Алаштың асыл ұлы
2019 ж. 17 тамыз
12424
0
Үстіміздегі жылы ірі мемлекет қайраткері, ағартушы, көсемсөз шебері, ақын, ұстаз, Кеңес дәуірінде жарық көрген алғашқы мектеп оқулықтарының, тарихи-саяси зерттеу кітаптарының авторы Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толады.
С.Қожанов 1894 жылы 10-қыркүйекте Созақ өңірі, Қаратау болыстығының Ақсүмбе ауылында дүниеге келді.
Өзінің өмір жолын ұстаздық қызметтен бастаған Сұлтанбек, ел тағдыры шешіліп жатқан қиян-кескі кезеңде қоғамдық және саяси істерге бел шеше кірісті.
1917 жылы бір топ алаш зиялылары, патша жарлығымен Бірінші Дүниежүзілік соғысқа алынған қазақ азаматтарының жағдайларын жақсарту мақсатында, өз еріктерімен майдан шебіне аттанды. Осы қатарда болған ұлт жанашырлары Міржақып Дулатов, Нәзір Төреқұлов, Қайретдин Болғанбаев, Күмісқали Бөриев, Әбубәкір Алдияров, Мырзағазы Есболов секілді Сұлтанбек Қожанов та Батыс майданын аралап, ұрыс даласындағы қазақ жігіттерінің тұрмыстарын түзетуге, қиыншылықтарын жеңілдетуге барынша ат салысты.
1917 жылдың күзінде Орынборда өткен бірінші қырғыз-қазақ сиезіне қатысып, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына делегат болып сайланды.
1917 жылдың 25-қарашасында Қоқан қаласында өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің ұйымдастырушылық жұмыстарына белсене араласты. Осы съезд шешімімен Түркістан (Қоқан) автономиясы құрылып, Уақытша үкіметінің төрағасы болып Мұхаметжан Тынышбаев, кейіннен ол орынға Мұстафа Шоқай сайланды.
Мұстафа Шоқайдың жазбасы бойынша, Мәскеудің тікелей нұсқауымен 1918 жылғы ақпанның басында қызыл әскерлер Түркістан (Қоқан) автономиясын жою үшін, Қоқан қаласын қанға бөктіріп, бірнеше күннің ішінде 12 мыңнан аса мұсылманды қырып салған.
Орталықтандыру саясатының бет-пердесін ашып берген бұл оқиға, Сұлтанбектің кейіннен «ұрда жық», «көзсіз» большевик емес, нағыз ұлт қамқоршысы болып қалыптасуына ерекше әсер етсе керек.
С.Қожанов 1918 жылы Түркістан уездік азық-түлік комитетінің хатшысы, Түркістан уезіндегі ашаршылыққа қарсы комитеттің
төрағасы болып қызмет атқарды. Бұл қызметінде аштықтан күйзелген халықтың қалың ортасында болып, жер-жерден азық-түлік таптырып, елді мекен орталықтарында ашыққан адамдарды тамақтандыратын орындар ашып, көже дайындатып, оны тегін тараттырды, сөйтіп, халықты аштан қырылудан сақтап қалды. Сұлтанбектің сол кездегі ерен еңбегіне берілген баға ретінде халық жадында «Сұлтанбектің шүлен көжесі» деген тіркес әлі күнге дейін сақталып келеді.
Әдетте, ауылдағы ағайын қатты ашығып келіп тамақтанғаннан соң, ырза болып: «мынау бір Сұлтанбектің шүлен көжесіндей болды ғой» деп отыратын.
С.Қожанов 1918-1919 жылдары Ташкент қаласында жаңадан ашылған Полторацкий атындағы педагогикалық училищеде сабақ берді. Осы кезеңде «Қазақ халыққа білім беру институтының» (КИНО) іргесін көтерісіп, осы оқу орнын бітірген алғашқы 300 мұғалімді даярлап шығарды.
Орталық мұражайда «Сұлтанбек Қожанов жолдастың Түркістан Республикасының Білім беру Халық комиссары қызметіндегі жұмысына баға беру» деп аталатын құжат сақталыпты. Онда былай жазылған: «Қожанов жолдас аталған қызметте 1921 жылдың қазанынан бастап істейді. Қызмет атқарған кезінде өзін нақты басшы ретінде көрсете білді: қайрат-қажыры зор, жаңашыл, өз қарамағындағы жұмысты жалпы мемлекеттік мәселелермен ұштастыра алады, қызметкерлер мен басшыларды таңдауда өте қабілетті, көздеген мақсатқа жету жолында табандылыққа ие. Оның Түркістан жағдайында халық ағарту комиссары ретіндегі орнын ешкім де алмастыра алмайды. Қожанов жолдас негізгі қызметінен басқа Жер шаруашылығы комиссары қызметін қоса атқарды, ол қызметте те жұмысты Түркістан жағдайында жетік білетін білікті басшы ретінде көрсете білді».
