Белгілі жазушы Нұрлан Оразалиннің заңсыз әрекеттері туралы жазды
2018 ж. 11 наурыз
6420
7
12 наурызда – құрылтай. Ескі сарынмен өте ме, әлде жаңа леп сезілер ме екен? Осы уақытқа дейін парасатқа құлақ аспай келген көсемдерінің жақтаушысы болып келген қаламгер бұқара сол сарынмен «өз адамының» тілеуін тілеп отыра берер ме екен? Қалай болғанда да, осы уақытқа дейін заңды елемей келгендіктерін есте тұтуы үшін бұрынғы әлдеқашан жария болған, бірақ еш мойындалмаған мына деректерді тағы еске салу парыз...
КСРО Жазушылар одағының жарғысы бойынша, қайта құру кезеңiнде шақырылған Қазақстан жазушыларының 1991 жылғы съезi Қазақстан Жазушылар одағының болашақ жарғысының бiрiншi хатшыны баламалы жолмен съезде тiкелей дауыс беру арқылы сайлау, съездi бес жылда бiр өткiзу тәрiздi негiзгi нобайларын белгiледi де, толық мәтiнiн қабылдауды съезде сайланған басқармаға тапсырып, тарады. Тұңғыш жарғының мәтiнi Тәуелсiздiктен кейiн iле-шала, 1991 жылғы желтоқсанның екiншi жартысында өткен басқарма пленумында қабылданды. Сонда белгiленген, жоғарыда аталған ереженi белгiлi бiр мақсатпен ұйымдасқан топ 1996 жылғы съезде бұзды. Жарғыға тиiстi ретпен түзетулер енгiзу арқылы емес, өрескел түрде жаңа жарғы қабылдау жолымен. Жаңа жарғы бойынша ендi бiрiншi хатшы съезде тiкелей дауыс беру арқылы сайланбайтын болды. Ендi бiрiншi хатшы одақтың басқармасында сайланады деп белгiлендi. Бiрақ мұнда мынандай айырмашылық орын алды: егер кеңестiк дәуiрде басқарма мүшелiгiне кандидаттар съез үстiнде ұсынылып, съез делегаттарының жасырын дауыс беруiне жiберiлетiн болса, тәуелсiздiктiң бесiншi жылын бастан кешiп отырған демократиялық дәуiр жазушылары басқарма құрамын сайлауда өз ерiк-жiгерiн еркiн бiлдiруiне мүмкiндiк беретiн жасырын дауыс беру құқынан айырылып қалды. Оразалин сол жаңа жарғы бойынша “сайланды”: съезд төралқасы “басқарма мүшелiгiне лайық” деп мiнбеден оқып берген сексен адамнан құралған тiзiмдi делегаттар ашық дауыспен бекiтiп, тарап кеттi. Ал сайлауға жиналған “выборщиктер” – сол 80-дей басқарма мүшесiнiң қырық шақтысы басқарманың бiрiншi хатшылығына сайлану үшiн жасырын дауысқа түскен үш кандидаттың iшiнен Оразалиндi таңдады. Осылай “таққа” отырған жаңа басшы iс жүзiнде одақтың 600-дей мүшесiнiң 15 пайызының ғана “сенiмiне” ие болған-ды...
Жаңа жарғыда жазушылар съезi төрт жылда бiр өтедi деп белгiленген. Алайда сол жаңа жарғының тап осы мерзiмдiк шарты бiрде-бiр рет сақталған емес. 2000 жылы өтуге тиiс съезд мерзiмiнен екi жыл асырылып, тек 2002 жылы әрең болды да, Оразалин “қайта сайланды”. Жеңiске масаттанған Оразалин мен оның командасы одан кейiнгi съездердi де мерзiмiнен кешiктiрiп, “асықпай” өткiзудi әдетке айналдырды: 2006 жылы күтiлген съездi бiр жыл асырып, 2007 жылы өткiздi, одан 2011 жылы өтуге тиiс съездi тағы бiр жылдан астам уақыт өткеннен кейiн – 2012 жылы шақырды.
Заңдылықты сақтамау сол “ұйым жарғысына сәйкес” шақырылған соңғы съезде де үстемдiк еттi. Күн тәртiбiне жарғыны талқылау туралы мәселе енгiзу ұсынысы қойылғанда, Оразалин: “Жарғы екi жүз адам қатысқан конференцияда қабылданған, ендi оны съездiң күн тәртiбiне қосудың қажетi жоқ” деген уәж айтты. Делегаттар “екi жүз адам қатысқан конференцияда” жасалған жарғылық өзгерiстердi съезде – 777 делегат қатысуға тиiс ең жоғарғы органда – өздерi талқыламаса да, тым құрығанда, қарастырып, дауыс берiп бекiтiп беруге мiндеттi екендiктерiн ойға алмады. Айтпақшы, төраға атауы да – Оразалиннiң жарғыны өз еркiмен бұрмалауының “жарқын” көрiнiсi. 1996 жылғы жарғы бойынша Одақ басқармасының бiрiншi, екiншi және басқа да хатшыларын сайлау көзделген болатын. Кейiнiрек, соңғы он шақты жыл көлемiнде, 1996 жылғы съезде қабылданған жарғыда көзделмеген төраға, төрағаның бiрiншi орынбасары, орынбасары деген лауазымдар пайда болды. Пәлен хатшысы бар хатшылық оларға қоса жүрiп жатыр. Мұндай құрылымдық қым-қуыт бей-берекетсiздiк съездiң талқылауынсыз, жарғыдан тыс жасау қаншалықты көңiлге қонады? Бұл өзi заңды сыйламаушылықпен ағайындас тiрлiк емес пе екен? Әлде мұның бәрi жазушы қауымнан құпия түрде, яғни съездiң қарауына ұсынылмай-ақ, астыртын заңдастырылды ма екен? Осындай-осындай ойына келгендерiн iстей беретiн адам одақты 22 жыл басқарыпты...
Жазушылар одағының кезектi бiр пленумында “одақтың құрметтi төрағасы” лауазымы тағайындалған болып шықты. Осынау “құрметтi төрағалыққа” құмартушылықтың астары уақытында көп сөз етiлдi. Оның себебi тереңде екен. Оразалин мен оның командасы Жоғарғы сот судьяларына жол тауып, күллi заңдылыққа пысқырмастан, Қазақстан Әдеби қорын 1997 жылдың басында жойғызып жiберген едi. Әдеби қорды жойғаннан кейiн, оның басқаруындағы Шығармашылық үйдi (суретте) Оразалин командасымен өз қарамағына алған, бiрақ жұмысын жүргiзе алмады. Он шақты жыл бойы бос қаңыратып қойды. Аздырып-тоздырды. Ақыры Үкiметтiң көмегiмен жөндеуден өткiздi, алайда жөнделген Үйдiң жұмыс iстеуiн ұйымдастыруға жазушыларды тартпады. Одан гөрi, ғимаратты әлдебiреулерге жалға өткiзудi қолайлы һәм тиiмдi көрдi. Қандай құжат жасалды – құпия. Бүгiнде қаламгерлер шығармашылық мақсаттарына орай онда барып тұра алмайды: ол шетелдiктердiң үш жұлдызды қонақүйi, аула салып қоршап алған, күзетi бар. Жанындағы бұрын жазушылар серуендейтiн бақтың кiмге қызмет етiп жатқаны да құпия. Одақ ғимаратының жалға берiлу жағдайы, қала әкiмдiгi берген көтерме базар, облыс әкiмдiгi бөлген алма бағы, Астанадан алынған жер телiмi – бұлар не күйде? Құпия... Осылар жайында Нұрлан Оразалин Жазушылар одағы мүшелерiне ешқашан есеп берген емес, жалпы, шаруашылық мәселесiн бiрде-бiр рет ашық талқыға салып көрген жоқ.
...Бұдан кейiн қай қаламгер қандай ой түймек? Қалыптастырылған жағдайға көндiгiп жүре беремiз бе? Әлде шын тұтастықтың шынайы пiкiр алмасуларда, әдiлеттi шешiмдер қабылдай бiлуде екенiн есте ұстап, өзiмiздi- өзiмiз өркениетке, демократия талаптарына сай тәртiпке келтiруге бiлек сыбана кiрiсемiз бе?! Менiңше, әдеби төрелер бiздi бұдан былай алдай бермеуге тиiс. ...бiзге әдiлеттi шығармашылық одақ қажет. Халыққа риясыз қызмет ететiн Жазушылар одағы керек. Оны өзiмiз жасауға мiндеттiмiз.
Бұл үшiн не iстеуге тиiспiз? Әрине, алдымен Оразалинге неге наразы екенiмiздi жан-жақты парықтау ләзiм. Оның өз командасымен бiрге жылдан-жылға үзбей айтып келе жатқан өтiрiгiнiң: “Бiр кездерi “ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында” кете жаздаған ұйым ғимараттары қара шаңырақ қарауына қайтарылды” деген жалған “қаһармандығының”, жасанды сылтауының артындағы жазушылардың шығармашылық мүддесiне қатысты iске оралымсыздықтарын ашып талдап, алдағы күндерге дұрыс бағдар жасау жөн. Бұл үшiн бiрiншi кезекте Жазушылар одағын басқаруға лайықты қаламгерлердiң бағдарламаларын тыңдап, талқыға салу арқылы, iштерiнен ең дұрысын таңдауға тиiспiз.
Мұндай шараны жүзеге асыра алатын жағдай осы құрылтайда жасалуы керек. Алдымен одақ жарғысына енгізілген, іс жүзінде жазушылардың ең жоғарғы органы съезде бекітілмеген өзгерістерді қарастыру керек, бәлкім, жарғының базалық нормаларын бірден талқылып, қабылдап жіберу керек те, жаңа басшылықты таңдап алу мәселесімен шұғылдану керек. Есте тұтатын жәйт – Одаққа жаңа леп әкелетіндей жағдай жасауымыз қажеттігі... Оған шамамыз жете ме???
Бейбiт Орынбекұлы ҚОЙШЫБАЕВ (Қойшыбай-ұрпағы)