Өзге емес өзім айтам, өз жайымды
2018 ж. 22 маусым
5059
0
Мамадияр ЖАҚЫП,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Көрнекті қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының алты мәрте лауреаты Мамадияр Жақып сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Мамадияр Жақып ағаның аты аталғанда әйгілі Желтоқсан оқиғасы ойға орала кетеді. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бетінде Қайрат Рысқұлбеков бастаған Желтоқсан көтерілісінің төрт оғланының сотта қасқайып тұрған суреттерін жарқ еткізгенде кеңестік кертартпа биліктің үрейі ұшып кеткені белгілі. Желтоқсанның ызғары марғасқа Мамадияр ағаны да облыстық партия комитеті органы болып табылатын газеттің бас редакторлығынан босатты... Ел басына туған сергелдеңнен ерді ел болашағына деген сенім ғана аман алып шықты...
Соңғы ширек ғасырдай уақытта, негізінен, халықаралық тақырыпқа қалам тартып жүрген Мамадияр Ділдабекұлының бүгінге дейін екі мыңнан аса мақаласы жарияланған екен. Жүрдек қалам иесінің төрт очерктер жинағы, «Абырой», «Ұстаз», «Мергенбай айтқан екен» сынды бірқатар кітаптары жарық көрді. Төменде мерейтой иесінің «Сағыныш» деп аталатын кітабынан үзінді жарияланып отыр.
Мен Смадияр ағам туралы «Мәңгілік сағыныш» ғұмырнамалық хикаятымда көп айттым. Бірақ ол оның балалық кезін ғана қамтыған. Жеті-сегіз жастан он екі жасқа дейінгі балалық кезеңі, сөйтсе де маған ағалық кезеңі. Одан кейін тағдыр бізді біраз ажыратып, қайта табыстырып, кейінірек тағы да бөлгені бар. Бәрібір сонда да, тіпті есейген кезімде де мен оның ағалық ақ көңілінің шапағатын сезініп жүрдім.
Смадиярдың маған айрықша жақындығы – біз тетеміз, арамыз бары-жоғы екі-ақ жас. Он жасқа дейін мен одан жақын адамды білген емеспін. Ал сол он жастан кейін мен Асықата жақтағы көкеміздің үйіне барып, тіпті соларға бала болғандай, сол жақта оқыдым. Араға төрт жыл салып, жетінші сыныпты бітірген соң Смадияр да сонда келіп, оқуын жалғастырды. Бірінші сыныпта бірге оқысақ, жетіншіні бітірген соң, мен сегізге көшсем, Смадияр бір жыл аттап, өзінің құрдастарымен бірге тоғызға барды. Бәлкім кейін сол сынып аттауы әсер етті-ау, онды бітірген соң Алматыдағы мединститутқа түсе алмады. Сол заманда мұндайда әскер деген борыш дайын тұрады. Одан құтыла алмайсың – әсіресе оңтүстік өңірдің жастарын қиыр солтүстікке қуып, әлде шынықтыру ма, әлде қорлау ма, Тайганың ішіне апарып, азаптайтыны бар. Смадияр да сондай әлде сын, әлде азаптан өтті.
Ал мен университетке түсіп кеткем. Алыстағы ағамды сағынам. Тебіреніп хат жазам, оған ұстамды, ақыл тоқтатқан адамның жауабы келеді. Болашақ журналист болуды қалаған соң, түртінектеп газеттерге хабар-ошар жазамыз. Содан алған азын-аулақ тиын-тебеннен үнемдеп, хат ішіне бес-он сом салып та жіберем. Соған Сәкең айрықша ризашылығын білдіреді. Жолдастарына кәмпит, тәтті күлше алып беріп, сыйлағанын жазатын. Байқаймын, соған көңілі өседі-ау. Осы хат жазысу менің сағынышымды басып қана қоймай, мені рухтандырып тастайтындай көрінетін.
Ақыры Сәкеңнің әскерден қайтатын кезі де келді-ау. Ауылға Алматы арқылы қайтпақ. Осында түсіріп, бір апта кідіртіп, қаланы тамашалатпақ ойым барлығын хатпен ескерткем. Және оған кәдімгідей дайындалдым. Әскери киімнен жалыққан шығар деп, көйлек-көншек, жеңіл-желпі киімдер де алып қойғам.
