Белгілі жазушы: Оразалин мен оның командасы билікке келген бетте сауатсыз әрекеттер жасады
2018 ж. 09 наурыз
7344
25
Тұрысбек Сәукетаев «Жазушыны сорлатқан кім?» деген тақырыппен жария еткен «Құрылтай қарсаңындағы толғанысында» «Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының таяуда өткен соңғы пленумы (12.02.2018) ел аңыз ғып айта жүрер тарихи уақиға болды» дейді. Пленумда сыни сөз айтқандарды мұқатудың өзіндік оңтайлы тәсілін тапқан автор 1996 жылы «бір топ «алжыған» ақсақал Президентке қолқа салып» сұрап алған «Оразалин не істемеді?» деп мысқылдап бастап, Оразалиннің «не «былықтырғанын» ауызға алудың өзі «ұят» деп сабақтайды: «Ойбай-ау, әйгілі «прихватизацияның» алағай-бұлағайында сол кездегі басшылар (марқұм Қ. Найманбаев, қазіргі көзі тірі Т.Әбдіков, Б. Қойшыбаев) ту-талақай талан-таражыға салған Одақ мүлкін қайтарып алам деп «масқара» қылды емес пе әумесірлікпен бұл қасқаң. Мұндай ақкөз, өлермен болар ма. Төрт жарым жыл табанынан тозып жүріп, 39 рет соттасып, сот шығынына 2 мл. теңгені жазушылардың езуіндегі еншісінен айырып, ақыры болмаған соң Президенттің өзінен сауға сұраумен Одақ ғимаратын қайтарып алған жоқ па?». Не керек, біздің байқауымызша, өтірік-шыны аралас біраз сайраған. Сәукетаевтың өзі ауызға алған ҰЯТ сынды қасиет өзінен бастап талайдың бойында кемшіндік еткендіктен, бұл жалғандықтың өрістей беруіне тыйым болмас, сірә. Бірақ әділдік түбі жеңер, үмітсіз – шайтан... Сәукетаев аталмыш «жырын» осыдан жеті жыл ілгеріде «төгілткенде» төмендегі жауап жазылған (қызығы, мұнда айтылғандардың әділдігін осы жолдар авторына оның өзі де мойындаған еді), соны оқырман назарына еріксіз қайта ұсынып отырмын...
«Жартасқа бардым, күнде айқай салдым...»
Тұрысбек Сәукетаевтың «Құдық түбіндегі көкбақаның зары» деген қыжылға толы ұзақ-сонар толғауы, шынтуайтында, ортақ мақсатқа жаны ашыған емес, жәй ғана топтық мүддеге жетуді көксеген зәрлі мақала болып шыққан екен. Бәрін талдап әуреге түспей-ақ, ішіндегі өзіме қатысы бар жеріне орай ғана бірер ой білдіруді жөн көріп отырмын.
Дулат Исабековті күстаналауының бір шырқау шыңында автор: «Шын жанашыр, күрескер болса, кеше марқұм Қ. Найманбаев, Т. Әбдіков, Б. Қойшыбаевтар Одақтың бүкіл мүлкін сабақты жібін қалдырмай сатқанын сатып, ту-талақай талан-таражыға салғанда қайда қалды, неге шырылдап арашаға түспеді?» – депті.
Міне, осы орайда бұл азаматымыздың соншалықты парықсыздыққа салынғанына еріксіз қынжылыс білдіруге тура келеді. Мұндай сөзді ол өткен жылғы «одақтың құрметті төрағасы» лауазымын тағайындауға құмартқан бір күдікті жиында айтқан. (Жарғылық мәселені жариялы күн тәртібінде көзделмеген жазушылар одағы басылымдарының юбилейлік конференциясына – одақ мүшелерінен гөрі әдеби басылымдардың былайғы оқырмандары – студенттер және өзге жанашырлар көбірек жиналған жиынға қойып, оны құдды ұйым жұмысын жетілдіру үшін арнайы шақырылған жазушылар конференциясы тәріздендіріп жалғастырған көзбояушылық бірден сол жиналыстың мәртебесіне сенбестік туғызған-ды). Онысы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған болатын.
