ӘДЕБИЕТШІЛЕРГЕ АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ЖҮЛДЕЛЕРІ ТАПСЫРЫЛДЫ
2017 ж. 15 желтоқсан
2161
1
Қоғамның дамуына, оның қозғаушы күші ретінде тек қана мемлекеттік ұйымдар ғана күш жұмсамайтыны белгілі. Бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдардың да атқарар рөлі жоғары. Қоғам мүшелерінің белсенділігіне сүйенетін бұл ұйымдардың жұмысы жылдан-жылға жанданып келеді десек қателеспейміз. Саяси партиялар, түрлі қорлар, қоғамдық негізде құрылған ұйымдар маңызды шаралар өткізіп, еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.
Осындай шаралардың бірі Астанада өтті. Бұл айтулы шарада «Ауыл» халық-демократиялық партиясы мен «Әдебиет» порталы ұйымдастырған «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Екінші рет ұйымдастырылып отырған әдеби конкурс арқылы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген бағдарламалық мақсаттарды жүзеге асыру көзделген. «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев жиналған қауымды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, сайысқа шетелдерде жүрген қандастардың көптеп қатысқанын ерекше атап өтті. «Ауыл туралы әдеби шығармалар байқауын екі жылдан бері өткізіп келеміз және алғашында республикалық деп жариялаған байқауымыздың аумағы биыл шекарадан асып кетті. Оған Қытай, Қырғызстан, Ресей, Моңғолиядағы қандастарымыз өз туындыларын жіберді. Былтыр байқауға келіп түскен 219 шығарманы үш томдық кітап етіп шығарып, ауыл-ауылдарға, кітапханаларға тараттық. Биылғы туындыларды да жинақ етіп шығару жоспарланып отыр. Мұның барлығы Елбасы мақаласында көрсетілген рухани жаңғыру шараларына қосқан үлесіміз болмақ», - деді партия төрағасы жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде. Байқауға қатысуға 213 қаламгер өтінім беріп, поэзия жанрында 99, проза жанрында – 83, драматургия бойынша – 31 шығарма келіп түскен. Оларға ақын-жазушылар Маралтай Райымбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қарағызұлы, Жолтай Әлмашұлы, Ербол Бейілхан, Ұларбек Дәлейұлы және жазушы-драматург Роза Мұқанова қазылық етіп, үздік шығармаларды іріктеп алды. Байқау қорытындысына сәйкес, поэзия жанры бойынша ІІІ-орын мен 200 мың теңге ақшалай сыйақы Ерлан Жүніске берілді. ІІ-орын мен 300 мың теңге сыйақы – Файзулла Төлеутай иеленсе, жүлделі І-орын мен 500 мың теңге қаражатты Ұларбек Нұрғалым жеңіп алды. Марапаттау соңында Ұларбек Нұрғалым жеңімпаз атанған «Кертөбел» өлеңін оқып берді. Проза жанрындағы ІІІ орынды – Сәкен Сыбанбай, ІІ орынды - Нұрлан Қобдай және І орынды – Дәурен Қуат жеңіп алды. Драматургия жанры бойынша ІІІ орынға – Қуаныш Қожабайұлы, ІІ-орынға – Заман Төлеуов және І-орынға – Думан Рамазан лайық деп танылды. Сондай-ақ, биыл Алашорданың 100 жылдығына орай, Алаш қайраткерлері мен алашшыл әдебиет өкілдерінің атына қосымша 10 арнайы жүлде тағайындалып, жүлде иегерлеріне 100 мың теңгеден ақшалай сыйақы берілді. Сәйкесінше, поэзия саласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы жүлде ақын Бақытгүл Зарқұмарға берілді. Шәкәрім Құдайберді атындағы арнайы жүлде – Өміртай Еділханға, Ғұмар Қараш атындағы жүлде - Ұмтыл Зарықханға және Ахмет Байтұрсынұлы жүлдесі – Сұлтан Дәулетханға табыс етілді. Проза жанры бойынша Міржақып Дулатұлы атындағы арнайы жүлдемен – Қанат Тілеуханұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жүлдемен - Абай Қалшабек, Тайыр Жомартбаев атындағы жүлдемен - Әбу-Асқар Мекеш марапатталды. Драматургия жанрында Жүсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлдені – Қанат Жүнісов, Мұхтар Әуезов жүлдесін – Аршын Нұрбақыт және Қошке Кемеңгерұлы жүлдесін Нұрислам Әбділ жеңіп алды. Сонымен бірге, биыл жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасынан ең үздік шығарма авторына берілетін бас жүлде – «Алтын Тұғыр» сыйлығы мен 100 мың теңге сыйақы проза жанры бойынша І-орынды иеленген Дәурен Қуатқа берілді. Еске сала кетсек, 2016 жылғы әдеби байқауда Дәурен Берікқажы, Айжан Тәбәрәкқызы, Есболат Айдабосын және өзге де жазба әдебиет дарабоздары бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрінген болатын. «Ауыл» партиясының қолдауымен барлық қатысушылардың шығармалары топтастырылып, үш томдық жинақ болып жарық көрді және Қазақстанның түрлі ауылдарына таратылды.
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ
qazaquni.kz