Бейбіт Қойшыбай: ӨТКЕНДІ ТАРАЗЫЛАМАҒАНДЫҚТАН ӨКІНІШІМІЗ КӨП ӘЛІ...
2012 ж. 22 наурыз
2382
1
Алматы қаласында 19 наурызда (2012 жыл) өткен «Руханият. Тәуелсіздік. Модернизация» атты Қазақ зиялыларының Форумында сөйлеген сөзі
Қадірлі ағайын, қазіргі таңда азаматтық сананы жаңғырту, әркімнің бойында белсенді азаматтық позиция қалыптастыру - жарқын болашаққа апарар жол болмақ, сол орайда мен бірер пікір білдірмекпін. Біз бұдан ширек ғасыр ілгеріде санасын неосталинизм жайлаған империялық биліктің жыртқышша әрекет жасағанын, соның салдарынан халқымыздың жаңа қасіретке душар болғанын көрдік. Сол бір ауыр жылдарда біздің аға ұрпақтың беделді өкілдері осынау кемсітулі қазақтың кім екенін күллі Кеңестер Одағына бар дауыспен, жеріне жеткізе айтқан. Солардың бірі әрі бірегейі Әбдіжәміл аға (Нұрпейісов. -ред) болатын. Біз бұл кісінің орталық басылымдарға шыққан сөздерін халқымызға қорған болды деп білетінбіз. Ол кезде қазақ тәуелді ел еді. Бүгін, шүкір, - еліміз тәуелсіз. Біз тәуелсіз еліміздің іргесі бекем, ғұмыры ұзақ болғанын қалаймыз. Бұл тілекке келгенде бәріміз бір ауыздымыз. Бірақ сол мақсатқа жеткізер жолды таңдаудағы көзқарасымыз сан түрлі. Күздегі сайлауалды науқанда осы қадірменді Әбекең бізге бағдарламалық сөз айтты. Ағамыздың ақсақалдық батасын сергек қабыл алып, ұстанымымызға айналдыру жөн болмақ. Әлгінде ғана оны Тұрсын Жұртбай өзінің баршаға ой салатын тамаша сөзімен дамытты. Мұқаң - Мұхтар Шаханов та күн тәртібіндегі мәселені айқара ашып, алға төтесінен маңызды міндеттер тартты. Жақсы ой-пікірлерді өзге сөздерден де естудеміз. Осылардың бәрінде көзқарастар жақындасатын тұстар бар. Біз өзімізді тоталитаризмнен демократияға келдік деп санаймыз. Бірақ көбімізді іс жүзінде жаңа тұрпатты тоталитарлық сана дендеп бара жатқанын байқамаудамыз. Біз советтік жүйе мен коммунистік идеологияны түбін түсіріп жамандаймыз. Бірақ солардың кезінде миллиондаған қалың бұқараны өзіне несімен баурағанына ой жүгіртпейміз. Және елдің жүрегін жаулаған коммунизм идеясының несімен соншама тартымды болғанын, қалайша қасаң тартқанын, жұрттың неге одан үміт үзгенін бажайламаймыз. Бұдан 75 жыл бұрын, Кеңестер Одағындағы билеуші партияның ақпан-наурыз пленумында - қалтасына партбилет салған екіжүзді зиянкестер бар екені айтылып, «халық жауларының» жаңа түрі негізделген еді. Артынша жаппай саяси репрессия құйыны соққан. Елді есеңгіреткен үлкен террордың санаға әсері жойқын болды: ойлау, пайымдау ауқымы шектелді, тоталитарлық жүйе өзін жалпақ елге еш бұлтарыссыз мойындатты. Сол тоталитарлық идеологияның тар ауқымынан шықпай-ақ, беретін азын-аулақ мүмкіндіктерін мейлінше халық пайдасына жаратуға тырысып, ұлт қамын жеген азаматтар болды. Демократиялық қоғам құрдық деп ойлайтын бізге сол тотальды коммунистік идеологияны ұлт мүддесіне қалай пайдаландық немесе пайдалана алмадық және оның себептері