Несіпбек АЙТ: Шырылдап кетті бес ғұмыр
2019 ж. 06 ақпан
9142
0
МАСҚАРА!
Өртеніп өлді бес бала, О, сұмдық, неткен масқара! Жыламас бұған жәдігөй, Жібімес бұған тас қана. Қара түн алды – кешкі іңір, Іңірден зауал есті бір. Шыбындап біздер жүргенде, Шырылдап кетті бес ғұмыр. Сарайдан сарай саламыз, Не қылған соқыр санамыз? Өкіріп жатыр ата-ана, Өртеніп жатыр баламыз. Дауасыз сорға соқтыққан, Осының бәрі – жоқтықтан. Семіріп алған көп серке, Секіріп жүр ғой тоқтықтан. Қудала, мейлі шетке қақ, Жаңқалап, жарып отқа жақ! Қай қуыс, қайда барсаң да, Қаңғырып жүрген көп қазақ. Жоқшылық қана – үлесі, Халқымның көрген күні осы! Қашанға дейін жалғасар, Бай менен кедей күресі? Қаңғырып жүріп пәтерде, Ұрынды қаусап қатерге. Байқұстың мұнда үйі жоқ, Үйі жоқ және шетелде... Бойына арам боқ сінген, Шешеунік қанша тепсінген. Министр кетсін орнынан, Он алты мыңды көпсінген! Желкілдеп өсіп жетпей ме, Баласыз өмір көктей ме? Өртеніп ұрпақ өлгенше, Өртеніп дүние кетпей ме?!. Несіпбек Айт, Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, С. Сейфуллин атындағы мұражайдың директоры