АЛАШТАНУ ОРТАЛЫҒЫ ЖАНДАНДЫ

Алаш тарихында Әлихандай, Ахметтей, Міржақыптай азаматтардың идеясын қолдап, жүзеге асыруда, Алаш үкіметін құруға бар күштерін салған қайраткерлер, оларға ниеттес болған азаматтар жетерлік. Бірақ солардың тарихи тұлғасы өз деңгейінде ұлықталып жүр ме?

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Алаш мәселесі қызу талқыға алынып, баспасөз беттеріне Алаш қозғалысына қатысқан тұлғалар жайында мақалалар жазылып, телеарналарда арнайы бағдарламалар жүргізілді. Алаш қайраткерлернің қоғамдық-саяси қызметіне, шығармашылығына арналған ғылыми диссертациялар қорғалды. Соның негізінде алашшыл ұлт азаматтарының қоғамға сіңірген еңбегін көпшілікке танытқан монографиялық еңбектер, шығармалар жинақтары жарық көрді. Қазірдің өзінде де жарық көруде. Дегенмен саралап қарап отырсақ, патша заманы кезінде де, кеңестік жүйе тұсында да қазақтың қаймағы болған ұлт зиялыларының бағытын ұстанған, солардың соңынан еріп, қазақ халқының болашағы, егемендігі жолында күрескен, зобалаңды 30-жылдары большевиктік үкіметтің құрығына ілігіп, құрбан болған, қазірдің өзінде әлі де болса тасада қалған қаншама азаматтарымыз бар-ау.

Олардың бірінің ұрпақтары өз беттерімен зерттеулер жүргізіп, бірлі-жарымды мақалалар арқылы атасын танытуға талпынып жатса, енді біреулері мүлдем атаусыз, зерттеусіз қалыпты. Зерттеушілер жоқ емес, бар. Алайда соңғы кездерде шыққан еңбектерге, ғылыми жиындардың, конференциялардың жинақтарына көз жүгіртсек, бірін-бірі қайталаған мақалаларды ғана көресіз. Бұл ізденістің аздығын, архив деректерімен жұмыс істемей, талдауға алмай, бар дайынды пайдалана салуды місе тұтқандықтың нәтижесі.

Алаш мәселесінің зерттелінбеген тұстары көп. Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы қара жұмысқа алынған қазақтармен Еуропа жеріне аттанып, олардың қасында болып, туындаған қиын мәселелерді шешуге бар күшін салған азаматтардың қызметі, ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы ашаршылық тұсында нәубетті ауыздықтаудың бел ортасында жүрген алаш азаматтарының еңбектері неге әлі дұрыс зерттелінбей жатыр?!

Кешегі Алаш автономиясын құруға белсене кіріскен, «Сарыарқа» газетін шығарушы Ғалел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Шынже Керейбаев, алаш қайраткерлері Мұстақым Малдыбаев, Биахмет Сәрсенов, Мәннан Тұрғанбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Тел Жаманмұрыновтың өмірлерін неге зерттемеске. Бұл азаматтар жайлы бірлі-жарымды мақалалар бар, тіпті магистрлік жұмыстар да жазылған. Бірақ оларды халық танытатындай деңгейде көтеріп жүрміз бе? Жоқ. Демек, осындай азаматтардың қоғамдық-саясатын зерттеуге алып, тұлғаларын ұлықтайтын уақыт жеткен сияқты.

Тіпті алысқа бармай осы Жетісудан шыққан алаш қайраткерлер Садық Аманжолов, Ыбырайым Жайнақов, Отыншы Әлжанов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Жұмахан Күдерин, Базарбай Мәметов, Сатылған Сабатаев, Иса Тергеусізов, Мырзахан Төлебаев және т.б. ұлттың теңдігі мен қазақ халқының жарқын болашағы үшін, тәуелсіз ел болу жолында бірі қаламымен, бірі идеясымен күрескен түскен жандар лайықты бағасын алды ма?

Бұл аталған азаматтардың әрқайсысы тарихи тұлға. Алаш қозғалысына белсене араласып, өзге елдің жетегінде кетіп, ұлттың ұлттығынан айырылып қалмауы жолында өздігінше күрескен абзал азаматтар. Басымы 30-шы жылдары қуғын-сүргін құрбаны болды. Осылардың арасынан Садық Аманжоловты алайық. Жетісу облысында Аягөз бен Үржарда заң орындарында қызмет еткен. Жетісудағы Алашорда жасақтарын құрушылардың бірі. Алашорда үкіметі таратылып, оның мүшелеріне кешірім жасалынған кезде үкімет қызметіне араласып, 1930 жылдарға шейін Заң халық комиссариатында әртүрлі қызметтер атқарады. Алайда алаш зиялыларын қудалау басталған кезде басында жан сауғалап Мәскеуге баруға мәжбүр болды. Одан әрі Бішкекке, кейіннен Ташкентке кетіп, 1941 жылдың соңына дейін сонда өмір сүрді.

