Жыр жалынын жүрегінде тұтатқан Жетісулық ақын - Сағыныш Намазшамова
2019 ж. 10 наурыз
3065
0
Жанымның ақжал толқынының астарында тынып аққан сезімдерімнің әрбір тамшысын сен қадірлей аларсың ба, өмірім? Сәулесі найзадай өткір күннің қылдай нәзік кесегі түссе жалт-жұлт ете қалар сол тамшыларды қастерлей аларсың ба, өмірім? Қаншалықты қадірлеп-қастерлейтінің, мейірімге бөлеп, мынау бес күн жалғанда нәсілі асыл жаратылған адамзат махаббатына қай дәрежеде оң қабақ танытатының мен үшін жұмбақ. Жаным балқып, жүрегім атқақтап, буындарым талшыбықтай мың бұрала босаңси түскенде бабалардан қалған «Өмір – күрес» деген ұғымға сана жетелетіп, діңкем құрып, үздігердей күй кешіп, қара тұяқтан хәл кетердей болғанда, менің ақындық сезіміме өмір боп мәнді жауап қатпайтындай көрінесің де тұрасың. Содан да шығар, қасиетті қаламды салалы саусаққа қапсырып, қарпып ұстап, өлең өлкесінде еркін ат шалдырған қаламгер жазбасына жүгіне түсеміз.
Талас-тартыстан тұратын саяси сахнаңдағы сан мың қойылымдарды тамашалап, жазықсыз жанардан жылыстаған тамшыларды көріп, тағы да сол ақындар жырына бас ұрамыз. Еріксіз. Діңке құрып, дем бітердей болған соң. Рухани «тоқырауға» салынған соң. Сонда сірескен кітаптарды арқалап тұрған сөреден Сағыныш Намазшамова деген көздидар, бұрыннан етене таныстығымыз бар, сыйластығымыз да жоқ емес, жаны нәзік ақынның жыр жинағын суырдық. Жастана жатып тағы бір оқып шықтық. Жанға талғажау болған құнарлы өлеңдеріне шомып, балдан нәрлі һәм дәмді тіркес, пайым, түйіндерін таңдайға басып тамсандық... «Басылды кенет төпеген жауын, Қана алмай, көңілім, қалдың ба?! Тыншыған кезде тамшының бәрін Арнаңа қосып алдың ба?! Ақсуым!», – деп жырлаған Сағыныш Намазшамова өзі өлеңге қосқан қасиетті Ақсу өңірінде от жүрегін тулатып өмірге келген. Тоқымдай жерінің топырағы тұмар қып тағар қасиетті болған сол өңірден Ілияс Жансүгіровтей саңлақ ақын шыққанын ойға алсақ, біз сөз еткелі отырған қырмызы мінез, қызғалдақ ғұмырлы шайырдың да шығармашылығындағы сөз құнарлылығы, ой тереңдігі құлагер қаламгердің тұяқ мөріне келіңкірейтіндей көрінеді. Бұл дегеніміз, рухани сабақтастық болса керек-ті.
Сағыныш Сабыржанқызы балауса шақтан бойындағы дара қасиетті үкілеп, кеудедегі қоздаған шоқты үрлеп, жалынға айналдыра білген. Тұмса табиғаттың терең сырларына сана жетелетіп жүріп ол небәрі 15 жасында студент атанған.Зеректігі мен зерделілігі, білімге деген алғырлығы оны қатарластарынан оқшау етіп көрсетіп, даралай білді. Дараланғанға диірменнің тасын кері айналдырар қуатқа ие екенмін деп елпілдеп, ерекшеленіп кеткен ол жоқ. Керісінше керенау күннің қырық құбылар шағының бәрін өмір заңдылығы деп қабылдап, сол заңдылықтарға адамзаттық парасатпен қарап, сыйына иіліп, сынағына қасқайып ғұмыр кешу керектігін темірқазық қағида еткендей. Содан да болар еліміздегі жас әдебиетшілер үшін ең мәртебелі сыйлық саналар – халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері атанғанда да айрықша тебіреніп кетпеді.
