Баураған бізді бір әлем
2018 ж. 28 қыркүйек
2572
0
– Студент кезімізде профессор Тауман Амандосов: «Журналистика қыздарға қол емес, өздеріңе лайықты басқа мамандыққа ауысып алыңдар» дегенді жиі айтатын. Бәлкім, бізді қайрайын деп әдейі айта ма, кім білсін. Біз көпті көрген ұлағатты ұстазымыздың сол сөзін қыздарды кемсіткендей көңілімізге ауыр алып, өкпелеп жүруші едік, – деп ағынан жарылады журналист-жазушы Заря Жұманова. Қарап отырсақ, одан бері де талай замандар өткендей. Тауман Салықбайұлының әлгіндей сөзді не үшін айтқаны бір өзіне аян. Қалай десе де қазір қазақта журналист қыздар жеткілікті. Тіпті, кейде бүгіндері бұқаралық ақпарат құралдарында ер азаматтардан гөрі әйелдер көп пе деп күдіктеніп те қалатын кездер жоқ емес. Бұл неліктен екен? Заңдылық па, әлде кейінде пайда болған айрықша құбылыс па?
– Алғашқы өндірістік практикамды Шығыс Қазақстан облысында өткіздім. Қазақстанның батыс өңірінде туғанымен, жастық шағы шығыстағы кенді Алтайдың бауырында өткен әкемнің бала күннен құлаққа сіңген әңгімелерінің әсері ме, сол өлкені бір көруге көптен құштар едім... Облыстық «Коммунизм туы» газетінің редакциясы жылы қабылдады.
Келе сала, Қытаймен шектесетін алыс аудандардың біріне іссапармен баратын болдым. Шет мемлекеттердің бәрін жау көріп, есік-терезені тарс жапқан кеңестік жүйе күшінде тұрған кезең. Шекаралық ауданға КГБ-ның рұқсат қағазынсыз өткізбейді. Біраз уақытым құжат реттеуге кетті.
Сонымен не керек, рұқсат қағаз қолыма тиісімен, жүрегім алып-ұшып, «АН-2» ұшағына отырдым. Салонда орыстың екі беті шиқандай семіз сары кемпірі мен қазақтың теке сақал қатпа қара шалы, сосын – мен. Шағын ұшақ әуе «шұңқырларына» тап болғанда, оңды-солды мөңкиді. Экипаж мүшелері кабина есігін тарс жапқан, бізбен ешкімнің ісі жоқ. Қарыны қабысып, қолындағы киіз қалпағына құр лоқсыған қара шал мен жер-дүнияны бүлдірген кемпірге қарап, менің жүрегім айнысын. Құр сүлдеріміз қалғанда аудан орталығына жеттік-ау, әйтеуір...
Маған жетекшілікке бекітілген бөлім меңгерушісі ауданға алдын-ала телефон шалып, арнаулы тілші баратынын, Алматыдан келген журналистің бұл жақта ешкімді білмейтінін жақсылап ескерткен. Ойда ештеңе жоқ, кеңсеге жетіп бардым. Итерсем, зілдей есік міз бақпайды. Әрі-бері өткен жүргіншілерден сұрастырсам, ауданның басшы-қосшылары бірі қалмай алыс Алматыдан білдей бір тілші келе жатыр деген соң, ауыл-ауылды аралап кетіпті. Шөп шабу науқаны қызып тұрған кез. Олардың қашан оралатыны белгісіз.
Сосын автобусқа отырып, таяу маңдағы ауылдардың біріне тартып кеттім. Бір ауылдан келесі ауылға өтерде, жол бойы тосып тұрған шекарашылар қадалып тұрып тексереді екен. Тура кинодағыдай. Қасқыр иттері арсылдаған, өздерінің түстері суық әскерилер тап қазір жау жансызын ұстап алатындай өзіңді сыртқа шығарып қойып, үсті-басыңды, көліктің ішін, қол-жүгіңді тінткілегенде, қорықпасаң да, бір түрлі бойың тіксінеді.
Қарға адым жердегі ауылға қас-қарая жеттік. Танитын ешкім жоқ. Аядай ауылға күнде келіп жатқан қонақ болмағасын, қонақүй дегенің атымен жоқ екен. Кеңсе есігін қол басындай қара құлыппен шықырлата кілттеп жатқан күзетші керең шалға қолда бар құжатымды көрсетіп, жалынып жағдай айтып, бір түнеп шығуға рұқсат сұрадым. Өзі де бір қырсық шал екен, шаққа көнді.
Уақыт мүжіп, шөге бастаған көнелеу кеңсенің шіри бастаған ағаш едені аяқ бассаң сықыр-сықыр етеді. Кезінде кәмпескеге ілініп, жер аударылған дәулетті әулеттің қарағайдан қиып салынған еңселі сарайы ма екен, кім білсін... Сірә, тозығы жеткен қаңылтыр шатырдың асты – жабайы көгершіндер мекені, әлде онда жарғанаттар жүр ме екен, әйтеуір төбеден естілген күбір мен тықыр түнгі тылсым тыныштықта тым үрейлі-ақ.
