Жақсының жары
2018 ж. 02 наурыз
5857
1
Асыл Қабышқызы, аты аңызға айналған партизан, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің зайыбы:
– Бір қиыны, майданнан оралған Қасым ішкілікке үйреніпті. Тегінде, сол кезеңдерде соғыстан қайтқандардың көбі ішті ғой. Қаскең бұрын татып алмайтын. Бозбала-бойжеткен болып қыдырған кездерімізде балмұздақ жейтінбіз де жүретінбіз. Әуелде жарайды, ішу де кешкен бейнетін ой сүзгісінен өткізгенде қажет нәрсе шығар; біраз сергісін, мауқын басқан соң қояр деп үміттенгем. Жоқ, тыйылар түрі көрінбеді. Үйден шығып кетсе-ақ сылқиып тойып келеді. Бір күні есін жинаған кезінде ренжідім: «Жаным-ау, мынандай тұрмыс болмайды ғой. Арақ ішу үшін туған жоқ шығарсың сен. Өмірдің бәрін маскүнемдікпен өткізу үшін келген жоқ шығарсың жарық дүниеге. Тірлік жасау керек шығар. Мұның не сұмдық!». Өзінің «партизан болдым. Осынша мәрте жау тылына парашютпен түстім. Бәлен істедім, түген істедім. Түрмеден тұтқынға түскендерді құтқарып шығардым» деп төндіріп айтатын әңгімелерін есіне салдым. «Соныңның бәрі өтірік. Әйтпесе жазар едің ғой. Шикі болмаса. Істегеніңнің бәрі рас болса қағазға неге түсірмейсің. Отыр да жаз. Құр бос сөзді көпіртіп айтасың-айтасың да жайына қалады. Оныңа және ешкім сеніп те жатқан жоқ. Соғыста кездескен адамдардың атына дейін көрсет. Қай облыста, қай қалада. Әлгі түрменің нөміріне дейін нақтыла. Шындық болса соның бәрін ашықтан-ашық баяндамайсың ба. Текке сандалып жүргенше жазсаң, біріншіден, оның кітап болады. Екіден – ақша». О кезде, расында да, Ғылым Академиясы сондай қолжазбаларды ақысын төлеп қабылдап алатұғын. Ашығын айтқанда, жазушы болсын деген емеспін. Үйге тоқтаса деген дәме. Таңертеңнен кешке дейін қаңғиды. Сүрініп-жығылып, қызара бөртіп жетеді қас қарая. Жазып еңбектенсе үйде отырады ғой. Қысқасы, сөзіме, тұнжырап жүріп, ойланды. Содан ептеп жазып бастап, онысын Академияға беріп, біртіндеп қыруар қаржы алуға кірісті. Содан кейін-ақ өзі де білді-ау. Е-е, мынау әжептәуір қаражат болады екен; тіршілікке қажет нәрсе екен, жөн істі жалғастырайын деп. Жетісіп отырғанымыз жоқ. Жан басы көп. Оның үстіне шығармашылық ақырындап баурап кететін болуы керек. Сөйтіп барып жазушылығын бастады ғой...Бәшен Баймұратқызы,
классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың бәйбішесі:
– Жазумен, тіпті, жетінші кластан бастап-ақ айналысыпты. Анау «Балалық шаққа саяхат» шығармасы өз өмірінің тұнып тұрған шындығы. Бұл кітапты көңіл толқытпай оқу қиын. Ең балауса балғын шақтағы тағдыр теперіші, қасындағылардың өктемдігі мен озбырлығы Бердібектің жас жанын уландырып, қайғыға бөлеген. Талант жолы қашан да ауыр жол ғой. Бердібекті де қақпайлаушылар көп болды. Мысалы, сонау 1963 жылы Алматыға жолы түскен бір француз азаматы ҚазТАГ тілшісіне: «Француз оқырмандары қазір қазақтың ұлы классик жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бердібек Соқпақбаевтарды ана тілінде оқи бастады» деп сұхбат беріпті. Со кезде редакцияларға телетайп арқылы келетін мұндай хабар көпшілік телерадио, баспасөз редакциялары жетекшілерінің төбе шашын тік тұрғызса керек. Олардың әлгі сәтте: «Бұл не сұмдық! Соқпақбаев деген қашаннан бері ұлылар қатарына қосылып еді!» деп түршіккенін соңырақ естіп жүрдік. Әрине, бір есептен, оларды кінәлай салу да орынсыз. Уланған, қисайған сана оңайшылықпен оңала ма. Дәл сол кезеңде олардың Бердібек шығармашылығы сырын ұғуға өрелері жетпеген болып тұр ғой... Өте шыншыл еді. Бірақ осы мінезімен де көпшілікке жақпады. Өзінің де жазатыны бар «шыншылдықты табиғаттан үйрендім» деп. Адалдыққа өмірдің өзі баулыды дейтін-ді. Өзі де ұрлық, өтірік, мақтаншақтық, жағымпаздық дегенге жаны қас еді ғой. Еңбектері көзі тірісінде-ақ қайта-қайта басылған адам, егер сәл жылпостау болса, талай жерден орден-медаль алып, жырғап жүрмес пе еді. Мен мұны әлгі «жоғалған пышақтың сабы алтын» деп айтып отырған жоқпын, жалпы, ол әуелден-ақ жан-жүрегі кіршіксіз таза, өте әділ адам-тын. Отбасында да бірдеңені ұнатпаса баттитып айта салатын. Біреулердің қиянатына төзу, ересек, бұзақы балалардың жол-жөнекей ақшасын тартып алатыны, жетімек деп ұрып кетуі, үстіне киген киімін мазақтауы сияқты қорлық-зорлықтың бәрі оны турашылдыққа, күреске үйреткен. Мінезі тік. Сыпайысып тұрмайды. «Сен құсап мәймөңкелеуді білмеймін» дейтін-ді маған да. «Менің атым Қожада» да алғаш кейбір нашар жеңгелерінің атын ашық жазды. Соны оқығанда: «Ойбай! Мынауың масқара ғой! Бұл кісілер тірі жүр емес пе!» деп тіксіндім. Ақыры өзгертті. Қазір бүркеншік аттарымен жүр... Менің екі құрбым бар. Қатар оқығанбыз. Солар Бердібек екеумізді алғаш сыртымыздан көріп, «Бәшен таз тырна секілді біреуді тауып алыпты ғой!» деп күліп жүреді екен. Бердібек – шашы тап-тақыр, өзі кішкентай, әлгі «Балалық шаққа саяхатта» жазғаны сияқты өте арық болатын. Қап-қара. Бірақ өте әдемі ғой! Сондықтан шығар, әлгі қу қыздардың көп үйірсектейтіні. (Тәтей осы тұста рахаттана күлді. Одан кілт мұңая қалып, күрсінді). – Бердібек кеткенде, мынау Самалым бар... Үш бала шейіт болып кеткен... Сондай ауыр жағдайда, от жағатын үйде қалдық. Сексен сом еңбекақымен. Әрине, ауыр тиді. Сөйтіп, қыстық көйлекті – жазда, жаздық көйлекті қыста кие жүріп, сырттай оқып, кандидаттығымды қорғадым. Жалпы, азап шекпеген кезеңім шамалы. Бірақ, Аллаға шүкір, сол Бердібек сыйлаған перзентімнің арқасында (Самал Соқпақбаева – білікті аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қ.М.) талай қиындық артта қалды...Зайда Бекхожина,
Халық жазушысы, ақын Қалижан Бекхожинның жары:
– Қазір жақсы ғой. Бәрі дайын. Біз қонақ шақырарда бір апта бұрын күні-түні шабылатынбыз. Шәк-шәк секілді десерттік тәттілер мен тортқа дейін өзіміз пісірдік. О кезеңде мерейтойлар үйде жасала беретін. Сәбит ағамыздың бәйбішесі Мәриям апай дастархан даярлау жағынан ұстазымыз болды. Көбіне сол кісіден үлгі алатынбыз. Одан соң Жұбанның үйіндегі Софьядан да үйренетін нәрсе көп еді. Еске түседі, 1970-шы жылы қазан айында Жұбан Молдағалиев елуге келді. Үйіне бардық. Сәбең, қос Ғабеңнен бастап бәрі жиналды. Хамит Ерғалиев, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев сияқты барлық көрнекті ақын-жазушылар бар. Бірден көз тартқан нәрсе – ақ матадан жасаған дастархан керемет екен. Қайран