ЕСТЕН КЕТПЕС ЕМТИХАН
2019 ж. 11 қаңтар
5458
0
Үздiкке қойылған «үштiк»
Қаламы жоқ жазбаған,
Көмбесi жоқ қазбаған.
Көз өттi ме, бiр күнi,
«Гостан» құлай жаздаған.
(Журналистiк фольклордан)
Журфактың өзiне жетерлiк аңыз әңгiмелерi баршылық. Бiрiншi курсқа оқуға түскендер сол адам айтқысыз аңыздардың арасында әбден малтығып қалады. Мұндай маңызды «мифтердiң» көпшiлiгi оқу бiтiрiп кеткендер немесе жоғары курстың студенттерi жайлы болып келедi. Сондайда тiлге тиек болатын жайттың бiрi – iлгерiде университеттi үздiк бiтiргелi тұрған үлгiлi студент Жұмабек Кенжалиннiң мемлекеттiк емтиханнан «үштiк» алып қалғаны туралы едi. Жалпы, оқытушыларымыз кезiнде өте жақсы оқыған шәкiрттерi жөнiнде әңгiмелеуден ешқашан жалықпайтын. Бәлкiм, оларды бiз сияқты бозөкпелерге үлгi еткiсi келетiн шығар. Кенжалиннiң кесiрлi «үштiгiне» байланысты мәселе де осындайда жиi қозғалатын.
Қай кезде де ақырын сөйлеп, анық басып жүретiн Жұмабек Кенжалин өмiрiнде бала болып «үш» алып көрмеген соң, мұндай әңгiме айтылмай қайтедi?! Кiлең «бестiктiң» арасына жалғыз «үштiк» жарбиып барып жайғасқаннан кейiн көптен күткен қызыл диплом аяқ астынан көгерiп сала берген де, оқу орнында оқытушылыққа қалуға тиiс таңдаулы түлек бұқаралық ақпарат құралына жiберiлген. Бiр қызығы, ол студент болғанына қарамастан Алматы қалалық кеңесiнiң депутаты екен. Оның үстiне, журфактың жалғыз Лениндiк стипендиясының иегерi болған көрiнедi. Ендеше, үздiктердiң үздiгiне «үштiк» алатындай не күн туды? Егер Жұмабек Кенжалин сол «үшi» құрғырды алмағанда, бұдан да биiкке жетер ме едi, кiм бiледi... Ол ендi басқа әңгiме. Бiрақ сол жылдарда төтенше жағдай саналған, көсем атындағы стипендияға кәдiмгiдей дақ түсiрген кеспiрсiз бағаның дақпырты әлi де басыла қоймаған-ды.
«Өзi де сабақты онша дұрыс оқымаған, тек беделi мен белсендiлiгiнiң арқасында жүрген пысық бiреу шығар? Әйтпесе, тым болмаса, «төрт» алмай ма?!», – деймiз бiз сырттай тон пiшiп. «Жо-жоқ, – дейдi ұстаздарымыз, – Ол шынында да жақсы оқыды. Сiрә, үлкендердiң өзара келiспеушiлiгiнiң құрбаны болып кеткен сияқты». «Баланың өзiнен де бар, – дейдi тағы бiреулер. – Тым пысықсынып кеткен ғой...».
Қазiргi өлшеммен алғанда, бұл – әңгiме етуге тұратын мәселе емес. Өйткенi, бүгiнде жылдар бойы елеусiз жүрген студенттердiң өзi топ-тобымен қызыл диплом иеленiп, қызара бөртiп кетiп бара жатады. Ал ол тұста оқу орнын үздiк бiтiру жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар шыққандардың ғана еншiсiне тиетiн.
Кейiн сол мемлекеттiк емтиханда «үш» алған, сол «үштiгiнен» күш алған Жұмабек Кенжалиннiң өзiн де көрдiк. Айбынды аға газет – «Социалистiк Қазақстанда» қызмет iстейдi екен. Өте мәдениеттi, сыпайы жiгiт көрiнедi. Бiз секiлдi ботатiрсек студенттердiң өзiмен адам құсап сөйлеседi. Бiр сабақтан «үштiк» алып, қолына қонып тұрған қызыл дипломнан қағылғанына қайғырып-қиналған адамға ұқсамайды. Қашан көрсең де, жайраңдап жүредi. Қызмет бабымен қаншама кездессек те, Жұмағаңның жанын жаралаған жалғыз «үштiктiң» жайын сұраудың ретi келе қоймапты.
Арада жылдар өттi. Бiз «Қазақ газеттерi» деген ақпарат мекемесiнiң басшылығына келдiк. Бұл – бiрнеше басылымның басын бiрiктiрген жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк. Өзi бiр қызық құрылым. Атауы «Қазақ газеттерi» делiнгенiмен, оның iшiнде бiрнеше журнал бар. Сондай-ақ, орыс тiлiндегi журнал да, ұйғыр тiлiндегi газет те – сол бiрлестiктiң құрамында. Бұрын осы серiктестiктi басқарған ол бiз келген сәтте «Ақиқат» журналының бас редакторы болып қызмет iстейдi екен. Бiрлесiп жұмыс жүргiзе бастадық. Мiнезi өте жайлы. Аралас-құралас болып кеттiк. Мен басқа қызметке ауысқан кезде Жұмабек Омарұлы серiктестiкке екiншi қайтара басшы болып тағайындалды. Бұдан кейiнгi қызметiмiз де бұрынғы мекемемiздiң тыныс-тiршiлiгiмен тiкелей байланысты едi. Әйтеуiр, онымен сыйластығымыз әлi күнге дейiн үзiлген жоқ.
Сондай күндердiң бiрiнде өзiм әлдеқашан ұмытып кеткен атышулы «үштiк» оқиғасы есiме түстi. Ой, бiз де сұраймыз-ау... Бүгiнде алпыстың асқарына шығып, аға буынның белдi өкiлiне айналған Жұмабек Кенжалин сонау жиырма жетi жасында алған үкiлi «үштiгiнiң» жай-жапсарын жайлап қана әңгiмелей бастады.
– Мемлекеттiк емтиханға дағды бойынша жан-жақты дайындалдым. Емтихан комиссиясының төрағасы – елiмiзге кең танымал ағамыз әдепкiде басын шұлғып, үздiксiз мақұлдап отырған сияқты едi. Бiр кезде комиссия мүшелерiнiң бiрi төрағаға бiр жапырақ қағаз жөнелттi. Соны оқыған төраға нiлдей бұзылды. Ақыры «үштiктi» қонжитты да жiбердi. Сiрә, ұстаздардың арасында өзара келiспеушiлiк болды-ау деймiн.
Жұмабектiң түйгенi – осы. Ары қарай көп ашылмады. Бiр есептен, бұл да дұрыс болар... Осы шағын «спектакль» кейiпкерлерiнiң бiразы қазiр Алматы қаласында тұрады. Әркiмнiң өз шындығы бар. Не болса да, iштерiнде шығар... Бiрақ бiздiң кейiпкерiмiз әлдеқашан ақсақалдық жасқа жеткен бұл кiсiлерден сәлемiн аяған емес. Жолыға қалса, жайраңдап жүздеседi. Осынау жүрегiндегi жабық тақырыпты үнемi айналып өтуге тырысады. Кейiн өзi де талай рет мемлекеттiк емтихан комиссиясының төрағасы болды. Өз басынан өткен осы жайттың студенттер арасында қайталанбағанын қалайды. Жас ұрпаққа жүрегiнiң жылуын ғана себедi.
Университеттi бiтiрген соң, «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң тiлшiсi, бөлiм меңгерушiсi болып қызмет iстедi. Осы екi аралықта «Зерде» журналының жауапты хатшылығына тағайындалды. Бас редакторы – алты алашқа танымал Ақселеу Сейдiмбек. Сол жылдарда Ақаңның басынан өткен қиындықтардың бәрiн көзiмен көрдi. Бiраз уақыт бас редактордың мiндетiн атқарды. Көп ұзамай елдiң бас басылымына қайта келдi.