Иә, Сағыныш Намазшамова қашанда байсалды мінезінен танбай, арман еткен асқақ тұғырына жыл өткен сайын қарышты қадам жасап, өлең ошағын маздатып келе жатқан ақын. Оның ойлы да сырлы өлеңдерінің оқырман жүрегін әлдилегені қашан?! Тағылымдық, танымдық тұрғысынан мазмұны мен мәні біртұтас болып кеткен бояуы қою, баяндамасы мөлдір, суреттеуі мен теңеуі тұмадан жылыстап шыққан бұлақтай нәрлі болып келетін жырларын ел сағына күтіп, тың туындысының жарық көруін жол тосқан сағынышты кейіпкердей аңсап тұруында да ақындықтың ерекше құдіреті жатса керек. Бұл алқаусыз көңілден шыққан анықтама. Алып-қосары жоқ, әспеттеймін деп әсіреқызылдыққа ұрынып, Абай атам айтпақшы, «тез оңар» сөзді желеу еткендігіміз емес. Нақтылы, кесіп айтқан, оқырман жүрегіне сұғына еніп, сүңгіп кіргенде байқағанымызды байыпты да байсалды қалпында қағаз бетіне түсіре салғанымыз.
Түннің табаны тиіп, табы қалған сәттерімде, кіммін? Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр тәтті ерінде. Шынның ақша жүзі албырайды дәптерімде, – деген жыр жолдары ақынның ақиқатшыл екенін дәлелдеп-ақ тұр. Ақын болсын, мейлі жазушы болсын, шығармашылығының шырайын, мазмұнын ақиқат айшықтап тұрмаса, қаламгердің ерен еңбегінің зая кеткені емес пе? Бір кездері көрнекті жазушы Дүкенбай Досжановтың «Мәңгілік шығарма қалай жазылады» деген әңгімесін оқыған едік. Сол әңгімеде ұлы жазушы болуды мақсат тұтқан талант иесінің өмір жолы суреттеледі. Ұлы шығарма жаздым деп талай жылын ойын-сауықсыз, қыдырусыз, елмен араласусыз өткізген әлгі кейіпкерге бір күні шаш-сақалы аппақ қудай болған қарт келіп жолығады. Жазған шығармасынан бас алмай отырған жазушыға қарап қарт: «Не істеп отырсың?» дейді. «Көрмейсіз бе, өлмес шығарма жазып, соны пысықтап отырмын», деп жауап береді жазушы.Сонда қарт: «Өлмес шығарма болса... қане, мен бір оқып көрейін» деп жазушы жазбасын қолға алады да, алғашқы беттерін парақтап шығып, жазушы үйінің алдындағы хауызға әлгіні лақтыра салады. Қарттың оғаш қылығын жаны сүймеген жазарман, сонша жыл мехнат шегіп жазған кітабымды суға салып, жарамсыз етердей саған жын көрінді ме деген сарында ақсақалға тіл тигізіп, балағаттап, өзін әрең тежейді емес пе? Сонда әулие қарт асасымен қауыздан әлгі кітапты сүзіп шығарып, парақтаса, кітапқа су жұқпаған екен. Ешбір беті бүлінбепті. Қарт: «Өлмес кітап жаздым дейсің, алғашқы бетінің өзінде-ақ өтіріктің неше атасы өріп жүр, бұл қалай мәңгілік тағдырға ие шығарма болмақ?» деп кесімді сөзін айтпай ма?
Иә, одан арғысы осы әңгімені оқып шыққан жандарға түсінікті дүние. Қарт қасиетіне көзі жеткен қаламгер оған шәкірт болып, өлмес шығарма жазудың сырын үйрене бастайды. Алайда қыңыр қарт ислам діні қатты сақталған елде оған шарап тасытып, ол шарапты жасырмай, қалың елдің ортасында көрсетіп алып келуді тапсырады. Құрметіне бөлеп, жазушы деп ардақтаған қаламгердің оспадар қылығын көрген ел, әлгі жазушыны жазғыра бастайды. Қылаяғында шарап тасытудан басқаны тапсырмаған қарт: «Енді кете бер, сен бұдан былай сырт көздің сынауынан, күншілдің күндеуінен жасып қалмауды, ел не дейді екен деген көзқарастан қорқып, шабытыңды тежеуден аулақ болуды үйрендің. Жазушыға керегі – ешбір пікірмен санаспай, тек ақиқаттан өріп шығарма жазу. Енді сен өлмес кітап жазар деңгейге жеттің» деген сарында ақыл-кеңес беріп шығарып салады-мыс. Қарап отырсақ осынау шағын әңгімеден қалемгерлердің алары мол секілді. Оның біріншісі Дүкенбай қиялынан туса да, көркем түрде айшықталған ақиқат шекарасынан ауытқамау болса, екіншісі оқырман қандай күйде болады екен деген пікірден аса алмай, шабыт күлігін еркін жібермей, тұқырта тұсаудан аулақ болып, қалағанынша өлең өрнектеп, шығарма жазу. Міне, осы бір заңдылық іспеттес қағидаға Сағыныш Намазшамова қайшы келмепті. Барынша ақиқатты ту етіп, шындықтан шығарма тудырып, өзін өлең өлкесінде еркін ұстап, «Шынның ақша жүзін дәптерінде албырата» бедерлей біліпті. Бұл да болса ақын шығармашылығының ғұмыры баянды боларын білдіретін дүние секілді көрініс береді.
Иә, қанша талантты болғанымен азаматтық ойы, адамзаттық көзқарас пен парасаттылықты бағдаршам еткенімен қайраткерлік болмаса, өз ұстанымы қалыптаспаса, ол дарынның бойындағы талант-тақсырдың тұяғы шекілгіш келмей ме? Руханият деп алаулата, асқақтата пайым жасағанымен, түптің-түбінде қаламгерден өз елі азаматтық қасиет күтеді. Сағыныш ақын бойынан біз сөз еткен асыл қасиеттерді ұшырастырамыз. Ол қаламгерлікпен қатар қайраткерлік қасиет танытып, өзі ғұмыр кешіп жатқан қоғамдағы кемшілікті жіпке тізгендей етіп өлең өлкесіне көгендей білген. Шабытты шақтарының бірінде: Жасандыны бүркемелеп жарнама, Жалған тұғыр соғып жатыр қарғаға. Сайтандардың сыбыры көп тірлікте, Айқайлауды ар көретін Ар ғана, – деп дарынсызды даралап, қыраннан қарғаны зор тұтатындарға ашынып, «жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген көңіл тебірентер әннің мазмұнындай, шын таланттар көлеңкеде қалып жатқанын әдеби астарлап, көркем тілмен көрнекті жеткізе білген. Сонымен қатар, тағы да сол шабыт пен шамырқану аралас күйде отырып: «Мансаптың бәрін төр ме деп, Биліктің бәрін өр ме деп, Айыра білмес алшаңдап, Өресі жетпес өрмелеп», – деп бүгінгі заман тынысын тыңдап, кейбіреулердің түкке де татымайтын мұрадым мұратын айшықтайды. Билікті биіктік көретін жандардың, өресіне қарай «өрмелегіштердің», тұлғамын деп тулағандарың көксегені көксеңгір көк жүзі емес, мұнарлы да тұманды, қатерлі, шығуына қарай тез құлдырататын мұсатыр мұзды биіктік екенін Сағыныш Намазшамова астарлы сөзбен қиюластыра әдемі бедерлеген. Қарап отырсақ, замана зарын айтқан кешегі балалардай шамырқанып, шамданып жырлап, көркемдіктен қарағанда азаматтық ұстанымды асқақ тұтып, әдеби мөлдірліктен жырақтап кетпей Сағыныш ақын барынша лирикалық толғам, кіршіксіз баламалар-теңеулер арқылы өлеңін өрнектей білген. Сонысына қарап, қасіретін де қасқайып жеткізген Мұқағалилардың сүрлеуінен сүйемдей қиыс кетпегенін аңдауға болады-ау деген тұжырымға келесің.
Тұжырымға келген көңілді көкжиекпен астастырғандай күйге түсіріп, зәу биікте қалықтатқандай тағы бір тебірентіп, тербей түсер дүние бар. Ол барша ақынның жырында көрініс берер, барша қаламгерді осынау ұлы жолға бастаған махаббат тақырыбы. Иә, кешегі тағдыр тақсіретін мол тартып, сол теперіш-тепкі, мехнаттың арқасында ақиық ақын атанып, бүгінде айдарын алтын арай аймалаған мұзарт таудың бұзбалағы М. Мақатаев «поэзия махаббаттан басталып, парасаттылықпен аяқталады» деп дөп айтып кеткен. Осы бір ғажайып теңеудің өзінен-ақ, күллі ақын шығармашылығының ең ғажайып тұсы да махаббатта жатқанын ұғына беруге болады. Сырбаздығымен, сыршылдығымен жанды баурап алар Сағыныш ақынның поэзиясында да осы бір мәңгілік тақырып ерекше кестеленген. Сом алтынды кешегілер қалыбына құйғандай әсер қалдырады әрбір жазбасы. Мәселен: Сенімімді сетінетпе, Беретұғын сен емес пе ең жанға дем, Көз жанарың алдай алмас аңғал ең. Сенің сырың – қазір бейне түн-тылсым, Менің жырым – таусылмайтын таңғы әлем, – деген жыр жолдарындағы аңсар бейнесінің аңғалдығы, шуақ сеуіп, қуат беруге қақылысың деген сарындағы әрі одан қуаныш пен жұбаныш күтетіні, немесе: Тағдыр мәңгі бір болуды жазбаған, Бір-біріне біздей құштар аз ба адам. Есеңгіреп, ескегімді бос қойып, Ой түбінде опат бола жаздағам, – деген өлең өрнектеріндегі ғазал ақын шығармашылығымен таныс адамдарға тек Сағыныш Намазшамованың қолтаңбасын жазбай тануға мүмкіндік береді. Сол баяғы қарапайымдылық, сол баяғы сыршылдық, мөлдірліктен мөлт еткен сезімнің бір тамшысы, бәрі-бәрі осы бір ғажайып жыр жолдарында менмұндалай көрініс беріп, ой құшағында тәтті бір сезімге жетелейді.