не еді деп зерттеу жүргізуді ойламады, одан гөрі, кеңестік дәуірді тұтасымен ғайбаттап, жылы жауып қоя салу оңай болды. Жаппай жазалаулар, тергеулер кезіндегі жан түршігерлік қинаулар тарих сахнасынан кеткен басқа мемлекетте орын алса да, оларды тәуелсіз мемлекетімізде біз күні бүгінге дейін жеткілікті дәрежеде талқыға салмадық. Айыптаған жоқпыз. Ондай сұмдықтарды болдырмау шараларын жаңа мемлекетімізде жете ойластыра қоймадық. Өткенімізді жете зерттемегендіктен де, тарихтан сабақ алмағандықтан да, қарғысқа ұшыраған сол жылдарғы сорақы тәжірибелердің бүгінде жаңғыруына жол берудеміз. Мемлекетіміздегі ең бірінші құндылық адам және оның өмірі екенін заң жүзінде мойындай тұра, сол қасиетті адам ғұмырын оқ атып үзуге жол бердік. Адам құқтарын қорғау ісіне қызмет етуге тиіс күштік құрылымдарымыз тарапынан азаматтарымызды ұрып-соғу, қинау, мәжбүрлеу сынды адамшылықпен үйлесе қоймайтын әрекеттер шығып жатқаны әрәдік әлі күнгі дүңк-дүңк естіледі. Ал біз әділетсіздікке көндіккендейміз. Тарихтан сабақ алмағандықтан да, тоталитарлық жылдары тарихымызда қалыптастырылған кейбір ұстанымдардан әлі де арыла алмай келеміз. Бұл ретте адамдар арасында, жәй ғана қатардағы адамдар емес, мүйізі қарағайдай оқымыстылар арасында да келеңсіз көне дерттің бой көрсетіп жүргенін өкінішпен айтуға мәжбүрміз. Біздің көзі ашық, сауаты, білімі жеткілікті кей азаматтарымыз өткен жолдарымызды түсіндіруде жалпыхалықтық мүддені тәрк етіп, қазіргі заманда ауызға алуға ерсі, ұсақ, айтуға ұят рулық көзқарасты ұстанады. Бұлар ХVIІІ-ХІХ ғасырлардағы билеушілер мен ел ағаларын да, ХХ ғасырдағы қайраткерлерді де өз ру-тайпаларына меншіктеп, «жекешелендіріп» алған. Жазатайым олардың тарихтағы рөлдерін, қызметтерінің кей қырын сыни тұрғыда сөз етсең - пәлеге қалғаның. Тарихтағы адамдардың күллі қазаққа ортақ тұлғалар екенін «ұмытып», оларды сөз ету арқылы «бөтен біреулер» өздерінің руларына қастандық жасады деп қуыстанады. Сөйтіп, тайыз ұйғарымдарының салдарынан, көтерілген мәселелердің мән-маңызына ой жүгіртпестен, авторға қарсы бір кісідей өре түрегеп, бірауыздан дүрсе қоя береді. Жеке басын кемсітіп, бойынан толып жатқан кемшілік іздейді. Шындықты, әділетті ескермейтін мұндай келеңсіз жәйттердің бәрі пікір таластыру мәдениетінің төмендігінен, әсіресе рулық санаға шырмалу салдарынан орын алады. Байқалып жүргендей, мұндай әрекеттерге ғаламдық өрмектордағы аты-жөніңді жасырып қалып айтыса беретін форумдар керемет қолайлы болып шықты. Біз бүгін мемлекеттік тәуелсіздігімізді, руханиятымызды және бұларды заманымызға сай жетілдіру, жаңарту, жаңғырту мәселелерін сөз еткенімізде, азаматтарымыздың жалпыұлттық тұрғыда ойлай білу қабілетін ұштау жайын айтпай тұра алмаймыз. Қазіргі өркениетті заманда ұлттық тұтастық тұрғысынан ой піше алмау - біздің азаматтарымызға үлкен мін. Мұндайдың жолын кесу шараларының бірі