Ақын-жазушылар шындықты өлтіріп тастады
2018 ж. 14 мамыр
4142
2
Әдеби байқаулардың қалай өтетінін ақын-жазушылардың бәрі біледі. Яғни, біздегі әдеби байқаулардың әділетті өтпейтінін бәрі біледі, бірақ білмегендей көз жұмып қарайды. Себебі, күндердің күнінде сол әдеби байқауды ұйымдастыратын адамға күні түсуі мүмкін, болмаса, жау жинағысы келмейді. Шынымды айтсам, біздегі әдеби байқаудың қалай өтетіні туралы ештеңе айтқым келмейді. Біздегі әдеби байқауларды сынауға болмайды, онда «іші тар, қызғаншақ» адам атанасыз. Сосын «пәлен бәйге әділ өтті, жүлде алдым, менен ешкім бәйгенің жарты ақшасын бересің» деп сұрамады» деп клоунның рөлін ойнайтын адамдардан да шаршаймын. Мына жақта ағасы, көкесі «пәленшеге жүлдені мен алып бердім» деп мақтанып жатады. Осындай жасандылықтың қажеті қанша? Біздің қоғамның жасандылықтан жалығатын, шаршайтын кезі болды ғой. Жоқ, жалықпапты. Әдебиет сахнасында «сол баяғы спектакль». Өткенде бір байқаудың алдында жас жазушылардың чатында «бәріміз жүлдені қалай алғанымызды жазайық» дедім. Бір ақын жігіттен басқа ешкім жазбады. Себебі, жаза алмайды. Әдеби ортада жүлдені кімнің қалай алғанын, кімнің артында кім тұрғанын бәрі біледі. Мысалы, менен «Серпер» сыйлығын жене Президенттік стипендияны, сосын Баққожа Мұқай атындағы әдеби байқаудың жүлдесін қалай алғанымды сұраңыз, ашық жауап берем. Адам ашық жауаптан қашқан сайын онда бір жалғандық бар деген сөз. Біздің қоғамды айтпағанда, ақын-жазушылар ашық диалогқа бара алмайды. Өзін өзі сыйлайтын адам, өзін өзі құрметтейтін адам, өзін өзі саудалай алмайтын адам (мысалы, «жүлдені маған бер» деп ашық айта алмайтын адам, болмаса, жүлде үшін адам салмайтын адам, байқауды ұйымдастырып жатқан адамға жағына алмайтын адам) біздегі өтіп жатқан байқауға қатыспау керек екенін түсіндім.
Әдеби ортада бөліну үрдісі бар (мысалы, руға, жерге, діни көзқарасына т.б). Мұны біреу мойындайды, біреу мойындамайды. Ең қорқыныштысы, діни ұстанымына байланысты ерекшеленгендердің жарнамасы жер жарып тұр. Ол орта деңгейлі ақын-жазушы ма, шығармашылық потенциалы, білімі қай деңгейде, әлем әдебиетін қай деңгейде біледі, бәрібір, тек сіздің ағымның адамы болса, болды. Ертең діни ағымдарының сойылын соғатын қолдан тұлға жасау керек. Ол жазушы танымал болуы керек, жұртқа сөзі өтуі керек. Біздегі әдеби байқаудың әділетсіз өтуіне жақын жылдары тосқауыл қою өте қиын. Оған тосқауыл болу үшін ақын-жазушылардың өзі сана дағдарысынан арылу керек. Әйтпесе, әдебиеттегі жүзіктің көзінен өтетін қулар басты рөлде ойнап, ортаға бейімделгісі келетіндері эпизодтық рөлді ойнап, өмірге бейімсіз, таза шығармашылықтың адамдарына әдеби байқау деген «спектакльден» ешқандай рөл бұйырмай, жүлде үшін емес, қиялдарындағы шындықты көміп, сынып кетуі мүмкін. Бірақ әдебиеттегі тобыр «әдебиетке обал жасадық, таланттың наласы, әдебиеттің киесі атады-ау» деп қорықпайды. Шын мәнінде, Құдайдан қорқатын адам жүлдені таныстықпен алмайды, себебі, ол ақшаның жақсылық әкелмейтінін біледі. Байқауды ұйымдастырған адам Құдайдан қорқатын болса, ешкімге таныстықпен бермейді, оның қиянат екенін біледі, күндердің күнінде біреуге жасаған қиянаттың өз алдынан шығатынын біледі. Бірақ шығармашылығында ақиқатты іздеп жүрген ақын-жазушылардың өзі шындыққа тура қарауға қорқады, - деппін Шолпан әпкеге берген сұхбатымда. Жалпы ашық диалогты жақсы көрем. Ақын-жазушыдан "әулие жасап", сосын қиялдарындағы идеалды жоқтайтын оқырманды аяймын. Егер біздің оқырмандар әлем әдебиетін көп оқыса, ақын-жазушыдан шынайылықты ғана талап етер еді... Мойындау керек, қазақ қоғамы жасандылыққа толы, билікпен қосылып, ақын-жазушылар шындықты өлтіріп тастады, сол себепті, көптеген оқырман да жасандылықты жақсы көреді...
Аягүл Мантай Фейсбуктегі парақшасынан