Ільяс Есенберлин "Көшпенділер" үшін Лениндік сыйлықты неге алмады?
2018 ж. 13 сәуір
4815
7
«Ғалымдар күн шығыстан шығады дейді. Олар қателеседі. Грузиндер үшін күн солтүстіктегі Москвадан шапағатын шашады. Осы жоғары мінберден, әлемдегі мемлекет басшыларының бірде-бірі Леонид Ильич Брежневтей беделді болған емес деп мақтанышпен айта аламын". Грузия Компартиясының басшысы Эдуард Шеварднадзенің 1980 жылы ЦК Пленумында айтқан осы сөзі, грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Закон вечности» романына социалистік елдердегі ең жоғарғы, Лениндік сыйлықты алып берді. СССР мәдениет майталмандары бұл сыйлық Ільяс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясына берілуін күткен еді. Сол жылдары Мосфильмдегі әйгілі режиссерлер, «Көшпенділер» кітабының Лениндік сыйлықты алатынына күмәнсіз сеніп, трилогияны таласа оқып, сценариін сыза бастаған. Киноөнердің атасы Сергей Бондарчуктің мыңдаған массовкамен қойылған «Война и мир», «Ватерлоо» киносындай эпиқалық мәңгілік фильм түсіру әр режиссердің ғұмырлық асыл арманы. Мұны қайдан біліп – естігенімді баяндайын. …Ертеректе Москвада жиі болып «Астана-Москва рейсі» атауымен сериал түсіруге 1-ші Каналдың сол жылдардағы супер режиссері Егор Кончаловскиймен уағдаластық жасағам. «Антикиллер 1,2» киноларымен даңқы дүрілдеп тұрған. Арманы көшпенділер тақырыбында эпикалық кино түсіру. 1 Каналдың басшысы Константин Эрнст, Егорды ерекше құрметтейтін. Сегіз бөлімнен тұратын сериал құнын екі миллион долларға бағаладық. Эрнст өз тарапынан миллион доллар бөлетінін, жарнама - әркімнің тапқаны өзіне, алғашқы көрсетілім 1 Каналда деп қол алыстық. Астанаға келіп, Абай даңғылындағы Евразия корпорациясының бір иесі Потох Шодиевпен жолықтым. Бұрындары сұхбат алғанда “мен де журналист болғанмын”,- дейтін көз таныс. Потох мәрт екен. “Президентке керек, Астанаға керек, Москвамен договорға қол қойылғанда миллион доллар бір сағатта есепшотына түседі” деген. Соны естіген Егор шабыттанып, жобаны таяуда бастаймыз деп “Караван” апталығына сұхбат беріп жіберіпті. 2005 жылдың көктемі еді. Содан кураторым сойқан бастады. Домалақ арыздар кетті. Не дейсіз, Д. Қонаевтың «Өтті дәуір осылай» естелік-эссесінде жазғандай: “Отырсам опақ, тұрсам сопақ, қатты жүрсем қу аяқ, ақырын жүрсем шу аяқ” болды. Қураторым “тікелей менің тапсырмамсыз қомандировкаға шықпайсыз” деген қағазға қол қойдырып алды. Бір күні Президент Іс Басқармасының Басқарушысы Темірхан Досмұханбетов шақырды. - Мынау сені жұмыстан алу туралы екі айда жазылған шешімдер. Мен техникалық бастығыңмын. Саяси жетекшілерін “қызметіңе лайық емес” деп “шешім” шығарып, қоймай жатыр. Бірақ, “не себеп”, деп сұрасам, соны дәлелдейтін бір де факттері болмағандықтан қол қоймай отырмын. Қызметтен кетпейім десең өз еркің. Тек ескертейін дегенім, алда Президеттік сайлау, сенің мекемеңе көп шаруа жүктеледі. Кез-келген кемшілік сенікі. Ондай болмасына сенемін, дегенімен “постава” болмасына кепілдік жоқ”,- деген. Өз ісіне темірдей мығым, адал да принципшіл Іс Басқармасының Басшысына он күн ойланайын дедім. Не дейсіз, «қабырғаммен кеңесіп», Тәуелсіз Қазақстанда ешқашан мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босатпайтын күнмен арыз жазып, кураторыма бір жапырақ қағазды ұсындым. Қуаныштан көздері шаттыққа толған ол, «өз еркіммен» деген жазуы бар арызды он минутта Іс Басқарушысына жеткізді… Жағдайды естіген Егор қатты қапаланды. Эрнст қақпасын жапты. Сойқан куратор біразға дейін шапты. Талайдың жолын кесті. Ақыры өзі торға түсіп, қазір түрмеде отыр… …Совет заманында Лениндік сыйлық алған шығармаға кең қолдау жасалатын. Социалистік ел әдебиетшілері үшін бұл сыйлық