Алматыға ол желтоқсанның қақаған аязды күндері келді. Қарсы алуға бүрсеңдеп бардық. Жалғыз емеспін. Қуанышыма бірге оқитын достар ортақ. Қошеметпен, құрметпен қарсы алдық. Жай автобус, трамваймен емес, жатақханаға таксилетіп жеттік. Оны көргендер қонақтың осал еместігін аңғарар еді. Жайшылықта қасыңда біреу болса, оның кім деп тықақтайтын жатаққана күзетшісі де аузын ашпаған. Оның да бір сыры бар: аузынан әзілі түспейтін Амангелді дос (кейін ҚазТАГ директоры болған Ахметәлімов) сол күзетшіге Сібірде қызмет еткен батыр солдатты алып келеміз деп ескертіп қойыпты. Сөйтіп, Сәкеңнің келуі менің достарымның да мерекесіне айналған.
Мереке болғанда, бірге жататын бес студент қана емес, жалпы журналистика бөлімінде бірге оқитындардың бәрі біздің бөлмемізге кіріп-шығып, амандасып, ас-дәмнен ауыз тиіп жатыр. Үстелдің үстіне қойылмағанмен, оның астында бір-екі бөтелке де бар. Сонда жұрт қанағатшыл, жүз грамдық стаканмен шектеліп, соның өзін әжептеуір көңілге тоқ санайды.
Кейінгі күндері де дастарқанымыз ортая қойған жоқ. Никольск базары жанымызда, басқасын былай қойғанда, дәмді беляші мен пирожкилері дайын, битонға құйып беретін сырасы үзілмейді. Солар біздің дастарқанымызға келеді, көңілімізді көтереді.
Мұның бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғаным: мұнда менің Сәкеңе деген көңілім, құрметім жатыр. Оны әсте де ортайтқым келмеген. Тоймен шектелмей, күні бұрын ескерілген театрларға (опера, драма) да бардық. Менің достарыммен, осы Алматыдағы жерлес студенттермен суретке де түстік (сол тұста бұл қажеттік еді), тіпті барахолка базарын да көрсеттім. Үш күн өткенде Смадияр мұның бәрін доғартты. Сабағыңды қойып, тойлап, қыдырып кеттің деді. Енді өзінің жолға шығатынын айтты. Маған салса, әлі де біраз нәрсе көрсеткім келген. Бірақ ол солай шешкен соң – заң. Кішкентайымыздан қалыптасқан тәртіп. Ол айтты – болды. Ол – үлкен, мен –кіші. Бұл «статус» ешқашан бұзылған емес.
– Сәке, енді немен айналысасыз? – дедім.
– Ауылға барып, біраз қырғауыл атам, ауылды қырғауылға тойдырам, –деп күлді. – Енді мен көп оқитын емес, техникумды бітіріп, мамандық алып, жұмысқа араласпасам, болмас. Біраз уақытты әскер жеді. Сірә, Шымкенттің индустриялық техникумына түсем-ау...
Смадияр бәрін де өз айтқанындай етті. Техникумды бітіріп, кен механигі мамандығын алды. Кентауға барып, «Ащысай» комбинатына жұмысқа тұрды. Еңбегімен көзге де түсті. Басқадай болуы мүмкін емес, өйткені ол – Смадияр. Ес білгелі көріп келем, ол ойға алғанын, қолға алғанын бітірмей қоймайды. Жауды жапырғандай ерлік жасамас, ал адами ақ жолдан айнымасы анық. Оның қолынан тек жақсылық жасау ғана келеді.
Мен оқуды бітірген соң, біраз жыл сыртта жүрдім. Сырт дегенде, өз еліміз ғой, басқа өңір. Ес білгелі өз қамқорында болған соң, Сәкең мен қиналып қалмады ма дегендей, сырттай қадағалап, ежіктеп сұрап-біліп тұрар еді. Әсіресе, демалыста елге келгенімді қалар еді. Жақсы демалғанға жағдай жасар еді. Ағайындар бір мезгілде жиналып, ауылға барар едік. Өзі тұратын шағын әсем қала Кентауды, Мақтаарал жақтағы ағайынды аралататын. Сол баяғы қамқорлығы. Бұрынғыша. Ал мен өзімше университетті бітірген, онда да біраз жұртқа беделді журналист мамандығын игерген, көкірегім әжептеуір өсіп жүрген жігітпін. Сәкең де соны мақтан көретіндей. Сөйтсе де бұрынғыша одан аса алмаймын. Қайда барсақ та жол –Сәкеңдікі. Бірақ бір жолы аяғымды қате бастым.
Оқуды бітірген соң, сонау Семей өңірінде бір-екі жыл жұмыс істеп, тіпті онда қалалық комсомол комитетіне хатшылыққа сайланып, біраз биікке көтерілгендей көңілде жүргенде, ауылға демалысқа келгем. Тағы да Сәкеңнің қамқорындамын. Көрші-қолаң, жолдас-жора, ағайындар кезектесіп, үйлеріне шақырып жатты. Онда, тым құмартпасам да, кеу-кеулегенде шамалы ішетін кезім. Бір жолы сол кеу-кеулеу жиілеңкіріп, біраз жерге барып қалыппыз. Өзім құрпылас ауылдың бір жігіті екеуміз біраз сөз жарыстырдық-ау. Сол жігіт ауылда біраз билікке қол созған, менің де көңілім біраз жерде. Тіпті бір-бірімізге шамға тигендей сөз айтылып, басқалардың араласуына тура келгендей. Соған қарамай біз қайтқымыз жоқ. Сонда Сәкеңнің сарт еткен шапалағы жағымды осып жібергендей болды. Бірден айығып, ойым шайдай ашылды. Сәкеңе тіке қарауға дәтім шыдамады.
Мынадай тосын жағдайға жұрттың бәрі таң қалып, аяғы не болар екен дегендей, аңтарылысып тұр. Олар ең болмаса менің тарапымнан сөзбен жауап күткендей-ау. Қайдағы жауап, басты көтеруге шама жоқ.
– Болды! Үйге қайтамыз, – деді Сәкең.
Қонаққа шақырған үйдің иесі Смадиярдан құрдасы, ол баж ете қалды.
– Оу, Сәке, қайтқаны несі, тамақ енді пісіп жатыр.
– Өздерін ұстай алмайтындардың қайтқаны жөн, – деді Сәкең.
– Ой, қойсайшы! Алыстан келген қонағымыз осы Мамадияр емес пе?!
– Жоқ, үйге барып демалсын. Жарайды, мен қалайын.
– Сенің қалғаныңнан бұрын алыстап келген Мамадияр ініміздің қалғаны керек еді ғой, – деп үй иесі құрдасының қаталдығын әзілмен жұмсартқысы келген.
– Тамағыңды мен жесем, жетер.
Мен сыртқа беттедім, үй иесі бірге шықты.
– Қырсық! Інім қарсы келмейді деп жұрттың көзінше ұрғаны несі?!
– Жоқ, аға, біз шынында кетіңкіреп қалыппыз ғой, – дедім. – Сәкеңдікі дұрыс қой...
– Несі дұрыс?! Қисық! – Үй иесі ашуын баса алмай тұр. – Келесі бөлмеге дастарқан жайдырайын, сонда отырасың дар...
– Жоқ, аға, Сәкең айтқан соң, солай болғаны жөн. Мен кетейін.
– Алда, айналайын-ай! – деді үй иесі.
– Ағаңды сыйлағаныңа рахмет! Басқалар жағаласып жатыр еді...
–Жағаласар болсам, Сәкең ұрмас еді... – Дұрыс айтасың! – деді үй иесі. – Дегенде дәл Сәкеңдей сені ешкім жақсы көрмейтін шығар.
– Білем.
Сәкең үйге біраздан соң келді. Қонақтағы қақтығыс жайында бір сөз айтылған жоқ. Екеуден екеу бір пулкі проферанс ойнадық. Содан кейін мен арақты бұрын да жарытып ішпесем де, енді мүлде ішпей кетіп, кейін немерелерімнің туған күндерінде ауыз тиетін болғам.
Әсіресе, мен үй болған соң (отбасын мен Сәкеңнен сәл бұрын құрдым), оның қамқорлығы бұрынғыдан да күшейді. Келініне, менің балаларыма қолынан келген жақсылығын жасар еді. Біз қыдырып келгенде, қалай көңілімізді тапсам екен деп елпілдеп жүрер еді.
