МҰЗ АСТЫНДА ӨКСІГЕН озендейін...
2011 ж. 19 қазан
2421
0
Исраил САПАРБАЙ
«Мне нужны руки, простертые ко мне».
Ницше
Неге көрдім мен сені, неге көрдім?
Көрген сайын келеді көре бергім.
Қай қара бұлт көк жүзін көлегейлеп,
Қайда барып көшімді шөгерермін?..
Неге көрдім мен сені, неге көрдім?
Қайтқан құспен қай жақтан ере келдің?
Қай ақпанда қалжырап қар астында,
Қай көктемде қайтадан көгерермін?..
Көрмегенім жөн бе еді, көрмегенім,
Көз жанарым шым батты-ау көлге менің...
Көл түбінде жатыр ма, кім біледі,
Бұрын-соңды жазбаған шерлі өлеңім...
Көрдім,
Қандым,
Шөлдедім,
Қаталадым...
Тамшысына зар болып ақабаның.
Енді қалай өзіңсіз өмір кешіп,
Енді қалай алаңсыз жата аламын?
Сені қайдам...
Сабыр жоқ менде, міне,
Ессіздіктің тап болдым ермегіне.
Көрмей жатып көзімнен ғайып болып,
Келмей жатып түсіме енгенің не?
* * *
Сені күттім,
Салтымен серіліктің.
Қу басымды қуалап құла дүзде,
Кеткім келді еліне Еңіліктің...
Қарайғанға ұрынып қаңбақ басым,
Жарым түнде кімдерге жалбақтасын?!
Сенсіз жұлдыз жұтылып түн жұртында,
Сенсіз күліп танакөз таң да атпасын!
Сен келмедің...
Аз ба еді сергелдеңім?
Көңіліңнен көзіме көл тамызып,
Ерініңнен жөн еді ем бергенің.
Сен келмедің...
* * *
Бір ауыз сөзбен сыздаттың жан-жүрегімді,
Түңгі лебіңді..,
Көрсемші таңғы реңіңді.
Жанарын жұмып сан жұлдыз,
Жоғалып Айым,
Қара бір жерге аспаннан жаңбыр егілді.
Қайдағы жаңбыр?
Құдай-ау, қайдағы бұлт?
Алдымнан шықсаң қайтеді жайдары күліп?
Баз кешкен жандай –
Басымнан айналып Үміт,
Жанымды келіп қайдағы жайлады күдік...
Жауабы тілсіз сан сұрақ санамды бөліп,
Тағы да, міне, ояттың таң алды келіп.
...Жұбатқан болдым өзімді,
Жұбатқан болдым,
Суаттан келіп су ішкен Маралды көріп...
* * *
Түсер ме едім соңыңнан шырақ алып,
Дерегіңді Алладан сұрап алып.
Дегбірімнің делбесін желге ұстаттым,
Деліқұлы десе де мына халық!
Десе десін!!!
Дертімнен айыға алман!
Туа бермес Айым да дәйім алдан.
Жүрегіме жүгінем жеме-жемде
Ақ-қарасын әрненің айыра алған.
Мейлі, мейлі, кетейін Мәжнүн болып!
Болар дейсің кімге азық аз күнгі ерік...
«Жаным...» десең жазылып кетер ме едім,
Құлағыма нәп-нәзік назды үн келіп...
* * *
Сыйладым саған өзімді...
Қабыл алғайсың.
Дәл мендей мына өзіңді
Сағына алмайсың.
Әсемсің және әселсің, шырын-шербетсің,
Арғысын білмей әуремін,
Тағы қандайсың?
Мен жоқпын енді өзімде...
Сенде ғанамын.
Қалықтап көкте,
Қаласаң, жерге қонамын.
Көгімде жүрсем – Періште кейпіне еніп,
Көзге ілмей қойсаң,
Елеусіз пенде боламын.
Мен бармын сенде, жарығым,
Ерте де кеште.
Бұл өзі ғажап, құдай-ау,
Ертегі емес пе?!
Бәрі де бәрі еркіңде: ебелек басым
Бүгін Шындыққа,
Айналса ертең Елеске...
* * *
Жүрегім сол баяғы...
Түр-өңім жоқ.
Жасайтын жан бар ма екен бір емін кеп?
Көзімнен күллі дүние бал-бұл ұшып..,
Өзіммен-өзім болып жүремін көп.
Жүрегім –
Сол баяғы жансебілім,
Жалғызым,
Жанашырым,
Жан серігім.
Бар-жоғын бал ашып та байқар ем-ау,
Қалды екен қарашықта қанша өмірім?..
* * *
Сен білмедің...
Бәлкім, мен сездірмедім
Сең сетінеп,
Кеудемде сел жүргенін.
Ауыздығын шайнаған арғымақтай
Қасат қардың қойнына жел кіргенін.
Салқын қанды Сазарған қалпың қалды.
Өкініш пе? –
Бір өксік алқымды алды.
Көне жұрттан үдере көшкен елдей
Көз ұшында көкжиек жалқындалды...
Сен мінбедің
Жезкеме, желқайыққа.
Желөкпе деп бұйырма енді айыпқа.
Желкенімді көтеріп жеті түнде
Жол-жонаспен жоғалам мен ғайыпқа
* * *
Сәулесі,
Сәні сан қырлы
Жоғалтып алдым жамбымды.
Сағымға еніп кетсең де,
Жадымда бейнең жаңғырды.
Жоғалтып алдым...
Сен, сенбе.
Сағымға мен де енсем бе?
Есімді жияр халде емен,
Айналып қайта келсең де.
Жоғалтып алдым...
Қайда ұштың?
Жұлдызды жұттым,
Айды іштім...
Жабағы бұлт жамылып,
Жапанда қалған байғұспын.
* * *
Шер ішсін, мейлі, у жұтсын
Шерменде көңіл:
Шам болып жанып тұрасың
Кеудемде менің!
Өшпесін жарық,
Көшпесін бақытым бастан.
Өзіңмен өткен өмірім,
Уақытым – дастан.
Білмеймін, қанша алдымда
Ғұмырым қалды...
Шам жанып тұрса кеудемде –
Тірімін мәңгі!
* * *
Сені ойласам, көзімде мұң жатады,
Таң алдында тәтті үнің тіл қатады.
Алып ұшқан көңілім алаңғасар
Сағыныштың көліне шым батады.
Сені ойласам, жанардан жас тамады,
Жалғыздықтан жазмышым жасқанады.
Жүрегім бе,
Тілазар тілегім бе –
Жұбата алмай жатамын жас баланы.
Сені ойласам, таң атып, күн батпайды,
Жұмағымды жұт жайлап, жын қаптайды.
Әншейінде бәсі жоқ бақыр ғұрлы
Әр күнімнің әр сәті қымбаттайды...
* * *
Көңілге көбелекше ұшу да арман,
Шарапты шаркесемен ішу де арман.
Толғанда Ай осылай туушы еді:
Болғанда түсің құба, тісің маржан.
Алла да әйел затын мүсіндегіш:
Саф таза сары алтындай ішің кеніш.
Өңіңде – жұрттың көзі жұттан бетер,
Ақынды тым болмаса түсіңде құш!..
Қол салып,
Бармақ малып омартаңа,
Балқиын қорғасындай қоламтаңа!
Пейіліме Пейіш төрі бұйырғандай,
Кешкілік кеп тұрайын қоналқаға...
Өзіңе осы отырған қалпым ғашық,
Кетпегей шырқау шыңға нарқың қашып.
Буыңа айдаһардай буын босап,
Жатсам-ау ақ төсекте алқымдасып!..
* * *
Көріктеніп барасың күннен-күнге,
Көбелектей көз салған гүлден гүлге.
Періштем де өзіңсің,
Талып барып
Таң алдында кірпігін ілген бірге.
Кермиығым,
Келістім,
Күлімкөзім,
Мен кешпеген ендігі ғұмыр да өзің!
Шымырлатып бойды алар Шымылдықта
Шербет кезің,
Бал кезің,
Шырын кезің...
Ақпан демей,
Күз демей,
Көктем демей
Жерден жеміс терейін,
Көктен мерей!
Жаннан артық көретін жалғызымды
Ылайым да Құдайым көп көрмегей...
Үр қызынан аумаған үлбір өңің —
Үкі көзді үргедек мың бір емім.
Уын ұрттап жатамын ләззатымның
Уысымнан шығармай түн жүрегін!
* * *
Сен де ауыршы мен ауырған аурумен,
Зәузатыңмен,
Жау-жатыңмен,
Аулыңмен!
Кеудесінде жүрегі бар жан болса,
Мен адамды көргемін жоқ сау мүлдем.
Ауыр сен де,
Бас көтермей құла, жат!
Құтқарады бір Аллаға мінәжат.
Жатсаң-тұрсаң жан-тәніңді шыдатпай,
Тамыр бойлап буынды алар бұл азап...
Руыңмен у жүтқандай, зәр ішіп,
Екі жағың қалсын, мейлі, қарысып:
Күн батқанша күлкі көрмей күрсініп,
Таң атқанша өзді-өзіңмен алысып!..
* * *
Сен болмасаң, жарығым, жан жарасын кім жазар?
Байғұс басым өмірдің базарынан күнде азар.
Қауқары жоқ әл-күштің, қаңбақыдай хал мүшкіл,
Ғазалыммен қан құстым, ажалыммен аңдыстым.
Қоңыр күздің қоламта мезгіліндей мең-зеңмін,
Хан басыма қарақан қайдан ғана кез келдің?
Енді менде ерік жоқ, құзырыңа құлаймын,
Таразының басында – бір қуаныш, бір қайғым.
Екі аяғым тұсаулы, екі қолым байлаулы,
Қысырақтың үйірі, арғымақтың қайда ауылы?
Ұйқы-тұйқы болғалы ұйқы шіркін бұл бастан,
Түндігімді аша алмай тұнжырайды түнгі аспан
* * *
Меңің қанша, қарғам-ау, қалың қанша?
Шоқ жұлдыздай, кәнеки, бағым жанса!..
Сол құрғырды шам жағып санасамшы,
Қара терге қансорпа малынғанша.
Төскейде ме,
Төс, кеуде...
Төменде ме...
Жасырасың меңіңді менен неге?
Моп-момақан мына түн моншақ көзді
Зеренге де симай тұр, өлеңге де.
* * *
Жартастың жақсы көрем жарқабағын,
Қолатқа қол артуға қорланамын.
Қанатын мұзға малған Мұзбалақтай
Келеді көктен жерге сорғалағым.
Өмірдің өткелегін жобаладым,
Менің де жоғалмасқа жоқ амалым.
Келеді аяулымның ақ жүзінен
Бір тамшы көз жасындай домалағым.
Несіне жердемін деп ісіп-кептім?
Хор қызын жүрмеймін бе құшып көктің?!
Пейілім Періштеге ауған сайын
Келеді Алла жаққа ұшып кеткім...
* * *
Сені ешкім де өмірде алмастыра алмайды,
Барым менен жоғымды жалғастыра алмайды.
Шартарапқа шарқ ұрған,
Жас баладай талпынған
Тағдырымның тамырын дәл бастыра алмайды.
Сен бөлексің,
Ерексің,
Жалғыз маған керексің,
Ерініңнің лебі ыстық іздеп келіп мені өпсін.
Жаз, көктемде жамалын жаңбыр жуған, шық шайған
Жеті муза жердегі —
Желбір-жекен желексің!
Сен деп туған ғазиз жан
Сен деп өлсе өкінбен.
Қанша алқалы болса да, аққусыз көл — жетім көл.
Машақаты — махаббат
Машайықтың бірі едім,
Жаппар ием, бар болсаң, жарылқай гөр бетімнен...