне көп сырды өзімен бірге ала кетсе керек қазақтың біртуар азаматы.
1932 жылы Шахан Мусин туған жеріне келіп, аштықтан қырылып жатқан елді көріп «Наркомға хат» деген өлең жазады.
... Мінерге ат, ішерге ас жоқ сенделіп,
Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп,
Күлге аунатып, күресінге тастаса,
Сен отырсың қай жеріңді меңгеріп?..
деп көрсоқыр басшыларға қаймықпай ел мұңын жеткізбек болады.
Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал
Күңіреніп көкірек қан, көңіл дал.
Құша беріп немересін, қош десіп
Көз жұмысты, босап буын, құрып әл.
Аштықтан қырылған жұртын көріп жүрегі сыздайды. Ел басына күн туғанда анадан ер боп туған баталы ұл үнсіз қала алмайды.
Естіп жүрсің, көріп жүрсің, білесің
Көрсең-дағы көрмеген боп күлесің.
Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып,
Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін. Осылай қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясаттың түпкі мақсатын әшкерелейді. Кеңес билігінің әрекетсіздігін батыл сынайды.
Осы өлеңі үшін 1936-1954 жылдары бас бостандығынан айырылып, 10 жыл Колымаға, 8 жыл Сібір орманына айдалады.
Темірбек Қожакеев «Көк сеңгірлер» атты кітабында: «... орталықтан ешкім – Ежов та, Берия да, «қазақтар, сендер жау ретінде мыналарды ұстаңдар», деп ешкімнің атын атап, түсін түстеп берген жоқ. ... әлгі саясат, нұсқауға елең ете қалғандар, атына міне шапқандар өзімізден табылды. Олар аттандап шыға келді, ұранға айқай қосты. Жоғарыға жағынып, жау табуға жұмылды. Қыза-қыза астананы қойып, ауыл, аудандарды аралап кетті.
Жұртты жаппай жазалауға, қуғын-сүргінге ұшыратуға өзіміздің кейбір адамдар, баспасөз органдарымыз және туысқан халықтардың жекелеген өкілдері себепші болды. Қазір солардың айтқанын, жазғанын оқып көрсең, жағаңды ұстайсың, жаның түршігеді» дей келе, мысал келтіреді: «Есілбаев деген «Семей театры ұлтшыл Бековтің бөлтіріктерінен әбден тазартылсын», деп айқай салды. Ол былай деді: «Театрдың ұйымдастырушысы кетіп, оның орнына ұлтшыл, контрреволюционер Уәлиахметов келісімен театрға Мусин Шахан деген ұлтшыл сілімтікті алды. Екеуі бірігіп өсек таратумен, өзіне топ жасақтаумен болды... Өздеріне жақпайтын адамдарды қуғынға салды». Міне, осы үшін оларға «ұлтшыл», «контрреволюционер» деген айдар тағылған. Бұл үзіндіден-ақ «іштен шыққан жау жаман» деген аталы сөздің өміршеңдігін көресің.
Шахан Мусиннің жары, белгілі ғалым Рәбиға Сыздықова Кереку-Баян кітапханасы «Рухнама» сериясы бойынша басылған кітаптың «Шахан шерткен сыр» тақырыбындағы кіріспесінде көп жайды баяндайды.
– Шахаң ең алғаш ГПУ-дың түрмесіне 1936 жылдың 6 қаңтарында қамалады, ұсталу себебі – Семейде Совет үкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым болыпты-мыс, біраз адам ұсталады. Мәскеудің өзінен ССРО Жоғарғы Сот комиссиясы келіп тексеріп, ересектерді 3-5 жылға соттайды, ал Шахаңа шартты түрде екі жыл беріп, босатып жібереді. 22-23 тердегі бойдақ ұлтшылдық әрекетпен көп нәрсені қиратып тастамаған болар десе керек. Бірақ көп ұзамай 1937 жылдың басында тағы қамайды, бұл жолы айыбы: Семейде контрреволюциялық жастар ұйымы болыпты-мыс, соны ұйымдастырушылардың бірі Шахан Мусин болыпты-мыс. Сөйтіп түрме есігін екінші рет ашады. Колымадан аман келіп, енді азат өмірге көштім бе деп жүргенде, 1948 жылы түрмеге үшінші рет тағы қамалады. Ол – бұрын сотталып, айдалғандарды қайтадан ұстап 25 жылға Сібірге жер аудару науқаны басталған кезең болатын, – деп өткен күндерді еске алады жары Рәбиға Сыздықова.
