Ақынның нұрлы әлемі
2017 ж. 15 желтоқсан
4442
1
Астанадағы «Жастар» театрында ақын, публицист, ағартушы Ғали Ормановтың 110 жылдығына арналған «Ғали ғибраты» әдеби-музыкалық кеш өткізілді.
Қазақ даласы қаншалықты кең болса, жазушы, ақын Ғали Орманов оның бар болмысын, рухани қазынасын зерттеудегі еңбегі сол дархандыққа саяды. Шындығында, ақынның бар ғұмыры ұлтының ұрпағын түгендеп, жоғын жоқтауға арналды. Қашан да қаламын қазақпен ұштастырып отыратын Ғали Орманов өз халқының ұмыт қалып, жадынан жылыстап бара жатқан ұлттық құндылықтарын жинауда көзінің майын тамызды, тірнектеп еңбек етті.
Бір сөзбен айтқанда, Ғали Орманов – жан-жақты, бойында дарыны да, жалыны да бар ақын. Қазақ әдебиетіне жиырмасыншы жылдың соңғы жылдарында дүниеге келген, қазақ поэзиясының қалыптасып-дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақын Ғали Ормановтың туғанына – 110 жыл. Осыған байланысты «Өмірімнің сәулесін, өреніме шашайын» атты Ғали Ормановтың 110 жылдық мерейтойы ол кісінің атындағы мектепте басталып,«Ақын ғұмыры» атты республикалық әдеби-сазды шығармашылық кеш Астана қаласы Жастар театрында жалғасын тапты. Атаулы іс-шараға Алматы қаласынан арнайы келген ақынның қызы – Жәмиға Ғалиқызы, жиені Айдар Қырықбайұлы және Астана қаласының зиялы қауымы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Қайрат Сақ, белгілі журналист «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры Нұртілеу Иманғалиұлы.
Сонымен қатар ақынның туған жерін Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылындағы Ғали Орманов атындағы орта мектеп ұстаздары мен шәкірттері келді. Кешті Астана қаласы мемлекеттік филармониясының «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі ашты. LED экранда Ғали Ормановтың қазақ радиосының алтын қорында сақталған 1963 жылы берілген сұхбаты көрермендерге ұсынылды. Ақынын құрметеген қоғам қайраткері, өнер жанашыры «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы құттықтау хат жіберді.
Астана қаласының «Наз» би театры өз өнерлерімен кештің көркін аша түсті. №7 мектеп-гимназиясының «Асыл сөз» үйірмесінің өнерпаздары «Түскен жоқ өлеңіне ешбір қылау» атты ақын өлеңдерінен үзінділер ұсынды. Ақын бойындағы асыл қасиеттерді Ғали Ормановтың «Сақ жүр!» өлеңіне құрылған театрландырылған көрініс көпшіліктің көңілінен шықты. Ғали Ормановтың сөзіне жазылған Серік Сыздықовтың әні «Ауылға», Кежехан Керейбаев «Шәкірт алғысы», «Ана қарызы» әндерін жас әншілер Оралбек Тастанбек, Досмағамбетов Нәби және Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Нұр Рүстембеков орындады. Оңтүстік Қазақстан облысының Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония әншісі Гүлзада Нұржанова және Тұрар Әлменов «Желдірме» әнін домбырада орындап, Алматыдағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Бейсеқожа Ғаламат «Атадан мұра» күйін күмбірлете тартты. Ғали Ормановтың сөзіне жазылған Кенжехан Керейбаевтің «Жетісу жері – киелі» атты әнін гимназияның оқушыларынан құрылған хор орындады.
Кеш соңында Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Жанат Айтова сөз алып, ақынның қызы – Жәмиға Ғалиқызын сахна төріне шақырып, сый-құрмет көрсетті. Жәмиға Ғалиқызы әкесі туралы естеліктер айтып, кешті ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Астана қаласы Мәдениет басқармасына, Білім басқармасына шексіз алғысын білдірді.
Ғали атамыз – қазақ әдебиет тарихындағы көрнекті тұлға, қазақ санасын сілкінткен рухани шамшырақ. Қазақ халқының тағдырына біткен жарық жұлдызы. Сондықтан да оның қазақ руханиятын, ғылымын дүниеге танытудағы мұрасын зерттеу, насихаттау уақыт талабы. Қазақ атты тегімізде көбе бұзар ақ сұр жебемен болашаққа атылған еңсемізді танытар, қадірімізді ұқтырар, қасиетімізді мойындатар бойтұмарлы киеміз.
«Ең бастысы әке атына кір келтірмей, абыроймен өмір сүру керек. Ол өте адал адам еді. Өз ар-ұятынан аттап басып, өзі туралы жар салуға құлшынбайтын қарапайым еді», – деп еске алады ағартушының қызы Жамиға Орманова.
«Бүгін біз үшін ерекше күн, ақынның барлық шығармасы мен жұмыстарын жылдар бойы осы мектепке жинап топтастырдық. Біз 120 адам шақырдық, олардың арасында Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері және мұғалімдер мен оқушылар, журналистер бар», – дейді № 7 мектеп-гимназияның директоры Жанат Айтова.
qazaquni.kz