Туысың атақты адам болса, соны мақтаныш ететінің бар. Сөз де етесің. Кейде Сәкеңді сағынғанда, маған осындай ой келеді. Осы ағамның сол атақтылардан несі кем деймін. Жан жомарттығы солардан асып жатпаса, кем соқпайды. Қандай бір әрекетке барарда аянып қалмасы анық. Тіпті кімге де ара түсу қажеттігі туса, қандай да қауіптен де тайынбас еді. Сол үшін оны айналасындағылардың барлығы жақсы көрер еді: үлкені де, кішісі де; бастығы да жайы да. Тек атағы жоқ демесек, мен оны батыр санар ем. Онымен қашан да бірге болуды қалаушы ем. Жас кезімде де, есейгенде де.
Бәріміз қызметтеміз. Бірге болудың көп сәті түсе бермейді. Мен өзім демалыста курорт, демалыс үйлеріне баруды білмей кеткен адаммын – елге барам, туған жерге барам, алдымен Сәкеңді табушы едім. Ол да аздау көрінер еді. Басқа бір жағдаймен жолығып жатуды көздер едім. Бір жолы соның реті келгені бар.
Сонда мен Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде оқитынмын. Ол да әжептеуір беделді оқу орны. Оған кез-келген бара бермейді. Соған түскенімді естіген Сәкең қуанышты көңілмен хат жазғаны бар. Ал өзі болса, қай жерде жүрсе де, «совет адамының беделіне нұқсан келтірмейтін азамат» ретінде Алжирге іссапарға жіберілген. Екі жыл абыройлы жұмыс істеп, арабтарға қалай кен қазуды үйретіп, ауылға қайтатын уақыты жеткен. Мәскеу арқылы қайт дедім. Ташкент арқылы қайтуына болар еді. Онда ауылына жақын жерден түсер еді. Ал мен Сәкенді екі жылдай көрмегем, сағынғам.
Партия мектебінде жағдай жақсы. Екі тыңдаушы үлкен бір бөлмеде жатамыз. Жақсы бір дәстүріміз бар – бір адамың келсе, жаныңдағы серігің орнын босатып береді. Сөйтіп орын мәселесі оп-оңай шешіледі. Серігіммен бірге барып қарсы алдық. Қара былғарыдан жасалған төңкиген үш шамаданы бар Сәкең тұр. Қолында да біраз түйіншек.
– Алжирден дүние жиып қайтқансыз ба?
– Балаларға базарлық қой...
Кейін білдік. Сәкеңнің қалтасынан бірнеше парақ тізім шықты. Кентаудан бастап, Арыс, Байырқұм, Асықата, Алматыдағы ағайындардың бала-шағасы ұмыт қалмапты.
Расында сол тұста елде зат зәрулігі айтарлықтай еді. Күнделікті тұтынар зат тапшы. Сөйтсе де, жұрттың бас-басына базарлық әкелу Смадиярға ғана тән. Жұрттың бәрін риза еткісі келеді, бәрін қуантқысы келеді.
Біраз күн жібергем жоқ. Сол кезде Мәскеудің де орны бөлектеу, үлкен астана. Жол түсе бермейді, көретінін көрсін, алатынын алсын дедім. Қайда барам, қайда жатам дейтін емес, орын дайын, қаланың дәл ортасында, тоғыз жолдың торабындамыз. Біраз уақыт сыртта жүріп, елдің тамағын сағынған шығар деп, ет асып, қазы-қартаны алға тарттық. Әр облыстан мектепте бір-бір адам оқиды, көбісі – қазақ. Елден сыбаға келіп жатады. Қой еті кез-келген дүкенде, ал жылқы еті Измайлов паркінде татар ағайындарда сүрленіп тұрады. Елден туысымыз, ардақты адамымыз келсе, осындағы оқитындардың бас қосуы – дәстүріміз. Ал менің ағам шетелден келіп жатса, оның айрықша аталғаны жөн.