«Туған жеріме» деген өлеңінде ақын өз арманын, өмірлік ұстанымын анық аңғартады:
Ондаған жыл кешіксем де жолымнан,
Өзіңе арнап аз өмірдің бар мәнін.
Ұлық болу келмесе де қолымнан,
Ұлың бола білу еді арманым,– деп ағынан жарылады. Туған елін, жерін шексіз сүйген қайсар азамат тар қапаста да еңсесін тік ұстады, туған жерге деген сағынышы, өз ұлтына деген асқақ сезімі ажал құрығынан аман сақтап қалды. Перзенттік парызын өтеу үшін арпалысты.
Бір күні іргесінен керегемнің
Көгерген шыңын көріп Дегелеңнің,
Өмірдің шындығы егер сонда болса
Шыңына бір шығармын деген едім...
Көлемі бәсең ине жасуындай
Болса да сан ғасырдың асуындай.
Түйіліп сол Дегелең тұрушы еді-ау
Булыққан тарихтың бір ашуындай.
Ұмытпан шықпасам да мақсұтымды
Өзіңе жарқын күн мен жақсы түнді
Әрқашан тілей жүріп, арманым жоқ
Шындықпен ақтай алсам ақ сүтіңді. Ұлтының бақытын өз бақытынан жоғары қоя білген алып тұлғаның асқақ арманы еліне жан аямай қызмет ету еді. Жиырма жылдай азап шегіп, ақыры ол арманына да жетті. «1954 жылдан өмірінің ақыры 1999 жылдың 25 желтоқсанына дейін табаны күректей 45 жыл театр сахнасынан көрінеді, дос-жолдастар мен ағайын-туыстарды табады, бала сүйеді, отбасының шуағына жылынады. Оның өнерге, өлеңге тез бұрылып, тың күш жиып, етене араласып кетуіне жолдастары, әріптестері, тілеулестері бірден-бір себеп болған деп ойлаймын. Мұны Шахаңның Шәкен Аймановқа, Қалижан Бекхожинге, Мәжит Бегалинге, Кәукен Кенжетаевқа және бірнеше әріптестері-әртістерге арнаған өлеңдері жақсы көрсеткен. Әсіресе, Шахаңның театр мен кино әлеміне «күмп беріп» кетуіне бала шақтан бірге өскен, бірге оқыған жолдасы Шәкен Айманов, алғашқы рет киноға шақырып түсірген үлкен талант иесі, кинорежиссер Мәжит Бегалин, атақты опера әншісі, үлкен ұстаз, профессор Кәукен Кенжетаев, жерлесі, тағдырласы, тілектесі Қайым Мұхамеджанов және елге оралғаннан кейін танысқан, табысқан ақын, жазушы, ғалым дос-жарандары Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Қуандық Шаңғытбаев, Зейнолла Қабдолов, Сансызбай Сарғасқаев, композитор Еркеғали Рахмадиев, скульптор Шота Уәлихановтар Шахаңға рухани күш беріп, өнерін қырнай ғаламат әсер етті ғой деймін» деп 40 жылдай отасқан жұбайы Рәбиға Сыздықова Шахаң шерткен сырмен бөліседі. Алла шүкір, Шахан Мусин елінің тәуелсіз ел атанғанын да көріп кетті. Ендігі әрекет артында қалған ұрпағының мойнында, бүгінгі ұрпақ ұлты үшін өзін құрбан еткен қазақтың батыл да батыр ұл-қыздарына қарыздар екенін ұмытпауы тиіс. Оны тек құр сөзбен емес, амал-әрекетімен көрсетуі керек. Тек бір ауыл, аудан үшін емес, барша қазақ үшін қымбат, заңғар тұлғаны дәріптемеу елдігімізге сын. Келер 2013 жылы Шахан Мусиннің туғанына 100 жыл толады. Оған дейін халық әртісі, ақын Шахан Мусинді тағы да зерттеп, зерделеп бүгінгі ұрпаққа танытсақ артық болмас.
«Жазықсыз едім» десем де
Тағдырымнан безем бе?
Рақымет Иосиф «көсемге»,
Рақымет сол бір кезеңге,– деп әзілдейді Шахаң. Бәрін тағдырдың жазуы деп қабылдайды. Өлімді де қасқайып тұрып қарсы алатын қайсарлығынан айнымайды. Өткеніне өкінішпен қарамайды, бүгінгі күніне шүкіршілік етеді.
Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ,
Кереку