СЕНДЕР МЕНІҢ БАҚЫТЫМНЫҢ БҰЛАҒЫ
2017 ж. 29 желтоқсан
7360
2
Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасда Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол – жастар» жастар қанаты және «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, ақиық ақын, Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына арналған «Сендер менің бақытымның бұлағы...» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Осынау кеш ұлттық әдебиетіміз бен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған Төлеген Айбергеновтің кемеңгер тұлғасын еске алып, қазақ әдебиетінің поэзиясына қомақты үлес қосқан қарымды қаламгердің 80 жылдығын жоғары деңгейде өткізу арқылы жастар арасында ақынның әдеби мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Кешке, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің қыздары, «Маңғыстау облыстық «Ақ жол – жастар» жастар қанатының жастары, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының мүшелері, есімдері елге белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен Т.Айбергенов атындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Әдеби-сазды қорытынды кешті Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сәбит Тоқымбетов сөз алып, жиынды ашып берді.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы – Үмітхан Мұңалбаева құттықтау сөз сөйлеп, одан кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын Бекзат Смағұлов жеткізді.
Сондай-ақ, қонаевтанушы, жазушы Ораз Қауғабай, Т.Айбергеновтің жиені Сафуани Есенқұл,Нысанбай Қуаналиев, жазушы Қажығали Мұхамбетқали, ақын Серік Тұрғынбек, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы өз естеліктерімен бөлісті.
Әдеби-сазды кеш барысында «Айбергенов әлемі» бейнефильмінен үзінді көрсетіліп, ағайынды «Арна» тобының Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған, композитор Жеңіс Істілеуовтің «Марфуға», «Сайра сандуғашым», «Ақ қайыңдар» әндері шырқалды.
Сонымен қатар, әнші, композитор Гүлмира Сарина «Сағыныш» әнін, шымкенттік жас әнші Арайлым Сәттарбай, ақын Сәнді Ақылайдың сөзіне жазылған ақын Төлегенге арналған «Төлеген толғау» әнін, Ажар Сейтенова «Әуен мен ырғақ», «Төлеген жыр» әндерін орындап, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері мен Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектептің оқушылары ақынның қаламынан туған «Аруана – бауыр дүние», «Бір тойым бар», «Табиғатпен бетпе- бет», «Перзент жыры», «Адамдар», «Сен менің өзімді көрсең» сынды өлеңдерін оқып, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері күмбірлетіп күй шертті.
Төлеген Айбергеновтің мұрасын насихаттаушылар мен төлегентанушыларға «Т.Айбергенов естелік медалі» табысталды. Сондай-ақ, елі үшін елеулі еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтар Алғыс хатпен марапатталды. Олардың арасында «Қазақ үні» газетінің президенті, Ұлт қайраткері, белгілі ақын Қазыбек Иса да бар. Біз өз тарапымыздан ұлттық ұпайын түгендеп жүрген қайраткер ақынға марапатыңыз құтты болсын демпекпіз.
Саналы ғұмырын қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Алаш ардақтысы, ақыны Төлеген Aйбергеновтің жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтпақшы халық барда Төлеген Айбергенов ешқашан өлмек емес.
Қазақ үні