Сонда елімізде біраз нәрсе тапшы. Ал сол Мәскеуде «Березка» дейтін дүкендер болды. Онда жоқ нәрсенің бәрі бар. Тек доллармен ғана есептеседі. Ал доллар дегенді жұрт көре бермейді. Демек, бұл дүкенде шетелдіктер, әйтпесе долларға қолы жеткен сиректер сауда жасайды. Сонымен бірге онда біздің Сәкең сияқты шет елде болғандарға берілетін «сертификаттық рубль» дейтінмен сауда жасауға болады. Бірақ ол шет елге жүрмейді. Қызық ақша – бір жағы аппақ. Оған бір құзырлы мекеменің мөрі басылған. Құны доллармен бірдей, біздің рубльден бес есе қымбат. Сол «Березкадан» кез-келген тауарды ала аласың. Келген күні-ақ Сәкең сол ақшаның бір бумасын қолыма ұстатқан. Әлгі дүкеннен ішкіліктің не бір әсем безендірілген түрлерін үйіп-төгіп алдық. Бас қосқанда ішу үшін ғана емес, бірге оқитын қазақ жігіттерінің әрқайсысына (жиырма шақты) сыйлық ретінде беру үшін. Одан қымбаттау сыйлыққа мен көнбедім. Әйтпесе, Сәкең қымбаттау сыйлық жасағысы келген. Сөйтсе де сол арзандауына да біраз қаржы кетті.
Жоғарғы партия мектебінің «аристократиялық» жатақханасының (30-шы жылдары салынған) біз жататын бөлмесінде біраз күн «коммунизм» орнады. Қазақ жігіттері алғашқы «тоймен» шектелсе, «коммунизм» игілігін қасымдағы серігім украин Анатолий Иванов пен бір топта оқитын орыс жігіттері көрді. «Көрген жерде ауыл бар», Сәкеңе сәлем бере келіп, шөлдерін қандырады. Ол аздай, Сәкең кейбірінің қалтасына бөтелке де салып жібереді.
Енді Сәкеңді елге қайтармасақ, қалтасы мықтап жұқаратын қауіп туды. Ондай қолы ашық адамның жалпы қалтасы қалың болмайтыны да заңды. Қалай болғанда да сол қалтадағыны есептеуге тура келді. Сәкең барлық қалталарындағыны үстел үстіне тастады. Пысықтық танытып мен санадым.
– Үш мыңнан сәл асады.
– Көп емес. Соны жұмсаймыз, – деді Сәкең. – Алдымен бір мәшиненің пұлын бөлек қояйық. Жаңа «Волга» – «ГАЗ- 24» – 1920 рубль, «Москвич» –1300. Соның қайсысы дұрыс?
– ГАЗ-24! Мұнда әлі көп адам көрмеген мәшине. Смадияр Алжирден мініп келді дейді жұрт.
– Жоқ, сол мәшинені сен мінесің!
– Болмайды ол, Сәке!
– Неге болмайды? Болады! Оқыдың. Әжептеуір қызметің бар. Сен мінсең жарасады.
– Ең алдымен, менің мәшинеге құмарлығым жоқ. Ал сіз Кентау мен Арыстың арасында, одан әрі Байырқұм, Мақтаарал жаққа мініп жүрсеңіз, тіпті жарасады. Онан соң, шетелге сіз барып, мәшине аласыз, еңбек сіздікі, неге мен мінуім керек?
– Туыстар бүйтіп есептеспейді.
– Есептеспегенде, жұрт та сөз қылмай ма – Смадияр мәшине әкелген екен, інісі мініп алыпты демей ме?
– Қайта сол жұрт: мәшинесін інісіне мінгізіпті, Смадияр қандай жомарт деп, мен мақтайтын шығар.
– Мақтамайды. Мен де мақтамаймын. Мәшинені өзіңіз мінесіз. Бұл әңгімені енді созбайық.
– Онда анау «Березкаға» барып саған ең жақсы киімдерді аламыз.
– Менің киімдерім жетеді, Сәке.
– Онда анау мәшинеден қалған ақшаны қажетіңе жаратасың.
– Мен 60 рубль аламын, оны өзіміздің рубль-сомға айналдырсақ, 300 сом – менің екі айлығыма тең. Маған сол жетеді.
– Ол болмайды.
– Болады, Сәке. Сіз ауылға барған соң, той жасалуға тиіс.
Бәріне сыйлық алған шығарсыз, соларды үлестіріп, жұртты қуантасыз. Сол қуанышқа келген жұртқа дастарқан жаясыз. Өйтпесеңіз, Смадияр деген атыңызға жараспайды.
– Онда, сен мына магнитофонды аласың...
– Оны да алмаймын. Оған да құмарлығым жоқ.