Жоғарғы Кеңестiң басылымы – «Халық кеңесi» ақпарат кеңiстiгiне қанат қаққанда, осы газеттi шығару iсiн ұйымдастырушылардың бiрi болды. Әдепкiде бас редактордың орынбасары қызметiн атқарған ол кейiн редакцияның басшылығын қолына алды.
Жалпы, Жұмабек Кенжалин – қазақ баспасөзiндегi бағы жанған жiгiттердiң бiрi. Ол ел руханиятындағы орны бөлек «Халық кеңесi», «Қазақ әдебиетi», «Ана тiлi» газеттерiнiң, «Ақиқат» журналының бас редакторы болды. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығын иелендi. Бiрнеше басылымды шоғырландырған «Қазақ газеттерiнiң» тiзгiнiн ұстады. Баяғыда ұстаздары талайды дүрлiктiрген жалғыз «үштiктi» қоймай, қызыл дипломын бере салып, өзiн оқытушылыққа алып қалғанда, тағдыры қалай өрiстейтiн едi деген ой келедi кейде...
«Торғай таңының» тiлекшiсi
Ақырын жүрiп, анық бас,
Асықпай-ақ қалыптас.
Қағиданы осындай,
Қайталаудан жалықпас!
(Журналистiк фольклордан)
Оның өсу жолы кәдiмгi кеңестiк кезеңдегi белсендi баланың дәстүрлi өмiрбаянынан онша алшақ емес. Баршаға белгiлi көрiнiс. Ел алдында жүрген үздiк ұлан. «Қайыңдының» қарасирақтарының қадiрлiсi. «Қайыңды» дегенiмiз – Торғай облысы Арқалық ауданындағы шаруашылық. Бұл – сол ауылдағы мектептiң Мәншүк Мәметова атындағы пионерлер дружинасы кеңесiнiң төрағасы. Өзi о бастан қалалық үрдiске бейiм. Себебi, Арқалық iргеде тиiп тұр. Бала кезiнде журналистiктен басқа кәсiптi ойына да алған жоқ. Жетiншi кластан бастап «Қазақстан пионерi» газетiне мақала жазды. Мақала болғанда... көлдей көсiлген, даладай далиған, етектей дүниелер емес. Шағын ғана хабарлар. Бұл басылым сол жылдарда қысқа-қысқа материалдар топтамасын берiп тұрушы едi. Бала тiлшi соның нағыз маманы болып алды.
Кейiпкерiмiз тек қана «Қазақстан пионерiмен» шектелiп қалмады. Торғайдың таңы атқанға дейiн Қостанай облысының «Коммунизм таңы» деген газетiне де мақала жолдап тұрды. Оны айтасың, орта мектептiң жоғары класында оқып жүрген кезiнде «Лениншiл жас» газетiне үш-төрт материалы шықты. Беделдi бала тiлшi ендi бәрiн қойып, сын мақала жазып көруге бел байлайды. Ниет қылсаң, тақырып табыла кетедi ғой. Қып-қызыл сын мақалаға өзек боларлық нысанның қасында жүр екен. Бұлар оқитын мектептiң ғимараты өте ескi едi. Совхоз басшылары жаңа мектептi «әне салып беремiз, мiне салып беремiз» деп, жұртты уәдемен жарылқайтын да жүретiн. Сол уәденiң кепiлi ретiнде әлдебiр ордың қазылып қойғанына екi-үш жыл өттi. Сөйтiп жүргенде ана орға бiреу-мiреу түсiп кетсе, не болмақ?! Мiне, нағыз сынның материалы. Бала тiлшi төзбейдi ондайға... Сосын ол қолына қаламын алып, «Коммунизм таңына» шұғыл мақала жазады. Тақырыбын «Қазулы жатқан ор көрдiм» деп қояды. Батырлар жырын көп оқығанның әсерi. Сол атаумен жарық көредi. Бұл мақала ел-жұртты едәуiр шулатады. Бәлкiм, осының әсерi шығар, әйтеуiр сынға өзек болған ордың төңiрегiнде қыбыр-жыбыр тiршiлiк басталады. Жас тiлшi қазулы жатқан орға елдiң назарын аудартып, Орбұлақ шайқасында жеңiске жеткендей, мамыражай күй кешедi.
