Иісшіл иттер психологиясы
2012 ж. 07 мамыр
5037
0
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жеңіс шеруіне қатысқан әскерлермен бірге Қызыл алаңда жетекке ілескен иттердің де жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Сол бір тарихи шеруге елдің ең бас кинологы – подполковник Мазовер де қатысқан еді. Бірақ оған салтанатты қадам жасап, бас қолбасшыға құрмет көрсетуге рұқсат берілмеді. Өйткені ол қолына 14-ші штурмдық инженер-саперлік бригада жауынгері жаралы Жолбарыс есімді итті көтеріп келе жатты. Төрт аяқты бұл жауынгер Румыния, Чехия, Венгрия және Австрияның миналар қойылған даласындағы ұрыстарға қатысқан. Сол жерлерде Жолбарыс 468 мина мен 150 снаряд тапқаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ие болған еді...
Ал бізде осындай иісшіл иттер бар ма?
Болғанда қандай. Атыраудағы кинология қызметінде өзге тұқымды иттерге қарағанда, неміс төбетімен бірге, спаниельдер басым. Атыраудың бас кинологы Серік Айтбаев иттердің барлық түрін иісшілдікке үйретуге болатынын айтады. Мәселен, облысымыздағы иісшіл иттердің көмегімен жедел іздестіру шаралары бойынша елуге жуық қылмыстық іс ашылған. Бұл аз ба, көп пе? Мамандар мұны жақсы көрсеткіш деп отыр. Жалпы, қалада ондай қорғаныс қызметіндегі иттер саны қазір 15-ке жетті. Мұнда ветеринар маман иттерді аптасына бір-екі рет тексеріп тұрады екен. Соның төртеуі есірткі заттарын тәркілеуге, алтауы қылмыскерді анықтауға, біреуі жарылыс затты табуға, екеуі күдікті немесе қылмыскерді сот мәжілісіне апарарда, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ендігі екеуі одорологиялық идентификация шарасына үйретілген. Қалған иттер аудандарда да бар. Бірақ, бірді-екілісі ғана. Мәселен, қазір бір ит Астрахань тас жолында шетелден келіп-кетіп бара жатқан жолаушыларды тексереді.
Атыраудың бас кинологы Серік Айтбаевтың айтуынша, күзетші иттерді әдетте із кесуге алты айдан тоғыз айға дейін дайындайды. Ал есірткі затын анықтау үшін иісшіл иттерді ерте жасынан үйреткен абзал екен. Сондай иісшіл иттерге есірткі затын табу үшін алдын-ала дайындауға тек марихуана мен гашишті ғана иіскеуге беруге рұқсат. Одан бөлек, иісшіл иттер есірткі имитаторын, яғни есірткіні алмастыратын арнайы ақ ұнтақ дәрілік затты иіскету арқылы із кесіп, есірткіні тәркілеуге септігін тигізеді.
«Итке есірткі заттарын иіскеткенде, ол соған тәуелді болып қалмай ма?» деген сауалға Серік Амангелдіұлы: «Жоқ, ондай болмайды. Біз тек иіскетеміз, бірақ тамақтарына қосып бермейміз, әйтпесе, ит өліп қалады ғой...» деп жауап берді.
Қолғапты тапқан МАЛИНУА және есірткі іздеген ТӨБЕТ
Кіші инспектор-кинолог Нұржан Шынбаевтың кинология саласында жүргеніне үш жыл болды. Ол өзі баптап-баққан (мұнда әр иттің өз иесі белгіленген, бір кинологтың мойнында екі ит бар) Моня есімді малинуа тұқымдас Бельгия төбетіне менің бір қолғабымды банкінің ішіне салып иіскетті. Екінші қолғабымды тығып қойды да, итіне іздеуге бұйрық берді. Санаулы секундтардан соң, ақылды ит менің қолғабымды еш қиындықсыз тауып алды.
Одан соң есірткі іздеуге үйретілген Наида есімді жас төбет бес жәшіктің бірінің ішіне салынған есірткі имитаторын іздеуге кірісті. Бұл итке сәл бас қатыруға тура келді. Себебі ол сол сәтте өз бабында емес еді. Дегенмен, ол да көп жаңылмады, іздегенін тапты.
Бұл аталған екі ит те кинологтардың мақтанышы. Өйткені, Моня тонау кезінде қылмысты әшкерелеуге қатысса, Наида жақында есірткі затын тапқан.
