«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ақтық мәреге жетті
2019 ж. 18 желтоқсан
3513
0
14 желтоқсан күні «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының ақтық кезеңі өтті. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев байқауды ашып: «Аталмыш байқау 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. «Ақ жол» партиясының негізі ұстанымы да осы Алаштың идеясымен мазмұндас. Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау болып табылады. Бұған дейін байқау Қостанай, Алматы, Семей, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында жалау көтерген. Жалпы, аталмыш бәйге 3 кезеңнен тұрады. Алаштанушы ғалымдардың байқау қорытындысымен үздік деп танылған материалдар жинақ болып, жарық көреді» дей келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Алаш қайраткерлерінің мемлекеттілік туралы идеяларының қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығы», «Алаш ұстанымы және бүгінгі ұлттық экономика мен әлеуметтік саланы жетілдіру мәселелері» және «Ұлы Дала жетістіктерін зерделеудегі Алаштың рухани мұрасының орны» тақырыптарымен 3 номинация бойынша Қазақстанның әр аймағынан 10 қатысушы бақ сынады.
Әділ қазылар алқасының таңдауымен «Алаш қайраткерлерінің мемлекеттілік туралы идеяларының қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығы» номинациясы бойынша 1 орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4 курс студенті Әбеу Бағлан Мұқамбетқалиұлы, 2 орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2 курс студенті Дүйсенбеков Еркебұлан Бақытжанұлы, 3 орынды Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Нұржанова айгерім Нұржанқызы иеленді.
«Алаш ұстанымы және бүгінгі ұлттық экономика мен әлеуметтік саланы жетілдіру мәселелері» номинациясы бойынша 1 орынды М.С.Нарықбаев атындағы Қазақ гуманитарлық университетінің 1 курс студенті Қанат Темірлан, 2 орынды академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 4 курс студенті Тұтқыш Айдана Жаңбырбайқызы, 3 орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3 курс студенті Сәрсен Башембаев қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, «Ұлы Дала жетістіктерін зерделеудегі Алаштың рухани мұрасының орны» номинациясы аясында 1 орынды Алматы қалысының №26 жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Өтеміс, 2 орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3 курс студенті Рамазан Әбілдос, 3 орынды Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университеті «Тарих» мамандығының докторы Райгүл Хазіретәліқызы, ынталандыру сыйлығын орынды академик Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2 курс студенті Жанкелді Тоқтамұратов еншіледі.
«Бүгінгі заман контексіндегі Алаш» атты БАҚ журналистеріне арналған арнайы номинация бойынша «Qazaqstan» ұлттық телеарнасыны Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Матенова Гүлжазира Ғалиқызының, Талдықорған қаласындағы «Жетісу» телеарнасының продюсері әрі тілшісі Қызайбаева Гүлжан Ерікқызыны және республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Щығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қасым Азамат Әбілұлының жұмыстары үздіктер қатарынан көрінді.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлық пен арнайы Дипломмен марапатталды.
Іс-шараға «Ақ жол» партиясының өкілдері, белгілі алаштанушы ғалымдар, БАҚ өкілдері, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.