КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы Демімен тас балқытар оңтүстіктің аптап ыстығын алмастырған ақ нөсер толастар емес. Қоңыр, сары түсті тасқын су асфальт жолдың ернеуіне дейін шапши көтеріліп, арна іздегендей. Машина біткен баяу жылжиды. Ауа бұлыңғыр. Кешкі бес шамасында асығып үйден шықтық. Тездетіп темір жол вокзалына жетіп, «Отырар» поезына үлгеруіміз керек. Шетелдік машина сырғи сусып келеді. Шофер жігіт жылдам жүруден жүрексінетіндей. Ауылдағы апамыздың «Аспанның түбі тесіліп кеткендей ме, қалай?» деп ренжіген сәті елестеп, аздап күлімсіреп қойдым. Жаңбыр шелекпен құйғандай төпеп тұр. Вокзалға жетісімен өзіме тиесілі купені тездетіп тауып, ішке ендім. Қолсандығымды көтерісе енген шофер жігіт қоштасты. Менің орным екінші қабатта екен. Төменгі қабаттағы екі орынды қазақ келіншек алты-жеті жасар қызы екеуі еншілепті. Жөн сұрастым. – Астанада тұрамын, Қаржы министрлігінде қызмет істеймін. Қызымыз екеуміз «Сарыағаш» шипажайында демалып, үйімізге қайтып барамыз, – деп келіншек өзі туралы қысқаша мәлімет берді. Қалталы екені бірден мәлім болды. Кедей-кепшік алты-жеті жасар қызға жеке орын алмайды ғой. Мен өзім туралы айта бергенімде, көрші купеден: – Мамытбе-е-ек! – деген сыбызғыдай сүйкімді таныс дауыс естілді. Орнымнан тұрып, мойнымды созыңқырап қарасам – Әзілхан аға. Көптен бері көрмеген курстас достарымды көргендей қуанып кеттім. Купесіне жылдамдата еніп: – Әзаға, ассалаумағалей­кум! – деп сәлем бердім. Ұсын­ған екі қолымды алысымен, қалбалақтай құшақтап, алақанымен арқамнан еркелете қағып: – Еліңе қыдырып келіп қалдым, – деп Кентаудағы курс­тасы әрі «Махаббат қызық, мол жылдар» романының кейіпкері Меңтайдың жетпіске толған тойына қатысқанын үлкен ықыласпен, қызықты етіп әңгімеледі. Әзағаның орны төменгі қабатта екен. Қарсысындағы орынға толықша келген қара­торы өңді жас жігіт жайға­сыпты. Ол Павлодар облысы прокуратурасында қызмет істейтін көрінеді. Оңтүстіктегі ауылына демалысқа келіп, қайтып бара жатқан беті екен. Әзаға оған мені таныстырып: – Сен, айналайын, қинал­масаң, мына ағаңмен орын ауыстыр. Біз Алматыға жеткенше бірге болайық, – деп еді, жас жігіт бірден келісті. Поезд шығысты бетке алып, жүйткіп келеді. Әзағаның кезкелген тыңдарманын бірден өзіне үйіріп, баурап алатын қасиетін білетін мен іштей масайрай қуанып: – Әзаға, терезеден сыртқа көз салыңызшы. Табиғат-ананың мейірленген сәті-ау, сірә. Ақ нөсер ақын-жазушылардың асыл сезіміне ұқсап, бір толас­тар емес, – деп едім, ол кісі жас балаша жадырай күліп: – Теңеуің дұрыс-ақ, әйтсе де ақ нөсер ертең саябыр табады, ал ақын-жазушылардың сезімі мәңгілік емес пе? – деді тапқырлық танытып. – Кентаудан шығып, жолай киелі Ордабасыға соқтым. – Үш президентіміз шыққан биікке шыға алдыңыз ба? – Өкінішке қарай, шыға алмадым. Жүрегімнен қорықтым. Тәуекел деуге Ордабасының ұшар басы тым биік екен... – Қап, амал қанша? – деп өкіне үн қатып едім: – Өкінетіндей ештеңе жоқ. Оның есесіне жаңа шаңырақ көтерген екі жас нөкерлерімен мені қоршап алды. Қалай танып қойғанын білмеймін: «Әзілхан ата, бізге батаңызды беріңіз. Сіз жақсы кездестіңіз, жолымыз болады екен» деп екі жас, екі қос аққу қолдарын жайды. Елжірей еріп, бар ықылас-ниетіммен батамды бердім. Бәріміз суретке түстік. Бұл мен үшін үлкен олжа болды, – деді толқи тебіреніп. – Әзаға, ең олжалы болған – екі жас. Олардың ша­қы­рып келтіре алмайтын сіздей аталарынан бата алғандарын өздері де, өскен орта, ел-жұрт, ұрпақтарының ұрпағы ұмыт­пайтын болады. Мені де құт­тықтаңыз, – дедім қуаныштан көңілім тасып. – Сені не үшін құттық­таймын? Купеме шақы­рып алғаным үшін бе? – Жоқ, Әзаға, Әлішер Науаи бабамыздың: «Аз-аздан үйреніп дана болар. Бір-бір тамшыдан жиналып дария болар» дегеніндей, ана екі жасқа бата бергеніңіз мен үшін де үлкен олжа. Себебі, сіз маған ой сыйладыңыз. Алла-тағала ертең сіздің жолыңызды маған да нәсіп етсе екен деп тілек тілеп, толқып отырмын. Жаңа Ордабасы биігіне шықпағаныңызға көңілім қоңылтақсып еді, енді сіздің махаббат биігіне шыққаныңызды естіп, қайта шалқыдым. Бұл – қайталанбайтын сәт. «Біреуден күнә іздегенше, өнер ізде. Баққа кірсең, тікен тергенше, гүл жина» деген ғұлама сөз есіме түсіп отыр. Сіздің екі жасқа бата бергеніңіз – махаббат биігіне шық­қаныңыз. Одан асқан әлемде құдірет жоқ. Махаббат ал­дын­да шыңның шыңы да аласа... Бір кезде Баукең жайлы сыр тиегін ағыттық. Ол кісі көбіне мені сөйлетіп: – Мамытбек, Бауыржан ағаны сен менен де көп, менен де терең біледі екенсің. Оның себебі, жиырма бір жыл араластың. Бұл аз уақыт емес. Менде ондай мүмкіндік болған жоқ... Газет-журналдарда жария­ланған жазбаларыңның бірін жібермей оқимын. Оқи­мын да, тағдырдың әділдігіне сүйсініп, ойға қалам. Бір түйгенім, жақсылық ерте ме, кеш пе, әйтеуір жұрт назарына ілігеді екен. Бұған сенің Баукең ту­ралы жазғандарың дәлел. Қазір қанша кітабың жарық көрді? – «Ұмытылмас кездесулер», «Ақиқат пен аңыз» атты екі кітабым жарық көрді. Өкінетінім, Баукең таныса алмады. Тек 200 беттік тасқа басылған қолжазбамды ғана оқып, кей тұстарына түзетулер енгізіп, кей беттеріне ескер­ту­лерін жазып үлгерді. Ол қолжазба жеке мұрағатымда сақтаулы. – Сенің де кітаптарың халқымыз үшін таптырмайтын олжа. – Әзаға, сіздің үлесіңіз тіпті ерекше. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қоғамға бағынбайтын адам не аң, не Құдай» деген Аристотельдің сөзін келтіріп, «жазғыштар» Баукеңді жамандап жазды ғой. Шаршап, қажып жүрген сондай күндері, «Ақиқат пен аңыз» романыңызды жариялап, ол кісінің рухын көкке көтердіңіз. Бауыржан аға қайта қайраттанып, қайта түледі: – Қоғамға бағынбайтын адам төрт жарым жыл алғы шепте соғыса ма? Бұл – маған жабылған жала. «Қазақ әдебиеті» газеті менен кешірім сұраған жоқ. Кешірім сұра деп Ғабит, Сәбит ақсақалдық жасай алмады. Мейлі, ешкім кешірім сұрамаса да, мен кешірдім. Өзіме өзім қол көтергенде не ұтам? Тек бір рет Жазушылар одағына барсам, екінші қабаттағы фойеде Сәбит, Ғабит, Хамит Ерғалиев, Қуандық Шаңғытбаев, Сәуірбек Бақбергенов, тағы біраз ақын-жазушылар тұр екен. Жақындап барып: – Ассалаумағалейкум, Ғабит, Ассалаумағалейкум, Сәбит, Ассалаумағалейкум, Хамит. Енді амандаспаған қалды қай ит?! – деп бір түйреп өткенім бар. ...Баукең жарықтық тосыннан сөз тапқыш, алмас қылыштай алғыр еді ғой. – Сізге бір сұрағым бар. Қоюға рұқсат па, Әзаға? – Қой, рұқсат. – «Ақиқат пен аңыз» романын қалай жаздым?» деген мақалаңызда: «Мен Бауыржан Момышұлы атын өзгертіп алайын деп едім. Ол кісіні жанымдай жақсы көргендіктен өз атын қалдырдым» деген пікір білдірдіңіз. Олай деуіңіздің себеп-сырын қалай түсінуге болады? – Солай деп жазыппын ба? Қазір есімде жоқ. – Сіз алпыс жасқа толға­ныңызда, «Ақиқат пен аңыз» романыңыз Мемлекеттік сый­лыққа ұсынылғанда, «Жетісу» газетінде екі мақала жаздым. Оқыдыңыз ба? – Жоқ, оқығам жоқ. Өзің неге маған әкеп бермедің? – Сізді оқыған шығар деп ойладым. Баукеңнің тәрбиесі жарамсақтана бергізбейді ғой. – Оның рас, – деп Әзаға біраз кеңкілдей күліп, өз өмір жолынан, Ақбұзау ауылындағы қараусыз қалған үйі, иті туралы жан тебірентер, тіпті көзге жас алдырар эпизодтарды асықпай, рет-ретімен айтып бергенде: «Шіркін, диктофон болып жазып алғанда, дап-дайын шығармаға кенелер едім-ау!» – деп өкіндім. Әзағаның өмірі қым-қиғаш оқиғаға толы екен. Ол кісінің жазушы болуының себеп-сырын осы жолы терең түсінгендей болдым. – Сен енді өз өміріңнен сыр шертші, – деді Әзілхан аға бір кезде сыбызғыдай әсем де әуезді дауысын сәл созыңкырай өтініш білдіріп. – Мен де өзіңізге ұқсап тасбауыр жетімдік тағдырын тартып өстім, – деп сөзімді бастай бергенімде: – Қазақта жетім емес адам аз. Бұл – таңғаларлық құбылыс, – деп Әзекең ауыр күрсінді. – Сөзіңді бөлгенім үшін кешір, айналайын. Кәрі адам ұмытшақ келеді. Кейін айта алмай қалам ба, есімнен шығып кете ме деп қосарланып жатқаным ғой. Мен аздап езу тарттым. Ішімнен: «Қандай сезімтал, сергек жан?! Жасы сексеннен асып кетсе де ширақ. Бізге де сіздің жолыңызды бергей Алла тағала!» – деп іштей тілек тіледім. «Кеңшілік – бақша болғанда, ақпейіл соның гүлі ғой» деген ғұлама пікірін еріксіз есіме алып, толқи түстім. – Сөйле, інім. – Әке-шешем ерте қайтыс болып, мектеп бітірген соң, үйді құлыптап, Мүслім Дайырбеков деген кластас досымның айтуымен Шымкент қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде бір жарым жыл оқып, оны бітірісімен Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық инс­титуттың филология факуль­тетіне оқуға түстім. Сізге әлі күнге дейін ұмытылмай жүрген, есіме түскен сайын таңғалып, құпия сырына түсіне алмай келе жатқан бір оқиғаны ғана айтайын. – Құлағым сенде, інім. – Институтты