Ұзынды-қысқалы, ақсақ-тоқсақ ағаш орындықтарды қаз-қатар тізіп қойып, үстіне газет төсеп, білегімді жастанып, ұйықтауға жатқаныммен, кірпігім айқасар емес. Ойыма келмейтін бәле жоқ. Иесіз үйдің ішін жайлаған қорқынышты аруақтар... Пердесіз терезесі үңірейген қап-қараңғы бөлмеге түн түнегінен үңіле қараған құбыжық біреулер...Қалш-қалш, дір-дір етемін. Жүрек дүрс-дүрс. Менің мынау түрімді профессор Амандосов көрсе, «Жұманова! Сөзімнің растығына енді көзің жеткен шығар?» – дейтін шығар күліп...
Таңға жуық талмаусырай жатып көзім ілініп кетіпті. Оянсам, кеңсе қызметкерлері дабырлай кіріп жатыр екен. Ауыл басшыларының бірі менің үкінің балапанындай үрпиген түрімді көріп аяды ма, әлде ауылдарында дені дұрыс бір қонақүйі жоқтығына ұялды ма, маған: «Біздің үйге барып, жақсылап тынығыңыз. Келген шаруаңызға түскі астан соң кірісерміз,» – деді де, менің келісімді сұрамастан, «Қазір үйге облыстық газеттен келген тілші барады» – деп әйеліне телефон соқты. Дереу өзінің жүргізушісін шақырып алып, өзінің қызмет көлігіне мені отырғызып жіберді. Сасық темекісін мұрын астынан үздіксіз бұрқыратқан қартаң жүргізуші қақпа алдына мені қалдырды да, машинасының көк түтініне көміп кете берді.
Кең ауланың іші абыр-сабыр. Бір топ жас қыз дүрсілдетіп кілем, алаша, төсеніштерді қағып, біреулері шаңын аспанға көтере есік алдын сыпыруда. Жанталас тірлікті сырттай бақылап тұрып қалыппын, кенет үйден шыға келген ақсары арық әйел: “Әй, әке, адам бір қолын екі ете алмай жатқанда, селтиіп неғып тұрсың? Бар мына шелектегі қоқысты жылдам әне бір жерге апарып, төге сал да, тез үйге кіріп, айна, әйнектердің шаңын сүрт!» – деді әмірлі үнмен. Айтқанын екі еткен жоқпын.
Ақсары арық әйелдің ауызына тыным жоқ: «Жуылмаған кірлерді шүберекке түйіп, ана жерге тыға салыңдар», «Балалардың беті-қолын сабындап жуып, үстіне таза киімдерін кигізе қойыңдар. Қандай тәрбиелі, мәдениетті балалар деп ойласын», «Мойындарына галстук тағып, алдарына шахмат қойып беріңдер, зіркілдеп жүгіре бермей, соны ойнап тып-тыныш отырсын!..»
Сеңдей соғылысқан қыздар зыр жүгіріп, оның ауызынан шыққан тапсырмасын табан астында орындаймыз. Сен кімсің деп олар сұраған жоқ, мен де кім екенімді айтқаным жоқ. Бір-бірімізбен сөйлеспек түгілі, мұрын сіңбіруге мұршамыз жоқ. Әп-сәтте түс болып қалғанын аңғармай қалыппыз. Есік алдына гүр етіп машина келіп тоқтады. Үйден кербездене басып, гүл-гүл жайнап күйеуінің алдынан шыққан келіншек: «Келеді деген адамың қайда?» – дейді самбырлап. Түкке түсінбеген ағай: «Қойшы-ей, машинамен бағана жіберіп едім ғой. Сонда қайда кеткені?» – дейді таңғалысты үнмен. «Мен жанталасып, өліп-тіріліп, үйді тазалап қойсам. Гулялар бүгін аттестат алады ғой, кешкі концерттің дайындығына барамыз деп келген мына подругаларын жібермей, қыздардың бәрін жұмсап, әзер дегенде үлгеріп едім...» – дейді әйелі еңбегі еш болғандай өкінішті үнмен.
Жеңгейдің тапсырмасымен, ауызғы бөлмедегі сапырылысқан үлкенді-кішілі аяқ киімдерді реттеп жатқам, сырттан үйге кіріп келе жатып, мені көрген ағай: «Сен өзі алыстан келген қонақты да жұмсап қойғаннан саусың ба?» – деді әйеліне ала көзімен ата қарап. Сасып қалған жеңгей ақталған үнмен: «Ойбай-ау, қайдан білейін, мына қыздардың бірі екен деп қалдым ғой. Тілші дегенге үлкен адам ба деп ойлап ем...» – дей береді күмілжи.
Бір қорқытып, бір күлдірген алғашқы іссапарым әлі күнге есімнен кетпейді.