Кейiн Торғай облысы Қостанайдан бөлiнiп шығады. Арқалық қаласы облыс орталығына айналып, «Торғай таңы» газетi ашылды. Мектептiң жоғары класында оқитын, атышулы «Ор оқиғасының» арқасында өз аймағының оқырманына кең танылған Жұмабек Кенжалин газеттiң редакциясына арнайы келедi. «Торғай таңы» газетi ашылды деген соң бала көңiлi алаңдап, аңсары ауып, бармасына болмайды. Ондағы ойы – жұмысын жаңа бастап жатқан қызметкерлермен танысу. Журналист ағаларымыз қандай болады екен деген әуестiгi де басым едi. Редакцияның тыныс-тiршiлiгiн жақыннан көргiсi келдi. Бес қабатты ғимараттың бесiншi қабаты – нағыз қарбалас. Бiр бөлмеден бiр бөлмеге кiрiп-шығып жүрген қыздар мен жiгiттер. Жаңа қонысқа көшiп келiп жатқан соң, бәрi де айрықша көңiлдi. Солар бұған ерекше жандар болып көрiнедi. Бұдан соң жас жiгiттiң журналистiк жұмысқа деген қызығушылығы арта түседi.
Бiр сәтте алдынан көзiлдiрiктi, келбетi келiскен, бидай өңдi бiр кiсi қарсы ұшырасады. Ол әр бөлменi аралап көрiп жүр екен. «Иә, бала, қайдан келдiң?» – деп жөн сұрайды. Аты-жөнiн айтқан бұған: «Ау, Жұмабек Кенжалин деген сен екенсiң ғой», – деп айрықша iлтипат көрсетедi. Сөйтсе, бұл бұрын «Коммунизм таңында» қызмет iстеген, ендi «Торғай таңының» жауапты хатшысы болып бекiтiлген Сейiт Кенжеахметов екен. «Баяғы мақаланы қорытып, газетке дайындаған мен едiм ғой», – дейдi ол. Тоғызыншы кластың оқушысын жатсынбай, өзiмен тең санап, ересек адамша сөйлеседi. Содан екеуi кейiн ағалы-iнiлiдей араласып кетедi. Бұл әскерге кеткенде, Сейiт Кенжеахметовпен үзбей хат алысып тұрады. Жалпы, Сейiт аға тек Жұмабекке ғана емес, Торғай өңiрiндегi қолына қалам ұстаған жастардың бәрiне қамқор болды. Кейiн баспасөзде өзiндiк қолтаңбасын қалдырған Жетпiсбай Бекболатов, Мақсұтбек Сүлейменов, Болат Әлденов, Мылтықбай Ысмағұлов деген жiгiттерге жөн-жоба көрсеттi. Өзге ақпаратшылар да оның мектебiнен өттi.
Шәкiрттерi Сейiт ағаның ұқыптылығынан үлгi-өнеге алды. Ол кiсi ауылдан хат келсе, соны бiр қызметкерге тиянақтап тапсырады. Өзгелер секiлдi ұмытып кету оның әдетiнде жоқ. Өйткенi, әр хатта адам тағдыры бар екенiн жақсы түсiнедi. Хаттың әзiрлену барысын үнемi бақылап отырады. Егер бұл дүние газетте басылмайтын болса, оған берiлетiн жауаптың сапалы жазылуын қадағалайды. Журналистердiң оқырман алдында әдептi болуын еске салудан жалықпайды. Жұмабек журфактың қабырғасын көрмей тұрып-ақ, Сейiттiң сол тәрбиесiн санасына сiңiрдi.
Ол кезде Арқалық ауданында «По Ленинскому пути» деген газет орыс тiлiнде ғана шығатын. Қазақша газет болмағандықтан, тiлшi Жұмабек облыстық газетке бiр-ақ секiрдi. Оныншы класс оқып жүргенде «Торғай таңы» газетiнiң басшылығы ауысты. Белгiлi журналист Мырзабай Кеңбейiлов бас редактор болып бекiтiлдi. Барып-келiп жүрiп-ақ, бұл кiсiден үйренген үрдiстерi де баршылық.
Журфакқа оңайлықпен жол түспей тұр екен. Алғашқы жылы конкурстан өте алмай қалды. Содан ала жаздай Алматыны шарлап, ақыры «Қайыңдыға» қайтып оралды. «Торғай таңымен» байланысын үзген жоқ. Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбiлдiң бiр замандасы туралы «Торғай таңы», «Торғай таңы» дегендi зорға айтады», – деген баршаға белгiлi зiлсiз қағытпасына арқау болған осы басылымның тағылымы жеткiлiктi едi. Өңiрдi өркендетуге үлес қосқан бұл газеттiң де ұлттың ұйытқысына айналғанына дау жоқ-ты. Берекелi аймақтың қадiр-қасиетiн академик Зейнолла Қабдолов былайша бағалаған: «Торғай – ұлттың ұшқан ұясы болса, Қызылорда – қонған қиясы». Жұмабек Кенжалин сол ұлт ұясында жүрiп-ақ, қауырсын қанатын бекiтiп алды. Сондықтан, әлi күнге дейiн аттың басын Торғайға бұрып тұрады.
Мандат пен мiндет
Бала кезден зейiндi,
Бар жақсыға пейiлдi.
Бiрлесуге икемдi,
Басшылыққа бейiм-дi...
(Журналистiк фольклордан)
Оқудан құлап келген соң өзi оқыған мектепке жұмысқа тұрды. Алдымен спорт жөнiндегi әдiстемешi болды. Сосын бастауыш кластың мұғалiмдiгiне бекiтiлдi. Мақала жазуын тоқтатқан жоқ. «Қайыңды» совхозы – бес жүзге тарта түтiнi, елу мыңға жуық қойы бар iрi шаруашылық. Ауылдың «Аққайың» деген ансамблi бар. Оған жоғары класс оқушылары, өзi сияқты оқудан жолы болмай келгендер белсене қатысады. Себебi, өстiп қоғамдық жұмысқа үзбей араласып жүрсең, совхоз оқуға жолдама бередi. Совхоз директоры тәртiбi тиянақты балаларды сырттай бақылап жүредi де, жылына төрт-бес жолдама үлестiредi. Оларды шаруашылық есебiнен аттандырады. Бiрақ оқу бiтiрген соң, осында қайтып келiп, жұмыс iстейсiң.
Совхоз қанша жерден тегеурiндi болғанымен, журфакқа жолдама бере алмайды. Сондықтан басшылық мұны Қостанайдың пединститутына баруға көндiредi. Мектептiң жағдайына орай орыс тiлi мен әдебиетiнен сабақ беретiн маман керек. Осыны аман-есен бiтiрiп келсе, келешекте билiк бiртiндеп солардың қолына көшетiнiн айтып, үмiттендiредi. Шынын айтса, аса құлқы жоқ. Есiл-дертi – Алматы. Бiрақ әзiрге Алматының аулы алыс. Содан жолдаманы жамылып, Қостанайға тартты. Барса, Наурызым ауданының бiр жiгiтi емтиханға дайындалып жүр. Ақсары, жылы жүздi. Етi тiрi. Танысты. Жүнiсбек Сұлтанмұратов! Иә, бүгiнде баршаға кең танымал болған кәдiмгi Жүкең. Екеуi де емтиханнан оңбай құлады. Қай-қайсысы да соған қатты қинала қойған жоқ. Бiрақ екеуi де кейiн журфактың босағасынан аттады. Еңселi «Егемен Қазақстанның» мектебiнен өттi.
«Қайыңдыда» тағы бiр жыл жұмыс iстеп, әскерге кеттi. Солтүстiк Осетиядағы әскери бөлiмше елге қайтар кезде КазГУ-дiң журналистика факультетiнiң дайындық курсына берiлген жолдаманы қолына ұстатты. Сол тұста жаңадан ашылған дайындық курстары қазақ балаларының жоғары оқу орнына көптеп түсуiне жол ашты. Жұмабек – шаңырақтағы он төрт баланың бiрi. Үйдiң iшiндегiлер оның ауылда қалып, жұмыс iстегенiн қалады. Соған қарамастан бұл: «Ертең бауырларымды жетелейтiн мен боламын ғой», – деп әкесiнен рұқсат алып, Алматыға аттанды.