бітіріп, жарты жылдан соң туған ауылыма барып, туған мектебімде ұстаздық жолымды бастадым. Жаңа шаңырақ көтергем, үй жоқ. Колхоз балабақшасының бір бөлмесінде тұрдым. Көктем шыға қарызданып жүріп, бағасы арзан, тозығы жетіп құлағалы тұрған екі бөлмелі үйді сатып алдым. Есігіміздің алдында тамақ істеп, нан жабатын тандыр ошағымыз болды. Жұбайым екеуміз үйдің сыртындағы бақшалықта помидор көшетін отырғызып, есік алдына келсек, жамағайын шал мен кемпір ошағымызды бұзып, тегістеп тастапты. – Онысы несі?! – деп Әзілхан аға шошына тіл қатты. – Білмейміз. Жұбайым: «Біз тамақ істеп, нан жауып жүрген ошақты бұзғандарыңыз қалай? Жас деп жас емессіздер, ата сақалы аузына бітті дерліктей кісілерсіздер» деп еді: – Шайтан жүр, содан кейін бұздық, – деді. – Олардың осы өрескел тірлігінің жұмбағын әлі күнге дейін шеше алмай келем. – Түкке түсінсем бұйыр­масын, мен мүлде таңғалып отырмын, – деп Әзілхан аға қабағын шытып, басын шайқады. – Алматыға көшіп келген соң, шал-кемпірдің өрескел ісін аралдық Жасарал Ілиясов деген ағаға айтып едім: – Қазақтың ырымында ошақты, бесікті, шаңырақты, босағаны, табалдырықты бұзбайды, – деді. – Бәлкім, ол шал мен кемпір ошағымды мені көре алмағаннан бұзған шығар, – деп едім: – Дұрысы солай-ау, шайтан жүр дегені жай желеу, – деді Жасарал аға. – Апыр-ай, бұл рас болса, тіпті сұмдық қой. Жаңа үйленген жастарға қастандық жасау деген – нағыз жауыздық! Оған дені дұрыс адам қалай барады?! – деп Әзілхан аға ашуланып, қаһарлы күйге енді. – Шайтан деген не деп шал мен кемпірден сұрамадың ба? – Сұрау ойымда да болмапты. Жыным келіп, көңіл күйім нілдей бұзылып, өзімді-өзім әзер бастым. Бірдемені бүлдірмей тұрғанда ертерек жоғалайын деп үн-түнсіз үйге кіріп кеттім. ...Алматының Панфилов атындағы саябақта қыдырып жүргенде Жасарал аға әлгі шал-кемпірді есіне алып: – Шайтан деп жеңілтек мінезді, ұстамсыз адамды айтады. Шайтан – қиялдан туған нәрсе. Сол себепті оның бейнесі жоқ, – деді. – Мен Құдайдың барына сенем. Сенетін себебім, адам – Құдайдан кейінгі құдірет­ті күш. Оның біз білмейтін қасиеттері көп. Сондықтан ауылыңдағы шал мен кемпірдің шайтан жүр деп ошақтарыңды бұзғаны – жай алдарқату. Құранда жазылғанындай, шайтан отқа жоламайды. Біздің Арал жақта ошаққа ешкім қол сұға алмайды. Тіпті ошақты бұзған күннің өзінде себебін айтып, дұға оқып: – Жаратқан Алла, бізді кешіре гөр. Ошаққа қоятын кінәміз жоқ. Мұны дұрыстап қайта салу үшін бұздық, – деп Құдайға жалынып, жалбарынады. – Кейін ол шал мен кемпір де, балалары да жаман өліммен өлді. – Міне, көрдің бе? – деп сұқ саусағын шошайта сөйледі. – Ошақ өте қасиетті. Оның қасиетті болатын себебі, ошаққа тамақ пісіреді. Дүниеде та­мақтан артық еш нәрсе жоқ. Барлық адам тамақпен ғана жан бағады... – Мұны айтқан кім? Кеші­рерсің, ұғыныңқырамай қалдым, – деп Әзілхан аға қызыға сұрақ қойды. – Мұны айтқан – Жасарал Ілиясов деген