«Негізінен, иісшіл иттердің тәжірибесі 2-2,5 жасында әбден толысады, із кесу жүйесін жетік игереді, сол кезде оларға көп сенім артуға болады» дейді кинолог мамандар. Ал иісшіл иттердің зейнеттік жасы – 8-10. Біз барған кинологиялық тәлімбақта 10 жасқа келген егде төбет өз қызметін атқарып болып, енді зейнеттік демалысқа шығуға аттанғалы тұрды. Көп кешікпей, оның орнын жаңа бір ит келіп алмастырады. Жалпы, кинологиялық тәлімбақта иісшіл иттер мен көзі көргіш иттерді әр қылмысты анықтау бағыты бойынша іріктейді.
Бүгінде Атыраудағы кинологиялық қызмет орталығында иттерді сырттан сатып алмай-ақ, ондағы иісшіл иттердің күшіктерін өсірумен айналысу жұмыстары көзделуде.
Кинолог мамандар жетіспейді
Серік Айтбаев, Атыраудың бас кинологы:
– Бүгінде кинолог мамандарының жетіспейді. Қазір қалада барлығы 11 кинолог жұмыс істейді. Кинология саласын әлі күнге дейін кәсіп пе, ғылым ба деп бас қатырып жүргендер бар. Көптеген жігіттер бұл салаға көп сіңісіп кете алмайды. Шыдамай, жұмыстан шығып кетеді. Кинолог болу үшін, әуелі, ынта және өз ісіңе ғашық болуың қажет. Одан соң мықты төзім мен ішкі психологиялық дайындық керек. Себебі, біз күні-түні демей жұмыс істеп, 102 қоңырауына түскен дабылдарға полициямен бірге шығып тұрамыз. Ол дабыл қоңырауы уақытты таңдамайды. Алатын табысыңның аздығына қарамастан, сен сондай қиындықтарға төтеп бере білуің тиіс. Киіміңді қанша ауыстыру керек десеңізші? Кинологтың жұмысы – ауыр және шаршататын, рахаты аз жұмыс, сондықтан көп адам тұрақтамайды...
Оған қоса, бас кинолог түрлі хабарландырулардан Ресейде кинология саласына даярлайтын курстарға шақырып жататындарды кинология саласын ойыншыққа айналдырғандар деп есептейтінін жеткізді.
– Кинология саласы иттерді циркке дайындайтындардың кәсібінен мүлдем бөлек және «тұр, отыр, барып кел, шауып кел» деген бұйрықтарды орындатумен шектелмейді. Біздегі кинологтар Алматыдағы кинологиялық орталыққа үш айға оқуға жіберіледі. Соған қарамастан, тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез-келген адам кинолог болып қала алмайды, – дейді Серік Айтбаев.
Айтпақшы, Серік Айтбаевтың әкесі Амангелді Айтбаев Атыраудағы ең алғашқы кинолог. Ол бір кездері әлемнің әр елінен қатысқан иісшіл иттер арасындағы бүкілодақтық кинологиялық жарыста бірінші орын алып, елдің, өңірдің абыройын асқақтатқан болатын...
ЕҢ АҚЫЛДЫ ИТТЕР
Жалпы, бүгінгі күні әлемде иттердің 500-ден астам тұқымы бар көрінеді. Таяуда Канадада ғылыми зерттеулердің негізінде ең ақылды иттердің рейтингі жарияланған болатын. Сонда ең ақылды ит – бордер-колли болып танылса, екінші орында пудель тұр екен. Ал үшінші орын неміс овчаркасына берілген. Кейінгі орындарға – сары түсті ретривер, доберман-пинчер, шотландық төбет, лабрадор-ретривер және кішкентай папийон жайғасқан. Рейтинг тізімі ротвейлер және австралиялық төбетпен аяқталады.
Ванкувердегі Британдық Колумбия университетінің ғалымдары иттердің 250 сөз бен ымды ұғатынын және беске дейін санап білетінін анықтаған. Сондай-ақ, иттер қарапайым математикалық есептерді шеше алады екен.
Зерттеу жұмыстарының жетекшісі, профессор Стэнли Корин иттердің ақыл-ойының дамуы 2-жасар баланыкімен бірдей екендігін айтқан. Канадалық ғалымдардың жасаған зерттеуіне сәйкес, ең ақымақ иттер мыналар көрінеді: афгандық борзая (тазы), басенджи, бульдог, чау-чау, гончая (тазы), бладхаунд, пекинес, мастиф, бассет.
Ал қазақы тазылардың иісшілдігі тарихтан белгілі. Бірақ, өкініштісі, оларды әлі ешкім жоғары деңгейде зерттеп бас ауырта қойған жоқ.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