Бiрiншi курстан бастап сабақты үздiк оқыды. Емтиханды ылғи «беске» тапсырып, қатарынан оза шапты. Барша студентке арман болған Лениндiк стипендияға қол жеткiздi. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдi. Бiр күнi ол еңбекшiлер депутаттары Алматы қалалық кеңесiнiң депутаттығына ұсынылды. Университет ғимараты орналасқан Совет ауданы бойынша үздiк студенттердiң бiрiне арнайы орын бөлiнген екен. Соған Жұмабек Кенжалин таңдалыпты. Қалалық кеңестi айтасыз, ол әдепкiде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болып сайланып кете жаздады. Басында анкета солай жолданыпты. Осы анкетаны толтырып жатып қатты толқығаны есте. Жеме-жемге келгенде, шешiм басқаша болып шықты. Жоғарғы Кеңестiң депутаты етiп, Алматы халық шаруашылығы институтының үлгiлi студент қызын сайлауға ұйғарым жасалыпты. Болашақ журналист қалалық кеңеске сырғытылды. Барға қанағат, бұған да шүкiршiлiк, депутаттық мандаты қолына тиген соң, мiндетiн атқаруға бiрден кiрiсiп кеттi.
Үшiншi курста оқитын депутатқа айтылар аманат жеткiлiктi. Көбiне-көп университеттiң әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелерiне бас-көз болу тапсырылады. Оқу орнының айналасындағы бiрқатар жерге киоск орнатты. Мұқтаж студенттерге жатақханадан орын алып бердi. Билiк пен жастар арасына кәдiмгiдей дәнекер болды. Құрбы-құрдастары қалалық кеңестiң белсендi жас депутатын үлкен үйдегi халық қалаулыларынан кем көрмейтiн. Кейiн ақын iнiлерiнiң бiрi жазған «Мен Жоғарғы Кеңестiң, Депутаты емеспiн. Ауылыма барғанда, Қарсы алмайды менi ешкiм» деген өлең жолдарын оқығанда, соның бәрi күнi кешегiдей еске түседi.
Оқу бiтiрер жылы бiрнеше жерден шақыру келдi. Бiрiншiден, Торғай облыстық партия комитетi бiр маманды жiберудi өтiнiп, тапсырыс жолдапты. Екiншiден, факультет деканы Темiрбек Қожакеев: «Сенi Қазақ телевизиясының жастар хабарлары бас редакциясы қолқалап отыр, соған барсаң қайтедi?», – деп ұсыныс айтады. Үшiншiден, Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң аспирантурасына жолдама кеп тұрған көрiнедi. Оның көңiлiне қонған ұсыныс осы едi. Бiрақ жаңа ғана құрған отбасына, ауылдағы әке-шешеге қарайлап, оған да мойын бұра қоймады. Ақыры, Орталық Комитеттiң жолдамасымен «Социалистiк Қазақстанға» жiберiлдi. Аға газет жасынан көзге түскен бұған көптен зер салып жүрсе керек. Сол тұста бұл басылымда ара-тұра жас буынның өкiлдерiн қызметке тартып тұру дәстүрi бар едi. Ержұман Смайыл, Жүнiсбек Сұлтанмұратов, Жұмабек Кенжалин, одан соң Мақсат Тәжiмұратов... Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғаса бередi.
«Социалистiк Қазақстан» ол кезде Алматыдағы М.Горький және 8 наурыз көшелерiнiң қиылысындағы тоғыз қабатты ғимараттың үшiншi қабатын жайлап жататын. Үшiншi қабаттың адамдары басқаларға қарағанда аса байсалды едi. Жүрiс-тұрысы, сөз саптауы, мiнез-құлқы мүлде бөлек-тi. Ол сол ортада тәрбиелендi. Басында айтқанымыздай, Жұмабек Кенжалин бұл басылымға екi рет келдi. Бiрнеше бөлiмде қызмет iстедi. Өмiр тәжiрибесi мол ағалардың өнегесiн алды. Қадамы құтты болып, қаламы қайралып шықты.