Сол жиынға байланысты оған «Жазушылар одағының жаңа бастамасы хақында» деген тақырыппен үн қатып, бұл азаматтың қателігін көзіне шұқып атамай-ақ, сол кезгі ахуалды мақаламызда жан-жақты түсіндіргенбіз. Бала емес қой (алпыстан асып барады екен), мәселенің ақ-қарасын түсінген шығар деп ойлаған едік. Алайда оның жоғарыда келтірілген және одан кейінгі мына: «Әсіресе Шығармашылық үйдің жан шошырлық бейнесі әлі көз алдымызда. Бомба түскен үйдей, есік-терезесі үңірейіп, шатырдағы қаңылтырдан бастап едендегі төсенішке дейін тоналып, «Горный Гиганттың» мауыққан қыз-жігіттерінің жынойнағы мен әжетханасына айналып еді ғой. Одақ мүлкін осындай күйге жеткізгені үшін бұрынғы басшылар жазаға тартылуы керек еді, керісінше кейбірі жоғарылап өсіп кетті. Ұят-обалды ойлаудың орнына, енді міне, бәрі ұмытылды деген дәмемен, қайта жалданып, айналасына топ жиып айғайшыға дем беріп жүр», – деп шабынған жалалы сөздері оның ұятына сүйенеміз деп біздің қателескенімізді көрсетіп тұр. Амал жоқ, өткен жылдарға қысқаша болса да, қайта оралуға тура келеді...
***
...1990 жылы СССР Әдеби қорының пленумы өзінің құрамындағы республикалық бөлімшелерді шаруашылық есепке көшіру керек деп шешті. Соған сәйкес тиісті бөлу балансын жасап, СССР Әдеби қоры Алматыдағы Шығармашылық үйді өзінің Қазақ бөлімшесінің меншігіне берді. Шығармашылық үйдің шаруашылық есеппен жұмыс істеуге кірісуіне мүмкіндік туғызу үшін, сол жыл бойы орталықтан бұрынғысынша қаржыландырып тұрды. Алайда Қазақстан Жазушылары одағының басшылары О. Сүлейменов, С. Мұратбеков, Қ. Тұрсынқұлов (бұл кісі ол кезде одақ хатшысы ретінде СССР Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің де жұмысына жауап беретін), СССР Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры С. Жүнісов Шығармашылық үйді өзін-өзі қаржыландыру дәрежесіне жеткізу жайын ойлай қоймады. Сондықтан, Мәскеуден түсіп тұрған қаржы 1991 жылы біржола доғарылғанда, Шығармашылық үйдің күллі тіршілігін бетімен жіберді. Жазушылар одағының ғимараты да сан қилы жалға алушыларға толды...
1991 жылғы қыркүйектегі съезде тұңғыш рет тікелей дауыс беру жолымен бірінші хатшы болып Қ. Найманбаев сайланды. Ол одақты қиын ахуалдан құтқару үшін, әкімшілік жолмен ірі өзгерістер жасады: ғимаратты жалға алушылардың біреуіне ғана тоқталып, басқаларын аластады. Сосын одақ ғимаратының шаруашылық жүргізуге ең қолайлы бөлігін (Әдебиетшілер үйін) және Тайманов көшесіндегі Шығармашылық үйді әлгі коммерсанттың қарауына берді. 1991 жылғы қазанда өткен 1-пленумда басқарма хатшысы болып Т. Әбдіков пен Б. Қойшыбаев сайланған-ды. Дүние-мүлікті сол коммерциялық мекемеге 1991 жылғы қазанда Б. Шаханов бастаған комиссия (құрамында жаңа хатшы Б. Қойшыбаев болды) өткізді. Көп ұзамай, қаламгерлердің ұтылғаны белгілі болды, жазушылардың наразылығы күшейді. Одақ, алайда, коммерсанттарды мүлікті қайтаруға көндіре алмады. Бірақ сотқа жүгінуден қашты. Сонда, ақыры, Шығармашылық үйдің заңды қожайыны ретінде, Әдеби қор (басқарма төрағасы Б. Қойшыбаев, директор Н. Төлеупов) өз мүддесін құқықтық жолмен қорғауға шықты...