Сол тұста жұрттың магнитофонға деген құмарлығы әжептеуір еді. Бағасы да бірталай – 400-450 доллар. Шетелге барғандар арқалап келетін. Тіпті кейбіреулер соны сатып, нәпақа да табар еді.
Сәкең сол магнитофонын да маған өткізе алмағанына кәдімгідей ренжігендей кейіп танытты.
– Әй, сонда, мен саған не әкелгегн болам? – деді.
– Келініңізге туфли, Айгүл қызыңызға бір құшақ киім бар. Аз емес.
– Саған ше?
– Өзіңіздің осында келуіңіз, осы жердегі екі-үш күндік той елдің әр жерінен келген жігіттердің алдында менің мерейімді көтерді. Сол жетіп-артылады. Оның үстіне қалтама салатын 60 сертификат рубльге 100 бөтелке арақ-коньяк келеді. Сонымен де әлі атыңызды талай шуылдатамыз.
Сәкеңнің жүзіне жылу кірді.
Мен тағы да өзімнің «пысықтығыма» бастым. Ең алдымен анау Ташкенттен барып алатын «ГАЗ-24» мәшиненің ақшасын ауылына аман-есен жеткізу керек. Соған деген 1920 сертикифат-рубльді бір бөлек алып, оны Сәкеңнің трикосының бір қалтасына салып, аузын тігіп қойдым. Екінші қалтасына қалған қаржысын салып, оны да тіктім.
– Трикоңыздың сыртынан шалбарыңызды киесіз де, оны Кентауға барғанша шешпейсіз.
Сәкең елжірей күлді.
Менің сақтығымның жөні бар. Біздің жаққа таңсықтау көрінетін анау теңкиген үш былғары шамадан көзге бірден шалынады. Оның иесі Сәкең де назарға алынады. Жол ұзақ. Екі тәулік жүреді. Пойыз Тәшкентке барады. Жолда әркім кездесуі мүмкін. Тіпті алдында өзім серік болып апарып салмақ та болғам. Оған Сәкең көнбеді. Беймезгіл тамбурға да шықпаңыз деп, шегеледім де.
Жұрттың бәрі өз туысын жақсы көретін шығар, құрметтер. Ал мен үшін Смадиярдың орны бөлектеу. Әлгіндегі «ГАЗ-24» туралы әңгіме жай нәрсе. Ол мен үшін жанын да аямайды. Мен оны өмір бойы сезіп келем. Осы жолға да елден сырттағы, Мәскеу дейтін сырт жердегі кездесу менің жанымды түлеткен. Мен қашан да оның ақ жүрегінің лүпілін сезінем, содан нәр алам. Осы жолғы үш-төрт күнгі бірге болғанда жаныма біраз қуат құйылғаны да анық. Қимастықпен демейікші, рахат бір ризашылық сезіммен елге шығарып салдым.
– Әлгінде сенің тумбаңның ішіндегі «Капиталды» парақтап көріп едім, соны басқалар ұстамай тұрғанда қарап көрші, – деді Сәкең пойыз жүрер алдында.
«Капиталдың» ішінен 300 сертификат-рубль шықты. Оны советтік рубльге айналдырсақ, менің бір жылдық айлығыма тең. Өзінше маған деген қамқорлығы.
Дүниеде сондай қамқор адамың болғаны қандай жақсы! Сол болғанымен-ақ сені жебеп жүреді, барлығының өзі – демеу. Оны мен әрқашан сезіндім.
