Алаш арыстарының нағыз жоқтаушысы
2018 ж. 14 қыркүйек
4154
0
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет және архивтер басқарамасының ұйымдастыруымен белгілі журналист, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Қайсар Әлімнің «Міржақыптың оралуы», «Өз өрмегім» (екі томдық) , «Безінген ләйлек», «Қызбелдің Қайсары», «Әлім Қайсар» деп аталатын алты кітабы мен танымал режиссер Қалила Омардың осынау қаламгер өмірінен түсірген «Қалам киесі» атты деректі фильмінің тұсаукесері өткізілді.
Қайсар Әлімнің осы күнге дейін отыз төрт кітабы жарық көрген екен. Әсіресе, оның «Алашшыл жүрек», «Махаббат жыршысы», «Кәусар», «Мекке-Мәдинам менің!», «Сейілмейтін мұң», «Сыздамашы, жүрегім» деп аталатын хикаят, әңгіме, эссе жинақтары үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ, қаламгерддің таңдамалы шығармаларының сегіз томдығы қазақ әдебиетіне қосылған елеулі еңбек екені лайықты бағаланып жүр.
Жазушы шығармашылығының елу бес жылдығына орай өткізілген жиынға қазақтың зиялы қауым өкілдері, танымал ақын-жазушылар, журналистер, өнер майталмандары қатысып, Қайсар Әлімнің ерен еңбегіне орай құттықтау лебіздерін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып:
– Қайсар Әлім есімі оқырман қауымға ежелден таныс. Ел оның әрбір еңбегін қуана қабылдайды. Мына кітаптардың да үлкен олжа екені даусыз. Мысалы, «Өз өрмегім» деп аталатын қос томдықта қаламгер сонау 1964 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі әрбір күннің елеулі оқиғаларын, өзі көрген-білген қоғамдық жағдайларды, алған әсерін тиянақты жазып отырыпты. Және бұл жай ғана күнделік емес, үлкен, тұлғалы қаламгердің түйген серпінді ойлары. Сол секілді, қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Міржақыптың оралуы» деген еңбектің атының өзі баршамызды елең еткізері анық. Қаламгер кезінде сонау Карелия жерінен Міржақып ағамыздың мүрдесі табылған күннен «Егемен Қазақстан» газетіне хабарларын жариялай бастағанда күн сайын «Қайсекең енді не жазар екен?!» деп елеңдеп, тықырши күткеніміз есімізде. Сондай-ақ, Қайсар Әлімнің биографиялық өмірі мен шығармашылығы, мақалалары мен эсселері, әдеби рецензиялары, мерейтойлық арнау өлеңдер, ғұмырнамалық хаттар топтастырылған «Қызбелдің Қайсары» сияқты дүниелердің бәрі оқырманды бей-жай қалдырмайды. Қайсекең қаламынан бүгінге дейін отыз төрт жинақ туғанын ескерсек, мұның да кез келген қаламгер үшін зор үлгі-өнеге екені даусыз. Ендеше, қазақтың осынау еңбек торысына сәттілік, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Режиссер Қалила Омар:
– 1992 жылы ғалым Ғалым Әбсәметов Беломор-канал жеріндегі Майгубадан Міржақып Дулатовтың мәйітін тауып, ол Халықаралық сараптамадан өтіп, Міржақыптың денесі екені анықталғаннан кейін соны алып келуге аттандық. Осынау маңызды шараға республикалық «Егемен Қазақстан» газетінен Қайсар Әлім де барды. Бұ кісімен таныстығымыз сол кездерде басталған еді. Осы сапардан соң «Міржақыптың оралуы» деген деректі фильм түсірдік. Бұдан біраз бұрын кездесіп қалғанымызда Қайсарға:
– Өзің туралы фильм жасайық та, – деп ұсыныс айтып едім, журналист:
– Ойбай-ау, ол қалай болар екен? Киноға бас кейіпкер болуға моральдық құқым бар ма өзі, – деп күлді.
– Неге құқың болмайды?! – дедім мен. – Талайдан бері Тәуелсіз Қазақстанның осыдан жүз жылдан аса бұрынғы тарихын қузаумен жүріп, өзің де біртіндеп тарихи тұлғаға айналдың емес пе. Халықтық мүдде, ел игілігі жолында атқарған ісің ұшан-теңіз. Тұңғыш ғарышкеріміз, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров космостан алғаш оралғанда да бірінші сұрақты қойған сен емес пе едің? – деп өзіне қарсы сұрақ қойдым.
Міне, «Қалам киесі» деп аталатын туындымызға осыдан кейін кірісіп едік. Мұнда кейіпкердің бүкіл өмірі мен шығармашылық бейнесін ашып, оның еліміз Тәуелсіздігі жолындағы қызметін, Алаш арыстарының нағыз жоқтаушысы ретіндегі еңбегін, ұлт-азаттық қозғалыстардың тылсым ақиқатына терең бойлауын, жаңа Астанамыздың мәртебесін айғақтауын, басқа да отансүйгіштік ерекшеліктерін, жалпы, бүкіл қаламгерлік, зерттеушілік қырларын жан-жақты ашуға тырыстық.
***
Іс-шараны белгілі жазушы Жақау Дәуренбек жүргізіп отырды.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz