ақсақал адам ұрлаған ба?
2012 ж. 15 маусым
2403
0
«Ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасады» деп, Қазақстан азаматтарына
айып тағу үшін бүгінде тергеу органдарына заңның да, заң талаптарына сай себеп, негіз, айғақ, дәлелдемелердің де ке-
регі болмай қалды. Тек тапсырыс беруші болса болды. Нысанаға алынған азаматқа қарсы қолданатын жаланы, қылмыстық оқиғаны, жалған куә, жалдамалы жәбірленушіні өздері табады. Жала жабудың қыр-сырын терең меңгерген тергеу органдары тіпті ешқандай қылмыстық оқиға, куә, жәбірленушісіз-ақ кез келген кінәсіз жанды кінәлі, жазықсыз жанды жазалы етіп шығара алатын «құдыретке» қол жеткізіп отыр. Қараңыз: «...Тергеумен анықталмаған күні, тергеумен анықталмаған жерде, тергеумен анықтал-
маған адамнан, тергеумен анықталмаған сомаға, тергеумен анықталмаған мақсатта пайдалану үшін қару-жарақ, оқ-дәрі-
лерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алып,
сақтаған». Бұл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз-
дың бүгінгі ізбасары, рухани мирасқоры Исматулла мақсым Әбдіғаппарға тағылған айып. Полиция полковнигі М.Құмарбеков бастаған ведомствоаралық «тергеу тобының» И.Әбдіғаппарға ҚР ҚК-нің 251-бабы бойынша «ауыр қылмыс жасады» деп, айып таққандағы «бұлтартпас дәлелдерінің» сиқы осы. Ақсақалдың ақталып шығуына еш мүмкіндік қалдырмауды және қалған ғұмырын түрмеде өткізуді жан-жақты ойластырған «тергеу тобы» осылайша «қиыннан қиыстыра» отырып, Мақсымды ҚР ҚК-нің 251-бабы бойынша «айыпты» етіп шығарған болатын. Солардың ішіндегі ең сорақысы – «адам ұрлау». Бұл ҚР ҚК-нің 125-бабында атап көрсетілген өте ауыр қылмыс болып табылады.
«Сопылар ісінде» Исматулла Әбдіғаппардың немесе «Сенім.Білім.Өмір» қоғам-
дық бірлестігі мүшелерінің адам ұрлағандығын дәлелдейтін бір де бір дәлел жоқ. Онда ол кісілерге «адам ұрлады» деген айыпты «тергеу тобы» қалай тағып отыр? Құқық қорғаудың емес, қорлаудың, жала жабудың оқуын, оқу болғанда да академиясын тауысқан «тергеушілер» жазықсыз жандарды «адам ұрлаушы» етіп шығару үшін әуелі оларға ҚР ҚК-нің 235-бабында атап көрсетілгендей, «Ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық құрып, басшылық жасаған» деген айып тағады. Осылайша оп-оңай-ақ «Қазақтың табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп, күндіз-түні жылап-еңіреп, Құдайдан Елдің, Елбасының амандығын, абыройын тілеп, Ел тыныштығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан батагөй ақсақал Исматулла мақсым жоқ жерден бірнеше (!) қылмыстық ұйымдардың басын біріктіретін ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың басшысы «болып» шыға келеді. Ал «тергеу тобының» ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық деп тапқаны –
«Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігі. Бұл бірлестік Қожа Ахмет Ясауи, Сүлей-
мен Бақырғани бастаған әулие бабаларымыздың, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп т.б. аталарымыздың еңбектерін он жылдан бері тынбай, еліміздің түкпір-түкпірін аралап, насихаттап, халқымыздың руханиятын қуаттандырып, сонымен қатар уахабизм, салафизм, діни экстремизм қаупінен елді сақтандырып келе жатқан бірден-бір қоғамдық ұйым болатын. Сөзіміздің дәлелі ретінде «Сенім.Білім.Өмір» қоғам-
дық бірлестігі жанынан құрылып, бабала-
рымыздың рухани мұрасымен халқымызды сусындатып, мейірлерін қандырып, елдің шын ықыласына бөленген «Ясауи» тобын айтсақ та жетеді.
«Ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық құрып, басшылық жасаған» деген жаланы «тергеу тобының» Исматулла мақсым мен бірлестік мүшелеріне қалай жапқандығы жөнінде, «тергеушілердің» заң талаптарын қалай «талқандағаны» туралы бұған дейін баян етілген (Думан Әлидің «Он жыл ашық қызмет атқарған бірлестік қылмыстық қоғамдастық па?», «Masa.kz», «Zonakz.net»). Сондықтан оған тоқталып жатпаймыз. Ал осы жаланы не үшін жапқан деген мәселеге келетін болсақ, бұл кәсіби жалақор «тергеу тобының» Мақсым мен бірлестік мүшелеріне «адам ұрлау», т.б. қылмыстық әрекеттерді жасаған деп жала жабуы үшін қажет болған...
