Дулат Исабеков: Дарынсыздар кітап шығаруды әдетке айналдырды
2017 ж. 25 қараша
2794
5
Бүгінгі күннің ащы шындықтарының бірі — ол иісі қазақтың көркем әдебиетті, яғни кітап оқуды қоюы. Неге?
Кезіндегі кеңес заманындағыдай іздеп жүріп кітап оқу келмеске кеткен. Қазір кітапты үйдегі теледидар мен ғаламтор айырбастаған. Жұртқа керегі —
кітап оқығаннан гөрі, үйде отырып алып компьютер қарау, көшеде келе жатып ұялы телефоннан әлеуметтік желілерді ақтарып, бар қызықты содан іздеу әлдеқайда қызық секілді.
Рас, төрткіл дүниеде болып жатқан бар жаңалық, бар қызық ғаламторда тұнып тұр. Іздегеніңді табасың.
Бірақ үйде жайланып отырып\жатып алып кітап оқудың қызығы бөлек еді ғой?
Әлде, біздің жазушылар жұртты қызықтыратын шығармалар жаза алмай жүр ме?
Неге жұрт кітаптан безінді?
Мұның мәнін белгілі жазушы Дулат Исабеков былай түсіндіреді, - днр хабарлайды kaz.365info.kz.
— «Кезінде жұрт кітап дүкендерін аралап жүріп керегін алатын. Кітап жинайтын. Оқырман көп еді. Ол кездегі байлық — кітап жию болды.
- Қазір заман өзгерді. Бүгінгі жұрт кітап емес, өзге дүние жинайды. Бұл – бір.
- Екіншіден, «отбасымды қалай асыраймын?» деп тыртыңдап шауып жүргендер кітаптан гөрі бір тілім нанды артық көреді. Өмір шындығы – осы.
- Үшіншіден, қазір қалтасы қалыңдар тапсырыспен ата-бабасы, әулеті жөнінде кітап шығаруды «модыға» айналдырды. Ондай шығармаларды кім оқиды?
- Төртіншіден, дарындысы да, дарынсызы да қаржы тапса болды, барын құрап, топырлатып кітап шығаруды әдетке айналдырды. Көбіне жұрттың қолына түкке тұрғысыз кітапсымақтар түседі. Оны оқыған халық «е, жазушыларымыздың жазғаны осы ма?» деп қолды бір сілтейді.
- Бесіншіден, кітаптың таралымы аз. Таза әдебиет халыққа жетпейді.
- Алтыншыдан, кешегі оқырман бүгінгі көрерменге айналды. Олар кітап оқығаннан гөрі, теледидардан арзанқол шоуларды тамашалауға көшті.
Баяғыда кітап арзан еді. Ең мықты деген кітаптың өзі 1-2 сомнан аспайтын. Қазір кітап бағасы қымбат. Ал табысы шамалы адам кітап ала ма, әлде қаржысын бала-шағасын асырауға жұмсай ма? Осылайша оқырман азайып кетті. Кітап оқымаған жұрт бүгінгі қолына қалам ұстап, әдебиет майданында жүргендерді тани бермейді. Бұл — трагедия!».
Жазушының айтқанымен келіспеске амал жоқ. Шындығы осы.