Астанада моңғолиялық танымал ақын, жазушы, Моңғолия мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер, «Алтын жұлдыз» орденінің иегері Сұраған Рахметұлының шығармашылық кеші өтеді, - деп хабарлайды baq.kz.
Астанада ақын Сұраған Рахметұлының кеші өтеді
2018 ж. 25 қараша
2991
0
«Жан ғұмырым – Раушан» деп аталатын жыр кеші ақынның 60 жасқа толу мерейтойына арналып отыр.
Сұраған Рахметұлы 1958 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Әскери мектепті және Қорғаныс министрлігінің қасындағы Әскери саяси университеттінен тарих, философия мұғалімі мамандығын игерген. Сонымен қатар Моңғолияның Мемлекеттік Басқару академиясын – мемлекеттік менежер мамандығы бойынша бітірген.
Моңғолия Журналистер Одағының, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Тарихшылар қоғамының мүшесі.
1990 жылдан 1992 жылдары Баян-Өлгей аймақтық Жастар Ерікті одағында хатшы, «Темірқазық» газетінің бас редакторы, 1992-1996 жылдары аймақтық Қазақ радиосында редактор-тілшісі, 1996-2000 жылдары Аймақ Әкімінің Іс Басқармасының бастығы, 2000-2005 Моңғолия Қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы, «Шұғыла» журналының бас редакторы қатарлы қызметтер атқарды.
2005-2016 жылдар аралығында аймақтық Бұқаралық Ақпарат құралдарының, "Жаңа дәуір" газеті, «Шұғыла» журналының директоры.
Моңғолия қазақтарының «Қазақ этнос» клубының, Моңғолия Жазушылар одағы Баян-Өлгий филиалының төрағасы.
«Жұлдыздың лағыл елесі» (2000 ж), «Ақ тегершік» (2001 ж), «Өрен жүйріктің сілекейі» (2006 ж), «Түске оранған күз» (2011 ж), «Көгілдір шабыт» (2011 ж) т.б. жыр кітаптарының және «Құжырты құрбандары» (2004 ж), «Қобдаға асқан қоңыр ел» (2014 ж), «Оспан мен Чойбалсан» (2016 ж.) т.б. қатарлы тарихи еңбектердің авторы.
Оның қытай, моңғол, орыс, неміс т.б. тілдерден аударған еңбектері де біршама. Сұраған Рахметұлының өз өлең-жырлары да әлемнің бірнеше тіліне аударылған.