Анаға пенде түгілі, Пайғамбарлар да табынған
2018 ж. 06 наурыз
4953
8
Ұлық күн бүгін ұққанға, болайын мен-ақ ұраншы,
Əзіз жандарды құшаққа ап, дүние қане, қуаншы.
Əлемде мынау ең ғажап əн болса бесік жырларым,
Орындай білген сол əнді Ананың бəрі ұлы əнші!
Ізгілік ойлар Ананың тілеуін Тəңір бір рет бер,
Бір рет бер сол бір тілекті, қалғанын өзі реттер.
Ең ғажап сурет білгенге – əлемнің аппақ дидары,
Сол жарық күнді сап берген Аналар – ұлы суреткер!
Ер етігімен су кешіп, басқаныменен бойды алаң,
Шылбырын есіп тірліктің, ұрпақтың қамын ойлаған.
Жанама аты əманда адалдық болып келетін,
Анаға тағзым етуі тиіс деп білем ойлы адам.
Мейірім, шуақ, шапағат бойынан дəйім табылған,
Бейнетті көрем Ананың алақандағы табынан.
Перзенті үшін дүниені тəрк етіп кете алатын,
Анаға пенде түгілі Пайғамбарлар да табынған!
Ана деп білем егерде қимасым болса бір адам,
Мінəжат етіп мен енді Жаратқанымнан сұранам.
Талша мойнымды қылша иіп, тізерлеп тұрып тілеймін,
Жалған дүниені жарық қып, Аналар жүрсін дін-аман!!!
Сəбит Лаханов,
Шардара ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы
qazaquni.kz