Әдебиетті шектеп, жүйесіз оқыту кімге қажет?
2018 ж. 08 қаңтар
8473
24
Қазіргі жаңартылған бағдарлама бойынша орта мектепке қазақ әдебиеті пәнінен берілетін базалық білімнің мазмұнын қарап шықтым. Кәсіби әдебиетшілер толықтыра жатар, меніңше мұнда бірнеше кемшілік (олқылық) бар.
1. Бұл пән іштей әдебиеттің тарихы, сыны және теориясы деген салаларға бөлінеді. Бұрынғы бағдарламада жоғары сыныптар халық ауыз әдебиетінен бастап бүгінге, қазіргі қазақ әдебиетіне қарай бірте-бірте жылжитын еді, мұнда әр сыныпта әдебиет тарихының ана кезеңінен, мына кезеңінен бір-екі шығармадан үзіп-жұлып беріледі. Осы дұрыс па?
2. Әдебиеттің әр кезеңін бастап тұратын жазушылар болады. Солар түгел қамтылған ба? Мәселен, әнұран авторы Н.Нәжмеденов, 30 том мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп, қысқа сөз шебері Б.Майлиннің әңгімелері және т.б. бұл бағдарламаға кірмей қалған.
3. Ауыз әдебиеті Керқұла атты Кендесбай мен Қобыланды, Қыз Жібек, Асан Қайғымен біте ме? Қазақ оқушысына халқының ғасырлар бойы жинаған мол мұрасы (100 том бабалар сөзі) енді керек емес пе? Ауыз әдебиетінен осыларды ғана оқыса жетеді деп кім шешкен? Мақал-мәтел, жұмбақ, айтыс және т.б қайда?
4. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ тіл білімінің негізін салушы, жалпы қазақ филологиясы ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің ішінен бүкіл орта мектеп бойы бала тек «Егін бастары» мен «Адамдық диқаншысы»деген екі өлеңін оқыса, жеткілікті ме? Ақаң ұлттың ар-ожданы емес пе? Екі өлеңінен бала Ақаңды бала толық танып бола ма? Абайдан кейінгі поэзияның ірі өкілі Мағжанның "Батыр Баяннан" басқа бір де өлеңі кірмеген. Неге?
5. Бір тоқсан бойы (24 сабақ) әдебиеттен бір-екі шығарманы ғана оқыту баланы шектеу емес пе? Мәселен, бұл бағдарлама бойынша оқушы 9 сыныпта 4 тоқсанда (24 сабақ) тек Н.Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы мен Кнут Гамсунның «Аштық» романын ғана оқиды екен. Бұл қазақ мектебінде қазақ баласын рухани аштыққа ұшырату емес пе? Көркемсөздің шеберлері-сол кезеңнің бейнесін дәл танытатын Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтың әңгімелері неге толық кірмеген?
6. Қазақ әдебиеті пәніне 5-пен 11-ші сыныптарда алты жүзден аса сағат беріледі екен. Оқушыға әр шығарманы талдауға үш сағаттан берілгенде, неге ең құрығанда 200-ден аса шығармамен танысуға мүмкіндік берілмеген? Неге бұл бағдарлама бір оқу жылына берілетін 108 сабаққа бар-жоғы 12-14 туындымен ғана шектелген? Мысалы,
5-сыныпта жыл бойына 14 шығарма,
8-сыныпта жыл бойына 16 шығарма,
11-сыныпта жыл бойына 8 шығарма. Бұл қолдан жасалған шектеу емес пе?
7. Әдебиеттің теория мен сыны қайда? Ондай білім неге оқушының жас ерекшелігіне қарай мөлшерлеп берілмеген? Бұл әдебиеттану деген ғылыми пәннің мектептегі базалық біліміне кірмей ме? Жалпы әдебиеттанудың салалары, осы уақытқа дейінгі жүйеленген категориялары, типтері деген ұғымдардан оқушы мақұрым болуы керек пе? Неге, нені оқытуды кәсіби әдебиетші ғалымдар шешіп, ал Кембридждің «Жаңа» мазмұндағы оқыту технологиясымен қайта қаруланған әдіскер-тренерлер соны қалай оқытудың жайына ғана араласпайды? Әдебиеттану ғылымының методологиясын бейберекет бұзуға оларға кім құқық берген? Негізін Ақаң салған әдебиеттану ғылымы енді әдірем қала ма?
8. Әдебиет пәнінің негізгі мақсаты: ұлттың рухани әлеуетін қалыптастыру емес пе? Орта мектептегі осындай жүйесіз білімнен кейін тамыры тарихи құндылықтарға тереңдемеген батыстың лебіне де, шығыстың желіне де көзсіз домалай беретін ұлтының аялық біліміне қанықпаған қаңбақ сияқты жастар қайдан шығады деп таңқалуға бола ма?
9. Жалпы сұрақ көп. «Негізгі орта білім беру деңгейіне арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы» алдарыңызда. 1,2 және 5-7 сыныптар осымен оқып та жатыр. Не дейсіздер, әдебиетші мырзалар? Ең құрмаса, үн қосыңыздар!
Бижомарт Қапалбек,
филология ғылымдарының кандидаты