Басты бағыт - Алаш аманатына адалдық
2019 ж. 03 тамыз
9126
0
«Ақ жол» партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының Облыстық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымының қауымдастырылған профессоры, алаштанушы, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық корының президенті Дәметкен Сүлейменова Башқұрстан мемлекетінің астанасы – Уфа қаласында іс-сапармен болды.
Профессор Сүлейменова «Дерек. Тарихшы. Саясат» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, «ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының зиялы азаматы – Аспендияр Кенжеұлы Кенжин» тақырыбында баядамасын ұсынды. Конференция барысында, Даметкен Досмұханқызы отан тарихы, Алаш пен қазақтың ардақты ұлы, білікті дәрігер – Аспендияр Кенжин туралы баяндады.
ХХ ғасырдың басында қазақ ұлты Ресей патша үкіметінің отарлық саясатынан үлкен зардап шеккені белгілі. Сондықтан, ұлт зиялылары патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы күрестің жаңа түрі – саяси күрес екеніне көз жеткізді. Көптеген оқыған қазақ интеллигенциясы Ресей жеріндегі саяси күрестің іс-тәжірибесін жинақтап, орыс мәдениетінің озық тәсілдерін үйреніп, жоғарғы оқу орындарында білім алып, қалың ұйқыдағы қазақ жұртын оятуға бел шеше кірісті. Осындай оқыған қазақ зиялыларының бірі – Аспендияр Кенжин болатын.
Ғылыми конференциядан кейін алаштанушы Уфа қаласындағы Башқұрстан мемлекеттік архивінде болып, құнды әрі қажетті, тың материалдар іздестірді.
«Адам өз тарихын білмей, азамат болып қалыптаса алмайды, ал ұлт тарихын білмеу – надандық. Балаға ерте жастан бастап, тарихты оқытып, қазақтың қалай ел болғанын әрбір отбасы санасына сіңіріп отырса, мықты ел болатынымыз анық», – дейді ғалым.
«Ақ жол» партиясының
Батыс Қазақстан облыстық филиалы
qazaquni.kz