Нобельдік сыйлықпен пара-пар есептелетін. Кітап әлемдегі барлық дерлік тілге аударылады. Кино түсірелді. СССР-дің театрларында жаппай спектакль қойылады, теленұсқасы Орталық каналдан бірнеше рет қайталанады. Нодар Думбадзенің «Закон вечности» қойылымын 80-ші жылдары Тв-дан талай тамашаладық. Егер де “Көшпенділер” Лениндік сыйлықты алғанда, «Мосфильм» мықтылары Одақтық бюджеттен қажетінше қаржы бөлгізіп, «Оскар» алатындай эпикалық кино жасары анық еді. Бондарчуктің «Ватерллосындай» кино түсіру олардың ғұмырлық асыл армандары болғанын, сол мәскеулік ұзақ кештерде айтулы продюсерлерден бірнеше рет естіген едім. Әрі Коммунистік идеология да «азаттық сыйланған аз халық» саясатына сәйкес келіп тұрған. Қазір «Спартак», «Троя», «Гладиатор» деңгейіндегі біздің «Көшпенділер» киносы деп мақтанып жүрер ме едік?! (Кейінгі түсірілген Қазақфильм туындысы «Көшпенділерге» ол мықтылар қатыспады. Гонорарға келіспеді.) 20 жыл Қазақстанды басқарып, КПСС ОК Бас секретарі Брежневпен достық қатынаста болған, Политбюроның байырғы мүшесі Дінмұхаммед Қонаевтың абырой-беделінен, 8 жыл ғана Грузияны билеген, Политбюроға кандидат Эдуард Шеварднадзе ықпалы қалайша асып түсті?! Осы мәселеде бір түйткіл бар секілді. Мысалы, СССР Мемлекеттік сыйлығы жыл сайын 3-4 әдебиетшіге берілсе, Лениндік сыйлық екі жылда бір рет, бір жазушыға ғана бұйырады. Ақшалай көлемі де СССР Мемсыйлығынан бірнеше есе көп. Әрі Мемсыйлыққа Политбюро тарапынан 2-3 ақын-жазушыны қосуға тапсырма түссе, тізімді қиналмай ұзарта алатын. (Мемсыйлық кезінде Сталиндік сыйлық аталған). Лениндік сыйлықты 1957 жылдан 1967 жылға дейін жыл сайын 3-4 әдебиетші алып отырды. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов сол алғашқы кезеңде Лениндік сыйлық игегері атанды. 1967 жылдан екі жылда бір рет 1-2 әдебиетшіге ғана тағайындалатын болған. Мәдениет пен Өнер, Архитектура саласын қосқанда 5-6 лауреат, ары кеткенде 8 сыйлық қана тағайындалатын. СССР-дегі үш жүз миллион тұрғындар арасынан дара шыққан, нағыз таланттардың тарланының маңдайына жазылатын бақ. 1980-ші жылы І. Есенберлин мен Н. Думбадзе шығармалары финалдық тартысқа түскенде, Грузин Басшысы неліктен бар абыройын салып, қоңыраулатты. Мәселенің мәнісі, мәдениет саласындағы грузин ұлтының өкілдері кейінгі кезеңдерде Лениндік сыйлықсыз қалып көрмеген екен. Коммунистік лагерьдегі ең жоғарғы атақ алумен грузиндер, жүздеген ұлт пен ұлыстың басын қосқан СССР-дегі ең таңдаулы әрі зиялы халық екендігін қайта-қайта мойындатуды қажеттілік қағидасы деп есептесе керек. Тіптен, ең соңғы Лениндік сыйлықтың Мәдениет саласындағы лауреаттары атағы бар болғаны екі адамға берілсе, соның бірі “Грузия-фильм” киностудиясында түсірілген фильмдері үшін, режиссер Тенгиз Абулаздеге бұйырған. Әрине ол кезде Шеверднадзе Совет Одағының Сыртқы Істер министрі, Горбачевтен кейінгі екінші тұлға. Сол 70 - 80 жылдары грузин мәдениет өкілдері Москваны өнерімен жаппай жаулап алды. 2008 жылы Ресей әскері Тблисиге 80 шақырым қалғанда мәскеулік грузиндер, соларды қолдаған орыстың қоғам және мәдениет қайраткерлері Ресей билігіне “Тоқта” деп шу ете түсті. Кейін, екі ел арасындағы түсінбеушіліктің де жымын білдірмей жіберді. Мәдениеттің соғысты жеңе алар бейбітшілік ролі осы шығар. “Көшпенділер” де, Совет Одағы мәдениетін мойындатып, түсірілген киносы “Оскарды” алғанда, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы болмас па еді?! Бас секратарь М. Горбачев аруақты бабаларымыздың рухынан ығар еді. Қазақтың жалындаған жастарынан қаймығар еді. Г. Колбинді бізге бастық қылып жіберуге жүрегі дауламас еді. Қазақ халқымен Компартияның санаспағаны соншалық, “Желтоқсан оқиғасы” туралы сол кездегі бас газет “Правдада” 3 сөйлемнен тұратын ақпарат қана жарияланды. 3 жылдан кейін болған “Тбилиси оқиғасында” Одақтық арнайы комиссия құрылып, Горбачевтің апшысын қуырды. Бүткіл Грузия ай бойы жұмыс жасамай жатып алды. Саны аз болса да ұлылыққа ұмтылған ұлт екенін көрсетті. Ал, 86-жылы Қонаевтың “халықтар достығының лабороториясы” синдромын бойына әбден сіңірген біздерді, өз комсомол – коммунист белсенділеріміз бен “прокурорларымыз”, Москвадан кезексіз шен-шекпен алу үшін желтоқсанда алаңға барып, абайсызда тұтқындалып, қолға түскен жас қыз-жігіттерді топтап соттады. Димаш ақсақал: неге талантты қазақ жазушысы Ильяс Есенберлин мен сыйлықты алуға лайықты “Көшпенділерге” қолдау көрсетпеді? Әлбетте, ел арасында Есенберлиннің бақталастары Москваға Лениндік сыйлықты бергізбеу үшін арызды бұрқыратты деген аңыз бен ақиқат бар. Шағым жазылғанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, Лениндік сыйлыққа түскен ұсыныстарды сараптаушы комиссия, осы Алматыдан келді деген шағым-шатпаққа назар аударды деуге негіз аз. Социалистік жүйенің тоқырауға тірелген тұсында, комиссиядағы либералдық көзқарасты әйгілі ғалымдар, керісінше, тұңшыққан халықты селт еткізер жаңалыққа бастар еді. Сонымен солай болды. Сол жылғы бір Лениндік Сыйлық қырғыз бауырмыз, суретші Тұрғынбай Садықовтың Бішкекте тұрған, “Революция қырандары” монументальді ескерткішіне бұйырды. Комиссия, қазақ алмаса бауыры қырғыз азаматы алсын десе керек. Есепке жүгінсек, 40 жылда Лениндік сыйлыққа қазақтан тек Мұхтар Әуезов лауреат болыпты. Қырғыздан екі адам алды. Мәдениет деген “Рухани Жаңғыру” саласын айтып отырмыз. Әуелгі ойымызға қайта оралсақ, Димаш Ахметович ағамыз: “Эдуард Амросиевич, тұра тұрыңыз, Лениндік сыйлықты қазақтар 20 жылдан астам күтті” десе, Шеверднадзе түлкі бұлаңға сала бермес еді-ау. Әрі осы 1980 – ші жылы Қазақ ССР-інің 60 жылдығын дүрілдетіп атап өту жоспарланған. Бәрі бір-біріне қабысып тұрған. Ал, елге келсек, Есенберлин, Алматыдан жазылған домалақ арыздар кесірінен сыйлықтан қағылды деген қауесет, қазақ әдебиетіне сор боп тиді. Бізбен Мәскеу санасады, жазғанымызды Кремль мұқият қадағалауға алып, қолдайды деген “ой”, классик жазушылардың бағын байлады. Талантты жазушылармыз жазуды екінші кезекке ысырып, жаппай қызметке ұмтылды. Қазақ әдебиеті үлкен тоқырауға ұшырады. Қазақстан Компартиясының үгіт-насихат бөлімі жазушылардың ақ пен қараны ажыратып берер қасиетті Мекке – Мединесіне айналды. Сексенінші жылдарға дейін жалпыазаматтық классикалық туындылар шықса, бұдан кейінгі он жылда Компартияны насихаттайын бір сәттік халтуралардың салтанатты шеруі шарықтады. 1991 жылы Тәуелсіздігімізді, Одақтас республикалар арасында ең соңынана жариялауымыздың басты себептерінің бірі осы. Екіншіден, Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы, «әдебиеттану, фольклортану және өнертану» секциясы дайындап шығарған: 10 томдық «қазақ әдебиетінің тарихы» сериясында, біз саралап отырған 80-90 жылдардағы әдебиетіміз тіптен атаусыз қалған. Қараңыз, «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ»: (бір ғасырды мысалға алдық). 7 том - ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы 8 том - ХХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы 9 том - ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы 10 том - тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің тарихы. Осы тұста ой – жазбаларымызға аздап үзіліс жариялап, Не себептен Ільяс Есенберлинге Лениндік сыйлық бұйрмады? Не себептен, сол тұстағы Қазақстан басшысы Д. Қонаев Есенберлинді қолдамады деген сауалдарға келесі бөлімде жауап беретін боламыз.
Махат Садық,
Фейсбук парақшасынан