Сағыныш ақын Намазшамова өлеңдерінің қуаты, туған топырақтан нәр алған сыршылдығы, сөз байлығы, білім кеңістігі мен дүниетанымының кеңдігі тұрғысынан әңгіме өрбіте беруге болады. Алайда бір ақынның поэзиясын жан-жақтылы талдап, ақынның болмысы мен шығармашылық ерекшелігі, әдеби портретін жасап шыққандар қатары санаулы екенін айта кеткен жөн. Тіпті, бар мен жоқтың ортасы десек қателеспейміз. Қай ақынның болсын шығармашылығын талдағанда қаламгер, ғалым яки сыншылар ең ғажап деген тармақты тауып алып, «мынау жол неткен ғажап, мөп-мөлдір дүние...» деген сарындағы сентименттен аса алмайды. Ал кемшілігін тапса сол бір ағаттықты айшықтаймын деп ашық түрде кекесін араласқан бір байлам жасайды. Оны өзі аңғармаса да, автор не оқырман түптің-түбінде сезіп жатады. Сондықтан да, біз де ақынның көңілге жаққан «Қылқұйрықтан қалған шаңдай шұбалып, бұлаң қағып бара жатты жыл ағып» немесе «Құс жолымен қайтып бара жатыр ма, қарашықтан қаз боп ұшқан күндерім» деген сарындағы көптеген тіркестерін атап өтуді артық деп таныдық. Алайда осындай теңеулер ақынның шығармашылық қуатын, әлеуетін көрсетер өте сәтті де жемісті дүниелер екенін де айтпай кетуге болмас-ты. Мұндай ғажайып тіркестер Сағыныш поэзиясында жеткілікті. Бір айта кетерлігі, ақын шабыты шырқау көкке жеткен шақта өзге шайырлардай, мәселен, Мұқағалидың қаршығаға қарлығашты аулатуы секілді логикалық қателіктері де байқалып қалады. Мәселен, С.Намазшамова «Расында өмірдің несі жалған» деген жырында: «Инабатты болғанмен иықтылау, алмасумен келеді биік, құлау»,– деп жырлайды. Өзге өлең жолдарындағы осындай шабыт үсті кеткен сәтсіздіктерді айтпағанда, осы бір қос тармақтағы «Алмасумен келеді биік, құлау» жолдары зер салған жанды ой бұлыңғырлығына бастайтындай. Ақ пен қара алмасады, жақсылықпен жамандық та дәл солай, алайда биік пен құлау қалайша алмаспақ деген ойға қаласың. Тіпті, биіктіктің антонимі (қарама-қарсы) аласа емес пе? Бірақ ешқашан да биіктік пен аласаны алмасты деп айта алмайтынымыз, бұларды балама ретінде алып қарастыра алмайтынымыз анық. Міне, осындай кішігірім логикалық қателіктер анда-мұнда бір көрініс беріп қалатыны болмаса, Сағыныш Намазшамованың поэзиясы ұлт әдебиетіне қосылған інжу-маржан деп бағалауға тұрарлық дүние.
