Мекемтас Мырзахметұлы: Көп адам Абайды түсіне алмайды
2018 ж. 13 тамыз
9893
0
Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ақын, философ, композитор, ойшыл. Өзінің шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамық, моральдық мәселелерін көтеріп, тәрбиелік мәні зор қара сөздерін жазып қалдырған, - деп жазады sputniknews.kz.
Бүгінде Абайдың аты аталса, блогер Нұрлан Байділдәнің есімі еске түсетін деңгейге жеттік.
"Мен оны ұлы адам деп санамаймын және оның бүгінгі қоғамда алып отырған орнын мойындамаймын", — деген еді блогер.
Хайп қуып, қазақтың бас ақынын "Абай біздің заманда өмір сүрсе, ары кетсе атақты блогер ғана болар еді" деп пікірін білдірген Байділдә көпшіліктің назарына ілікті. Оқырманның ойы да сан-саққа кетті.
Бүгінге дейін айтылып жүрген сан түрлі пікірге қарамастан, Абайдың ел арасындағы абыройы артпаса, бір сәт кеміген емес. Оған себепкер болып жүрген жандардың бірі – абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы.
"Абайды танудың жолы Абайдың "Толық адам" ілімінде жатыр"
Нұрлан Байділдәнің ойын естіген Мырзахметұлы: "Бұл жігіт ақша табу жолына түскен, ғылыми жағынан – надан. Себебі мұндай сөз наданнан шығады. Ол Абайды тани алмаған. Егер ол шын патриот болса, бұлай айтпас еді. Көп адам Абайды түсіне алмайды", — деді.
Абайтанушының айтуынша, Абайды танудың жолы бар. Ол – Абайдың толық адам ілімі.
Мекемтас Мырзахмет бүгінде Абайдың "толық адам" ілімі мен "Жантану" іліміне баса назар аударып отырғанын айтты. "Толық адам" ілімі бойынша кітап та жазған.
Оның айтуынша, бүгінде Абайтану дағдарысқа ұшыраған. Одан шығудың бірден-бір жолы жаңа ілімге бет бұру.
"Толық адам" ілімі арқылы жастарды тәрбиелей аламыз. Алланың бойындағы сегіз сипат адамда да бар, бірақ Алладағыдай толық емес. Сондықтан бойымыздағы сегіз сипатты Аллаға еліктей отырып күрделендіріп, жөндеуіміз керек. Соған ұмтылуымыз керек. "Толық адам" ілімі содан барып шығады", — дейді Мекемтас Мырзахмет.
"Қолдан данышпан жасауға, бір адамға табынуға қазақ қана құмар"
Ал блогердің сөзін қолдайтындардың қатарында қоғам қайраткері, ақын Мырзан Кенжебай да бар.
"Абай ешқандай да Бас ақын емес. Ахмет Байтұрсынов айтты екен деп бір адамды бүкіл ұлттың Бас ақыны деу әрі күнә, әрі надандық болар еді. Мына тұрған орыс, одан әрі неміс, тілі мен діні бір өзбек, әзірбайжан халықтарында Абайдан артық болмаса кем түспейтін небір данышпан ақындар бар. Парсы, тәжік поэзиясы әлемдегі ең озық поэзияның бірі. Бірақ олардың ешқайсысы "мынау Бас ақынымыз" деп бір адамды ғана аспанға көтермейді", — дейді Мырзан Кенжебай.
Ақынның айтуынша, қолдан данышпан жасауға, бір адамға табынуға қазақ қана құмар.
"Біз дүниетануымызды өзгертуіміз қажет"
"Біз дүниетануымызды өзгертуіміз қажет. Бұрынғы сүйеніп келген материалистік, атеистік жалған ғылым болып шықты. Енді оны ұлы сана жолына қарай бет бұруымыз керек. Сонда ғана Абай ашылады, сонда ғана Абайды тани аламыз. Қазіргі танып келгеніміз философиялық жағынан бәрі жалған болып шықты. Ал Абайды әдеби жағынан танып жатырмыз", — дейді абайтанушы.
Ал Мырзан Кенжебайдың ойынша, қазір Абайды үлгі тұтыңдар деу "барып тұрған надандық".
"Абай дүниеден озғалы 110 жылдан асып кетті. Одан бері табиғат өзгерді, қоғам өзгерді, мемлекет өзгерді. Адамның мінез-құлқы, өмірге көзқарасы, дүниетанымы т.б түгел өзгерді, дамыды. Оның бәріне Абайды үлгі тұтыңдар деу барып тұрған надандық",- дейді Мырзан Кенжебай.