Қаламы қайралған соң, оқырманға «Желкiлдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етiп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Саяси менеджмент және баспасөздiң жұртшылықпен байланыс мәселелерi», «Ер Жәуке мiнбегенмен алтын таққа», «Қалам қанаты» атты кiтаптарын ұсынды. Шығармашылығын жүйелi жалғастыра жүрiп, ғылыммен де айналысты. «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмдi қалыптастырудағы рөлi» деген тақырыпта диссертация қорғап, саяси ғылымдардың кандидаты атанды.
Кенжалиннiң қаламы қай салада да мүдiрген жоқ.
Басшылық пен байсалдылық
Жолынан ол жаңылмас,
Жұрты бекер бағынбас.
Жұмағаңнан асатын,
Жайлы бастық табылмас...
(Журналистiк фольклордан)
Қай басылымға келсе де, негiзiнен баспасөздiң ұйымдастырушылық фунциясын атқару маңдайына жазылған екен. Тоқсаныншы жылдардың басында Сарбас Ақтаевпен бiрге кеңестердiң тұңғыш және соңғы дербес басылымы – «Халық кеңесi» газетiн шығаруға жiберiлдi. Мұнда бастан-аяқ ұйымдастыру iсiмен айналысты. Бес жыл бойы оқырманмен қауышып тұрған газет жабылғанша сонда қызмет iстедi. Содан соң «Ақиқатқа» ауысты. Журнал ол кезде «Дәуiр» баспасына қарайтын. Бұл бiр аумалы-төкпелi кезең едi. Жалақы мен қаламақы айлап-жылдап кешiгетiн. Ұжымды тарықтырмау үшiн ара-тұра картоп, ұн, күрiш әкелiп таратты.Айлықтың орнына машинамен азық-түлiк келiп жататын. Әйтеуiр түрлi тәсiл қолданып, жұрттың көңiлiн аулады. Қазiргi журналистердi осыған сендiре аласыз ба?! Ендi қайтпек? Өйткенi, бас редактордың қаржыға иелiк етуге құқы болған жоқ. Қаржы-қаражат ортақ баспаның қазанында жатты.
Бiр күнi Ақпарат министрлiгi оны «Ақиқаттан» «Қазақ әдебиетiне» ауыстырды. Ендi ол қаламгерлердiң басылымын басқаратын болды. Бұл жерде де ұйымдастыру жұмыстары алдынан шықты. Етектей мақалалар сәл-пәл ықшамдалды. Әдебиетшiлердiң алдында тұрған мәселелер жиi көтерiлдi. Редакцияның көшпелi жиындары көбiрек өткiзiлдi. Қазақ қоғамындағы қаламгердiң орны жөнiнде ой толғайтын дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Бiрде Алматы маңындағы 70-шi разьездегi әскери бөлiмге барып, курсанттармен кездесу өткiзiп, оларға қазақ кiтаптарын сыйлады. Сол кезде бұларды қарсы алған басшылардың бiрi – бүгiнгi Парламент Мәжiлiсi төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант Абай Тасболатов едi. Ұлт жанашыры Абай Бөлекбайұлы бұл жиынды өте жоғары деңгейде ұйымдастырды. Елдi сағынған өрендер кiтапқа бас қойды. Мұндай жүздесулер кейiн бiрқатар жоғары оқу орындарында өттi.
Қос ғасырдың тоғысында бұқаралық ақпарат құралдары арасында қаржы қиындығы дендеп келе жатты. Кейбiр газет-журналдардың шықпай қалу қаупi төндi. Олардың жұмысын үйлестiретiн құрылтайшы мекемелердiң өзi басымен қайғы боп кеттi. Сол кезде министрлiк ұлт басылымдарын қайраңда қалдырмау үшiн тосын шешiм қабылдады. 1999 жылы «Қазақ газеттерi» акционерлiк қоғамы құрылды. Оның құрамына «Қазақ әдебиетi», «Ана тiлi», «Уйгур авази» газеттерi, «Жұлдыз», «Простор», «Ақиқат», «Мысль» журналдары енгiзiлдi.
