Ақын Мылтықбай Ерімбетовке жерлестері құрмет көрсетті
2019 ж. 11 қаңтар
6066
0
Мақтаарал ауданында өткен салтанатты жиында Жетісай ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті журналисі, біріккен Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, Алматыда тұратын ақын Мылтықбай Ерімбетовке жерлестері құрмет көрсетті.
Жаңадан ашылған аудандық «Мақтаарал тынысы» газетінің алғашқы аяқалысына қаржылай және шығармашылық жәрдем көрсеткені, сондай-ақ Мақтаарал ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай Мәкең аудан әкімі Бақыт Асановтың Алғыс хатымен марапатталды.
Өз кезегінде ақын ауданның мерейтойы құрметіне өзі шығаратын, ел тарихы мен ардақты азаматтары жайлы баяндайтын «Мырзашөл» журналының 90 данасын жергілікті 90 ардагерге тарту етті.
Ақынның өзі туып-өскен Жетісай ауданымен де байланысы тығыз. Тәуелсіздік күніне орай Жетісайда өткізілген салтанатты жиында Мәкеңе аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың Алғыс хаты табыс етілді. Сонымен қатар ел мен жер тағдырына арнаған мақалалары мен публицистикасы үшін ақын «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Оңғарбаев жолдаған «Алпамыс батыр» төсбелгісімен марапатталды.
Өз кезегінде Мылтықбай Ерімбетов «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және ауылдық жердегі білім мекемелерінде этнографиялық мәліметтердің жетіспеуіне байланысты Жетісай ауданындағы мектептер мен балабақшаларға «Мырзашөл» журналының 360 данасын сыйға тартты. Мойнымызға қарыз болып қалмасын деген болар, өз кезегінде Жетісай аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы ақынға құрмет көрсетіп, санаторийге жолдама тарту етті.
Білген адамға бұл өзі ел-жұртпен араласу үлгі-өнегесінің жарасымды көрінісі болар. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген осы емес пе. Мылтықбайға жерлестері аман-есен болып, шығармашылығының өрлей беруіне тілектестік білдірді.
Айжамал Қоңырбаева,
Мақтаарал аудандық Әжелер алқасының төрайымы