аралдық аға. Ол кісі: «Бала кезімде ауылымның ақсақалынан естіп едім» деп мына жәйтті баяндады. – Жаман сөзді есту де күнә, – деп бастады сөзін ауылымның ақсақалы. Көрдің бе, қандай тәрбиелік маңызы бар? – «Мұхаммед пайғамбарды қалай да күнәға батыру керек» деп кәпірлердің бір адамы түйеге мініп, жолға шығады. Соны біліп, Мұхаммед пайғамбар Жебірейіл періште арқылы Құдайға жалбарынып: – Мына кәпір маған жаман сөз естірткелі келе жатыр. Бұған не амал істеймін? – дейді. Көп ұзамай Алладан хабар жетеді: – Ол келе жатқан адамды дастарханға, асқа шақыр. Насыр (насыр деген кәпір деген сөз) есік алдына келіп, түйесінен түспей айқайлап, енді жаман сөзді бастайын деп тұрғанда, Мұхаммед пайғамбар: – О, тақсыр, түйеден түсіңіз. Шақырып тұрған мен емес, менің дінім емес, мына дастархандағы ас, – дегенде насыр түйесінен түсіп, дастарханнан ас жеп, рахметін айтады. Мұхаммед пайғамбарды бәле-жалаға қалдырам деп келген ол: «Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» деген сөз осындай құрметтен шыққан екен» деп, досындай болып аттанады. – Мен кейде балаларыма: «Қарақтарым, жаман сөзді сөйлеу түгілі, естудің өзі ұнамайды. Оны естігенде дене құрылысыңның тас-талқаны шығады. Тек байқамайсың. Оған үйір болмаңдар. Жаман сөзді ести-ести, ақырында сен де сол жамандық қоғамының мүшесі сияқты боп кетуің мүмкін. Тек тәрбиелік маңызы бар сөздерге ғана құлақ түріңдер», – деп ескертіп отырам. – Сол шал-кемпірге әлі таңғалам. – Шал ма, бала ма, «шайтан жайлап кетті» деп ошақты бұзғандардың өздері де, тұқым-жұрағаты да ешуақытта жақсы болмайды. – Жаңа тірлік жасап жатқан кезіміз ғой. – Қай нәрсеге болсын, қарама-қарсы күш бар. Мысалы, уды тапқан адам оны қайтаратын нәрсені де ойлап табады. Жалпы, ол шал мен кемпірдің саған қастандық жасағаны – өздеріне қастандық жасағаны. Дұрыс айтады. Жасаралды мен де білем. Үйіме бір-екі рет келген. Ойлы, өмірге өзіндік көзқарасы, бет-бейнесі бар азамат. Әттең, жасым ұлғайып кетті, әйтпесе, Жасарал туралы тамаша кітап жазуыма болар еді. Сен жақсы есіме салдың. Мүмкіндігіңе қарай уақыт тауып өзімен сырлассаң, көп жайға қанығар едің. Бәлкім, кітап та жазарсың. Ол – кейіпкер болуға әбден лайықты ер. Менің жағдайым «Өңкей жастың ішінде қария болар тез жетім» дегендей ғой, – деп Әзекең жұмсақ жымиып, маған барлай қарап қойды. – Бауыржан Момышұлы ағаның сіз туралы айтқан пікірін тыңдағыңыз келе ме? – дедім мен тақырып арнасын кілт өзгертіп. – Иә, келеді. Тыңдайын, мен туралы ол кісі не деді екен? – деді кеудесін тіктеп, қараторы өңі нұрлана күлімсіреп. – Баукең амандық-есендік сұрасқан соң: – Әнеукүні Әзілханды соғыпты, естідің бе? – деді. – Естідім. – Оны ұйымдастырып жүрген кім болды екен? Бұл «Әзілхан Бауыржан туралы роман жазып қойды, мен неге жазбадым?» деген іштарлық қой. Жазамын дегеннің қолын қағыппын ба? Меніңше, Әзілхан жеңілмейді. Мұны айту