Үлкеннен де, кішіден де үйрендік
2018 ж. 29 қазан
4711
0
Ең алдымен оқырманды сыйла!
«Журналист ең алдымен жазатын тақырыбын әбден зерттеуі тиіс. Яғни, тақырыпты игеруі керек. Бұл үшін, әрине, жас тілшіге алғашқыда жетекшісі немесе ұстазы қандай бағыт-бағдар береді, істің сәтті сабақтасуы соған да тікелей байланысты болуы мүмкін»,– дейді С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей-кешенінің директоры, кезінде «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Қазақ Елі», «Шалқар» басылымдарында ұзақ жылдар еңбек еткен танымал журналист, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков. – Осындайда бір кезде өзіме өмір бойы сабақ тұтқан бір жайт еске түседі. Сонау тілшілік қызметке енді ғана кірісетін балаң шақта тапсырма алайын, тақырып алайын деп «Лениншіл жас» газетіне ең алғаш барғанымда, ондағы білікті жас журналистердің бірі, бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев ойлана келіп, мені Топырақтану институтына жіберді. Жасыратыны жоқ, іштей «апырай, мына кісі тым бір қиын шаруаға жұмсады-ау! Анау-мынаудың тісі бата бермейтін ондай жауапты істі қалай атқарамын!» деп тіксініп те қалдым. Әйткенмен, шегінуге жол жоқ, ойбай, Жәке, қолдан келмейді деп ат-тонды ала қашуға және болмайды. Содан аталған оқу орны туралы мәлімет жинап, алдын-ала қаруланып алу үшін қазіргі Ұлттық кітапхананы бетке алдым. Мұнда бірталай отырып, Топырақтану институты мен осы мекеме айналысатын ғылым саласымен тереңірек танысуға тура келді. Сөйтіп белгілі тақырыпты зерттеп, топырақтанудың не екенін бақайшағына дейін оқығаннан кейін ғана иститутқа бардым, мақаламды жаздым дегендейін... Бұл маған бір үлкен сабақ болғаны рас. Екінші рет Алматыға Аркадий Райкин келетін болды да, соны ести салып, атақты артиспен қалайда тілдесіп қалуға талаптандым. «Лениншіл жас», білесіз, журналистердің ғажайып ұстаханасы. Онда жас журналистердің ұдайы ізденіп, бірінен-бірі асып түсуге тырысып, тосын тақырып іздеп, небір тың формалар тауып, шарқ ұрып жүретін салт бар еді. Мен де бір орайы келе қалған іске іштей масаттанып, апта бойы тағы да сол әйгілі артист туралы мақалалар мен оның берген сұхбаттарын оқып, осынау кең танымал адамның өмірбаянына, өнеріне қатысты тың деректер жинап, сала құлаш сұрақтарымды дайындап бардым. Бірақ үш күн бойы о кісімен жолыға алмай жүріп, ақыры қазіргі Республика Сарайының сырт жағындағы қызметтік есіктің тұсындағы мыжырайған жаман ағаш орындықта отырып, сол кісіден жарты сағат сұхбат алғаным күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Расында оны басқа жерден ұстау мүмкін емес еді. Әйтеуір, ығытын тауып, репетициядан шығып бара жатқан жерінде ұстап, тілдесудің сәтін түсіруімді өзіндік бір ерлікке баласам да артық емес шығар. Қызығы, мақалам дайындалып, «Лениншіл жастың» бетіне түсейін деп жатқан кезде Орталық Комитеттен Райкин туралы бір де бір мақала жарияланбасын деген шұғыл нұсқау түсті де, «айды аспанға шығарам ба» деп үміттенген әлгі дүнием беттен алынып тасталды! Сонда бір мақала үшін қаншама дайындалып тер төккенім, кейіпкермен кездесу үшін екі өкпемді қолға алып зыр жүгіріп, табан тоздырған қыруар еңбегім зая кетті-ау деп қатты опынғаным да есімде. Кейін «Халық кеңесі» газетінде жүргенімде шығардым соны. Қарап отырсам, арада он бір жыл өткеннен кейін жарық көріпті Райкин туралы әлгі мақала. Дегенмен, жаман дүние емес екен, ондай нәрсе бәрібір ескірмейтін көрінеді, он бір жылдан кейін барып бір-ақ жарияланса да қуандым іштей. Аркадий Райкинді әжептәуір-ақ зерттеппін, оның айтқан әдемі ойларын тәуір-ақ кестелеген екем. Ең қымбаты да сол ойлар еді. Соны кезінде алып қалғаным үшін көңіл марқайды. Мұны айтып отырған себебім, журналиске ең бір керек қасиеттердің бірі – тақырыпты ізденіп жүріп табудың және оны ашу үшін көп зерттеудің пайдасыз болмайтынын еске салу ғой. Одан соң журналистикада көп айтылып жүрсе де, ұдайы ескеруді қажет ететін тағы бір қағида – жас маманның белгілі бір салаға бейімделуі. Мысалы, біреу өнеркәсіп тақырыбына жазғанды ұнатады. Екінші біреу ауылшаруашылығы саласын немесе экономиканы қалайды, үшінші тілшінің оң жамбасына хабар-ошар, күнделікті өмірде болып жататын алып-ұшқан жаңалықтарды жеткізу келуі мүмкін. Бірақ адам осылардың біреуіне мейлінше бейімделгені ұтымды. Жалпы, жастайыңнан-ақ өзіңнің қалаған тақырыбыңа көбірек барғаның жөн. Әлгі әмбебап болып, барлық тақырыпқа да барамын деу кейде журналисті шаршатады. Әрине, жан-жақты болу жақсы. Бір қарағанда, оның артықшылықтары да көп болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, түптің түбінде бәрібір ұтылыс табасыз. Себебі, істі жетік білмегеннен кейін дайындық осал. Содан атүстілік пайда болады. Тақырыпты ашылмайды. Діттеген нәрсеге терең бойлап бара алмайсыз. Ал енді «алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, белгілі бір саланың айналасында тұрақтап, оны терең дендей зерттеп дағдыланған адам өзі ұнатқан сол бағытта бірінен кейін бірін шығарып небір тартымды тақырыптарды аша беретін болады. Өз басым жиырма жылғы журналистік жұмысымда, негізінен, мәдениет, әдебиет өнер тақырыбын қаузаған екем. Қарап отырсам, ұдайы театрмен, шығармашылық одақтармен көп байланыста жүргендіктен де шығар, осы негізде талай іс тындырған сияқтымын. Одан соң байқағаным, өнер мәңгілік болғандықтан ба, осы бағытта айтылатын әңгіме де жерде қалмайды екен. Тіпті, Әдебиет, Мәдениет, Өнерімізге қатысты кейбір сұхбаттардың өзі кейін араға көп жылдар өткеннен кейін алып қарасаң, маңызын жоймайтын көрінеді. Оны қайталап еске алуға болады екен, қызығып оқуға болады екен. Журналист үшін ең бір керек шаруаның бірі – іссапар. Өйткені тек кабинетте отырып алып, жаза беру қисынға келмейді. Жұрттың бәрі ғұмыры теңізге түсіп көрмесе де, мұхиттар асты әлеміндегі небір таңғажайып оқиғаларды көзбен көріп, қолмен қойғандай суреттейтін Жюль Верн емес қой. Журналиске де керемет фантазия керек. Ондай таңғажайып қиял әлемі болса құба-құп. Бәрібір оған да қоса мына бүгінгі өмірдің бүлк-бүлк соққан қан тамырын қалтқысыз дөп басу үшін үнемі іссапарға шығып отырған жөн. Жолдар журналисті неше қилы адамдармен кездестіреді. Түрлі оқиғалармен ұшырастырады. Соның қайнаған ортасында жүріп, ол өзінің көптеген тақырыбын табады. Кезінде, негізінен, жастар газетінде еңбек еттім. Ол кезде журналистерге ұшақпен ұшып, мәселен, таңертең Алматыда отырсаң, түстен кейін Маңғыстауда жүретін жағдай болатын еді. Қазір де газеттердің жағдайы бірте-бірте түзеліп келе жатыр. Сондықтан журналистерді түрлі іссапарларға жиі-жиі жіберу газет үшін де, журналист үшін де тек пайдалы деп ойлаймын. Көп жүру керек. Ең абай болатын нәрсе – жалған ақпарат бермеу керек. Ол үлкен қателікке ұрындырады. Жаңсақ ақпарат кейде байқамай беріліп қалуы мүмкін. Кейде елемегендіктен немесе білместікпен де жарияланып кетуі ғажап емес. Мұндай олқылық журналистке де, оның газетіне де абырой әпермейді. Одан соң оқырманды аяу керек. Баспасөзге имандай сенетін көпшілікті сыйлау керек. Жалған ақпарат жарға жығады. Ешқашан да долбармен, осылай болар-ау деген жобамен хабар тарата салудан сақ болған жөн. Біле білсек, халықты алдау, оны шатастыру қылмысқа пара-пар. Кейбір тілшілердің өз пікірін, жеке көзқарасын дүбәра ақпарат арқылы таратып жіберетін сәттері кездеседі. Өз басым ондайға қарсымын. Өзің әбден көзің жетпеген нәрсені жеті рет өлшеп, соның анық-қанығына көзіңді жеткізбей тұрып жұртқа шығаруға мүлде болмайды деп есептеймін.Шеберлік талмай ізденумен шыңдалады
Қырық жылдай қаламгерлік сапында келе жатқан белгілі журналист, ақын Сайлаубай Тойлыбайдың да жас әріптестеріне берер үлгісі аз емес. – Кез келген шығармашылық еңбектегі шеберліктің көп оқу мен талмай ізденудің арқасында келетіні белгілі. Одан соң, әрине, сол бағыттағы белгілі бір адамдардың ықпалы ерекше орын алады. Мен университеттің журналистика факультетін 1972 жылы түгескен едім. Содан бастап, негізінен, газет жағында қызмет істеппін. Егер тәжірибелі журналистерден алған тәлім-тәрбие жәйін сөз қыла бастасақ, өз ісінің «сүйегін шағып, майын ішкен» дейтіндей небір ағалардың құлағын шулатарымыз анық. Мысалы, «Лениншіл жаста» талай нәрсенің жөн-жосығын үйретіп, кәсіп сырына баулыған Ырым Кененбаевты қалай ұмытармын! О кісі ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын-ды. (Қазір қарап отырсақ, бізге ересек көрінетін Рекең сонда жап-жас жігіт екен). Сол ағаның ықпалымен өндірістік-тәжірибеден өтіп жүрген студент кездің өзінде-ақ астықты Қостанай облысына іссапарға шығып, бірнеше материал әкелгенім бар. Ырым ағаның қағазға түсірген дүниелеріме қарап отырып: «айналайын, жазғаныңның бәрі жақсы, тек әлі де шеберлігің жетпей жатыр. Ұсынатын дерегіңді мірдің оғындай етіп жып-жинақы, жұп-жұмыр қылып беруге дағдылан. Мағынасыз көпсөзділіктен қаш. Және әр басылымның өзіне тән мәнері болады. Жастар газетінен жастыққа лайық еркіндік пен жігер лебі есіп тұрғаны жөн. Соны ескер. Көп оқы. Көп жаз!» дейтіні күні бүгінге дейін жадымда. Шынында да, албырт, балаң шақта адам өзінің көп кемшілігін аңдай бермейді ғой. Артынан әлгіндей кәнігі мамандардың ақыл-кеңесі бойынша өз нәрсеңді басқа дүниелермен салғастыра қарасаң, талай кемістігің бадырайып шыға келеді. Сол секілді кейінірек көз жеткізе түстік – әлгі тұста «ЛЖ»-ның тілшілері бірінен-бірі өтетін нағыз дарынды азаматтар екен ғой. Жарылғап Бейсенбайұлы, Жақау Дәуренбек, Несіп Жүнісбайұлы, Орысбай Әбділдаев сияқты мамандардың да шапағаты тиген бізге... Осы кісілерге қарап, солардың мақала, очерктерін оқып тәжірибе ұштадық. Жалпы, журналист адам ғұмыр бойы ізденуі керек. Одан соң қаламгер жазу үстінде өседі! Міне, осыны білдім мен. Қазір үйде бір қабырға кітаптарым бар және күнделікті баспасөзде жарияланып жататын жақсы дүниелерді іздеп