ҚАЗАҚ БАРДА СӘКЕН ӨЛМЕЙДІ
2019 ж. 24 сәуір
6529
0
Журналист қоржынында талай-талай құнды дүниелердің жата беретіні заңдылық. Мен сонау 1994 жылы Сәкен Сейфулинның жүз жылдық мерейтойына сәтінде белгілі сәкентанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің лебізін жазып алыппын. Енді сол сөздің аз ғана бөлігін оқырман назарына ұсынуды жөн көремін.
– Сәкенннің кіндік қаны тамған осы Қарашілікке қыстағына 1959 жылы ат-арбамен келгенім есіме түсіп тұр, – деді Тұрсынбек ағамыз, – Сонда Сәкеннің бір поэмасын Әпенді Ақыбековтің жастыққа тығып ұстағанын естігенмін. Қазіргі айтпағым ол емес. Ел назарына ұсынғым келетін екі-үш-ақ мәселе бар. Соларға ғана тоқталсам. Мысалы, Совет үкіметі құлады. Коммунистік партия тарады. Оның идеологияларының бәрі бүгінде мансұқталып жатыр. Ал Сәкен болса сол жүйенің туын көтерді. Кеңес үкіметі қазақ еліне, қазақ жұртына жақсылық әкеле жатыр, ол біздің тереземіздің басқалармен тең болуына жәрдемдеседі, жаңа заманға бағыттайды деп ұран көтерді, сол құрылымның серкесі болды. Ал тарихтан хабары жоқ немесе өздері де кезінде сол күйенің қолшоқпары болған кейбіреулер болса яки даңғазамен атын шығарғысы келетін тоғышарлар «Совет құлады, енді Сәкендер де құлауы керек» дегілері келеді. Шындығын айтқанда, кешегі өткен әлгі жетпіс жылдық кезеңді мүлдем жоққа шығару қисынға келе ме? Жоқ, әрине. Ол жақсы болсын, жаман болсын – халықтың өз тарихы. Бүкіл бір дәуірге қара бояу жаға салу оңай, ал оны түбегейлі мансұқ ету мүмкін емес. Бір жақсысы – өзі су ішкен құдыққа түкіретін әлгіндей келте ойлылар – желді күнгі тозақ сияқты аз ғана топ шағын ғана сұрқылтайлар. Олардың бүкіл халық атынан сөйлеуге құқылары жоқ. Ал, тарих сақталатын болса, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сұлтанбек сияқты халықты өрге сүйреген ұлы азаматтар да жасай береді.
Алда Абай мен Жамбылдың, Мұхтардың тойлары тұр. Бұлар да өз заманында елі, жұрты үшін өмір сүрді. Сондықтан олардың әрқайсысы өз биіктерінен орын алуға әбден лайықты. Олай болса мен халықтың анау анандай жазып жатыр екен, мынау мынандай сөйлеп жүр екен деп қам жемей-ақ қойғанын қалар едім. Қазақ бар жерде Сәкенге өлім жоқ. Атасу кентінде ақынның мұражайы іске қосылыпты, үлкен ескерткіші орнатылыпты. Мұндай игілікті істер анау Ақмолада, Көкшетауда, Алматыда да жандана беретініне сенімім мол. Бұдан үш-төрт жыл бұрын мына Қарашілікті жаңаланып еді, енді бұл мекеннің келешекте Пушкин, Михайловский, Толстойлардың мекеніндей қасиетті де қастерлі орынға айналатындығына шүбәм жоқ. Ертең үрімбұтағымыз Қарашіліктегі Сәкен кесенесіне бас иіп келіп-кетіп жатса арманымыз не! – деп аяқтады әңгімесін ғұлама ғалым.
Құлан Сағатұлы,
qazaquni.kz