Қызығынан қиындығы мол журналистика атты әлемге еніп, өзім жан-тәніммен ұнататын мамандықтың ыстық-суығына төзгеніме биыл ширек ғасыр... Марқұм Тауман ағай айтқандай, шынында да, кез-келген әйел журналистиканың қиындығына шыдай алмайды. Ұзақ жыл журналист, жазушы болып, ел-жұртының құрметіне бөленген Жұмакүл Солтиева, Кәмилә Құдабаева, Шәрбану Құмарова, Шәрбану Бейсенова, Мағира Қожахметова, Сара Латиева сияқты апайлар санаулы-ақ. Өз басым оларды үлгі-өнеге тұтамын.
Біздің мамандық жұмыс уақыты біткен соң, зырылдап тұрған машинаны тоқтатып, алаңсыз үйге кете беретін тігіншілік емес. Жұмыста аяқтай алмаған қолжазбаны үйге әкелесің, сосын бала-шағаңның кешкі асын дайындап, ертеңгі киетін киімдерін жуып, үтіктеп, балаларыңың сабағын тексеріп, жұрт ұйықтап жатқанда, түні бойы жазу столында қазықтай қадалып отыратын да кездер көп болады.
Редакция тапсырмасымен апталап алыс аудан, шалғай ауылдарға баруға тура келеді. Сонда бір апта бұрын пісіріп, тоңазытқышқа салып кеткен тамағыңды салқындай жеп балаларың, киімі шала кір күйеуің сені үйде екі көздері төрт болып, сағына күтіп отырады... Жаныңа жалау болатын, түсінігі мол, жан-дүниесі бай парасатты ата-енең болса сөз басқа... Мен бұны болашақ журналист сіңлілерімді қорқыту үшін айтып отырғаным жоқ..
Ойлап отырсам, отыз жылдан аса уақыт ішінде журналистиканың барлық саласында өз күшімді сынап көріппін. Осы кезге дейін алған үлкенді-кішілі атақ, марапаттауларды санап қажеті не?!. Ең бастысы – ел көрдім, жер көрдім. Осы жылдар мен үшін адам тану, өмір тану жылдары болды.
Жолдамамен барып, мен жиырма жыл еңбек еткен Жезқазған өңірінде барар жер, басар тауы қалмай, редакциядан көмек сұрап келген талай адамның тағдырына араластым. Әділетсіздікке тап болып, жазықсыз жапа шеккен қанша адамның аянышқа толы әңгімелерін, ет-бауырым езіле тыңдап, сол адамдардың орнына өзімді қойып көріп, тап бір басымнан кешкен оқиғадай сезініп, талай түнді ұйқысыз өткізген кездерім де аз емес.
Сөз жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді деген рас екен. Не жазсам да көзіммен көріп, көңіл сүзгісінен өткізіп, ойланып-толғанып, әбден зерттеп барып жазуға тырысамын. Сосын ба, кезінде жазған дүниемнің қай-қайсы да ел-жұртты елең еткізіп, қоғамдық пікір туғызып, құзырлы мекемелердің құлағына жетіп, күрмеуі қиын мәселенің оң шешілуіне ықпал етіп жататын. (Қанша жамандасақ та, кешегі кеңестік кезеңде баспасөзде жарияланған сыннан қорытынды шығатын, қазір ғой, елге айтып жатсың ба, желге айтып жатсың ба, ешкім білмейді...). Мақалама кейіпкер болған қаншама адам кейін жақын туысымдай болып кетті. Әлі күнге мереке сайын телефонмен хабарласып, ізгі тілектерін айтып, іздеп келіп, қуаныш-тойларымызға ортақтасып жатады.
Кейде адамдар «көңілдің кірі айтса кетеді» деп, бірге туған бауырына, қойнындағы қосағына айтпайтын сырларын, жанын қинаған ойларын ортаға салып, шерін тарқату үшін келеді. Сол әңгімелердің көбі, бұдан бірер жыл бұрын жарық көрген, менің «Екіге бөлінбейтін келіншек» атты прозалық жинағыма арқау болды. Журналист болып бастап, бертін келе жазушылыққа ауысқан, мен жоғарыда аттарын атап өткен қаламгер апайлардың да кітаптарының кейіпкерлері өз ортамызда жүрген жандар екеніне күмәнім жоқ.
Журналистика есігін енді ашқан жастарға айтар тілек: «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болмай, қашан да қарапайым адамдардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаса екен. Біздің ата-бабаларымыз бұрынғы заманда ел іші болғасын ішінара кездесетін жағымсыз іс, ұятты оқиғаларды «Мал құлағы саңырау», «Айтқан жерде пәле жоқ», «Қызымның құлағына алтын сырға» деп әрі қарай өрбітпеуге, өршітпеуге, таратпауға тырысқан ғой.
Қай-қайсымыз да ұлтымыздың рухын оятатын ұлағатты істерді, жылт еткен жақсылықты жазуға асықсақ деймін.
Жазып алған
Құлан САҒАТҰЛЫ