Елдің тыныштығынан, игілігінен өзге
тілеуі жоқ сопыларды «аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық» етіп «шығарған» жалақор «тергеу тобының» қияли қорытындысына сенсек, сопылар-
дың, яғни «тергеушілер» тілімен айтқанда «қылмыстық қауымдастықтың» «адам ұр-
лау операциясы» былай «іске асқан» көрінеді: Қазақстанның сонау батысында орналасқан Орал қаласының 15 жасар бозбаласы Е.Атшыбаев 2004 жылы Алматыға келіп, қаланың қақ ортасында қыдырып жүреді. Оның Алматыға қандай көлікпен (ұшақ, поезд, автобус, машина, ат, есек), не жаяу келгендігі тергеумен анықталмаған. Қандай мақсатпен, қанша уақытқа келгендігі де белгісіз. Кәмелеттік жасқа толмаған жас баланың бір өзін ата-анасының жер түбіндегі Алматыға қалайша жібере салғандығы да жұмбақ. Не керек, сол Е.Атшыбаевты Алматы қаласының қақ ортасында, тапа-тал түсте, елдің көзінше әдеттегідей тергеумен анықталмаған белгісіз біреулер ұрлап алып кетіп, «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі, Алматы қалалық филиалының рухани орталығына апарып қамап ұстапты-мыс. Осы жерде айта кететін бір мәселе, кез келген адам малы, тіпті иті, мысығы жоғалса да іздейді. Ал «ұрланған» Е.Атшыбаевты ешкім (ата-анасы, туыстары, т.б.) іздемеген, құқық қорғау органдарына арызданбаған да. Тек Е.Атшыбаевтың өзі 15 жасында «басынан өткен» сол мән-жайларды «есіне түсіріп», алты жылдан соң, яғни 2010 жылдың 16 қазаны күні арызданады. Болды, бар болғаны осы. Басқа ешқандай дәлел-дәйек
жоқ. Соған қарамастан «тергеу тобы» «Е.Атшыбаевты ұрлаған Исматулла Әбдіғаппар басшылық ететін ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық» деп тауып, сопыларға өте ауыр айып таққан. Бұл тергеу органының таққан айыбы ғана емес, сот та осылай үкім шығарды. Дәл осы «адам ұрлады» деген жаламен Исматулла Әбдіғаппарды 14 жылға кесті. Міне, ведомствааралық «тергеу тобының», «әділ соттың» сиқы, сықпыты.
Жалпы Е.Атшыбаев деген кім, ондай адам өмірде бар ма, жоқ па? Өйткені «Атшыбаевпын» деген «жәбірленуші» сот
процесіне бетперде киіп қатысқан. Бетперденің астындағы шын Атшыбаев па,
жоқ әлде «тергеу тобының» қолдан жасап қойған қуыршағы ма немесе «тергеушілердің» біреуі ме? Анығын бір Құдай ғана біледі. Өзін Атшыбаевпын деген «жәбірленуші» сотқа қатысқан куәлардың еш қайсысын тани алмаған, ал қорғау тарапынан сотқа қатысқан куәлар 15 жастағы баланың рухани орталықта болмағандығын дәлелдеп берген. Алайда тергеумен анықталмаған нәрселерді ғана «бұлтартпас дәлел» деп білетін «тергеу тобы» мен «әділ сот» куәлардың дәлелдерін қажет деп таппаған.
P.S. Кезінде Қожа Ахмет Ясауи бабамызға жұрттың құлай беріліп кеткенін көре алмай, күндеп, Түркістанның Ақман, Қараман деген бектері дұшпандық қылып, Хазіретке жала жабады. Өздері ханның өгізін ұрлап сойып, етін бабамыздың сабанханасына жасырып қояды да, ханға арыз айтып, тінту жүргіздіреді... Ал бүгін сол Ақман, Қараманның ізбасарлары Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ізбасарларына «адам ұрлады» деп жала жауып отыр.
P.S.S. Кәрі тарих Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың үйін тінтіп, «ұрлығын халыққа әшкере қылып, өзін жұртқа масқара қылайық» деген бектердің арам ойы іске аспай, өздері масқара болып, мәңгілік бақытсыздыққа ұшырап, итке айналып, тұқымы тұздай құрығандығын баян етеді. Сол бақытсыздық қамытын Ясауидің бүгінгі ізбасары, ісін жалғастырушы рухани мұрагері Исматулла мақсымға жала жауып отырғандардың да киері анық. Тек солардың кесапаты елге тиіп жүрмесін дейік!
Айдар Әлімхан