Бір жарым жылдай уақытқа созылған соттасу нәтижесінде Әдеби қор жеңіске жетті. Шығармашылық үйден коммерсанттарды аластайтын уақыт белгіленді. Бірақ оны Жоғарғы арбитраждық сот бұзды. Бұл 1994 жылдың мамыры еді.
Содан кейін Жоғарғы төрелік соттың арнайы бригадасы заңды қақпақылдаумен, қайткенде Әдеби қордың талап-арызын қанағаттандырмау жолын қиыстырумен сегіз ай бойы шұғылданды. Бұл іске жазушылар арасындағы астыртын әрекет-қимылдың шеберлері де атсалысты, солардың тікелей жәрдемімен коммерсанттар Бас прокуратура арқылы Әдеби қордың заңды тұлғалық мәртебесін жоюға тырысты. Әдеби қордың Жарғысын тіркеген Әділет министрлігіне 1994 жылдың жазында Бас прокуратура наразылық жолдады. Соған байланысты Әдеби қор сол жылдың тамызда Төтенше съезд шақырды, Жарғысын заңнамаға сәйкестендіретін толықтырулар мен түзетулер жасап, қайта тіркеуден өткізді.
Жоғарғы сот судьясы одан соң да істі сағызша соза қарап, ақыры әлдебір ілік тапқандай болды да, Әдеби қордың талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Сосын оны Сот шешімдерінің заңдылығын қадағалайтын алқа бұзды. Ақыры, коммерсанттар Шығармашылық үйден 1995 жылғы 14 маусымда мәжбүрлеу жолымен шығарып жіберілді...
Шығармашылық үйді қаламгерлердің өздері басқаруға кірісті. Қаламгерлердің кәсіпкерлік қызметке де бейімделуіне толық мүмкіндік жасау үшін Әдеби қорға шаруашылық жүргізуші ірі субъект дәрежесіне жету керек-тін. Содан ғимаратты сүлікше сорған коммерсанттардан арылу қажеттігі күн тәртібіне шықты.
Көздеген мақсатқа жету үшін, Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасында 25.01.1995 ж. Қызметтестік туралы келісімшарт жасалды. Онда Жазушылар одағы шығармашылық, қоғамдық-саяси мәселелермен, ал Әдеби қор оның қаржылық тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін шаруашылық мәселелерімен шұғылданатын болып келісілді. Үкіметтің тиісті ведомствосының шешімімен Жазушылар одағының ғимараты 5.04.1996 ж. Әдеби қордың балансына берілді.
Тарихи құнды ескерткіштер қатарындағы ғимараттың үлкен бөлігінің коммерсанттардың пайдалануын бұрыс деп санаған қалалық прокуратураның мемлекет мүддесін қорғайтын талап-арызына сәйкес, қалалық сот Жазушылар одағы мен коммерциялық ұйым арасындағы Әдебиетшілер үйі жайында жасалған келісімшартты 1996 жылғы жазғытұрым заңсыз деп тапты...
Алайда 1996 жылғы 29 маусымда одақ билігіне келген жаңа басшылық (Н. Оразалин, Т. Медетбеков, Ғ. Құлахметов, кейінірек Қ. Тұрсынқұлов) коммерсанттарды жоғарыда айтылған сот шешіміне сәйкес Жазушылар одағының ғимаратынан мәжбүрлеп шығарып жіберуді қажет етпеді.
Тіпті, Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасындағы Қызметтестік туралы келісімшартты елең қылмады. Жазушылар меншігін қорғау жолында жүргізілген сот марафоны кезінде коммерсанттарға астыртын қолдау көрсетіп, Әдеби қорды жоюға құпия әрекеттенген азаматтар енді мүлдем ашық кетті: солардың ортақ іске өте залалды болған әсіре белсенділігі салдарынан 1996 жылғы 2 желтоқсанда Жоғары сот судьясы Әдеби қор жарғысының 1992 жылы тіркеуден, 1994 жылы қайта тіркеуден өтуінің де күші жойылсын деген шешім шығарды.
Бұл шешімді Жоғары сот алқасы өз қаулысымен 26 желтоқсанда бұзған-ды, алайда әлгі судья өзінен жоғары тұрған алқа қаулысын елең қылмай, 1997 жылғы 10 қаңтардағы ұйғарымымен Әдеби қорды мүлдем жоюға пәрмен берді. Ал бастықтары оны түзеуді ойына да алмады.
Заң мен заңнаманы осынша өрескел бұзушылықты, соттағы сыбайластыққа жол берушілікті Президент Н. Назарбаев «істі әділ қарамайтын судьялар не сауатсыз, немесе өздерінің белгілі бір мүдделері бар» деп бағалаған-ды, соның бір мысалы сол жәйт екені анық еді...
***
Сонымен, Т.Сәукетаевтың «...зарындағы» байбаламына оралалық. Ол барын салып таусыла намысын жыртып отырған Н. Оразалин мен оның командасы 1996 жылы одақты басқаруға келгенде:
1) Әдеби қордың меншігіндегі Шығармашылық үйдің директоры А.Мекебаев оның жұмысын рынок талаптарына сай жолға қою әрекетін жасап жатқан;
2) Жазушылар одағы ғимаратының үлкен бөлігін иеленіп отырған коммерсанттарды кетіру үшін Әдеби қор тарапынан мүмкін болған заңдық шаралар жасалған:
а) ғимарат Әдеби қор балансына алынған (мұндай әрекет арқылы коммерсанттардың Жазушылар одағына қаржылық талап қоя алмайтынын көрсету көзделген-ді;
ә) ғимаратты коммерсанттардың пайдалануы жөніндегі келісімшарт сот шешімімен күшін жойған.
Өкінішке қарай, Н. Оразалин мен оның командасы 1996 жылы билікке келген бетте құқықтық тұрғыда сауатсыз әрекеттер жасады:
1) Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасындағы Қызметтестік туралы 25.01.1995 ж. келісімшартты заңды құжат деп санамады;
2) түрлі астыртын және ашық байланыстарын іске қосып, Әдеби қорды заңды тұлға ретінде жойды;
3) қызметін жаманды-жақсылы жолға қоя бастаған Шығармашылық үйдің директоры А. Мекебаевтан құжаттарын сыпырып алды да, Шығармашылық үйді іс жүзінде жауып қойды.
Т. Сәукетаев айтып отырған «...жан шошырлық бейнеге» Шығармашылық үй сол шақта – Н.Оразалин жылу, су, электр қуатынан айырып, бірнеше жыл бойы қаңыратып қойған 1997 жылдан бергі мерзімде – түскен болатын. Бірақ бұл азаматқа шын жағдайды бұрмалап, басқаша, шын кінәліге жағына сайрау тиімді көрініпті.
Әдеби қорды заңды тұлғалық мәртебесінен айырғаннан кейін Жазушылар одағы коммерсанттармен бетпе-бет қалды. Кейінірек Т. Медетбековтың «Жас алаш» газетіне берген бір мақаласынан одақтың коммерсанттармен қайта келісімшартқа отырғанын оқып білгенбіз.
Одан кейінгі жәйтті Т. Сәукетаев аталған мақаласында былай толықтырыпты, оқиық: (Дулат Исабековтің) «өзі айтқандай, «өлік шығаратын үйге» де жарамай қалған Одақтың ғимаратын, қолды болған басқа да мүлкін қайтарам деп Оразалиндер табанынан таусылып 6 жыл соттасып, кінәлі топтың кесірінен сот шығынына 4 миллиондай теңге төлеп (бұл жазушы қауымның ақшасы ғой, әлі де сотқа жүгініп, Одақ басшылары тым либералдық таныта бермей, айыптыдан өндіріп алуға болатын шығар) 49 рет сотқа барғанда неге көлеңкесін көрсетпеді? Енді келіп, Одақ еңсе тіктеп, алпыс екі тамырына қан жүгіріп жұмыс істей бастағанда, тарғыл мысық сияқты «шаңырақтағы еттің сасығын-ай» дейді. Бәрінен бұрын дүние-мүлікті ту-талапай қылып, бәрін былықтырған Одақтың бұрынғы «адал» басшыларымен бір төбеде табысып сүрең салып жүргені өкінішті-ақ».
Байқалып тұрғандай, Т. Сәукетаев біраз нәрсені нақты білетін тәрізді. Бірақ сол көрсеткен шығындары мен олардың орнын толтыру жөніндегі ұсынысы бүгінгі «Оразалиндерге» бағытталуы тиіс екенін жасырып, бар пәлені 1996 жылға дейінгі басшылыққа жасанды түрде үйіп-төгумен шұғылданыпты.
Шындап келгенде, олар қаламгерлер ұйымдарының жұмысына революциялық реформалар жасаған-ды, сөйтіп, өз кемшіліктерін қолдарынан келгенінше түзетіп кеткен болатын.
Ал 1996 жылдан бергілер – Т. Сәукетаев қызғыштай қорыған Н. Оразалин және оның командасы – ұйым жұмысына кері реформа, контрреволюция жасаумен айналысты, құқықтық тұрғыда білімсіздіктен жасаған әрекеттері салдарынан «49 рет сотқа барды», «сот шығынына 4 миллиондай теңге төледі», басқа да ерсіліктер істеді, ендеше, қаламгерлер, Т. Сәукетаев айтқандай, «либералдық таныта бермей», «жазушы қауымның ақшасын» сол жосықсыз әрекеттер жасаған «айыптыдан өндіріп алуға болатын шығар», ойланғандары жөн.
Ортақ іске пайдалы болу үшін, біздің ойымызша, барша қаламгер бірінші кезекте:
а) демократияны перде етіп шебер ұйымдасқан, сыбайластықтың қыр-сырын қатты меңгерген аз ғана топтың өздерін қолжаулығына айналдырғанын парықтауы тиіс;
ә) 1991 жылғы жарғыда ескерілген бірінші басшыны съезде баламалы жолмен тікелей сайлау тәртібі 1996 жылы (түзетулер енгізу жолымен емес, өрескел түрде жаңадан) қабылданған жарғыда бұзылғанына ой жүгірту ләзім.
Съезд мінбеден басқарма мүшелері болсын деп оқылған тізімге ашық дауыс береді де, бірінші хатшыны басқарманың жасырын дауыспен сайлауына қалдырып, тарайды. Сонда олар, алты-жеті жылда әрең жиналғанда, басшыларын өздері төте дауыс беру арқылы сайлай алмайтын болса, оның қандай демократия болғаны? Осыны ойлау керек;
б) демократия дегеніңіз тек қана Т. Сәукетаев айтқандай, азшылықтың көпшілікке бағынуы ғана емес, – сол азшылықтың үніне көпшіліктің құлақ тіге білуі, наразылықтың түп-тамырын көпшілік болып түсінуге тырысу. Тарих көрсетіп келе жатқандай, әділ де адал сөздер азшылық тарапынан да айтылуы ықтимал. Сондайларды орынсыз саяси-қуғын сүргінге салған дәуірден сабақ ала білу керек те, пәленше-түгенше одақтың бүгінгі басшылығына қарсы екен деп, әйтеуір жауласа беруді доғару керек.
Егер өзімізді жөн сөзге тоқтауға бейіл ете алсақ, онда әділ де адал, ашық пікірлесуді жалғастырып, дұрыс шешімдер жасауға, болашаққа салиқалы жоспарлар құруға болары сөзсіз...
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