ретінде - даулы мәселелердің шешімін табуына тиісті ғылыми мекемелердің, жоғары оқу орындарының сергек үн қатып отыруы қажеттігін атар едім. Олар кез келген күрделі жәйттер хақында ашық талдау, талқылаулар өткізіп, сындарлы байламдар жасап отыру қажет. Бұл, сөз жоқ, біздің руханиятымызды нығайтатын өте қажетті шаралардың бірі. Дегенмен, еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын бекемдей түсу үшін, осы күндері біздің көпшілігіміз қауіп қылып отырған қилы одақтар мен ортақ кеңістіктердің дамуы барысында ұтылмауымыз үшін - бізге ішкі мәселеміз: халқымыздың бірлігін, өзіндік бітім-болмысын, ұлттық біртұтастығын нығайту және сақтап қалу, осылардың өзектілігін сезіну өте маңызды. Қоғам мен мемлекетті жаңартудың, жетілдірудің төте де дұрыс жолы осында. Бүгінде еліміздегі барша саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың мүшелері, күллі азаматтарымыз Жаңаөзен және Шетпе оқиғаларына бір кісідей қиналып, жандары ауыруда. Еліміздегі түрлі ұлт өкілдері ұлан-ғайыр жеріміздің бір пұшпағында еңбек дауынан туып осынша шиеленісіп кеткен қазақ мәселесін өз басына түскен трагедиядай қабыл алды. Алматы мен Астананы былай қойғанда, Сонау Орал мен Павлодарда, өзге қалаларда да жұртшылық өкілдері оқиғаға көзқарастарын көрсетіп жатты. Бұл біздің елімізде қазақ ұлтымен бірге тұратын әр ұлт өкілдерінің өздерін бір саяси ұлттың бөлшегі ретінде сезінетінін көрсетеді. Демек, еліміздің сындарлы, парасатты, қақтығыссыз дамуының кілті де осы ортақ сезімде, оны рухани тұрғыда жаңғыртып, отаншылдықтың негізі етіп қалыптастыруда жатқаны анық. Яғни енді оны батыл түрде жаңа қоғамдық алаңның қалыптасу шарты ретінде ұсынуға болады деген сөз. Ол - республикамызды қазақтың ұлттық мемлекеті ретінде баршаға мойындату. Елдегі барлық ұлт өкілдері қазақ халқының тарихи құқтарын қалпына келтіруге атсалысу арқылы еркін тыныстап, бақытты өмір сүретініне сенулері керек. Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның, демократиялық күштердің арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастық осы басымдықты мойындағанда және оны жүйелі түрде бірлесіп жүзеге асырғанда ғана баянды бола алады. Осындай жаңа азаматтық сананы қалыптастыру арқылы әлеуметтік теңсіздіктердің себеп-салдарларын талдап, жою шараларын ақылға салып таба аламыз. Жұмыссыздықпен күрестің, кедейшілікпен күрестің дұрыс жолына шығамыз. Тек жұмыс берушілер мүддесін көздейтін заңдарды дұрыстау қажеттігіне назар аудартамыз, қара халықты емес, азын-аулақ байларды қорғауға оң иығын беріп тұрған билікке ықпал ете алатын боламыз. Сонымен, жарқын болашақтың кілті - елімізді жаһандану үдерісіне төтеп бере алатын ұлттық мемлекет ретінде бекем қалыптастыруда, азаматтық санамызды осы талапқа сай жаңғыртып, жетілдіруде жатыр. Форумда осы орайда сәтті ұсыныстар жасалып, тиісті қорытындылар шығарылады деп ойлаймын.