1987 жылы менің өмірімде, сол кездің өлшемімен қарағанда, көңіл аударарлық жағдай болды. Желтоқсан оқиғасына байланысты мен облыстық «Жетісу» газетінің редакторлығынан алынып, партиядан шығарылдым. Бұл – сол тұстағы ауыр жаза. Біреулерге бұл касірет болып қабылданар еді. Басымызға түсті, көтердік. Қасірет дегеніміз жоқ. Ауылдағылар естіді. Біреулер: «Мамадияр сорлап қапты» деген шығар. Сәкең де сондай сөзді естіген болар, көп кешікпей жетті. Көңілді келді. Ағамды сонда тағы бір қырынан таныдым-ау. Қолымды қысып тұрып: «Бас аман, басқасы түк емес» деді. Менің тұнжырамай жүргенімді көріп, тағы қуанды. «Балалар сенің жабырқағаныңды көрмесін» деді. «Ал мен жабырқап жүргем жоқ» – дедім. «Дұрыс! – деп шын көңілмен мақұлдады. – Қызмет қолдың кірі. Жай жұмыста жүріп те бақытты болуға болады». Сәкең біртүрлі шешен сөйледі. Бұрын ондайы жоқ еді. Бұрын бізді қапаланып жүр-ау деген-ау, үйдегі көңіл-күйді көріп, тіпті көңілденіп кеткендей де көрінді. Ашық-жарқын сөйлеп, балалармен, әсіресе Ержанмен ойнап, күліп отырды. Бұрын ондайы болмайтын, келінімен сөйлесіп, әңгімеге тартты. «Мен зейнеткерлікке шықтым, бізді елу жастан жібереді, мынау алғашқы зейнетақым, әдейі сендерге әкелдім» деп қарсылығына қарамай, біраз ақшаны Нұрсұлуға қалдырды.
Сол кезді әсте де өмірімдегі қиын-қыстау кезең болды деуден аулақпын. Сөйтсе де, әркімнің оны әртүрлі бағалағаны да рас. Табалағандар да болды-ау, тіпті көңілі жақындардың да біразы аяушылықпен қараған сыңайлы. Смадияр ағам солардың талайынан жоғары тұрды. Сөз арасында өздерінде бір пенденің басшылық қызметтен алынғанда, өзіне қол салғанын да айтып, «олар үшін қызмет туыстан да, достардан да қымбат» деп тұжырымдай келіп, «тіпті мұндайда табалайтындай біреулер табылар болса, солардың мысын басу үшін-ақ еңсені көтеріп, қасқайып жүрген жөн ғой» деген. Мұндай сөзді көп адам айта алмайды.
Қайран менің Сәкем, өзінің механик деген мамандығы туралы айтқанда, «аға жұмысшымын» деп сөйлер еді, философиялық ой қозғап, өзін оқығанмын дейтіндердің талайынан биік тұрғанын көрсетер еді. Сөзбен ғана емес-ау, маңындағыларға іс-әрекетімен де тіреу болып жүрер еді. Өзім сол тіреуге көп сүйендім. Қиындыққа тап болған кезінде де саған қасқайып қарсы тұруымен де басқаларды демейтін.
Қиындық дегенде, Сәкең өмірінің соңында қатты дертке ұшырады. Ауруының төтеншелігін өзі де білді. Сол сырқатының жанға батқанынан бұрын Сәкең сонысын басқаларға білдірмеу үшін күрескені ауырлау болғандай көрінеді. Шымкенттің орталық ауруханасында біраз жатты. Есіте салып жеткем. Сол баяғы Сәкең. Келгеніме қатты қуанды. Көңілді. Сырқат жанға батпады деймісің, басқалар күйзелмесін деп жасырғаны анық. Апта құрғатпай барып, қасында бір күн болып жүрдім. Оған «Отырар» пойызы өте ыңғайлы. Жұма күні кешкісін мінесің, сенбі күні таңертең Шымкентке жетем. Күні бойы қасында болып, кешкісін Алматыма қайтам. Жұмыстан да қалмаймын. Бұл сапарлар айдан аса созылды. Сәкең әуре болып келмей-ақ қойсайшы дейді. Қайтіп келмейсің, ол менің келгеніме қалайша қуанар еді! Келетін уақытты мөлшерлеп, сыртта күтіп жүреді. Көрген соң, жай басып, өзіңе қарай аяңдайды. «Насыбай келе жатыр» деп біреулерге хабар береді. Бұл дауысты есітіп, бір-екі адам қара көрсетеді. Амандықтан соң, Алматының базарынан алған кішкентай пленка қалташаларға салынған насыбайды соларға үлестірем. Көңілді әңгіме басталады. Бұл әңгіме алдымен Сәкеңе ұнайды. Насыбайдың «отаны» Шымкент өңірі ғой, әлде құнтсыздық па, әлде тәртіп сақтағандық па, әлгілерге мұндағылар насыбай әкелмейді-ау, сонда сол насыбайды сонау Алматыдан әкелгеніме Сәкеңнің көңілі өседі. Сәкең бұрын темекі де тартқан, насыбай да атқан. Қазір қойдым деп жүр. Бүгінгі сырқатына сол ермектерінің де үлесі бары анық. Енді тарттың не, тартпадың небәрі кеш. Сөйтсе де, қасындағылардың соған құмарлығын ескеріп, оларға менің әкеп бергенімді қалайды. Сол қалай да біреудің қалауын өтеуге құштар Сәкеңнің көңілі ғой баяғы.