оқуға тырысамын. Әлгінде айттым, журналистің шеберлігі күнделікті жазумен, оқумен, тоқумен артады. Баяғыда Жұматай Жақыпбаев марқұм: «жазуға күнделікті бір уақытта отыруға бейімдел! Тіпті, жазасың ба, жазбайсың ба, әйтеуір, отыр! Ең аяғы сурет салсаң да, белгілі бір мезгілде үстеліңнің жанынан табыл. Сонда ой-өрісің де сол уақытқа бейімделеді. Көп айтыла беретін шабыт та сол уақытта келеді» дейтін. Одан кейін марқұм Төлеген Айбергенов те өлеңді қарындашының сабын тістелеп, түйіліп, түнеріп, толғанып отырып жазып тастайды деуші еді. Мұны айтып отырғаным, бәрі әркімнің бейімделуіне байланысты ғой. Біреулер түнде жазады, әлдекім қаламға таң азаннан тұрып жармасады дегендей. Әйтеуір, әркімнің шабыты әрқалай келеді. Тегінде, жазу дегеніңіз таңғажайып өнер ғой! Адам бойына берілген керемет бір қасиет. Сол қасиетті ұштай білу, жетілдіріп отыру әркімнің өзіне байланысты шығар. Қазір өз ісіне жетік жас журналистер қатары көбейіп келеді. Маған олардың батылдықтары ұнайды көбіне. Тақырып аясы да соншама ауқымды олардың... Бірақ реті келгенде айта кетейік, бүгінде мен әлгінде айтып отырған ауылшаруашылығына байланысты дүниелер өте аз. Ауыл өміріне, атамекен тарихына қатысты толғамды дүниелер кенже қалып барады. Қазіргі нарықтық заманға қатысты қиындай түскен тұрмысты, ел өмірінің ащы шындығын ашып көрсететін мақалалар сирек. Мәселен, кезінде өзім өсіп-өнген ауылда мыңғырған мал да, жайқалған егін де... бәрі бар еді. Қазір соның бірі де жоқ. Орталықтағы клубтың шаңырағы да ортасына түскен. Қысқасы, жанды ауыртатын жәйттер жетерлік. Енді еңсені қалай түземекпіз? Жағдайды тез арада қалыпқа келтірудің жолдары бар ма? Көзді қиырға тігіп, өркениетті елдер қатарына қалай қосылмақпыз? Міне, осы бағыта жөн сілтейтіндей кәсіби, сүбелі дүниелер аз. Әрине, бұл үлкен олқылық... Әйтеуір, мұңы басым ауылдағы мектеп аман. Оған да шүкіршілік етесің... Ал егер, тауқыметті қоя тұрып, есею жолында ықпал еткен қаламгер ағайындар тізімін жалғастырар болсақ, Ақкөл Отарбаев сынды замандас еске түседі. Одан Қоғабай Сәрсекеев, Нұрғазы Шәкеев сияқты кісілердің де тәжірибесін көрдік. Әр қаламгердің, әр жетекшінің жазудағы, іс басқарудағы өзіндік мәнері болады екен. Соған қарап тәжірибе жинақтадық, ысылдық дегендей. Бертінде әйгілі Шыңғыс Айтматовтың өзімен дәмдес боп жүрудің, сырласудың сәті түскен. Ол кісі маған қаламын сыйлады. Сол туралы «Қастерлі қалам» деген өлең де жаздым. Шыңғыс ағамыздан көп нәрсені үйренуге болады. Мен о кісінің шығармаларын түгелге жуық оқыдым. Прозалық шығармаларымен қатар журналистік еңбектері де бір төбе. Бір байқағаным, Шыңғыс ағамыз талмай жазатын адам екен. Демек, оны даңқ тұғырына жанкешті еңбек арқасында жеткен деуге негіз бар. Осындайда өз істерінің шеберлік биігіне тек дарын қуатымен қатар маңдай тер арқылы жеткен курстастарым еске түседі. Мысалы, Ұлықбек Есдәулет, Қонысбай Әбіл, Нұртілеу Иманғалиұлы, Әшірбек Амангелдиев, Марат Әбдіхалық, Батық Мәжитұлы, Қуандық Түменбай, марқұм Сейітқұл Оспан секілді курстастарымызды лайықты мақтан тұтамыз. Қысқасы, журналиске ең керегі көп іздену, дамылсыз талаптану, тынбай жазу екен. Сонда біртіндеп шеберлік шыңына көтеріле бересің.Жазып алған Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz