Перзенттік парыз: академиктің алақаны
2017 ж. 17 қараша
4092
0
Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың жазушылық, ғалымдық, ұстаздық жұмысы туралы көптен жазылып келеді. Оның елу, алпыс, жетпіс, жетпіс бес жасқа толған мерейтойларында және сексен жылдығында жарияланған ғылыми мақалалар мен шәкірттерінін, замандастарының Зейнолла Қабдолұлының жазушылық, ғалымдық, ұстаздық портреті және естеліктер том-том болып жарық көруде. Бұл жазбалардың бәрінде оның проза жанрында, әдебиеттану ғылымында, ұстаздық жолындағы қалдырған мұрасы мен әдебиеттегі, әдебиеттану ғылымындағы орны, ұстаздық ұлағаты жан-жақты баяндалған.
Зейнолла ағамыздың жастық шағында асқаралы армандары болғаны сөзсіз. Оның алдына қойған басты мақсаты – қазақ әдебиетінде қолдан келгенше ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовше еңбек етіп, іс тындыру. Оның алдында ұстазы сияқты үш салада еңбек ету мақсаты тұрды: жазушылық, ғалымдық, ұстаздық. Шәкірт еш жалтақсыз осы үш бағытта толғанды. Зейнолла ағамыздың ғұмырының ондаған жылдары легінде қанша архив қазынасын аударып, қағаз бетінде қаншама ұзақ жазу жазғанын, алдына қандай міндеттер қойып, қандай арман-мүдделеріне жеткенін бүгінгі күні анық біліп отырмыз. Бұлардың бәрі ғалым жазушыны ел алдында, халық алдында, әдебиет тарихында бедел-белгіге жеткізіп, тарихта атын алтын әріппен жаздырды.
Оның ғұмырнамасынан жақсы білетініміз: ол академик-жазушы, ғылым докторы, профессор, бүкіл республика жасамыстары мен жастарының ұстазы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және Пен-клуб, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтарының иегері. Ұлан-ғайыр марапаттары қаншама! Бұл дәрежелердің бәрінің басы 17-18 жасында Алматыға келіп, ҚазМУ-ге оқуға түсуден, ұстазы ұлы Мұхтар Әуезовтен басталады. Оның содан кейінгі бүкіл өмірі республикамыздың астанасында өтті. Бірақ ол бір сәт те туған жерін ұмытқан жоқ. Туған топырағы көз алдында тұрды. Мұнайлы өлкеде – балалық шағының белгісі Доссордың майлы құмында оның жалаң аяғының ізі жатқанын кім білмейді?
Кешегі бала, кейінгі ғалым-жазушы, беделі бүкіл республиканы дүбірлетіп тұрғанда, туған жеріне қайта-қайта қарайлап, оның жайын көп ойлады. Туған өлкесіне қандай көмек-шапағатын беру туралы толғанды. Оның ойларын біз әрбір көркем очеркінен, ел болашағы туралы толғанысты философиялық мәнді жазбаларынан білеміз. Атыраудың экономикасы, халқының тұрмыс-тіршілігі, білімі, ғылымы туралы толғанып қана қойған жоқ, соған үлес қосу жолында қолдап еңбек етті. Облыс басшыларының алдына түбегейлі мәселелер қойып, көпшілік қатысқан жиналыстарда, активтерде, салтанаттарда сөйледі. Ақыл-кеңестерін берді, атқамінерлермен қоян-қолтық араласып, бірге жүріп ел аралады. Халық тұрмысымен танысты. Оны жақсартудың шараларын қолма-қол орындаттыруға тырысып, белгіленген уақыттарда орындалғанын өз көзімен көрді.
Ел тіршілігі жөнінде тебіреністі шақтарынан бір мысал. Еліміз жаңа ғана егемендік алып, еңсемізді жаңа ғана көтермекші болып, ұмтылыс жасап жатқан шақта жетпестік бір жағынан қысса, 1993 жылы Қызылқоға, Жылой аудандарындағы тасқын судың салдарынан ауылдар шайылып жүздеген үй тасқында зардап шегіп, қақаған суықта аспан астында жалаңаш қалған халыққа Зейнолла ағамыздың жаны шырқырап, жанарын жас шайғанын өз көзімізбен көргенбіз. Сондағы дарқан ағамыздың ұйқысыз күндері мен түндері, күрсіністері көп болды. Ұлы ұстаз бүкіл облыс, аудан басшыларын тасқын зардаптарынан халықты аман алып қалуға жұмылдырды. Қаламын қоя салып, көптеген айлары мен күндерін Атырауда өткізіп, ат үстінде жүрді.
Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар.
Ер үйірін сағынса,
Ер-тұрманын тағынар, – деген мақалдың мәні елді сағынған адамдардың жан-дүниесін көрсетеді. Ал үйірін сағынумен қатар, ел тағдырына күйіну мен елінің басына қиын іс түскен жағдайда зәредей де болса көмек ету үшін қопарыла аттану «ер-тұрманын» тағынудан гөрі басқаша болар.
Атырау үлкен бір облыс болса да, елдің шетінде екендігі әркез сезіліп отырады. Ол Кеңес үкіметі кезінде қалай болса, егемендік алған кезімізде де солай жалғасты. Мәселен газет-журналдар мен хаттар бұрын қалай кеш жететін болса, бүгінгі күні де солай. Астанада басылған кітаптар мен көптомдықтардың жұрнақтары ғана жетеді. Тіпті облыс жайындағы хабарлар да басқа облыстарға қарағанда сирек беріліп, газеттерде облыс өмірі туралы мақалалар да басылмайды. Жергілікті авторлардың жазғандары орталық баспаларда кейін ысырылып тасталады. Ірі қалаларда республиканың батысынан барған мамандар да жұмысқа қабылданбайды. Бұл – шындық.
Зейнолла Қабдолов республиканың шетіндегі өзінің туған жерінің бәрінен шетқақпай жатқанын білді. Жастарға демеушілік жасауды армандады, білім-ғалымға ұмтылдырғысы келді. Артында ботасы қалған аруанаға ұқсап, кейіндегі туған жеріне көп қарайлады.
Елуінші жылдары мұғалімдер дайындайтын институт ашылғанын, оның 1956 жылдан бастап жоғары білімді мұғалімдер дайындайтын мемлекеттік институтқа айналғанын жақсы білді. Бірақ бұл кезде ағамыз ҚазМу-де еңбек жолын жаңа бастаған жас мұғалім ғана болатын.
1956 жылы ашылған филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі жұмыс істей бастады.Ел «көсемсымақтары» «орыс тілінсіз коммунизм орнату мүмкін емес» деген сөзінен кейін, 1967 жылы ол бөлім қайта жабылып қалғанын да Зейнолла аға жақсы білгенмен, зығырданы қайнағаннан басқа ештеңе істей алмады. Ұлттық тілдің басына төнген қауіп бүкіл республиканы жайлап алған еді. Тек сексенінші жылдардың бас кезінде өзінің елдегі пікірлес досы Атырау облыстық партия комитетінін бірінші хатшысы болып тұрған кезінде институттағы қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін аштыру жөнінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетіне және Министрлер кеңесіне хат жазғызып, өзі хат талабының орындалуына мұрындық болғандығын жақсы білеміз. Соның нәтижесінде институтта 1984 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін дайындайтын бөлім қайта ашылды. Бұл кезде Атырау, Орал, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен маман емес адамдар сабақ беріп, бұл пән мұғалімдерінің жоқтығынан сауаттылық, көркем әдебиетті сүюге баулу мәселесі төмендеп, құлдырап кеткен болатын. Бөлім ашылғанда алғашқы жылы 25 шәкірт қабылданып, одан кейінгі жылдары студент санын көбейту көзделді. Сонымен, 1988 жылдан бастап, алғашқы түлектер бітіріп шықты. Сонымен бірге, осы мамандық бойынша сырттай оқу бөлімдері ашылып, облыста мемлекеттік тіліміздің бағы ашылып, басына шырақ жағылды. Бұл игіліктің алғашқы кілтін ұстатқан адамдар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оңайбай Көшекұлы мен академик Зейнолла Қабдолұлы екенін Атырау тұрғындары жақсы біледі және ол үшін осы күнге дейін оларға дән риза. Осы әрекеттерінен бұл адамдардың болашақта Қазақстанның егемендік алып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілетінін болжап білгендіктері көрінгендей.
Қазақ филологиясы мамандықтары ашылысымен, Зейнолла Қабдолұлы институттың кейінгі тіршілігін көзінен таса еткен жоқ. Әдейі іссапармен келіп, студенттермен, институт оқушыларымен кездесулер өткізді, филология мамандығының бастамасында алғашқы адымдарына жолбасшылық жасап, дәрістерін оқыды. Студенттерге білім беретін маман оқытушылардың қатарын көбейтуге, олардың ғылыми ізденістеріне жол ашып, ғылыми дәрежелерінің өсуіне қамқорлық жасады. Мамандық ашылған 1984 жылдан бастап, ҚазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасына Атыраудың тұңғыш рет ғылыми ізденушісі дәрежесіне институттың аға оқытушысы боп істеп жүрген осы жолдардың авторын қабылдаған еді. Ол төрт жыл ішінде тақырып бойынша ғылыми ізденістерін тәмамдап, Атыраудың төл перзенті, талантты ақын Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясынан «Жұмекен Нәжімеденовтің лирикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғадық. Бұл – институттың филолог ғалымдарының ғылыми дәрежесін көтерудегі алғашқы адым болды. Алғашқы кандидатқа ғылыми жетекшілікті Зейнолла аға өзі жасады. Сонымен бірге алғашқы әдебиетші-ғалымға өзінің кеңесшілігімен Жұмекен Нәжімеденовтің бүкіл поэзиясы бойынша докторлық диссертация қорғауға ұсыныс етті. Ғылыми жұмыстың дәмін татып, ақын поэзиясына қызығушылығын, ізденісін тоқтатпаған ғылым кандидаты Жұмекеннің бүкіл поэтикалық шығармашылығын докторлық диссертациясының зерттеу аясы етіп, «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы» тақырыбында 1996 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Сөйтіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде докторлық дәрежесі бар тұңғыш ғалым пайда болды.
Зейнолла Қабдолұлы бұрынғы институт, қазіргі университеттің тағдырына біте қайнасып, оның өміріне араласуын тоқтатқан жоқ. Ең алдымен, институтқа университет дәрежесін алып берді және оның аты ұлы ғалым, Атырау елінің біртуар перзенті Халел Досмұхамедұлының атымен аталуына күш салды. Атыраудың маңдайалды тумалары академик, заң ғылымының докторы, профессор Салық Зиманұлы мен академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Қабдолұлының туған жерге деген перзенттік жұмыстарының нәтижесінде қазір Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті кәрі Каспий жағасында білімнің қара шаңырағы деген атқа ие болып, ғылыми еңсесін биіктетуде.
Университет мәртебесін алған жоғары оқу орны мектеп мұғалімдерін дайындаумен қатар, басқа да мамандық салаларын көбейтті. Мысалы, заңгер, қаржыгер, шетел тілі аудармашысы, ауыл шаруашылығы қызметкері, журналист, актер, дизайн, туризм саласының қызметкерлері дайындалуда.
Зейнолла Қабдолұлы Атырау және көрші облыстардағы журналист кадрлардың жетпейтінін жіті ескеріп, өзі бас болып, 2001 жылы журналистика мамандығын ашуға септігін тигізді. Филолог кадрлардың ғылыми дәрежесін көтеруді жалғастыруды ешқашан есінен шығармаған академик ҚазМУ-дің республика бойынша филолог-ғалымдар дайындайтын ұстаханасы болып есептелетін, өзі басқарып отырған қазақ әдебиеті кафедрасынан Атырау университетінің әдебиетші оқытушылары Айсұлу Садықова, Гүлнар Жұмабаева, Айкүміс Қыдырбаева, Жайлы Балтоғаева, Маржан Ершуова, Гүлзира Аяпова, Баязи Әбдешов, Бибігүл Қайыржанова, Сәуле Дүтбаева және басқалардың кандидаттық диссертацияларын қорғап, филология ғылымдарының кандидаттары ғылыми дәрежелерін алуларына көмектесті. Сөйтіп, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының ғылыми әлеуеті артты.
1999 жылы Атырау облысының әкімі болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетов облыс мәдениетін, ғылымын өрге басқару мақсатында 2000 жылдан бастап, Атырауға көшіп келіп, еңбек етуге академик Зейнолла Қабдоловты, жазушы-композитор Ілия Жақановты, домбыра оркестрінің дирижері Шамғон Қажығалиевті, дүлдүл күйшілер Әзидолла Есқалиев пен Қаршыға Ахмедияровты, күміс көмей әншілер Ғафиз Есімов пен Сәуле Жампейісованы шақырып, әқайсысын жайлы баспанамен қамтамасыз етіп, барлық жағдайларын жасаған еді. Солардың ішінде Зейнолла Қабдолов, Қаршыға Ахмедияров, Ілия Жақанов Атырау университетіне жұмысқа келді. Зейнолла аға өзінің «прометей алауы» – ҚазМУ-інен қол үзбей жүріп, филология бөліміне «Әдебиет теориясы», «Сөз өнері: зерттеу мен зерделеудің методологиясы» пәндерінен 2004 жылға дейін дәрістер оқып, университеттің барлық қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Профессор-оқытушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тәсілдерінің құпия сырларына қанықтырды, көптеген насихат-кеңестер беруге бағытталған кездесулер өткізді. Университетішілік ашық лекциялар ұйымдастырып, жоғары мектепте дәріс оқып, тәжірибе сабақтарын жүргізудің әдіс-тәсілдерін үйретті.
Зейнолла Қабдолұлы университетке ҚазМУ-дің, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері – Әбдуәли Хайдаров, Бабаш Әбілқасымов, Тұрсынбек Кәкішев, Сейіт Қасқабасов, Қабиболла Сыдиықов, Жанғара Дәдебаев, Зинол-Ғабден Бисенғали және басқа ғалымдардың, Әбу Сәрсенбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Серікқалиев, Есенжол Домбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Шерхан Мұртаза, Темірхан Медетбек сияқты ақын-жазушылардың келуіне мұрындық болды.
Университет жанынан педагогика ғылымының кандидаттарын дайындайтын ғылыми кеңес, филология, философия, тарих, биология, педагогика мамандықтары бойынша аспирантура мен магистратура ашуға белсене қызмет етіп, қамқорлық жасады. Қазақ әдебиетінің алыптары Абайдың, Махамбеттің, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойларына байланысты салтанатты жиналыстар мен конференцияларға белсенді араласып, ғылыми, терең, мәнді баяндамалар жасады, ұлы қаламгерлер туралы естеліктер айтты. Батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығын өткізу туралы ақсақалдар алқасының төрағасы болып, университет ұйымдастырған, ақын рухына арналған «Елдік пен ерліктің өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда бас баяндама жасап, үш томдық конференция материалдарының редакциясын басқарды.
Академиктің университет студенттерінің алдыда талай рет шығып сөйлеп, ел егемендігі туралы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі туралы, отансүйгіштік, адамгершілік, ұстаздық жайында сөйлеген сөздері үлкен ұлағаттылығымен көрінді.
Университетте төрт жыл бойына еңбек еткен академик Зейнолла Қабдоловты университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері ұлы Мұхтар Әуезовтің шәкірті, ғұлама ғалым, зергер жазушы, кемеңгер ұстаз деп бағалайды, және оның өзінің туған жеріне, соның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне тигізген шапағатын ешқашан ұмытпайды және оның рухына бас иеді.
Қадыр ЖҮСІП,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
qazaquni.kz