Алаш қозғалысына қатысты азаматтың бірі – Нүсіпбек Жақыпбаев. Жетісу облысы қазақтарының ІІ съезінде Алаш облыстық комитетіне мүше болып сайланып, Алашорда үкіметінің нұсқауын орындаған. Нүсіпбек Жақыпбаев кеңес үкіметі тұсында денсаулық сақтау саласында қызмет етті.

Жұмахан Күдерин – биолог-ғалым, Алаш қозғалысының белді мүшесі болып, Алаш зиялыларымен бірге азамат соғысы кезінде қатты күйзелген ауылдарға азық-түлік таратқан. С. Аманжолов, М. Тынышпаев, М. Төлебаевтармен бірге Алаш үкіметінің тапсырмасын орындаған.

Жетісудің Үлкен Алматы болысында дүниеге келген, аграном, ғалым, Жетісу өңірінен Алашқозғалысының белсенді басшыларының бірі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі болған Сатылған Сабатаев Жетісудағы Алаш полкін жасақтауға белсене қатысқан. Заң саласы бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазып, қазақтардың сот ісін жүргізу мәселесін көтерген.

Міне, осындай зерттеуді қажет ететін алаш тұлғалары өте көп. Болашақ Алаш қозғалысын зерттеу барысында тыс қалып қалған осындай тұлғаларға аса көңіл аударса. Зерттегенде де әсірелемей, жоқты бар қылмай, ойдан қоспай, нақты сол азаматтың тұлғалық қасиетін ашса деген ой.

Алаш мәселесін қолға алған кезде әуесқой зерттеушілер болсын, кәсіби маман болсын сол мәселені нақты ашатын түпнұсқамен тікелей танысуы абзал. Себебі көп жағдайда кейбір тарихи тұлғалардың өміріне қатысты бір кездерде кетіп қалған кемшіліктерді көрмей, нақты архив деректерімен, материалдармен жұмыс істемей дәл сол қалпы көшіріп бере салатындар шатастыруға алып келіп жатады. Сонымен қатар қазірде бірінің шығармасын біріне телу де бар. Тұлғаларға қатысты бір кездерде қолжетімді болмаған архив құжаттарының қазірде құпиялылығы алынуы, ғалымдардың зерттеп отырған мәселесіне қатысты көзқарасына өзгерістер де енгізуі сөзсіз.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетінде «Алаштану» орталығы өз жұмысын жандандыруға кірісті. Орталық 2016 жылдың 25 қаңтарында университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясымен бірлесе құрылған болатын. Сол кезден ХХ ғасыр басында құрылған «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің тарихын, Алаш қозғалысының қайраткерлерінің өмір жолдарын, шығармашылық қызметін зерттеу арқылы еңбектер жариялау, оқу үдерісіне «Алаштану» тақырыбында дәрістер енгізу, республикамызда түрлі ғылыми конференциялар, семинар, дөңгелек үстелдер өткізу және шетелдерде өткен іс-шараларға қатысуды қолға алуды көздеді. Өткен жылға дейін орталық мүшелері «Ақ жол» партиясымен бірлесе Алаш мәселесіне арналған іс-шараларды жүзеге асырып, Алаш қайраткерлеріне арналған ғылыми конференцияларды өткізуге ат салысып келді. Дегенмен Алаш қозғалысының әлі де шешімін таппаған мәселелерін ғылыми тұрғыда зерттеу ақсаңқырап қалды.

Биылғы жылдан бастап ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлердің өміріне, қызметіне қатысты шатастырушылықтар орын алмауы және қайталанбауы, олқылықтарға жол берілмеуі жолында «Алаштану» орталығы алдағы уақытта ауқымды ғылыми зерттеулер жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отыр. Олардың арасында Алаш қозғалысына қатысқан немесе ниеттес болған беймәлім азаматтардың тарихын зерттеуді қолға алып, монографиялар мен жинақтар шығару, Алаш фотоальбомын құрастыруды қолға алынбақ. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Мәрсеков және т.б. Алаш зиялыларының Ұлы ақын Абайдың шығармашылығына қатысты ой-тұжырымдары мен кеңестік жүйе тұсындағы орта мектептерге жазған оқулықтары да нысанға алынады. 1913-1918 жылдары Алаш партиясының органы ретінде шығып тұрған «Қазақ» газетінің толықтай факсимилді нұсқасын шығару да орталықтың негізгі міндетіне айналмақ.

Ұлттық мүдде жолында құрбан болған алашшыл зиялы азаматтардың өмір жолдарының қыры-сырын танытуға арналған еңбектердің қатары көбейе берсе, әрі өз оқырмандарын тапса, бағаланса, оларға көрсетілген үлкен құрмет болар еді.

Светлана Смағұлова,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің

Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры,

тарих ғылымдарының докторы,

«Алаштану» орталығының директоры