Сұлтанбектің тұлғалық ерекшеліктерін Кеңес басшылары В.И.Ленин мен И.В.Сталин де айнытпай танып, өздерінше бағалай білді.
В.Ленин Сұлтанбектің алғырлығы мен өткірлігіне тәнті болып, «қызу қанды қазақ» («горячий киргиз») деп атаса, И.Сталин, өжеттігі мен батылдығы үшін, «Орта Азияның Шыңғысханы» деген атау таққан.
РК(б)П ОК Ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен болған төртінші мәжілісінде (1923 жылдың маусымы) С.Қожановтың баяндамасына байланысты И.Сталин былай деді: «Менің ойымша Қожанов жақсы айтты. Икрамов та жаман айтқан жоқ. Алайда мен бұл жолдастардың баяндамасындағы түрлі ойға
жетелейтін бір жерін атап айтуға тиіспін. Олардың екеуі де қазіргі Түркістан мен патшалық Түркістанның арасында ешқандай айырмашылық жоқ, тек қана маңдайшасындағы жазуы өзгерді, Түркістан патша кезінде қандай болса, сол күйінде қалды деді. Жолдастар, егер бұл байқаусызда айтылмаған болса, егер бұл ойластырылған және толықтай саналылықпен айтылған сөз болса, онда бұл жағдайда басмашылардікі дұрыс та, біздікі бұрыс екендігін де айтуымыз керек қой... Егер бұл анық болса, мен түсінбеймін, неге сіздер басмашылармен бірге кетпегенсіздер...».
1924 жылы өткен Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде айрықша табандылық көрсетіп, қазақ жерлерінің көрші мемлекеттерге өтіп кетпеуі үшін жан аямай айқасты.
Осы жылдың қарашасынан бастап РК(б)П Қазақ обкомының (1925 жылы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметін атқарды.
С.Қожанов мұндай жоғарғы лауазымға қазақ ұлтынан тағайындалған тұңғыш басшы болды.
Сұлтанбек мемлекет басшысы болып тұрған осы бір тарихи кезеңде, Ресей империясының құйтыртқы саясатымен қидаланып, орталық бөлігін Сібір өлкесіне, оңтүстік бөлігін Орта Азия елдеріне, батыс бөлігін Астрахань өлкесіне қосуға дайындап, жойылып кетудің алдында ғана тұрған қазақ елінің жерлері біріктіріліп, біртұтас Қазақ мемлекетін құрудың сәті түсті.
Айта кететін жай, сол кездегі Қазақ мемлекетінің аумағы қазіргі Қазақстан Республикасының аумағынан әлдеқайда көп болатын. Мысалы, бастапқыда Қазақ мемлекетінің құрамында болған Қарақалпақстан 1930 жылы жеке автономия болып бөлініп шықты. 1934 жылы Тамды, Үшқұдық жерлері, 1956 жылғы Бостандық ауданы түгелімен, Киров ауданының Тимирязев совхозы, 1963 жылы Ақалтын және Ильич аудандары (бұрынғы Мақтаарал ауданының жерінде орналасқан), Мырзашөл ауданы (бұрынғы Жетісай ауданының жерінде орналасқан), Шымқорған, Қызылқұм, Амангелді, Арнасай, Ильич совхоздары (бұрынғы Киров ауданының жерінде орналасқан), 2002 жылы Түркістан ауылы (бұрынғы Сарыағаш ауданының жерінде орналасқан), Қызылорда облысының Нысан-1, Нысан-2, және Баймұрат елді мекендері Өзбекстанға берілді.
Оның үстіне сол тоқсаныншы, нөлінші жылдары қаншама жеріміз іздеусіз, сұраусыз, атаусыз «құдайы көршілеріміз» өзбектер мен қытайларға «өтіп кетті».
Ташкент қаласын қазақтарда қалдыру үшін жан аямай шайқасып, ең соңында болмаған соң (өзбектердің санақ жүргізудегі қулығының, Мәскеудегі «қожайындардың» бұра
тартуының арқасында), өзбектерге тек қаланың өзін ғана қалдырып, айнала қоршаған жерлердің бәрін алып қалған Сұлтанбек, тәуелсіздік жылдары шекара сызығының сол Ташкенттен 60-70 шақырымдай ұзақта орналасқан қазақтардың есігінің алдындағы алақандай ауласының ішімен өткенін білсе, не айтар еді?