Жаңа құрылымды басқару Жұмабекке жүктелдi. Жұрттың жүйкесi жұқарған мұндай кезеңде дәл осындай салмақты да сабырлы адам қажет-тұғын. Дағдарысқа қарсы күресетiн басшының (кризис-менеджер) мiнезi ала-құла болмағаны дұрыс. Бұл – тәжiрибеде талай рет дәлелденген нәрсе. Алдымен сiркесi су көтермей жүрген ұжымның бабын табуың керек. О бастан байсалдылық бойына дарыған Жұмабек өгiздi өлтiрмей, арбаны сындырмай, жайлап қана жұмысты жүргiзе бастады.
Ендi есепшот ортақ. Сол ортақ қазандағы азғантай қаржыны алаламай, бәрiне бөлiп беруге тиiссiң. Алдымен құжаттарды реттеп, орталықтандыру iсiн жолға қойды. Дүние-мүлiк түгелдендi. Iшкi аудит жасалды. Соның нәтижесi бойынша қыруар салық төлендi. Қаржы шаруашылығын ыңғайластырудың өзi жылға созылды. Екi-үш жылдан кейiн ғана тұрақты баланс қалыптасты.
Бұл тұрғыдан алғанда, Жұмабек Кенжалиндi жыртықты жамаудың шеберi деуге болады. Басылымдарға сырттан қаражат келмей қалған кезде, ол бар ақшаны берекелi етiп жұмсайды. Алдымен ақсап жатқан буынды реттейдi. Сосын қаржыны мысқалдап бөлiп, қалған жағын да жөнге келтiредi. Ақпарат құралының iшкi мәселесiн ешқашан жалпылық дау-дамайға айналдырмайды. Туындаған проблеманы ту етiп көкке көтермейдi. Бәрiн де баппен шешедi. Ұстамды, салиқалы, шыдамды. Сол жiбектей мiнезiнiң арқасында ілгеріде құрылған «Қазақ газеттерiн» қиындықтың қыспағына қалдыра қоймады.
Талай тартысқа түскен «Қазақ газеттерi» кейде Бальзактiң «Шегiрен былғарысы» секiлдi ауқымын тарылтып тұрады. Түрлi себептерге байланысты бiрқатар беделдi басылымдар басқа құрылымдардың қарауына кеттi. Оның есесiне, заман талабына орай «Экономика» газетi мен «Үркер» журналы қатарға қосылды. Осылайша Жұмабек шегiрен былғарының ауқымы азаймасын деп, мүмкiндiгiне қарай созғылайды келiп... Әрине, бұл серiктестiк – қызметкерлерiнiң аузынан ақ май, көк май аққан ақпарат компаниясы емес. Бiрақ көштен кейiн де қалып көрген жоқ.
Бiздiң кейiпкерiмiздiң ресми өмiрбаянына жазыла қоймаған тағы бiр елеусiздеу қызметi бар. Ол iлгерiде «Қайыңды» ауылындағы мектептiң мұғалiмдiгiне қабылданар алдында облыстық «Торғай таңы» газетiнiң редакциясында жарты жылға жуық курьер болып жұмыс iстеген. Үнемi қызығушылық танытып, жиi келiп тұрған соң, әрiптес ағалары оған осындай мiндет жүктеп едi. Жетпiс шақырым жерден күн сайын автобуспен қатынау қиынға соққандықтан, кейiн сол курьерлiктен қол үзген-дi. Бәрiбiр бұқаралық ақпарат құралдарындағы жемiстi жолын нақ осы қызмет бастап бердi.
Қалай десек те, «Торғай таңының» шабарманынан «Қазақ газеттерiнiң» бас директорына дейiн өсiп-өрлеген Жұмабек Кенжалиндi баяғы оқу бiтiретiн жылғы естен кетпес емтиханның әбден ширықтырғаны анық...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
qazaquni.kz