Насыбай ғана емес, басқа да нәрсе әкелем. Өзінің тамақтан шығыңқырағанын аңғарам, қасындағылармен бөлісер деп, өрік-мейіз, тәтті-дәмді тағамдар әкелем. Әкелме демейді, айналасындағыларға беретіні анық. Ал Сәкеңнің өзіне ең қажетті нәрселер – газет-журналдар. Қанша болса да, артық көрмейді. Соны ескеріп, апта бойы жинап, үйіп-төгіп әкелем. Соларды апта бойы ермек ететіндей. Жалпы, Сәкең көп оқитын адам. Өзін «аға жұмысшы» санайтын ол көп зиялыларыңнан көп оқитын. Қазір де сол әдетінен жаңылмаған.
Біразға дейін созылған апта сайын бір күн бойы айтылатын әңгіме мені де, Сәкеңді де жалықтырмайды. Не айтылмады дейсің! Балалық шақ та еске түседі, ағайын-туыс, дос-жарандар, қарыз бен парыз, саясат, спорт жайындағы әңгімелер таусылмайды. Бірақ әңгіме емес, уақыт таусылды. Сәкең үйге қайтқанды жөн санады. Қанша қасарысып шыдағанмен, сырқат меңдеп бара жатты. Мойындамасқа шара жоқ, бала-шағаның қасына барып, ұзақ сапарға дайындалғанды жөн көрді.
Асықатадан Мәді келді. Кентауға апардық. Барған соң, жұмысыңнан көп қалып қойдың, Алматыңа қайт, балалар хабарласқанда, келерсің деді. Хабар көп кешіккен жоқ. Сәкең әдетінше күлімсіреп қарсы алды. Айтарлықтай жүдеген. Қолы да қауқарсыз. Әдетіне бағып, түк етпейді дегендей сыңай танытады.
– Бала-шаға аман ба? Ержан қалай? – деп ризашылық көңілмен амандасқаннан кейін бір нәрсе айтпақ ойы барлығын аңғартты. – Шөлдеген шығарсың, шәйіңді іш.
Біраз адам бар екен. Ауылдан тоқсандағы апам да келіпті. Қаладағы жақын достары да осында. Мәді екеуміз қасындамыз.
– Мәді, сен анау апамның жайын қадағала, шаршап қалмасын, – деді Сәкең. Бұл бізді оңаша қалдыр деген сөз. Мәді шығып кеткен соң, Сәкең сөзін жалғастырды. – Келгенің дұрыс болды. Біздің көлік дайын, ертең жүреміз...
– Неге бұлай дейсіз, Сәке, жұртты қорқытып.
– Бұл қорқыту емес, шындықка тіке қарау, – деді Сәкең. Менің қолымды әлсіз саусақтарымен сипап. – Сені көрмей қалам ба деп едім, көрдім. Оған да шүкіршілік.
Ол шаршағандай ентігіп, аздан соң сөзін жалғастырды.
– Ауылға апарарсыңдар. Қасиетті Зарлыққа. Нұрғалидың көлігімен. Оған айтқам... Ал мен жол алдында азырақ демалайын.
Сәкеңнің соңғы сөзін әзілге де балауға болғандай-ау. Тіпті оның жүзінде күлкінің де ізі аңғарылғандай еді.
Сәкең сөзінде тұрды, ертеңгісін біздің көз алдымызда жүріп кетті.
Менің Смадияр ағам жұрт таңданғандай ерлік жасаған жоқ. Ол жайында аңыз да айтылмайды. Бірақ ол ерліктің қандайын жасауға да дайын еді. Ондай қажеттік тумаса, оған менің Сәкем айыпты емес қой! Ал қажеттілік туа қалғанда, қасқайып тұрып саған барар еді. Ол жайында әңгіме айтуды өзіме парыз көрдім. Басқаларға да Сәкендей ағасы болғанды тілеймін.
qazaquni.kz