1925 жылы сәуір айында Ақмешіт қаласында өткен Кеңестердің Бүкілқазақтық І-съезінде С.Қожановтың тікелей ұсынысымен қазақ халқының тарихи атауы қайтарылып, патшалық кезден бұрмаланып кеткен «киргиз» деген ат төл атауымыз – «қазаққа» түзетіліп, жаңа астананың аты «Қызылорда» болып өзгертілді.
1925 жылдың маусым айында Қазақ өлкелік Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Нанейшвили В.И. Мәскеуге шақырылып алынды да, бұл лауазымға осы жылдың қазан айында Голощекин Ф.И. тағайындалғанға дейін, жарты жылдай Қазақстаннның іс жүзіндегі бірінші басшысы қызметін атқарды.
С.Қожанов, большевиктер бұл кезде тарих қойнауына жіберген Наурыз мейрамын өмірге қайта оралтып, бұл мейрамға қарсы шығушыларға ашық та жойқын тойтарыс берді.
С.Қожанов көптеген қазақ газеттерінің ұйымдастырушысы: ревоюцияға дейін – «Бірлік туы» газетінің, «Кеңес» журналының редакторы, революциядан кейін «Ақ жол» газетінің бас редакторы, «Шолпан» журналының белсенді қызметкері болды. Оның қаламынан қазақ совет өмірі мен әдебиет мәселелеріне арналған өлеңдер, сын мақалалар, эсселер шықты. Оның шығармашылық мұрасында тіл тағдырына, терминологияға, жергілікті ұлттардың әліппесіне, саны аз халықтардың мұң-мұқтажына арналған, «Тоқпақ», «Тарпаң» және «Замандас» деген лақап аттармен жарық көрген көптеген сын және әдеби-публицистикалық мақалалар бар.
С.Қожанов 1924 жылы мектепке арналған «Есеп тану құралы» («Арифметика», 1-бөлімі)» оқулығын жазып шығарды.
1928 жылы С.Қожановтың «Түркістан Кеңес автономиясының он жылдығына» деп аталатын кітабы жарық көрді. Ондағы көтерілген мәселелер өзінің маңыздылығы жағынан әлдеқайда кең де аумақты болды. Автор Түркістан Республикасының құрылуын қоғамның саяси өркендеуімен, әрбір кезеңдегі ұлттық мәселелер шешімінің алар орнымен, ұлттың өзін-өзі тануындағы қиыншылықтармен ұштастыра отырып баяндайды. Бүгінгі күні бұл кітап өзінің ғылыми және тарихи құндылығымен қымбат.
С.Қожанов 1929 жылы Ташкентте Орта Азия мақта-ирригациялау политехника институтын ашты және оның алғашқы
директоры болды. Ол құрылысқа өзі басшылық жасады, ұстаздар тартты, олардың көпшілігі бұған дейін ауқатты әулеттен шыққандықтан қудаланып келген болатын, қажетті мамандарды Мәскеуден және Ленинградтан шақыртты. Кейіннен осы институттың өзінен Өзбекстанда ғана оншақты жоғарғы білім ошақтары бөлініп шыққаны тарихтан белгілі.
Сұлтанбек шынайы поэзияны жоғары бағалады, өзі де өлеңдер, сыни мақалалар жазды. Мағжан Жұмабаевтың жағдайы болмай, қиналып жүрген кезінде баспаналы болуына көмектесті, өлеңдер жинағын шығаруына ұйытқы болды, кітапқа өзі алғысөз жазды.
Ахмет Байтұрсыновқа қолдау көрсетіп, оның елу жылдығын кеңінен атап өтті.
Сол сияқты, ғалым Әбубәкір Диваевтың да елу жылдық мерейтойын жасап берді.
1930 жылдың екінші жартысында болған репрессия пышағы сан мыңдаған маңдайалды азаматтардың өмірін аяусыз қидалады. Сұлтанбек Қожанов та 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылдың ақпанында Мәскеу абақтысында атылды. Оның есімі ұзақ жылдар бойы, Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың және де көптеген ардақты есімдермен қатар, естіртіп айтылмады. Бұл үшін ол кездерде «Коммунистің партияның және Қазақстандағы социалистік құрылыстың бағытына қарсы шыққан ұлтшыл-ауытқушыл» деген бір ауыз сөздің өзі жеткілікті болатын.
1957 жылдың 5 шілдесінде ССРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясы 1937 жылдың 16 шілдесінде тұтқынға алынған С.Қожановты айыптау жөніндегі істі қайта қарады. Жаңадан ашылған жағдайларға байланысты және қылмыстық әрекеттің болмауы себепті Әскери коллегияның 1938 жылғы 8 ақпанындағы үкімі орынсыз деп табылды және күшін жойды.
С.Қожанов қайтыс болғаннан соң толықтай ақталды.
Т. Қамарұлы,
Қазақ үні