ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ТАРИХИ ФОТОСУРЕТТЕРІ ТАБЫЛДЫ
2019 ж. 10 қазан
6471
0
Ресейдің қазіргі заман тарихының мемлекеттік орталық мұражайынан қазақтың ХХ ғасыр басындағы шынайы ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның жаңа фотосуреті табылды. Оны «Айқын» газетінің тілшісі, журналист Серікбол Хасан мұражай қорынан іздеп тауып ұсынды.
Бұл фотосурет даңқты қоғам, және мемлекет қайраткері, шынайы ұлт көшбасшысы, қазақтың ХХ ғасыр басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеологиялық негізін қалаушы әрі оның саяси жетекшісі, Алаш Республикасының төрағасы Әлихан Бөкейханның ең жас күнінде түскен алғашқы фотосы (№ 1 фото). Бұл суретте ол шамамен 30-31-де.
Салыстыру үшін айтсам, Алты Алаш көшбасшысының 2014 жылы Омбы мемлекеттік тарихи өлкетану мұражайынан табылған фотосуретінде жасы 35-те болатын (№ 2 фото). Бұл тарихи суретте Императорлық орыс география қоғамы Батыс Сібір бөлімінің құрылғанына 25 жыл толуын атап өткен жиын бейнеленген. Батыс Сібір бөлімі Басқару комитетінің (Распорядительный Комитет) мүшесі Әлихан Бөкейхан - бірінші қатарда қақ ортада отыр (№ 4 фото).
Жаңа табылған фотосуретті В. Коркин деген түсіріпті, түсірілген жері ретінде Омбы қаласы, ал уақыты - ХХ ғасырдың басы деп жазылыпты. Фотоқұжат мұражайда «Беляков А.А. и Букейханов А.Н., член Гос.Думы» деген атаумен сақталыпты.
№ 3 фото. Орыс география қоғамы Батыс Сібір бөлімінің 25-жылдығы салтанатына жиналған Басқару Комитетінің (Распорядительный Комитет) мүшелері мен оның қамқоршысы Дала генерал-губернаторы. Омбы, 1902 ж.
Алексей Алеександрович Беляков (1869-1927) – Самар қаласында шаруа отбасында туған, халық ұстазы. 1880-жылдары «Халық және азаттық» немесе «халықшылдар» төңкерісшілер қозғалысына араласа бастайды. 1893 жылы болашақ «дүние жүзі жұмысшыларының көсемі» Володя Ульяновпен (Ленин) бірге Самара қаласында марксистік үйірмесін ашуға атсалысады. 1896-1897 жылдары Беляков Челябіде «Орал жұмысшылары одағын» ұйымдастырушылардың бірі, Әлихан Бөкейхан марксизмнің бірден-бір теңдессіз насихатшысы әрі редакция қызметкері болып істеген омбылық «Степной край» газетінің тұрақты тілшісі болады. Сол жылдары аталған «Одақтың» құрылтайшылары Ә.Н. Бөкейхан мен А.А. Беляков арқылы «Степной край» газетінде Златоуст жұмысшыларының экономикалық қозғалысы туралы жазып тұрды. 1898 жылы астыртын «Орал жұмысшылары одағы» әшкереленіп, Беляков Архангельскі гүбернесіне 3 жылға жер аударылады. 1901 жылы Сібірге қайта оралып, Томскіде Әлімхан Ермекұлы бітіретін Технологиялық институтының ғимараты, Омбыда бірнеше жаңа ірі қасапхана (скотобойня) құрылыстарын басқарады. Қысқасы, болашақ «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан мен Алексей Беляков «Степной край» газетінде жұмыс істеген жылдарынан әріптес, дос болған. «Алаш» көшбасшысының ұзақ жылғы досы, ғылыми әріптесі әрі саяси үзеңгілесі Сергей Порфирьевич Швецов 1930 жылы «Северная Азия» журналында жарық көрген «Омская газета «Степной край» и политическая ссылка. К истории сибирской печати» атты естелігінде: «А.Н. Букейхан... представлял собою марксисткое направление в газете и был, несомненно, наиболее ярким его выразителем. Я бы сказал даже – единственно ярким... Третьим марксистом был А.А. Беляков, занимавшийся подрядными работами на строившейся Сибирской железной дороге. Я не считаю Белякова строго выдержанным макрсистом, хотя он неизменно, до самой смерти своей, стоял в революционных рядах, притом наиболее крайнего направления», - деп жазды. Бірақ А.А. Беляков ешқашан Мемлекеттік Думаға депутат болған емес. Думаның 1906 жылғы І-шақырылымына депутат болған – Әлихан Бөкейхан. Екеуі бірге тұрған сурет – ХХ ғасырдың басында емес, «Степной край» газетінде бірге істеп жүрген 1896-1897 жылдары түскені анық. Оны Ә.Н. Бөкейханның үстіне киген ормантанушы-ғалым маманының киімі (кителі) әрі жағасына таққан «гүбернелік хатшы» («губернский секретарь») мәртебесінің белгісі (№ 3 фото) толық дәлелдейді. Одан да маңызды дәлелі – 1896-1897 жылдары Әлихан кеше ғана жоғарғы оқуын бітірген, әлі мұрты шықпаған жас маман еді. № 2 фотосуретке назар аударсақ, қазақтың болашақ ұлт көшбасшысының шамамен 1901-1902 жылдардан бері қарай мұрт жібергенін, І Мемлекеттік думаға депутат болып сайланған 1906 жылы – алғаш рет шоқша сақал да өсіргенін (№ 5 фото) байқаймыз.
Өзге архив құжаттарына қарағанда (Ә.Н. Бөкейханның 1895-1904 жж. отаршыл империяның Жер істері және мемлекеттік мүлік министрлігі Орман корпусына қараған орман шаруашылығы саласында, 1909-1915 жж. Самарда Дон жер банкісінде қызмет істегені туралы мұрағат құжаттарын тауып, ғылыми айналымға қосқан заңгер ғалым, алаштанушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековке Тәңірі жарылқасын айтамын. – С.А.), Әлихан С.-Петерборлық Орман институтын 1894 жылдың қыркүйегінде тәмамдап, «ІІ-дәрежелі ормантанушы-ғалым» дипломын (№ 6 фото) алысымен (одан 1 жыл бұрын Императорлық С.-Петербор университетінің заң факультеті курсын экстерн түрде бітіріп заңгер дипломын алған болатын. – С.А.), 1894 жылдың күзі - 1895 жылдың қысында Тобыл гүбернесінің Ялутаров оязындағы келімсек шаруалардың халін зерттеген «Тобыл экспедициясындағы» жұмысын аяқтаған соң, сол жылдың тамызында Ақмола облысының Омбы оязы орманшылығы орманшысының көмекшісі – төменгі орман мектебінің оқытушысы қызметіне тағайындалып, Омбыға оралады. Содан төменгі орман мектебі Омбыдан Бурабайға көшіріліп, оның оқытушысы қызметінен босап, Ресей империясының Жер істері және мемлекеттік мүлік министрінің бұйрығымен 1897-1901 жылдары Қазақ облыстарын зерттеген «Щербина экспедициясының» құрамына енді статистик-ғалым ретінде жіберілген 1897 жылдың мамырында Әлихан Бөкейхан ормантанушы-ғалым кителінен біржола құтылады (№ 7 фото).
Ерекше айта кететін жайт. Өкінішке орай, әзірше Әлиханның 1873-1886 жылдары Қарқаралыда 3 жылдай медреседе оқып қара таныған, бастауыш орыс-қазақ мектебінде оқыған жеткіншек, 4 сыныптық кәсіби (етікші) училищеде, 1886-1890 жылдары Омбы техникалық училищесінде оқыған бозбала кезіндегі, не болмаса – 1890-1894 жылдары С.-Петербор Орман институтында оқып, 1893 жылы СПб университетінің заң факультеті курсын
қарама-қатар тыңдап, экстерн түде бітірген студент жылдарындағы бірде-бір фотосуреті табылмай келеді. Ондай фотосуреттер, ғылыми мақсатты айтпағанда, Алты Алаш көсемі мұрасының хронологиялық тәртіппен құрастырылған 15-томдық жинағының әрбір томының мұқабасына сол жылдары түскен суретін салу үшін де аса қажет болатын. Міне журналист Серікбол Хасан тапқан жаңа фотосуреттің ғылыми да, тарихи маңызы сол себепті де арта түседі. Осы жаңалығы үшін ізденімпаз журналист Серікбол Хасанға - алаштанушы, әлихантанушы ғалымдардың атынан - Алаш қайраткерлерінің сөзімен - Тәңірі жарылқасын айтамын!
Қорыта келгенде, жаңа фотосуретті – 15-томдық жинақтың қосымша 3 мың данамен басып шығарылатын 1 және 2 томдарының мұқабаларына шығару көзделіп отыр (№ 8 фото).
Қорыта келгенде, жаңа фотосуретті – 15-томдық жинақтың қосымша 3 мың данамен басып шығарылатын 1 және 2 томдарының мұқабаларынашығару көзделіп отыр (№ 8 фото). Айта кететін жайт: «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары – Сочинения» жинағының 1-2 томдары, «Ақ жол» (газеті). Көптомдық» жинағының 1-25 томдары, сондай-ақ тағы бірқатар «Алаш» қайраткерінің мұрасы «Ақ жол» демократиялық партиясының Азат Перуашев бастаған Парламент Мәжілісіндегі фракциясының қолдауымен және ыждаһат етуімен жарық көрмекші.Сұлтан Хан Аққұлы,
Қазақ үні