Бауырына басқанда түн даланы, Бұлың бұлт та тыншиды мұржадағы. Төсек дейтін табытқа таңып қойып Құдай менің жанымды күнде алады. Тәнімді тастап шығып түс көремін, Жанымды тордан ұшқан құс көремін. Түс – менің алқынбайтын сапарларым, Түс – менің таусылмайтын ішкі өлеңім. Ажал ажал бола ма айтып келген, (Нем артық қырда жатқан айшықты елден). Жан, сенің құдіретіңдіұқсам етті Құдай алып, қайтадан қайтып берген, – деген үш шумақтан тұратын өлең Сағыныш Намазшамова дүниетанымының қаншалықты кең екенін аңғартады. Шындығында ғажап жыр емес пе? «Төсек дейтін табытқа таңып қойып, құдай менің жанымды күнде алады» деген тіркестің өзі, шығыс шайырларының ақиқи көзқарастағы пайымымен сабақтасып жатыр.
Шығыс шайырлары демекші, Сағыныш Намазшамова аударма саласында да өнімді еңбек етіп келеді. Әр кездері басылым беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланған тәржімалары мөлдір де қанық. Негізінде, аударма саласы қазақ әдебиетінде жоғары деңгейде болып көрінгенімен, әлем әдебиетін алмағанда, бір ғана орыс халқымен үзеңгілесе алмайды. Алайда дана Абайдың ғажайып аударма, тіпті аударма деуге келмейтіндей тәржімалдарына қарап, осы шындықтың өзін айтуға ұяласың. Дегенмен әлем жауһарларын түбімен қотарған орыс халқынан аударуды ғана місе тұтып жүргеніміз жасырын емес-ті. Осы бір аударма саласына келгенде ошақтың үш бұтындай үш ұғым көңілге көлденең келеді. Біріншісі тапсырыспен аударылған, мәтінді сөзбе сөз аудару да, екіншісі калка, яғни, коспектілеу, үшіншісі шығармашылық адамның автор жазбасын бойына сіңіріп, өз қалауынша еркін де көркем аударуы. Қазақ оқырманын әлем әдебиетінің бай мұрасына іңкәр етудің ең дұрыс жолы да осы үшінші сүрлеу болып тұр. Өйткені, қандай да бір шығармашылық адамы өзіне ұнаған, көңіліне жаққан, терең әсер алып тебіренткен шығарманы аударуды мақсат етіп, оны барынша қаз-қалпында тәржімалауға тырысады. Ал қалғаны бар мен жоқтың ортасындағы дүние болып қала бермек. Міне, осы тұрғыда ақындық арыны, жалыны басым Сағыныш Намазшамова да әлем классиктерінің өз танымына жақын шығармаларын барынша шынайы, көркем түрде қазақшалап келеді. Мәселен Омар Хайямның жырын: «Алтын менен інжуді жалған байлық санадым, одан басқа байлықты таңдай алсам жарадым: жарқырақты таста да, ескіңмен жап тəніңді, жадау киіп жүріп те нағыз патша бола біл!» деп қазақша сөйлетсе, Алаш арыстарының дені аударма жасаған орыс ақыны М. Лермонтов өлеңін: «Жүдетсе өмір сынағы, Жүректі қайғы шайқамақ. Сонда бір ғажап дұғаны ішімнен тұрам қайталап. Жарылқайтұғын сол ма күш, тірі сөздерден үн ұшпақ, тұрады ол бізге бейтаныс киелі деммен тыныстап. Ауырлық кетті бір аунап, күдік те кетті, сенім кеп, Жалбарыну мен жылаудан жеңілдеп қалдым, жеңілдеп...», – деп өте сәтті аударған. Сағыныш ақынның өзге де тәржімаларын оқып отырып, оның өлеңнің өз перзенті екеніне шәк келтірмейсің. Жыр жалынын жүрегінде тұтатқан ақын біткен, өзгенің өлеңін ана тілінде сөйлетуге осылайша адалдық танытса керек-ті.
Хош, поэзия біреу үшін әдебиеттің жанры болса, қазақ халқы үшін өмірдің бүлкілдей соққан жүрегі. Жан жабырқаса, шаттанса, тірлік тақсіретін тартып, мерейі үстем болып шабыттанса да иісі қазақ жүрегімен ән салып, арқаланып жыр оқиды. Сондықтан да жырды өмір жүрегі деп таниды. Ал сол жүректің нәзік лүпіліне жан бітіріп, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген, жазары, елге берері әлі де мол Алаштың ақын қызы Сағыныш Намазшамованың өлеңдері ел жадында жатталар ғұмырлық жыр боларына да күмәнмен қарамаймыз. Тек, шабыты шалқар, тұғыры заңғар болып, қасиетті қаламы сақи ғұмырда серігі бола берсе екен деген жалғыз ғана тілек бар.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Дереккөз: "Жетісу" газеті