Әкім Тарази: Жазушының шын бағасы уақыт өткен кезде келеді
2018 ж. 04 қыркүйек
6926
0
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург Әкім Тарази биыл 85 жасқа толып отыр. Осыған орай жазушы, драматург, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің иегері, Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Әкім Үртайұлы Таразиден сұхбат алған болатынбыз.
- Халық даналығында мүшел деген жас бар. Әкім Үртайұлы, жасыңыз сол мүшел жастың бірі 85-ке толды. Айтыңызшы, 85 деген қандай жас екен? Өткен ғұмырыңызға көз жіберсеңіз, өміріңізді өзгерткен ерекше әсерлеріңіз ретінде нені айтар едіңіз?
- Шынымды айтсам, мен өзімді 85-ке келдім деп мүлдем ойлап жүрген жоқпын. Көңілім баяғы, жас кезім сияқты. Кейде таза ауада серуендеуге шығып, жүгіріп кететінім бар. Сосын кейде ойлаймын, менің сыртымнан көрген біреу күліп тұрған жоқ па деп? 85 дегенде бір қарағанда әрине, үлкен жас. Ал бір жағынан адамның жаны қартаймайтын сияқты. Өмірде қиыншылық көрген кейбір достарымның ерте қартайып кеткенін мен көргенмін...
Мен өз жасымның есейгенін мойындағым келмейді. Алдыма мақсат қоя білдім. Бастапқыда қарапайым жазушылардың бірі болғым келді. Уақыт өте дәрежелі жазушы болсам деп армандадым. Құдайға шүкір, оған да жеттім. Мен тағдырыма ризамын! 7 томдық романым бар,13 пьесам бар барлық театрларда қойылды. Шет тілге аударылды.
- Жазушының шын бағасын халық береді. Өзіңізге сын көзбен қараған кездері басты кезекте нені ескересіз?
- Жазушының шын бағасы уақыт өткен кезде келеді. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой «Война и мир» шығармасы шыққаннан кейін таныла бастады. Кезінде оны сынаушылар көп болды. Сол себептен Толстойдың өзін-өзі мойындамаған. Дәл осы шығармасы шыққаннан кейін де сенбей жүрді. Оның «Казаки», «Севастопольские рассказы» деген классикалық шығармалары да шоқтығы биік туындылар қатарында саналады. Ол өзінше көрген-білгенін ғана жаздым деп ойлаған. Он жыл өткеннен кейін газеттерге шыға бастаған соң, сене бастайды. «Мен шынымен де үлкен жазушы» екенмін ғой» деп ойға қалған екен.
Сіз Мағжанның шығармаларын тағы бір қайталап оқып көріңізші. Қыршын кеткен Мағжанның қоғам санасын серпілтер тың дүниелері жүрегіңізді тербетеді. Ойға салады. Ол – әдебиетімізді осыншалық көркемдік биігіне жеткізген ақын, дарынды жазушы.
Біздің қазақ халқында қатып қалған бір түсінік бар. Ғалымдар оны «психологиялық барьер» деп атайды екен. Әлдебір француз немесе жапон жазушысының шығармасын оқып, онда терең мағына бар екен деп іздей бастаймыз. Ойы таяз жазылған сондай бір дүниелерді оқып, керегімізді алғанды жақсы көреміз. Шын мәнісінде мағыналы шығарманың авторы өзіміздің қаракөз балалар болса, оны менсінбеуге бармыз. Дәл осы жағдайды мен Мағжан мен Жүсіпбек шығармаларын оқығандардан естіп қалдым.
Сіз білесіз бе, жазушылар деген қызығушылыққа құмар келеді. Шындығында келгенде, дарынсыздар ғана өзін-өзі мақтап, көшеде айқайлап жүреді. Үлкен жазушы өзін сынаудан ешуақытта қорықпайды.
- Халық махабатына бөленген қаламгер достарыңыз сізді және ел-жұртын қазір несімен қуантып жүр? Ең көп сырласатын, тебірентетін достарыңызбен болған қызықты әңгімелеріңізбен бөлісе кетсеңіз.
- Мен достарымды өзім таңдағанмын. Қалихан Ысқақты дос ретінде тарттым. Өзім таңдап жүріп, Сайын Мұратбековты, Рамазан Тоқтаровты, Амантай Сатаевты қасыма жақындаттым. Рамазан Тоқтаровты қатты сынайтынмын. Эскимос халықтардың өмірі туралы жазған «Солтүстік шұғыла» атты шығармасын қатты сынға алдым. Жарамайды дедім. Үш айдан кейін хабарласты. Шығармасын қайтадан жазған екен. Оқып шығып, риза болдым. «Енді сен жазушысың» дедім. Сондай қаталдық арқылы достасу деген ең жақсы достасу.
- Еліңіз сізді жазудың жілігін шағып, майын ішкен қас шебер ретінде таниды. «Ең ұлы жаңалық – жазу» деген Әбіш атамыздың да айтып кеткен сөзі бар. Жазудың құдіреті сізге не берді?