себебім, әнеукүні «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ақиқат пен аңыз» талқыланды, қайта басылсын деген шешім қабылданды» деген хабар шықты. Оқыдың ба? – Оқыдым. – Аналар талқылауды ұйымдастырғанда қайта басылмасын дегізбекші. Ал «Социалистік Қазақстан» газетінде әлгіндей хабар берілді. Меніңше, Әзілханның «Социалистік Қазақстанмен» байланысы болуы керек. Ол –Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің органы ғой. Талқылауда Әзілхан: – Сын пікірлеріңізді ескерем. Баукеңмен қайта сөйлесіп, романымның кейбір жерін толықтырам, – деген көрінеді. Біраз күн өтті, Әзілхан тым-тырыс. Сірә, ол талқылауды мен ұйымдастырды деп жүрсе керек. Сен, егер жолықсаң, түсіндіріп айт. Баукең маңдайын ұстап, ойға шомды. Әлден соң: – Қарағым, адамның екі негізі бар; бірі – мінезі, бірі – құлқы, – деді толғана сөйлеп. – «Ей, мынаның мінезі жаман, бір анадан ала да, құла да туады» дейміз ғой. Бұл – табиғат заңы. Себебі, мінез әркімнің ана сүтімен пайда болады, ал құлық – орта, қоғам жемісі. Әркімнің табиғат берген мінезі есейе келе оның құлқына айналады. Құлық біреуді жақсы, біреуді бұзық етеді. Мысалы, мен өз пайдамды іздеген кісі емеспін. Мұным тұрмыстық көзбен қарағанда – қайғы, ал менің көзіммен қарағанда – қуаныш. Адамдардың үлкені бар, кішісі бар, ақылдысы, ақымағы бар, есі кіргеннен бастап, өз орнын іздейді. Көбі тапсам деп таба алмастан кетеді. Кейбір кісілер жиырмаға жеткенде-ақ өз орнын табады, кейбір кісілер сексеннен асса да орнын таба алмайды. Нағыз қайғы осы... – Мұны неге айтып отырсың деп сұрақ қой. – Мұны неге айтып отырсыз? – Көптен бері менімен әңгімелесіп жүрсің, қарағым. Жазғандарың әзір жарық көрмейді. Сенің бірінші қарсыласың – әлгі топ, екінші қарсыласың –Әзілхан. Мүмкін, Әзілхан іштар кісі болмай, кең болса, «Е, менің жазбай кеткенімді сен жазыпсың, рахмет!» деп қуанар, қолдар. Ал іштар болса, кедергі жасайды. – Баукең кілт өңін суытып, бірақ сабырлы, салмақты үнмен: – Шыңға шығу үшін кең жол, тар жол, ирек-ирек жол бар, – деді жанарыма тік қарап. – Жұрт кең жолға құмар. Бірақ ол әркімге бұйыра бермейді. Сол себепті еңбектеп жылжуыңа тура келеді... – Баукеңнің сізге берген бағасына келісесіз бе? – Келісем. Мен саған сырттай тілеулес болдым. Тек бір рет телефон соғып: «Мені қызғанасыз» деп біраз сөз айтқаныңда, «Мұнысы несі?» деп ренжігенім бар. – Ой, ағасы, мен сізге қызғанасыз деп телефон соғыппын ба? Ол – өтірік. – Әлде сен болып біреулер бір-бірімізді араздастыру ниетпен телефон соқты ма екен? Әй, шамасы солай-ау. – Әзаға, жол үстінде келе жатырмын, мен сіз туралы титтей жаман ойда болған емеспін. Оған дәлелім – сіздің шығармашылық жолыңыз туралы екі мақала жазғаным. Өткен жолы өзіңізбен бірге теледидардан Баукеңнің туғанына 100 жыл толуы құрметіне сөз сөйледік те ғой. – Сол жолы сені ғана таңдадым. – Ол қамқор көңіліңізге рақмет!

qazaquni.kz