«ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауы жарияланды
2019 ж. 18 қыркүйек
3041
0
«Ақ жол» партиясы 2019 жылғы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын жариялайды.
Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау.
Байқауға Алаш қозғалысы тақырыбында зерттеулермен айналысып жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары қатыса алады.
Байқау жұмыстары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
1. Алаш қайраткерлерінің мемлекеттілік туралы идеяларының қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығы:
– Алаш және парламентаризм;
– Алаш және дипломатия;
– Алаш және саяси партиялар;
– Алаш және мемлекетті басқару формасы;
– Алаш және демократиялық құндылықтар,
– Алаш және құқықтық сана, т.б.
2. Алаш ұстанымы және бүгінгі ұлттық экономика мен әлеуметтік саланы жетілдіру мәселелері:
– Алаш қайраткерлерінің көшпелі және отырықшы шаруашылық туралы пікірталастары;
– Қазақстанның шикізат қоры және өнеркәсіпті дамыту;
– Алаш және еңбек қоғамын қалыптасыру;
– Алаш және нарық;
– Алаш және салық мәселесі, т.б.
3. Ұлы Дала жетістіктерін зерделеудегі Алаштың рухани мұрасының орны:
– Алаш қайраткерлерінің түркі әлемінің генезисі туралы зерттеулері;
– Алаш қаламгерлері шығармашылындағы «Алтай», «Түркістан», т.б. киелі ұғымдардың бейнесі;
– Алаш және мәдени код;
– Алаш идеялары және ұлттық бренд, т.б.
БАҚ журналистері үшін арнайы номинация
4. Бүгінгі заман контексіндегі Алаш:
– Публицистік мақалалар;
– Деректі фильмдер;
– Хабарлар;
– Репортаждар;
– Журналистік зерттеулер;
– Сұхбаттар;
– Ток-шоу шығарылымы.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
1-кезеңде Байқауға келіп түскен жұмыстарға қазылар алқасы сараптама жасап, іріктеуден өткізеді.
2-кезеңде үздік 40 жұмыстың авторлары тақырыбы бойынша баяндама жасап, өз номинациясындағы қарсылас үміткерлермен пікірталасқа түседі.
3-кезең Алашорда үкіметінің құрылған күні қарсаңында, желтоқсан айында өткізіледі. Байқаудың ақтық сынына қатысушылар өз жұмыстарын қорғап, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Байқау шарттары:
1. Жұмыс бір адамның (жеке үміткердің) атынан және өзі көрсеткен номинация бойынша ұсынылады;
2. Жұмыста Алаш қайраткерлері көзқарастарының бүгінгі дәуірмен сабақтастығы міндетті түрде қамтылуы тиіс;
3. Плагиатқа (басқа авторлардың дайын жұмыстарын көшіріп ұсынуға) жол берілмейді;
4. Шығарма бастақырыбының оның мазмұнына сәйкес келгені және тапқыр да жинақы қойылғаны мақұлданады;
5. Жұмыста сілтеме жасалған дереккөздер дәл, нақты және шынайы болуы қажет;
6. Талапқа сай безендірілмеген және мерзімінен кеш жолданған жұмыстар қабылданбайды.
7. Осыған дейінгі жеңімпаздар Байқауға қатыса алмайды.
Мақаланы (эссені) рәсімдеу талаптары:
Мәтін 14 өлшемді Times New Roman қарпімен теріледі; жоларалық интервал – 1; абзац шегінісі – 1,25 см; беттің оң жағынан – 3 см, үстіңгі және астыңғы жағынан – 2 см, сол жағынан 1,5 см кеңістік қалдырылады.
Байқауға қатысу туралы өтініште жұмыс авторының толық аты-жөні, туған жылы, тұрғылықты мекен-жайы, қызмет (оқу) орны, ғылыми дәрежесі (бар болса), ұялы байланыс телефоны мен электронды поштасы толық көрсетіледі.
Мақаланың (эссенің) көлемі 10 беттен аспауы тиіс.
Байқауға ұсынылатын жұмыстар 2019 жылдың 1 қазанына дейін қабылданады.
Байқаудың жүлде қоры – 4 миллион теңге. Ол келесі тәртіп бойынша бөлінеді:
2-кезеңге жолдама алған үміткерлердің әрқайсысына (ақтық сынға өтетін 12 қатысушыдан басқасына) 25 мың теңгеден қаржылай сыйлық беріледі.
Ақтық сайыс қорытындысы бойынша номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін қаржылай сыйлық көлемі:
Бірінші орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге;
Екінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге;
Үшінші орын – 100 000 (жүз мың) теңге.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы байқауының лауреаты» төсбелгісі табысталады.
Байқау жеңімпаздары (1-орын) мен жүлдегерлерінің (2,3-орындар) мақалалары жеке жинақ түрінде жарық көреді.
Байқаудың 2 және 3-кезеңдеріне қатысушылардың іссапар және жатын орын шығындары «Ақ жол» ҚДП тарапынан төленеді.
Байқау жұмыстары «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» белгісімен «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Орталық аппаратының мекен-жайына (Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел, 30, «Ақ жол» ҚДП кеңсесіне) немесе alash_akzhol@mail.ru; akzholpress@mail.ru электрондық поштасына жолданады.