қалдырды. Салфеткаға дейін шатырдай аппақ. Және оны өзгеше тартымды мәнермен сәндеп, қаттап қойған. О кезде өте таңсық көрініс. Қатар жайғасқан Сырбай Мәуленовтің әйелі Гүлжамал: «Мынаны қалай істеген?!» деп сыбырлайды. Мән-жайды пайымдап үлгерген мен: «Бәрін де жақсылап крахмалдап барып өтектеген екен!» дедім. Міне, осылайша, бір-бірімізден жаңалық атаулыны дереу қабылдап, өркениет жағынан ақырындап алға жылжып отыратын жағдайларымыз баршылық еді... Қалекеңнің тік мінезділеу кісі көрінгені рас. Шындықты бетке айтады. Біреудің өтірікшілдігіне шыдай алмайды. Таң қаларлықтай әділ. «Асыл адам айнымас» дегендей, достыққа, жолдастыққа берік-тін. Сеніскен адамын хан көтере қастерлейтін өте адал, парасатты жан еді. Сосын, көпшіл болатын. Сыртқа шықса бір қора жолдасты топырлатып алып келеді. Қолы ашық. Ауылдан біреулер келсе, соларға киім-кешек әперіп, маған: «Сағат алсаң қайтеді, жүзік, сырға әперсеңші» деп отыратын. «Шақырсақ» деген бір өлеңі бар. Сонда: – Өтіп жатыр басымыздан жақсы шақ, Ұлғайғанда жүрмейікші жатырқап. Зайдахан-ау, қант пен шайың жете ме, Дос біткенді үйге түгел шақырсақ, – дейді. Сәбит Мұқановтың қосағы Мәриям апай секілді жеңгелерін керемет сыйлады. Мен, тіпті, Сәкен Сейфулиннің зайыбы Гүлбарам апайдың өзін студент кезімнен білетін едім. Гүлбарам Батырбекқызы – өте ісмер адам болатын. Талай көйлек тігіп берген бізге. Қалекеңнің Гүлбарам мен Мәриям апайларды, Абай кіндігінен тараған қыздарды түгел үйге шақырып, жақсылап күтіп, бағалы сыйлық тарту еткен сәттері де бар. Гүлекең аса келісті, келбетті кісі-тін. Мәриям апайдың өзі Гүлбарам тәтенің алдында ізет сақтап, құрметтеп отыратын. Өзді-өзді сыйластық мәнін солардан үйрендік.Сапаргүл Абызбаева,
көрнекті ақын Бәкір Тәжібаевтың сыңары:
– 1952 жылы қосылдық. Он төрттен он беске қараған шағым. Бәкір – жиырма бесте көрінеді. Үйленгенімізді қайтейік, сол бойда-ақ жасы толмаған қызды алды деп Бәкірдің басына қара бұлт үйірді. Және өзі коммунист. Партиядан шығару қаупі былай тұрсын, тіпті, соттамақшы екен. Содан қол ұстасып Шымкент қаласына қаштық. Мән-жайға қаныққан Нұрдәулет Күзембаев дейтін үлкен қызметкер кісі жанашырлық жасап, қарындасымды осында алып кел, өзім бірдеңе қылып құтқарып аламын депті. Сөйтіп бас сауғаладық. Бәкір театрға артист болып кірді, мен педучилищеге түстім. Күзембаев ағай «студент болсаң ешкім соқтыға қоймас» деп еді. Менің анамды қолымызға алдық. Бірақ төрт жылдай тұрған соң Алматыға қайта оралғанбыз. Шымкентке іссапармен келген Тахауи Ахтанов Бәкірге: «Мұнда қашанғы жүресің, сенің орның Алматы емес пе!» деп, көп ұзамай-ақ ресми түрде құжаттарын жасатып, астанаға шақыртты... Жастайынан киноға түсіп, кілең махаббат ғазалдарын жазуға машықтанған Бәкір маңайына қыз-қырқынның да үйір болғанын жасырмайын. Талай қыз-келіншектен небір хаттар да келіп жататын еді. Бірақ, имандай шыным, ешкімнен қызғанбауға дағдыландым. Өзі де әу бастан-ақ: «Мен саған адалмын. Сені еш уақытта алдамаймын. Маған сен. Анау-мынау қаңқу сөзге қарама!» деп ескерткен. Сендім. Жастайымнан етегінен ұстағанмын. Сенбей қайтем. Не айтса да, заң деп қабылдадым. Сондықтан шығар, өте тату тұрдық. Ал жас ақын-жазушылардың әйелдеріне қосатын ақылым: жолдасын беталды қызғанбасын. Анау өлеңді – анаған, мынау әнді мынаған арнадың деп кейбір әйелдердің дау-дамай, ұрыс-керіс шығаруға бейім тұруы мүмкін. Ондайдан аулақ болған дұрыс. Менің анам: «Ер адамның еркімен жүргені жөн. Ер-азаматын қадірлей алмаған әйелде қасиет болмайды. Ақымақтық жасап, күйеуінің сағын сындырған әйел күні ертең-ақ бармақ шайнайды» деп отыратын. Сондықтан, қашан да ерімнің ыңғайымен жүруге тырыстым. Қарсы келіп, ер адамның жұмысына бөгет жасамау керек. Сонда ғана ісі оңға басады. Жастарға да осыны айтамын. Бәкір де маған: «Саған ырзамын. Ешқашан қолымды қаққан жоқсың. Өз ерік қалауыммен жүріп-тұрдым. Сен берген еркіндіктің арқасында талай атақ-дәрежеге жеттім. Көп жаса. Балалардың қызығын көр!» деп толқып отырушы еді марқұм.Гүлбараш Байтоғаева,
көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі ғалым, жазушы Мүсілім Базарбаевтың жары:
– Сонадайдан көз тартатыны рас. Қатар оқыған орыс қыздары да әу бастан-ақ: «Жігітің саған қарағанда әдемірек» деуші еді. Ал менің өзім туралы пікірім жоғары. Құрбыларыммен келіспей, қызараңдап қаламын. Түріме қарамай, өркөкірекпін. Ол – ауылдың қарапайым баласы. Мен болсам қаланың қызымын дегендей. Бірақ, бәрібір, тартымды екені көрініп тұр ғой. Сайтан қыздардың көп төңіректейтіні содан. Кейін үйленген соң да қоймай жағалады антұрғандар! (Күледі). Жас кезімде оңай болған жоқ. Керісіп қаламыз. Қатты-қатты әңгімелер кетеді. Сонда айтатын: «Менің жазығым не, өз бетімше тырбанып жұмыс істеп жүрген адаммын. Елмен араласпаймын ба?! Бәрібір бірінші орында отбасым тұрады. Көрінгеннен қызғанбасайшы!» деп. 1964 жылы екі қызымызды алып Ыстықкөлде дем алдық. Орналасқан үйіміздің екінші басына Шара Жиенқұлова жайғасты. О кісі де баласымен келіпті. Шара апайды кішкентайымнан білем. Жасымда биге баулыған. Кешкісін демалыс орнында да би болады. Ыңғайы келгенде Мүсілімге еріп бірге барамын. Кейде балаларға қарап шыға алмай да қаласың. Сондайда күйеуіңді терезенің сыртынан қағынған бір қыздар ысқырып шақырып тұрса қалай шыдамақсың! Бір күні мен оны жібермей, екеуміз ұрысып жатқан көрінеміз. Соны байқап қалған Шара апай мені ымдап, оңаша шақырып алып: «Гүлбараш, сен қызықсың ба, барса – барсын. Нең кетеді. Келесі жолы сен барасың. Алтындай мына екі аппақ қыз бен сен тұрғанда бұл қайда ұзар дейсің. Ұсақ болма. Титтей нәрсе үшін араларың ашылады. Сөйт!» деді. Басылдым. Сөзі көңіліме қонды. Кейбір жеңгелерім де: «Майда-шүйдеге мән берме. Ең алдымен үй мен бала-шағаны ұстайтын – Әйел, Ана. Сондықтан, кішкене ұстамды болған жөн» дейтін. Келе-келе түсіндік қой көп жағдайды. Ұрыс-керісті азайттық. Анығында, Мүсекең өте әділетті, адал адам болатын. Мінезі қолайлы. Бетімнен қағып көрген емес. Ал әлгіндей әңгімелерді шығаратын көбіне мен едім...Майра Бірләнқызы,
атақты әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиевтың жары:
– Зейнолла күндіз-түні жұмыс істейтін адам еді. Онда мына сағатта тұрып, мына сағатта жату дегендей кесте болмайтын. Аяңдап, кеңсесіндегі жұмысынан келген соң баппен отырып бір-екі шыны шайын ішеді де, жарты сағаттай мызғып алып, жазуына кіріседі. Түн ортасында тұрып қарасаң, кабинетінде жұмыс істеп отырғанын көресің. Күйеуімді үй тіршілігіне, отбасылық істерге араластыра бермеуші едім. Мынау жоқ, анау жоқ, түген нәрсе керек демейтінмін. Басы артық сұрақ қоймауға тырысатынмын. Қолымнан келгенше бәрін өзім атқаруға ұмтылдым. Ал шешілмеген шаруалар болса сол күйінде қалып жататын. Ондайға бәлендей мән берген емеспін. Сәтін күтетінмін. Сөйтіп жүріп жататын едік... Бұрыннан қатар жұмыс істеген бір құрбым бар еді, соның «Зейнолланың тірі кезінде сендерге келуге бата алмадым, – дегені бар. – Сондай үлкен жазушы, қалай барамын» деп... Шынында да, Зекең сыртынан қарағанда өте қатал адам сияқты көрінетін еді ғой. Бойына, жүріс-тұрысына қараған кезде өте суық кісідей әсер ететіні рас. Әйткенмен, ол өте нәзік жанды адам еді. Достарымыз болсын, туыстарымыз немесе жас қыз-жігіттер болсын, үйге келе қалған кезде, жақын араласқандар жақсы біледі, баламен де шағамен, үлкен-кішінің бәрімен тез тіл тауып, шүйіркелесе кететін өте жайлы адам-тын... Домбыраны қолға алған кезде өзгеше бір күйге түсіп, өңі сәл күреңітіп, тебіреніп, толқып отыратындай еді. Саусақтары да өте серпінді, белгілі бір шығарманы күмбірлетіп тартуға кіріскенінде үй ішін де жан терберлік қоңыр әуен кернеп, біртүрлі мұңды бояуға малшынғандай әсер билейтін. Музыкаға деген түсінігі терең-ді. Мәселен, кезекті концерттен қайтып келе жатқан сәтімізде: «Мына әншінің өнерін тамашалағанымыз жақсы болды. Шын дарын екен. Бұрын басқашалау пікірде едім. Тек әлгі шығарманы орындағанында ырғақтың әне бір тұсын былайша алғанында тіпті ғажап болатын еді» дегендей көзқарасын айтатын. Кейде әлдебір отырыстарда, тойларда қолына домбыра алып, ән салатын-ды. Немесе әлдекімдерді сүйемелдеп, орта толтырады. Ондайда ерекше қанаттанып, шаттанып, жүзінен нұр төгіліп, жарқылдап кетеді. Жас шағында суретші болуды армандаған секілді. Армандап қана қоймай, осы бағытта жан аямай ізденіпті. Жергілікті мамандардан сабақ алыпты. Талмай еңбектеніп, ұзақ жаттығыпты. Көбінесе портрет жанрымен көп айналысқаны байқалады. Бертінге дейін үйде осы бағыттағы кейбір жұмыстары жататын еді, біртіндеп олар да жоғалды. Ал адам неліктен музыка жазады, не себепті сурет салады дегенге келсек, ол ішкі дүниесіндегі бұлқыныстарды, көкейдегі мөлдіреген сырды әдебиет көмегімен ғана емес, өнердің өзге де салалары арқылы көрсетуге ұмтылатын сияқтанады. Міне, біздің Зейнолла да өзінің сұлу жан әлемін бір кезең көркемсурет тілімен көрсетуге талаптанған. Сыншы шығармашылығын зерттеушілер оның осындай қалтарыс-қырларына да терең үңілсе деген ниеттемін. Өйткені, шығармашылық адамының «қосалқы» ізденістері оның негізгі жұмысына да тікелей ықпал етеді. Меніңше, осындай «ұсақ-түйек» жәйттерге көбірек мән берілгені жөн...Әлия Бөпежанова,
көрнекті жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің жолдасы:
– Біз әлі де біраз ұзағырақ ғұмыр кешкенде мен бір керемет жар болатын едім деген тұрғыда емес, өзара жарасымды ғұмыр кешетінімізді білдім. Мысалы, бізде қашан келдің, қашан кеттің деген әңгіме ешуақытта қозғалмайтын. Еркіндік болды. Әйтеуір, айтып жеткізе алмайтын деңгейдегі өзара түсіністік бар еді. Арада лапылдаған сезімнен гөрі шоқтай маздап тұратын үлкен бір сыйластық болды-ау деп ойлаймын. Артық-ауыз талап, қисынсыз сөз айтылмайтын. Тұспалмен-ақ ұғысатын сәттер көп-ті. Мен, мәселен, үйде көбіне шалбар киіп жүретінмін. Ыңғайлы болғандықтан. Бірде ақырын ғана: «Осы, келесі қаламақымды алсам, сізге бір махровый халат алып бермесем!» деп қалды. Сонда бұ кісіге шалбар киюімнің онша ұнамайтынын түсіндім. Сосын, кеңдеу бір көйлек бар еді, соны киіп жүретін болдым. Неше қилы әңгімелер айтып жатады, соны тыңдап, ара-арасында ой қосып қойып отырасың. Кейде пікір таластырамыз. Бірде: «Бала, сізді маған Алла-тағаланың өзі жіберген!» деді. Одан соң: «Менің он үш блокнотым, он үш папкам бар. Соған сіз ие боласыз» деп сабақтады. Мені «Бала» деп атайтын еді. Кейін ойласам, әлгі сәтте аузына Құдай салды ма, «егер кетіп қалсам, заттарыма ие боласыз, менің рухани дүниемді әрі қарай жалғастырасыз» дегені сияқты. Әрине, бастапқыда онша мән берген жоқпын... Дүниеде бүтін адамның қақ жарылуы көп кездеседі. Әсіресе, өмірде бір бөлек те, өнерде бір бөлек көрінетін ақын-жазушылар баршылық. Бұл бір, түсіне алмайтын нәрселер. Жұрт алдында кісі боп, әсемсіп ғақлия айтып, адалдық, әділдік, адамгершілік, халықтық ұлы мұраттар туралы әдемі сөйлеуге шебер, ал өзінің жасап жүрген тірлігі мүлде екінші басқа. Бас пайдасы жолында ешбір аярлықтан тайынбайды. Өз басым ондайларды жиі ұшыраттым. Зор бақытсыздық қой. Бірақ бұл кінәлау тұрғысынан емес, қарайсың да қоясың. Ішің ашиды. Ал Асекең сияқты азаматтар, мүмкін, онша көп те емес шығар. Біртұтас. Өмірде қандай болса, өнерде де сондай. Кіршіксіз кристалл күйінде өткен адамдар деп білемін. Әрине, бұл Асқарға деген апология емес. Маған ешқандай қатысы жоқ болған күннің өзінде Асқар Сүлейменов туралы пікірім осындай болар еді деп ойлаймын...Фарида Закарина,
көрнекті ақын Дәуітәлі Стамбекұлының қосағы:
– Көп жағдайды қазір ғана қатты сезініп жүрмін. Толғанатын сәттерін көрсетпеуге тырысқанымен, шабыты келген мезгілде ештеңеге қарамайтын еді. Бөлмесіне кіріп кетеді де, жазып шығады. Немесе даладан екпіндете кіріп, жұмыс үстеліне қарай ұмтылатын кездері бар. Ондайда аяқ киімін де, плашын да шешпейді. «Ау, не болды?! Не көрінді?!» десең, «Кішкене тұра тұр, тұра тұр!» деп ымдайды. Біразырақтан соң шығып, ух деп дамылдап, рахаттанып отырғанын көресің. «Не болды сонша аптығып?» деп сұрайсың ғой тағы. – «Не болушы еді! Көлденеңдеп, ойыма келген шумақты ұмыттырып жібере жаздадың жаңа!». – «Енді, қызықсың ба, тым құрыса төплиіңді шешпейсің бе?!». – «Ой, аяқ шешкенше қайда! Еден былғанса сүртіп ала саласың. Ал сөзімнен айрылсам қаншама қайғырмаймын ба!»... Көпіртіп көп жазуға да құмартпағанымен, кейде түн ортасына дейін отырады. Одан, тұрғызып алып өлең оқиды. Бастапқыда түсінбейтінмін. Тіпті, жаспын ғой онда. Жиырма екідемін. Онша ұқпасам да, ұйқылы-ояу иә, иә деп бас шұлғи беремін. «Қалай екен?». – «Иә, жақсы екен!». Сөйтем де ұйықтап қаламын. Таңертеңіне шәй ішіп отырғанда: «Түндегі өлеңім шын ұнады ма?» деп сұрайды. Мен күмілжіп, ұмытыңқырап қалғанымды айтамын. Жатып кеп ашуланады. Мүлде тыңдамапсың деп ренжиді. Сосын қайта оқиды. – «Иә, өлеңің шынымен де керемет екен!». Расында да солай болады. Ақындар бала мінезді деп жатады ғой. Шынында да, солай еді. Әлдене тез бола қоймаса тыз етіп ашуланады да, лезде басыла қалады. Бір нәрсесі табыла қалмаса өкпелеп отыра кетеді. «Не болды?». – «Мен әлгіні таба алмай отырмын. Сен маған көмектеспейсің!». Жүгіріп барып тауып бересің. – «Е, міне! Осыны таппай қор болдым ғой!». Одан соң қайсыбіреудің әлденені жаңсақ, қате айтқанын естісе керемет ашуланатын. Тура аспан айналып жерге түсетіндей күйінеді. – «Не болды сонша! Кішкене қателескен шығар енді». – «Жоқ, дұрыс емес онысы!». Өмірде бір грамм өтірік болмау керек ол үшін. Өлеңде де. Мен ғұмыр бойы Дәуітәлінің адалдығына бас иген адаммын. Бір күні кешігіп келді. Жалақы алған екен. Қалтасын сыртынан қағып-қағып қояды. Сосын: «Әй, Фарида, осы, елдің еркектері әйелдерінен ақша тығып қалады екен. Мен де сенен азырақ тиын-тебен алып қалғым келіп еді. Бірақ соны қай қалтама салғанымды білмей шатысып тұрмын» деді. – «Ойбой, бейшара-ай, соны да жасыра алмадың ғой менен!». – «Енді қайтейін, өтірік айта алмаймын. Сұраған кезде беріп тұрасың ба? Сен жақсысың ғой, а?!» дейді. Қайырымдылық жасағысы келіп тұратын. Біреудің қиналғанын көрсе дереу қолғабыс тигізгенше асығады. «Қазақфильм» ықшам ауданында тұрған кезімізде неше қилы адамдармен кездесті. Әлдекімнің үстіндегі костюмі, бәтеңкесі ескі болса үйдегі артық киімін соған апарып беретін. «Әй, өзіңе керек емес пе?». – «Жоқ, мен табам ғой. Ана байғұстың табанынан сыз өтіп жүрген сияқты» – дейді.
Тұрар Бәйгелқызы,
әйгілі әнші, белгілі жазушы Жәнібек Кәрменовтің зайыбы:
– Өте балажан еді. Балалармен балаша ойнайтын. Үлкенге иіліп, ізетті іні бола білді. Сондай кішіпейіл, ақжарқын. Кейде бір тез ашуланып қалатын мінезі де жоқ емес-ті. Бірақ тез қайтатын, жүрегіне зіл болмайды. Кек сақтамайтын. Кешірімді еді. Жүрегі даладай кең. Әркімнің ондай қасиеті болады деп ойламаймын... Жолдастарымен анда-анда картаны ермек қылатын. Әмбе тәуір ойнайтын да. Осы, түнді түнге жалғап отыратын кезеңдері кездесетін. Кейде менің ашуым келеді. «Мынау денсаулығыңа қып-қызыл зиян ғой! Бір сәт ұйықтамайсың ба, дамылдамайсың ба» демеймін бе. – «Жоқ, мен қайта осындайда дем аламын. Қанша жұмыс істеп, ми шаршап жүргенде осыдан тынығамын», – деуші еді. Одан соң сәл қалт етсе оңаша қалып, толғануды ұнататыны бар-тын. Бір мезгіл табиғат аясына шығып, бой жазуды қалайтын. Ондайда ескінің қазақтарынша басына – тақия, үстіне жеңіл шапан киіп, қолына таяқ ұстап қырға шығып, ұзақ серуендейді. Бірталай жылдар «Көктем» ықшамауданында тұрдық. Сонда Алатау бөктеріне дейін жаяу барып, жаяу қайтып жүрді. Бір сәт өз-өзіңмен сырласудың да рахаты жоқ еместей. Ойланады. Мазалаған сауалдардың жауабын іздейді. Миында болашақ шығармаларын пісіреді. Әттең, композиторлық қыры да ерекше, тұлпар тағдырлы қосағым ерте үзіліп кетті ғой...
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz