Оразалин Одақтағы орнынан кетеді
2018 ж. 12 ақпан
3853
7
Алматыда Жазушылар Одағының кезекті VI Пленумы өтті. Қазақстан Жазушылар одағын ширек ғасырға жуық басқарып келген Нұрлан ОРАЗАЛИН ХV-құрылтайда сайлауға түспейтіні белгілі болды. 70-тен асқан қаламгер бұл шығармашылық ұйымды 1996 жылдан бері басқарып келеді. Нұрлан Мырқасымұлы Жазушылар одағының тарихында ең ұзақ төраға болған ақын, - деп хабарлайды Ратель.
Ақын Төреғали ТӘШЕНОВ Facebook.com әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына кезекті пленумда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ есептік баяндама жасағанын жазады. Баяндама ұйымның осы уақытқа дейін жасаған жұмысына арналыпты.
- Одақты 22 жыл басқарып келе жатқан төраға Нұрлан Оразалин 1996 жылы Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ, Кəкімбек САЛЫҚОВ, Сəкен ЖҮНІСОВПЕН бірге баламалы негізде сайлауға түсіп, жеңіп шыққанын, осылайша 4 Құрылтайда Төраға болып сайланғанын айта келе, алдағы 5-Құрылтайда сайлауға түспейтінін, басшылықтан кететінін ашық мəлімдеді. Ақын Маралтай академик Серік ҚИРАБАЕВТЫҢ Пленумға қатысушыларға арнаған хатын оқып бермек болғанда, Дулат ИСАБЕКОВ жоқ адамның хатын оқып керегі не деген қарсылығын білдірді. Соған қарамастан хат оқылды. Сонымен жарыссөз басталды.Сəбит ДОСАНОВ Қазақстан Жазушылар одағының алдағы 15-Құрылтайына дайындық мəселесін қозғап, Құрылтайдың өтетін күні 15- мамыр болып белгіленсін деген ұсынысын айтты. Қабдеш Жұмаділов даулы мəселелер жөнінде біраз көсіліп, ЖО басшылығына ащы сын айтты. Құрылтай 24-ақпанда өтсін, оны өткізуге комиссия құрылсын деген ұсыныс білдірді. Пленум жалғасуда, - деп жазды Төреғали Тәшенов.
Жарыссөзге шыққан ақын-жазушылар өз ойларымен бөлісті.
Жазушы Марал ЫСҚАҚБАЙ асығыстыққа салынбайық, Құрылтай мамыр айында өтсін деп, төрағаға рахмет айтты.Төлен ƏБДІК ЖО-ның беделін қалай күшейтеміз, жұмыс стилін қалай өзгертеміз, Одақтың жұмысы ашық болу керек, Құрметті төраға дегенді қою керек, Құрылтай мерзімі 26-ақпан болсын деген ойларын ортаға салды.
Дулат ИСАБЕКОВ 22 жыл бойғы қаржылық есеп-қисап берілмеді, алда да берілмейтіні анық деп, өкпе-ренішін айтумен қоса ЖО-ның аппараты түгел жұмыстан босауы керек, алдағы Құрылтайды жаңадан құрылатын Комиссия өткізуі керек, мерзімі наурыз айы болып белгіленсін деген ұсыныс білдірді.
Жаңаөзен, Жер сатылуға қатысты мəселелерде ЖО бұғып отырды, ешқандай реакция білдірмеді, беделден жұрдай болды, тездетіп Құрылтайды ақпанның 24-де өткізу керек деп шамырқанды Темірхан МЕДЕТБЕК.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ болса Жазушылар одағына тікелей қатысты емес, қоғамға қатысты бұрын да айтып жүрген ойларын айтты. Үш тіл дегенді қою керек деді. Тақырыптан сəл ауытқыды.
Иран-Ғайып "академик Серік Қирабаев авторитет емес, кезінде Қасым секілді талай таланттарды тұқыртқан адам" деді. ЖО-ға еш өкпем жоқ деп, құрдасы Төрағаға ризалығын білдірді. Жаңа Ит жылы туралы өлеңін оқыды.
Смағұл ЕЛУБАЙ Қазақфильм ғимаратынан айырыламыз ба деген қауіп бар, осы қауіп ЖО ғимаратына да төнетіні анық, сондықтан ЖО ғимараты жазушыларға мəңгілік берілетіндей билікке талап қою керек. Ал Құрылтай 12-сəуірде өтсін деген ұсыныс айтты.
90-ға келген Мыңбай РӘШ ескі өмірден естелік айтып кетті. Өлең шумағын оқыды. Жұрт сөз қылған Серік Қирабаевты жақтап сөйледі. Отырғандардың шыдамы таусылып, шулап, қарсылық білдірді.
Атап өтейік, пленум аясында белгілі болғандай жазушылардың құрылтайы ағымдағы жылдың 12-наурызында өтетін болды.