Нью-Йоркте қазақ әдебиеті мен мәдениеті форумы өтті
2018 ж. 05 желтоқсан
4273
0
Нью-Йорк қаласында 4-7 желтоқсан аралығында Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениет және әдебиетінің Халықаралық форумын өткізді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Форумның мақсаты – қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануы. Форум әлемдік қауымдастыққа қазақстандық шығармалармен танысуға және қазақ авторларының әлемдік жаһандық әдеби үрдіске бірігуіне мүмкіндік береді.
АҚШ-та өткен форумға «Парасат ордені» иегері Шөмішбай Сариев, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, танымал журналист Марат Тоқашбаев, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, белгілі тележүргізуші Майя Бекбаева және т.б. қатысты.
Форум аясында Қазақстандық кітаптардың тұсаукесері және «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» фотокөрмесі өтті.
Аталмыш форум бұған дейін Сеул, Лондон және Берлин қалаларында өткізілген болатын. Іс-шаралар аясында қазақстандық әдебиет, мәдени алмасу мен ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну, мәдениет пен өнер саласындағы мамандардың ұлттық идеясы шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру үшін көпфункционалды жұмыстар атқарылды.