Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты, танымал ақын Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығына тоқталмас бұрын ең алдымен оның азаматтық болмысын танытатын қырларына да үңіле өтуді жөн көрдік.
Ақын жанының айнасы – өлеңі екендігі де анық Ол қандай тақырыпқа жазса-дағы сезім сырларын мөлдіретіп, сөздің не бір інжу-маржандарын тізіп береді. Негізінде поэзияны бағалайтындар заманның тынысын тап басып, уақытпен бірге үндескен жыр авторларының айтарына ден қояды. Көптің көкейінде жаршысы бола алады. Сондай ақындардың бірі және бірегейі Ғалым Жайлыбай екендігі даусыз. «Өлең көріп өмірдің өркешінен» деп жырлағанындай поэзиясын өмірдің сан қатпарлы күрделі беттерін ашып беретіндей және заманның бұралаң тұстарына үнемі ой жіберіп отыруға- арнаған ақын.
Ақындардың барлығы да өлеңдері арқылы кіндік қаны тамған жерді ерекше жырлайтыны сияқты Ғалым да туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігін өзіне тән бір шумақтары:
– Қай жақта? – деп сұрайсың.
Ауылым ба? –
біздің ауыл Сарыарқа сауырында.
Сүйемін оның жауынын, дауылын да,
Сонда менің анам да, бауырым да, – деп сауал бергенге жауап беру тұрғысында жазылған жұп-жұмыр, жылы болып шыққан. Асылы адам болмысының өзі дүниеге келген жердің табиғатына ұқсас келетіндігі де заңдылық. Қазақтың қасиетті Сарыарқасында кіндік қаны тамған ақынның жан дүниесі сол маң даладай кең болғаны.
...Сексеуіл өскен даланың
Ақ жауын күткен ұлы едім, – деп жырлауы ақынның өз жан дүниесінен үздіксіз түйдектейтін жыр селін тасқындатып тұратын қасиетін көрсетеді.
Ақ қар еді туғанда...
Ақпан еді,
Әппақ әлем бөледі баққа мені.
Ақындардың ат қосып санатына,
Аққулардың жыр жаздым қанатына.
Осы өлеңнің алғашқы шумағы ақынның өмірге қандай кезеңде келгендігінен хабар береді. Дүние есігін ақпан айында табиғат – ананың ақ көрпесіне орана ашқан Ғалым ақын биылғы жылдың ақпанында алпыс деген белеске көтеріліпті. Бұл өзіне-өзі ғана емес, қоғамда, алып отырған орнына орай жалпыға есеп беретін жас.
Журналист ретінде аудандық газеттің тілшісінен республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телерадио корпорациясы төрағасының орынбасарына дейінгі биік баспалдақтардан өтті. Бүгінде талай жайсаңдар отырған Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқаруда.
Ғалым Жайлыбайдың басшылық қызметтерге сатылай өрлеуінің себебін бұл күнде бәз біреулер сынға алатын, солай бола тұра сол кезеңдерде екінің бірінің қолы жетпеген, бүтін бір дәуірді қамтыған кеңестік жүйенің басшы-кадрларын даярлаған Алматы жоғары партия мектебінде оқығандығынан іздеген дұрыс. Жүрегі нәзік лириканың қылын шертіп тұрсадағы беймаза күй кеше беретін ақын-мінезін бетке ұрғызбайтын салиқалы қалыпты орда бұзар отыз жасында-ақ меңгеріп алуы, тектілігі тереңнен тартатын да бекзаттық па екен дейміз. Сірескен партократтар арасында жүріп-ақ, мерекелік кештерде отты өлеңдерін де шабыттана оқып жүрді. Өзі жазғандай әрдайым тынышын алған тылсымдармен тілдесіп, тұлпарына ешкімнің мінгеспей-ақ даралығын танытты. Айтыс «көкпарын» тартты. Суырып салма ақындығымен де тәнті етті. Өлі арада заманға өкпе артпай-ақ, өмір-өзеннің арнасымен ағысқа қарсы жүзіп, өзінің дара соқпағын тауып алды. Бұл – сан сырлы поэзия әлемі еді. Осы әлемде Ғалым Жайлыбай талант-пырағымен тоқтаусыз желіп келеді. Қалай?
Сеземін нұр-шырай барын,
Бағыма балаған ғұмыр!
Тыпыршып тыншымай жаным
Аңсайды аламан-дүбір, – деген шумақтар тұлпар тынысты ақынның аршынды қадам жазбай тынбайтындығын білдіреді. Өлең жазуды талаптың тұлпарына мінуден бастаған ақын жырларының тағы бір өзегі – даланың асау арғымақтар мен сәнді сәйгүліктері. Оларды поэзия тілінде сан түрлі теңеулер арқылы бедерлеп, жылқы мінездес халқымыздың да сипатын ашады. Өмірдің сан тарам тұйық жолдарында бағдарды жоғалтпау тұлпар тұрпатты жүйріктерге тән мінез. Мәселен:
...Тұйық жолдардың
басы даңғыл,
Қап-қара түнді қайыстай тілген-ақ армандарым,
Арғымақтарым, – деп жырлауы осының айғағы. Қасиетті түліктің ақын жырының ұшына орала беретіндігі де содан. Осы жыр шумақтарында қап-қара дүние мен шектелген әлемді бұзып өтер бір құдірет Арғымақ ретінде сипатталады.
Тұлпарларым,
дүлдүлім, арғымағым!
Мәңгі бағым...
таңдарды таңға ұрамын.
Шалдығамын көмбеден көре алмасам,
Зар қыламын айта алмай ардың әнін, – деп жырлайды. Көптеген жырларына арғымақтар мен тұлпарларды қатар жарыстыру арқылы жыр бәйгесіне қосқан Біргебайдың Қызылын баптаған елдің үмітін ақтады да. Ақын жырлары шұрайлы тілмен көмкеріліп, ақ күмістей бағалы терең ойларымен апталып тұрады. Ақынға тән қасиет табиғаттың үнін естуі:
Қашып шабытым шатынап қалдым,
Сыбдырын естіп ақымақ талдың.
Зәремді алды
Жаңбырды жоқтап
жылаған дауысы жапырақтардың, – деп жырлауы жан-жүректі еріксіз дір еткізер бір құдірет. Бұл тұста ақынның өзі де табиғаттың бір бөлшегі болып онымен бірігіп кеткендей әсер қалдырады. Шындығында ақындар қарапайым пенделер сезе бермейтінді сезінетін, қай нәрсені болмасын ерекшелеу көретін дара жаратылған халық қой. Ал уақыттың дүбірін тап басатындықтары да осыдан болса керек. Мәселен,
Уақыт болса мұң-қайғы,
Уақыт тілі тынбайды
Әлем бізді тыңдайды,
Ғасыр бізді шыңдайды.
Діні мықты еменнің –
Бұтақтары сынбайды, – делініп осы өлең жолдары да терең мәнмен өрілген. Бұл өлеңінде ақын ұлттың діні мен діліне тегіс оралуын ұрандамай парасат арқылы пайымдауға шақырады. Ой төркіні нені меңзейтінін баламалап жеткізілсе дағы айқын аңғарылып тұр. Адам да емен сияқты тамырын терең алатындықтан бұтақтары-ұрпақтарын ұлттық қасиеттерге сусындатса ғана олардың өмірдің қандай да бір асау дауылында да сынбайтындығын айтқандай. Ғалым поэзиясы өмір қағидаларынан жинақталған өзіне тән философиялық тұжырымдарға толы. Мәселен, қоғам өзгергенмен, қазақтың өзгермейтіндігін:
Алаштың асқан тәңірі Абай,
Көрерміз біз де жолда азап.
Жаратқан хақтың әмірі қалай –
Сен көрген қазақ – сол қазақ! – дегені мұң шағу емес. Абай айшықтап кеткен ұлттың әлі өзгермегендігін арада ғасырдан астам уақыт өтсе дағы бекіте түсу. Бірақ, Ғалым ақын дәуірінің қазақтары Абай атамыз бейнелеген қазақтан басқаша. Ол ұлттың біраз мінін оқымаған, надандықтан көрсе Ғалым ашық айтпай: «Сен көрген қазақ – сол қазақ» деп бір шумақпен қайырады. Оның айтпағы баяғы сол қазақ болғанмен шетінен білімдарлығымен қоса жан-жақты жаңарған ұлтымыздың бір ғана жағымсыз мінезі – күншілдігінің өзгермей қалғандығы емес пе екен?
Осы «Жаңғырық» деген өлеңінде:
«Сізден соң өмір-өлеңге, біз қайдан келдік каңғырып.
Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Қазақтың қайран даласы –
Жаңғырықтардан мәңгіріп, есімнен кетті тандырып...» – деген жолдармен басталып жаңғырық шықса жылайтын сынақ полигондары Абыралы, Мыржық, Дегелең трагедиясын жүрегі сыздай жырлаумен бірге Сарыарқаның сар даласына сан мәрте құлаған Ресейдің «Протон» зымыран тасығышынан келген зардаптарды «Қазақ әдебиетінде» жариялаған жанайқай мақалаларына да арқаулады. Бұл ақынның публицистикада да қаламының ұшқырлығы мен өзекті мәселелерді көтеріп қоғам назарын аударта алатындығының айғағы. Сонымен қатар табиғат тақсіреті, қоғамның даму бағыты, халықтың тұрмысы ақынды ерекше толғандыруымен бірге:
Ей, замана!
Адамзатқа бер тыным,
Бауырым бүтін,
Сөгілмесін қолтығым! – дегені жалпы адамзатқа ортақ бүкіл дүниенің дүбірі де елеңдетеді. Ғалым Жайлыбай поэзиясының көп жырларына Қазақ елінің мемлекеттігінің бекіп, түтіні түзу ұшып, шаңырағының берік болуын арқау етеді. Бірақ, тәуелсіздікке кол жеткенмен, нарыққа бағытталған мемлекетте халықтың әлеуметтік жағдайының әлі қалыпты жағдайға келмей отырғандығы да Ғалым қаламынан тыс қалмапты.
Сайғақтарға болмай тұр сая дәуір
Заман мынау,
Әйелдей аяғы ауыр, – дегені көптің басына түскен салмақтың қаншалықты ауыр болғандығын айқындағандай. Сонымен қатар ақынның жаңа ғасырды жайма базарға теңеуі, көне күрте, ескі етігін сүйрелеп көркем қыздың сол жерге баққа емес, сорға бара жатқаны шынайы сурет. Ақын бұл жерде қап арқалаған, арыс азамат туар Алаштың бір қызының ғана емес жан бағудың осы жолына еріксіз түскен әйелдер тағдырының бар салмағы аузын бұған қытай қаптың ішінде жатқандығын айтады. Заман артқан жүкті жеңілдетем деп жайма базар жағалап, қап арқалап кеткен қыз-келіншектердің жиынтық бейнесі бұл.
Нарық қиындығын қала да, дала да тартуда. Әсіресе, ауыл. «Сәкен туған ауылдың баласы, ақбоз үйде арманы гүлдеген» Ғалым өз жырларына ауылды қалай арқау етпесін! Өлең жинақтарының қай-қайсысы да ауылға арнаған жырларына толы.Ауыл бардым,
алдымнан құм борады.
Долы желі Арқаның жынданады.
Жеңгелердің көнерген сырғалары,
Жылап ақты жанымнын жылғалары, – деген шумақтар тозған ауылдың суреттері. Егінші мен малшының маңдай терлерімен жинақталған игіліктері ұжымшарларды таратқан ат төбеліндей ғана жебір топтың жұтқыншағында жұтылып кеткен ауыл әлі оңалған жоқ. Сондықтан да болар ауылдың жайы «Ескі жұртқа жайылған тамыры бар, туған жерге байлаған кіндігі бар» Ғалым сынды ақындардың жүрегіне түскен жара болып тырналып келеді... «Ескі жұрт» деген өлеңіндегі «Бүркіт болып кеткен соң қара қарға, іркіт болды әжемнін ірімшігі» деген жолдардың мәніне үңілсек ауылды ғана емес бүкіл елдің байлығын шайнамай жұтып жатқан шенді-шекпенділер мен алпауыттардың аждаһа әрекеттерін көргендей боламыз. Ақ ірімшік орнына ашыған айран ішкен ауылдың ащы өмірінің көрінісі бұл. Ал мына өлеңде:
... Ауған барып сау қайтқан Ауғанбайдың
Аудан барып кайтуға жоқ теңгесі, – дегені кеңестік солақай саясаттың құрбандарының бірі – Ауған соғысы ардагерлерінің әлеуметтік жағынан қорғалмай отырғандығын да айтып өткені. Тұтас алып қарасақ көтерген тақырыптары нәзік лирикадан басым түскен, шешуін әлі таппаған әлеуметтік-қоғамдық мәселелер болғандықтан Ғалым Жайлыбайды замана – ақыны десек артық айтқандығымыз емес. Тек, салмағы сан атанға жүк боларлық ойлы да, отты өлеңдерін ақынның әр жылдары шыққан кітаптарын жинап жүріп оқуға тура келгендігіне орай «осы еңбектерін шашыратпай бірнеше томдық таңдамалы жинақ етіп неге шығармаған?» деген ойда қалдық. Демек, бұл жанын жыр ғана тербейтін, тірліктің түйткілдерінен себеп-салдар іздейтін жандардың атақ шығаратын әрекеттерге бара бермейтін салқынқандылығының Ғалымға да тән болғаны да. Мұндай ақындарды көтеретін – құдірет ата-баба рухы. Бұдан биік ештеңе жоқ. Сондықтан да ол:
Ерден рух қашпаса елде сенім,
Есігін айқара ашамын да –
Бесігіңді әлдилеп тербетемін, – деп жырлайды.
Шынында да, ерлерден рух қашқан заман бұл. Рух көтеретін пырақ үстінде жүрген ақындар халық қалап отырған сана сілкінісін өлеңдерімен жеткізуде болса, жырау – ақындар аламан айтыстарда айтып жүр. Қазақтың рухын көтеретіндер әкімдер емес, Ғалым сынды ақындар.
Өмірдерек
1958 жылы 9-ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жеңіс ауылында туған. Ұзақ жыл ауылда шопан, жылқышы болып жұмыс істеген. Аудандық, облыстық басылымдарда қызметте болған. 1993 жылы Қазақтың менеджмент, экономика және болжау институтын әлеуметтанушы мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде, түрлі басылымдарда қызмет атқарған. “Жұлдыз” журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газеті Бас редакторының орынбасары, «Қазақ радиосының» Бас редакторы болып қызмет еткен. 2007 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары.
“Жанымның жапырақтары” (1988), “Жүрегімнің жұлдызы” (1996), “Құс қанаты” (2001), «Қарашығымдағы қара өлең» (2006), «Ардакүрең», (2008), «Ақ сиса», «Белый ситец» (2012), «Қара орамал», «Черный платок» (2014), «Бір тал үкі (2014), «Тобылғыжарған» (2014), «Тамакөшкен» (2016), «Есіл ағады» (2016) атты жыр кітаптарының, «Тағдырымның тамыры» (2008) әдеби мақалалар жинағының авторы. Таңдамалы шығармаларының үш томдығы «Фолиант» баспасымен 2014 жылы жарық көрген. Өлеңдері ағылшын, орыс, украин, беларусь, түрік, қырғыз, татар тағы басқа халықтар тілдеріне аударылған. Қытай Халық Республикасының Күйтің қаласынан шыққан қазақ ақындарының “Сүмбіле” атты жыр жинағына өлеңдері енген. Бежіндегі «Ұлттар» баспасынан бір томдық еңбегі жарық көрген.
Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты (1999). «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 10 жыл», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Тәуелсіздікке 25 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақ ақындары жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы. Түркияның Сапанша қаласында өткен (2001) халықаралық жыр мерекесінде “Ақшам жұлдызы” арнайы сыйлығын иеленген. Ресей Халықаралық Жазушылар ұйымының С.Есенин атындағы алтын медалінің иегері (2009). Абай атындағы Ұлт сыйлығының лауреаты (2015) «Құрмет» орденінің иегері (2010). Швецияның «Стокгольм» қаласында өткен «Open Eurazia» әлемдік ашық әдеби конкурсының поэзия аталымы бойынша лауреаты (2017). Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2016). Баянауыл және Жаңаарқа аудандарының құрметті азаматы.
Бейбіт ЖҰМАЖАН
qazaquni.kz