- Жазу оңай емес. Кейде жадырап жүремін. Кейде қабағым түсулі. Әдеби образ жасау үшін әр автордың өзіндік амал-тәсілдері болады. Жазушының күнделікті қолданып жүрген бұндай әдістемелері драматургке қарағанда молырақ болып келеді. Авторлық түсіндіру, суреттеу деген бар. Бір кейіпкердің екінші кейіпкерге беретін мінездемесі әдеби образ жазуға себін тигізеді. Драматургтің қолданатын бір ғана қаруы бар. Ол – сөз қаруы! Сөз құдіреті!
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың шығармаларын ерекше ынтамен оқисың. Кемеңгер жазушы сахнаға сомдаған кейіпкерлерінің сөзін басқа бір кейіпкерлерінің сөзімен шатастырмайды. Әрбір кейіпкер өзінше бір әлем.
Кейде бір ойлар келеді. Егер мен ұстаз мамандығын таңдаған болсам, елінің болашағын сүйрейтін жастарға оқитын дәрісімді өзімдік амал-тәсілдерді қолдана отырып, бастар едім. Әсіресе, сөз құдіреті, шеберлік сабағына классикалық туындыларды оқыту керек деп санаймын. Мәселен, А.П. Чеховтың «Мужики» деген әңгімесінен шеберлік дәрісімді жоспарға енгізіп қоямын. Сөйтемін де, әңгімені басынан аяғына дейін көркем шығарманы қалай талдау қажеттігін үйретемін. Ол әңгімеде қандай мәселелер көтерілді? Маңызы неде? Жастарға берер қандай үлгісі бар? Дәріс берерде осы жағын қамтуды ескерер едім...
Сайын Мұратбековтың «Отау үй» деп аталатын әңгімесі де мықты жазылған. Ұтымды жазылған. Міне, жазудың құдіретін осылай түсіндірер едім.
Ал, мендегі жазу құдіреті менің қаламгер екендігімді мойындатты. Қазір оқырмандарды қарапайым мысалмен таң қалдыра алмайсыз. Ешбір оқырман оны керек етпейді де. Әдебиеттегі жазудың құдіреті маған ғылымдағы механикалық физика мен кванттық физикада жүргендей әсер береді.
- Бір жазбаңызда ұлтқа бөлінуді қиын сәттің драмасы депсіз.
- Тоқырау тосқауылдың бұзылғанына қаншама жыл өтті. Тарих шіркіннің өзіне бөлінген дәуренді тәмамадап, өзі тәрбиелеген жаңа буынға үйрене алмай жатқаны мені қынжылтады. Әлі де сол «көне музейдің» көлеңкесінде жүреміз. Уақыттың тыпыршып, өтіп жатқанын байқамай да қалып жатырмыз.
Қызметінің қыр-сырын меңгерген ұлты бөлек азаматты шетке шығара салатан әдеттен арылмай келеміз. Оның ұлты «еврей» ғой дейміз. Өзімізді де өгейлердің қатарында ұстаған қоғамды әлі қорғаштап қоямыз. Сырымызды біліп қоймасын деп еврейлер жүреді қымсынып. Бізді де өгейсінген қоғамға не үшін күйіп-пісіп жүрміз деп қоямын кейде... Жүре-келе солармен ұстасып, абырой таппайтыныңды білесің. Сонда олармен кім күреседі? Тура жолға кім салады? Әрқайсымыз тайқып кете берсек, ертеңгі күніміз не болмақ? Шындық үшін күреспегенің шындық жарықтықты қорлағаның емес пе?..
- Қоғамның кем-кетік тұстары кім-кімді болса да алаңдатары анық. Жазушының өзара жүздесіп, пікір алмасатын кездері жаңа заманның жасампаз кейіпкерін көз алдымызға келтіреді. Өзіңіз айтқандай кемшілікпен қалай күресу керек?
- Біздің қоғамда кемшіліктің кез келген түрімен күресуге болады. Ой қылмысы, сананың қылмысы деген бар. Біреудің қолындағы билігіне, жақсы нәрсесіне қызығу ол да – қылмыс.
Жалпы, жазушының басқалардан еш артықшылығы жоқ. Ол да көптің бірі. Бірақ, жазушыны көптің бірі деп айта алмайсыз. Себебі, олар өзінің тазалығы үшін күресіп жүрген адам. Ең сұмдық сот – сен өзің. Оны көбісі мойындай бермейді. Тобырлар көп. Мен өзімді де солардың қатарынан санаймын. Менің ерекшелігім – өзімен-өзім арпалысып, өзімді-өзім бірде жеңіп, өзімнен-өзім, жеңіле салатынымда.
- Білімнің биігіне жеткізіп, ақыл-ойымызды байытатын ұстаздарымызға қашанда бас иеміз. Алғашқы ұстазыңыз ретінде кмді атар едіңіз?
- Менің алғашқы ұстазым ол – менің әкем. Ол кісі мұғалым болған. Кейін аудандық бөлімінің бастығы болды. Жазықсыздан-жазықсыз ұсталып кеткеннен кейін, мен нағашымның қолында өстім. Өмірдің қиындықтарын көрдім. Бірақ, қазіргі күнге жеткен жетістігім ол қиыншылықтарды жеңді деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Әсем САҒИҚЫЗЫ,
Дереккөз: newsasia.kz